Ұлттық рухты асқақтатқан ұлы оқиға

Арықбай АҒЫБАЕВ, заң ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

1986 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің пленумы болды. Пленум небәрі 18 минут ішінде Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшылығы қызметінен босатып, оны зейнеткерлікке шығарды. Қазақстан халқына белгісіз тұлға Геннадий Колбинді бірінші хатшылыққа тағайындады.

Қазақ Елінің басшылығына  Колбиннің тағайындалуы халық  наразылығының туындауына тікелей түрткі болды. Әрине, бұл – Орталықтың өрескел өктемдік саясатының, республика халқының өмірлік мүдделеріне байланысты мәселелерді олардың пікірімен, көзқарасымен санаспай, қайта құру жария еткен демократиялық қағидаларға қайшы, біржақты әміршіл әдіспен жүзеге асырудың  тікелей көрінісі еді.  

Әділетсіз шешімге алғашында Алматы қаласының жұмысшылары мен студент жастарының шағын тобы ғана наразылық білдірді. Наразылық бейбіт және саяси сипатта болды. Онда мемлекеттік құрылысты құлатуға, ұлт араздығын қоздыруға, басқадай конституциялық нормаларды бұзуға байланысты ұрандар болмаған, жиналған жастар заңдылықты және қоғамдық тәртіпті бұзбаған, олар тек қана Орталық партия комитеті пленумының асығыс шешімі жөнінде түсінік берілуін талап етіп, мұндай шешіммен өздерінің келіспейтінін  мәлімдеген  еді.  Бірақ Колбин билігі жастармен тең құқылы келіссөз жүргізуден бас тартты, олардың пікірін тыңдағысы да келмеді. Саяси, бейбіт шеруді билікті қорлау, өздеріне төнген қауіп деп санап, оларға қарсы күш қолданумен жауап берді. Тіпті, наразылықты тұрақты әскер бөлімдерін қолдана отырып, басу  туралы шешім қабылдады. Колбиннің үсті-үстіне өтінуімен Орталықтан ішкі әскерлердің арнаулы бөлімдері Алматыға шұғыл жеткізілді. Наразылықты қуып-тарату кезінде сойылдар, саперлік  күректер, қызмет иттері пайдаланылды.

Колбин бастаған республика басшылығының саяси дәрменсіздігі, олардың сын жағдайдан шығудың бейбіт жолын қарастырмауы, тіпті бұған ұмтылмауының өзі олардың ақыл-парасат пен ізгі ниетке емес, қайта қарулы күшке сүйенуі, жаппай наразылықтың бой көтеруіне, өршуіне тікелей себеп болды. Наразылық білдірушілер мен қарулы күштердің арасында қақтығыс болды. Нәтижесінде кісі өлімі, денеге жарақат келтіру, автокөліктерді өртеу, үйлерді зақымдау оқиғалары орын алды. Наразылықты басып-жаншу барысында  құқық қорғау органдары заңдылықты өрескел бұзып, ұсталғандарды ұрып-соқты, қыстың аязды күндері жеңіл-желпі киіммен көлікке тиеп, қала сыртына апарып тастады. Прокурордың санкциясынсыз ұсталғандарды тергеу изоляторы мен уақытша ұстау орындарында көбіне тамақ берместен бірнеше тәулік бойы ұстады.

Сол уақытта жұмысшылар мен қызметшілерден азаматтық жасақтар құрамаларын құрып, оларды қаруландыру жөнінде нұсқау берген, сол арқылы адамдарды ұлттық белгісі бойынша бір-біріне қарсы қойған Орталықтың басшы қызметкерлерінің іс-әрекеттері өте қауіпті еді. Мұның өзі бұл оқиғаны ұлтаралық қақтығыс сипатына айналдырудың тікелей амалы еді. Бұл сұрқиялық әрекеттер Орталықтың «қазақ ұлтшылдығы» деген жалған, жалақорлық айыптауының тікелей қайнар көзі болды.

Алматы қаласында 1986 жылы желтоқсанның 17-18-інде болған оқиғаларға байланысты жағдайлар Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 19 желтоқсанда өткен пленумында арнайы талқыланды. Оған  КОКП Орталық Комитетінің 1986 жылғы 18 желтоқсандағы Алматыдағы оқиғаға байланысты «қазақ ұлтшылдығын» айыптау жөніндегі қаулысы негіз болды. Шұғыл түрде осы қаулыны толық жүзеге асыруға бағытталған шаралардың іс-жоспары бекітіліп, жергілікті партия, кеңес органдарына еңбекші жастар мен студенттер арасындағы ұлтшылдық көріністерімен аяусыз күрес жүргізу, ұлтшылдықтың кез-келген көріністерінен оларды оқшаулау мәселелеріне ерекше мән берілді.

Осыдан кейін Орталық партия органдарының нұсқауларына сәйкес, Қазақстан аумағында желтоқсан оқиғасына қатысушыларды жазалау-қудалау жаппай жүзеге асырылды. Оқиғаға қатысушыларға қарсы қылмыстық істер қозғалды, оларды тергеу қысқа мерзімде, үстірт және айқын айыптау бейімділігімен жүзеге асырылды, түрлі деңгейдегі судьялар істі асығыс қарап, әділетсіз үкімдер шығарды. Тергеу, прокуратура, сот органдары әміршіл-әкімшіл жүйенің тікелей жазалау құралына айналды, заңсыздықтарға тікелей жол берілді.

Желтоқсан оқиғасына байланысты қаншама бейкүнә азаматтар партиядан, комсомолдан шығарылып, қызметтерінен қуылды, оқу орындарынан аластатылды. Желтоқсандағы қайғылы оқиғаға әміршіл-әкімшіл жүйені басты кінәлі деп санап, оған қазақ жастарының ешқандай кінәсі жоқ екенін сол оқиғадан кейін-ақ көтерген халықтың патриот, адал ұл-қыздары болды. Солардың бірі – сол кездегі КСРО халық депутаты, КСРО Жоғарғы Кеңесінің мүшесі, Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Шаханов еді.

Ол  1989 жылғы 6 маусымда өткен КСРО халық депутаттары съезі мінбесіне шығып, Алматыда болған Желтоқсан оқиғасы мұның алдында орын алған Грузиядағы оқиғадан да едәуір қауіпті сипат алғанын, бұл наразылықтың ешқандай да ұлтшылдық сипаты болмағанын, бейбіт шеруге шыққандарға қарсы сапер күректерін, қызмет иттерін қолданғанын, жас қыздарды «дубинкамен» сабап, тепкілегенін    ашына айтып, осы оқиғаға байланысты ақиқатты анықтау үшін халық депутаттары құрамынан арнайы комиссия құруды батыл түрде ұсынды. Іле-шала М.Шаханов төрағалық еткен комиссия құрылды. Желтоқсан оқиғасына байланысты жағдайларға түпкілікті баға беру жөніндегі бұл комиссия құрамында Мұхтар Шахановтан басқа атақты заңгерлер: Т.Бұрабаев, С.Жақсымбетов, А.Стамқұлов, С.Қасымов. В.А.Ким, М.Сәрсембаев, журналистер: Ю.Киринцианов. Ф.Игнатов, партия қызметкерлері: И.Тасмағамбетов, Т.Ізмұханбетов. С.Әбдірахманов, Адам құқығы жөніндегі қоғамдық комитет төрағасы И.Фокина, ғалым Ю.Дуберман, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттары: ақын Қ.Мырзалиев, Н.Задорожный табандылықпен тер төгіп, істің ақ-қарасына әділ бағасын берді.

Осы мәселеге байланысты Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы 1990 жылы қыркүйектің 24-і күні қаулы қабылдап, онда қазақ жастарының 1986 жылы желтоқсанда Алматыда болған бой көрсетуі ұлтшылдық сипат алмағанын және бастапқы сатысында заңға қайшы сипатта болмағандығын анықтады. Осыдан кейін сол кездегі Қазақстан Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей араласуымен, ұсынысымен  КОКП Орталық  Комитетінің  қаулысындағы  «қазақ ұлтшылдығы»  деген айыптау алынып тасталды.  Комиссия тұжырымдары мен ұсыныстары Жоғарғы Кеңес Президиумының мәжілісінде арнайы қаралып, баспасөзде жарияланды. Комиссия құрамында бірнеше ұлттың өкілдері болды және оның қорытындысын комиссия мүшелері бірауыздан қабылдады.

Қазақ тарихында қазақ ұялатын  ешнәрсе жоқ. Бұл тұжырым  ел арасында берік қалыптасса да, халқымыздың  көне заманнан кеңпейіл, ұлтшыл емес, қайта қонағына төрін босатып беретін, асының дәмдісін босағасынан аттағандарға ұсынатын қонақжайлылығы, достық пен  бауырлық, көршілік дәстүрге адалдығы  ескерілмеді. Тарихқа көз жүгіртсек, 1915 жылы өз жерінде қазақтардың саны 6 миллионға жетсе, 1945 жылы одан 2,5 миллион ғана адам қалған. 1920 жылы Қазақ Автономиялы Республикасын құрған кезде қазақтар өз елінде 65 пайызды құраған, ал 1962 жылы бұл көрсеткіш 20 пайызға кеміген. Жаппай ұжымдастыру кезінде екі жылдың ішінде қазақтардың 52 пайызы, яғни 2 миллион 200 мыңы отаршылықтан, жаппай эпидемиядан қырылды, ал 15 пайызы республикадан тысқары жерлерге жер ауып кетті. «Голощекиндік геноцид» кезеңінде,   нәубет жылдары қаншама жазықсыз жандар жазықсыздан репрессияның құрбаны болды. Қазақтар елді индустрияландыру кезінде мәжбүрлі түрде еңбек армиясы қатарына алынды, бай-кулактар ретінде Сібірге жер аударылды. Ұлы Отан соғысына қатысып, қаза тапты, ал тың игеру кезінде тұрған жерлерінен ығыстырылды. 1930 жылдан 1962 жылға дейін Қазақстан жеріне сырттан 4 миллион адам келді, қазақтар өз жерінде аз халыққа айналды. Қазақ тілі барлық саладан ығыстырылды.

1960–1990 жылдары, яғни 30 жылдың аралығында Қазақстанның 700-ден астам мектептерінде қазақ тілінде сабақ жүргізілмеді. Міне, осындай қилы, ауыр кезеңдерді бастан өткізген қазақ халқы ешуақытта да ұлтшыл болған емес, ұлтшылдық сипатта бас көтермеген, үнемі басқа халықтарға, ұлт өкілдеріне қамқорлық жасаған. Қазақ халқының ешуақытта да ұлтшыл болмағанын бүгінгі тарих та  растап отыр. Егемендік алған жылдардан бері  қазақ даласында барлық ұлттар мен  ұлыстар бір кісінің баласындай тату-тәтті өмір сүруде. Қазақстандағы 130-дан астам ұлт өкілдері қазақ халқының бауырмалдығын, қамқорлығын айқын сезіп, шын ризашылықтарын білдіруде. Қазақстан халқы Ассамблеясы сияқты ұжым дүние жүзінде тек біздің мемлекетте ғана құрылған. Міне, осы айтылғандардың өзі-ақ қазақтың қандай дархан халық екендігін танытпай ма.

Желтоқсан оқиғасы жөніндегі орын алған заңсыздықтарға баға беру үшін жиналған материалдар Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына жіберілді. Конституциялық Сотта мен де сарапшы ретінде қатыстым. Желтоқсан оқиғасы бойынша Республика соттары соттаған 99 адамның қылмысын зерттеп, олардың іс-әрекетінде қылмыс құралы жоқ болғандықтан заңдылық баға беруге атсалыстым.

Желтоқсан оқиғасына байланысты материалдар Конституциялық Сот қызметінің мерзімінен бұрын тоқтатылуына байланысты түпкілікті қаралмай, заңды бағасын ала алмай қалды, сөйтіп аты-шулы, тарихи оқиғаға байланысты орын алған заңсыздықтарға кінәлілер жауапкершіліктен тыс қалды. Желтоқсан оқиғасына байланысты жинақталған он бір томдық іс-материалдарында орын алған заңсыздықтар жәбірленген қазақ жастарының адамгершілігін, ар-намысын аяққа таптап, оларды қорлаған зұлымдық іс-әрекеттер толық ашылмай қалды. 1991 жылы 12 желтоқсанда желтоқсандықтарды ақтау туралы ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығы шықты. Осыдан кейін осы оқиғаға қатысқандардың іс-тірлігі туралы өмірде, баспасөзде әділетті тұжырымдар жариялана бастады.

Жалпы, Желтоқсан көтерілісі  бойынша кезінде республикада 707 адам әкімшілік қамауға алынған, партия қатарынан 57 адам алыстатылған, 210 адам партиялық жазалауға іліккен, комсомолдан 758 адам, жоғары және орта оқу орындарынан 266 студент шығарылып, 1164 жастар комсомолдық жазаға тартылған. Желтоқсан оқиғасынан кейін қазақ жастарын жоғарғы оқу орындарына қабылдау да қиындай түсті. Мысалы, 1985 жылғы Қарағандыдағы жоғарғы милиция мектебіндегі абитуриенттердің 61 пайызы қазақтар болса, келесі 1986 жылы олардың саны 27,5 пайызға дейін кеміген. Қазақ жастарын ішкі істер органына қабылдау күрт азайған. Тіпті, Шымкентте облыстық ішкі істер басқармасы алдында «Қазақтарды ішкі істер органына қабылдамаймыз» деген жарнама ашық жазылып қойылды. 1987 жылы 90 мыңнан астам қазақ жастары елден кетіп, басқа республикаларда жұмыс істеуге мәжбүр болды.

Біздер үшін Желтоқсан оқиғасына қатысқандардың ұлттық рухы мен патриоттық сезімінің өлшеусіз биіктігі қымбат әрі қастерлі.

Жалпы, Желтоқсан көтерілісіне байланысты арнайы ғылыми-зерттеулер жүргізіп, бұл тарихи оқиғаның саяси-әлеуметтік, мемлекеттік-құқықтық, философиялық мәніне терең талдау жасау объективтік қажеттіліктен туындайтын заңды құбылыс.

 

  • Біздер үшін Желтоқсан оқиғасына қатысқандардың ұлттық рухы мен патриоттық сезімінің өлшеусіз биіктігі қымбат әрі қастерлі.
  • Желтоқсан оқиғасына байланысты материалдар Конституциялық Сот қызметінің мерзімінен бұрын тоқтатылуына байланысты түпкілікті қаралмай, заңды бағасын ала алмай қалды, сөйтіп аты-шулы, тарихи оқиғаға байланысты орын алған заңсыздықтарға кінәлілер жауапкершіліктен тыс қалды.
  • Желтоқсан оқиғасына байланысты жинақталған он бір томдық іс-материалдарында орын алған заңсыздықтар жәбірленген қазақ жастарының адамгершілігін, ар-намысын аяққа таптап, оларды қорлаған зұлымдық іс-әрекеттер толық ашылмай қалды.
Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *