ҰЛТТЫҢ СҮЙЕНЕРІ ДЕ СҮЙІНЕРІ

Қали СӘРСЕНБАЙ

Сөз жоқ, ұлт руханияты кеңістігінде соңғы бір кездерде рухани бетбұрыстар, дүмпулер жүріп жатыр. «Қазақтың тілі – қазақтың жаны» деген сөзімен қызметін бастаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың домбыраны барлық мектептерге пән ретінде енгізуге пәрмен беруі және-дағы оның жаңа оқулығына үшкіруі ұлттық құндылықтарды ұлықтау жолындағы ұлық істердің бастамашысы болды деуге толық негіз бар. Ал енді «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты танымдық мақаласы  (бекзат баян дерсің) ұлтқа жасалған рухани бағдары іспетті десек және артық айтпаспыз. Себебі, Мемлекет басшысы бұл мақаласында Абайды айта отырып, халқымыздың рухани даму бағытын айшықтап, анықтап берді.

Қазақтың ешкімнен де ақыл сұрайтын жөні жоқ. Өйткені, арғы-бергі тарихтағы тұлғалары ел болудың, ұлт болып ұйысудың әрқандай жолдарын айтып кеткен. Аталмыш мақалада Абайды өзге елдің тұлғаларымен салыстырып қарауы да тектен-тек емес. Қайсыбір сөздіктерді ақтарып қарағанымызда тұлғаға «бағыт-бағдар беруші адам» деген түсініктеме берілген екен. Осы түсінік тұрғысынан қарағанда, Абай біздің темірқазығымыз, бағдарымыз болып шығады. Бірақ біз тұлғаны таныдық па, оның қадір-қасиетін біліп жүрміз бе, оны қаншалықты түсіне алдық деген сауал әлі күнге өзекті. Оның үстіне күн сайын күрделі өзгерістерге ұшырап жатқан қоғам оны қабылдай ала ма? Оның мәнісін Мемлекет басшысы мақаласының соңында ашып айтыпты.

«Ұлылықтың тойы ұлт алдындағы ұлы міндеттің үдесінен шығудың жолын іздеуге ұмтылдыруы тиіс. Әр азамат осы тойдың алдында еліміз, елдігіміз жөнінде терең ойланса дейміз. Абай бізге нені аманаттады? Абай бізден нені талап етті? Абай бізден нені күтіп еді? Абай елдің қай ісіне сүйініп еді? Сол сүйінген ісінен үйрене алдық па? Абай қазақтың қай ісіне күйініп еді? Сол күйінген ісінен жирене алдық па? Басқасын былай қойғанда, ақын айтқан бес асыл істі жүзеге асырып, бес дұшпанды бойдан қашырып жатырмыз ба деген ойдың төңірегінде толғансақ та талай жайға қаныға аламыз.

Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық. Жалпы, өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз».

Ең басты мұрат та, мақсат та той тойлау емес, ой ойлау. Бізде әдетте тұлғаны тек мерейтойы, туған күні кезінде ғана еске алып қою дағдысы әлі бар ғой. Демек, Абайдың идеялары, ғақлия сөздерін, аса бай мұрасын насихаттау бір жыл бойына, тойы өткенге дейін ғана емес, қай кезде де үнемі жадымызда жаңғырып, санаға сілкініс туғызып жатуға қажеттілік туып отыруы керек.

Аталмыш мақалада Абай мұрасын жан-жақты талқылай келіп, оның қара сөздеріне айрықша тоқталған.

«…Оның қара сөздері – әлем халықтарының ортақ қазынасы. Бұл – классикалық үлгідегі өнегелі ойлар шоғыры. Нақыл сөз, ғибратты сөз, ғақлия сөздер деп әрқилы айтылғанымен, бұл – ерекше жанр.

Абай өзінің қара сөздерінде адамзат баласына ортақ мұраларды дәріптей отырып, рухани биікке құлаш сермеп, алысқа қанат қаққанын көрсетеді. Оның қара сөздерінің арқауы – кісілік, мәдениет, ізгілік» дей келе, «оның сөздеріне балама еңбек іздесек, француз Монтеньнің жазбалары ойға оралады» дейді және екеуінің ерекшелігін екшеп көрсетеді.

Абайдың өлеңдері және басқа да туындыларынан бөлек, мақалада айрықша назар аударылғанындай, «қара сөздері классикалық үлгідегі өнегелі ойлар шоғыры» деп дәл, нақты бағасы берілген. Ертеректе данышпанның осы ғақлиялары туралы айта келіп, оны алдымен партиялар оқыса деген нұсқада ой айтқан едік. Тіпті, арманшыл ойдың жетегінде кеткеніміз сонша, оның кітабын (қара сөздерін) әр әкімнің үстелінен көруді де айтып жібергенбіз. Мақалада осы ойымызға мынадай мазмұнда жауап табамыз.

«…Үкімет мүшелері, соның ішінде министрлер мен әкімдер мемлекеттік және қоғамдық маңызы бар мәселелерге қатысты шешім қабылдаған кезде азаматтардың ұсыныстары мен тілектерін ескеруі керек. Мұны Абай меңзеген әділетті қоғам қалыптастырудың бірден-бір шарты деп білемін.

Ұлы ақын «Келелі кеңес жоғалды, Ел сыбырды қолға алды» дегенді бекер айтқан жоқ. Елге билік жүргізетіндерге жұрттың көңілі толмайтынын да аңғартады.

«Сыбырдан басқа сыры жоқ, Шаруаға қыры жоқ» замандастарымыз көбеймес үшін билік халыққа әрдайым құлақ түріп отырғаны жөн».

Демек, Абайды парақтап отырған билік иелерінің де адаспайтыны, ұстанымы айқын болатыны бек түсінікті.

Рас, әкімді ең алдымен саяси тұлға деп қабылдайды жұрт. Бұл әрине, түсініктің төмендігінен. Әкім шаруашылықты, саяси үрдістерді сауатты білумен қатар, ең алдымен, оқыған, өз тұлғаларын терең білетін, сөз ұғатын, ұстайтын, білімді, білікті, парасат-пайымы мол тұлға болуы, яғни рухани тұлға болуы керек. Мұндай адам үнемі қатып қалған заң шеңберінде ғана жұмыс істемей, заңнан да биік ұғымдар бар екенін біліп отырады. Демек, заң көбейген жерде ізгілік, гуманистік мұраттарға да шектеу қойылатыны белгілі. Данышпанның дөп басып айтқанындай, «терең ой, терең ғылым іздемейді, өтірік пен өсекті жүндей сабап» жүре береді. Осы тұрғыдан келгенде, Абайдың қара сөздері тұнып тұрған мейірім, ілтипат, ар-ұят екенін терең бағамдауымыз қажет. Сондықтан Абай еңбектерінің мәңгілік маңыздылығы сонда – онда ел басқарудың өнер екендігі, елді ізгілікпен басқаруға болатыны жөніндегі үздік нұсқалар, назира үрдістер, үлгілер жетерлік.

Демек, ұлттың, яғни басшы адамның ақыл-ойы озық болмай, басқаруда да, өмірдің қай саласында да болсын адасулар азаймайды. Абайдың жолы – адастырмайтын ақиқат жолы деген сөз. Іздегеніңді де содан табасың. Ол ешқашан ортаймайтын қазына. Осыдан біраз уақыт бұрын қолға алынып, рухани айналымға ене бастаған интеллектуалды ұлт қалыптастыру концепциясына да Абайды ашсаңыз қазынаға молынан кезігеріңіз сөзсіз. Мемлекет басшысы да мақаласында «Тіпті, қазір айтып жүрген интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алады деуге болады» деуі имани сөз.

Қайран, қара шал! Дүниенің бар ақылын сыйғызып, небәрі бір-ақ кітап жазып кетті. Рас айтады, Абайды тануы адамның өзін-өзі тануы. Бірақ біз алдымен өзіміз танымай жатып, дүние оны қалай таниды? Тіпті, көп нәрсенің мәнісіне терең бойламайтын кейбіреулер күйінгенде «қайтеміз Абайдың өзі солай деп кеткен ғой» деп жатады. Оны тану, түсінудің осындай да деңгейі бар. Демек, Абайды өз мақсатына басқаша пайдаланады. Осы тұрғыдан келіп сараласақ, Мемлекет басшысы айтулы мақаласында осы бір өзекті мәселені көтеріпті. Былай дейді:

«М.Әуезовтің «Абай жолы» романы арқылы Абай бейнесі көркем образ ретінде әлем әдебиетінде жоғары бағаланғаны белгілі. Бірақ бұл – Абайды танудың бір қыры ғана. Нағыз Абайды, ақын Абайды тану үшін оның өлеңдері мен қара сөздерінде айтылған ой-тұжырымдардың мән-маңызы ашылуы керек. Ол әлемнің кең таралған негізгі тілдеріне барлық бояуын сақтай отырып аударылуы тиіс. Бұған біз толық қол жеткізе алдық деп айту қиын. Нағыз ұлт ақындарын өзге тілдерге аудару – оңай шаруа емес. Аудармашы да сол ойшылдың деңгейіндегі талант болуы керек. Біздің абайтанушы ғалымдарымыз, тіл мамандары мен жанашыр азаматтар осы мәселеге ерекше мән бергені жөн».

Бәлкім қателесермін, дейтұрсақ та осы кезге дейін Абайдың әлемдік нұсқадағы аудармасының ойдағыдай орындалғанын білген емеспіз. «Талантты талант ғана түсінеді» деген бар. Демек, Абай өзінің «қасапшысына» әлі де жолықпай жүр. Бұл ретте өзгеге келгенде аянбай, өзімізге келгенде аянып қалатынымыз және бар. Абайдың өзі өзгелерді өзінен асырып аударған жоқ па?

«Абай – біздің ұлттық ұранымыз болуы керек. Абайды таныту арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз, қазақ халқын танытамыз. Менің балаларым мен ертеңгі ұрпағыма Абайдан артық, Абайдан ұлы, Абайдан киелі ұғым болмауға тиіс» деген еді Елбасы. Демек, Абайды әлемге танытудың бірден-бір жолы – сапалы, үздік аударма, яғни «сол ойшылдың деңгейіндегі талант» қолға алатын шаруа бұл.

Ресейде 200-ден астам пушкинтанушы бар. Осылардың әрқайсысы Пушкинді әр қырынан алып, дүниеге танытты. Күні бүгінге дейін сол пушкинтану­шылар ұлы ақынның белгісіз сегіз күнін іздеп әуреге түсіп жүр. Қалған өмірінің бәрін хаттап қойған. Ал біздің оннан астам абайтанушылар осы жолда жүр ме, жоқ па, білмеймін.

Абай сөз жоқ, ұлт кемшілігін бүкпесіз сынады. Бұл жағынан келгенде ол демократиялық талаптардың шегінен де асып кеткен болар. Әлгінде айтқанымыздай, кейбір азаматтар Абайды өз деңгейінде түсінеді. «Өзімізді тек жамандап, кемшілігімді ғана көрсеткен» дейді. Осының бәрі Абайды оқыту методикасының кемшіндігінен. Кемеңгерді түсіну үшін оны түсіндіре­тіндердің өзіне биік өре, талант керек. Қайсы елдің тұлғаларындай Абай да өз ойын досты жылатып, дұшпанын түңілдіріп отырып айтқан. Орысты сынағанда шегіне жеткізген Чаадаевтың өзі «егер орысты басқа біреу жамандаса жолында өлер едім» деген екен. Абай да өз халқын осындай махаббатпен сүйгеніне дау жоқ. Айтпағымыз, Абай идеяларын түсіндіруде үлкен интеллектуалдар, биік деңгейдегі адамдар жұмыс істегені абзал.

Абайтанушылардың бірінің мәліметінде айтылатынындай, Абай 1904 жылы қайтыс болған соң, 1905 жылы жазға салым Кәкітай мен Тұрағұл өлеңдерін жинастырады. Ескіше құсни көркем жазудың шебері Мүрсейіт өлеңдерді бір ай отырып жазады. 1909 жылы Әлихан Бөкейханов  200 сомға Петер­бордан кітабын шығарып береді. 1913 жылы Ахмет Байтұр­сынұлы «Қазақтың бас ақыны» деген атақты мақаласын жазды. Шамамен айтқанда, Абайдың баспа жүзін көріп, халқымен шынайы қауышуы, рухани айналымға енуі осы кезден басталды деуге болатын шығар.

Содан бері Абай халқын таңқалдырумен келеді. Бүгінде адамзаттың Абайына айналды. Кей халықтардың тарихтан мүлдем жоғалып кетіп, әлі күнге айтылмауы да Абайдай тұлғалары, жазба мәдениеті қалмағандығынан болар. Бұл жағынан келгенде қазақ халқы Абайлардай сүйенері де, сүйінері де бар бақытты халық қой.

«Өнер дегеніміз – кемелдік үшін, кемелдену үшін ұдайы және үзіліссіз жүргізілетін күрес» депті А.Камю деген кісі.

Демек, Абай өнерді сол кемелдік биігіне көтеріп кеткен, ғылымға тұңғыш рет «толық адам» концепциясын енгізген кемеңгер. Абай – арымыз, барымыз. Мемлекет басшысының қара мақала деуге келмейтін бекзат баянынан түйген ойымыздың бірсыпырасы осы.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *