Ұлттық құндылықтар айы

Наурыз дегенде көз алдыңызға не елестейді? Бұл мереке сіз үшін немен астасып жатыр? Алматы көшелерінде Наурыздың қалай тойланғанын қалайсыз? Жалпы, бұл мейрамнан қандай құндылықтар іздеуге болады?  Осы мәселелерді қозғай отырып, өнер және қоғам қайраткерлерін сөзге тартқан едік.

 

Сәбит ОРАЗБАЕВ,

Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:

 

Жақсылықтың барлық түрін жасайтын мейрам

 

Көп кешікпей Наурыз да келіп қалар,

Жайнатып, жарқыратып нұрын жауар.

Күмбірлеген көк аспан,

Құдіретті Жаратқан, жақсылықтан беріп қалар, –  деген Наурыз мейрамы ықылым заманнан келе жатқан қазақтың қасиетті мерекесі.

Наурыз, оны қалай өткізетіндігіміз, наурыздың мән-мағынасы мен қадір-қасиеті туралы бір ай бұрын радио, теледидарда айтыла бастауы тиіс еді. Бірақ біз биыл да үнсіз қалдық. Нау­рыз жақындағанда сол баяғы өзінің сүрлеуімен жүре береді. Бұл мерекеге үлкен мән берілу керек еді. Батыс өңір­лерінде 14 наурыздан бастап көріседі. Ағайын арасында жіберген қате-кемшіліктерді кешіру, қыстан аман шыққан ағайынмен құшақтасып, қал сұрасып, көрісу деген тамаша дәстүрді ел көлемінде жаңғыртсақ қандай ғанибет. Президенттің жақсы мінездерге мән бергені де Наурыздан бастау алуы тиіс. Бірін-бірі балағаттау, жаман әдет-ғұрып, оғаш мінез деген­дердің бәрін бірте-бірте қалдыруымыз керек. Орыстың шалы мен қызынан басқа бізде де ғұлама бабаларымыз жетіп жатыр. Балаларға сол бабала­рымыздың образын көрсетіп, Нау­рызда оларға сый-сияпат жасайтын болсақ, бұл өте әсерлі нәрсе. Жас бала­лар келесі Наурызды асыға күте­тін болады. Мерекеде көп жақсылық­тар жасалса, нұр үстіне нұр болады, әрі оның тәрбиелік мәні де зор бол­мақ. Жетім балалар мен әлеуметтік жағ­дайы төмен отбасыларға қарайла­сып, қаладағы мейрамханалар мен асханалардың есігі жарымжан адам­дарға ашық болса, одан ешкім кедей­леніп қалмайды. Қайта Жаратушы оның бақ-дәулетін асыра түседі. Ол дәулетті жігіттердің қолынан келетін шаруа емес пе. Теледидарлар кешке дейін сериалдарды көрсеткенше, бір мезгіл батыр бабаларымыз жайлы деректі, танымдық фильм көрсетсе екен деген де тілегім бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын есіктің алдына ағаш отырғызғам, қазір ну орман. «Көлік қоятын орын қалмады» деп көршілер сол кезде біраз ренжіген, қазір онда балалар рахаттана шуылдап, ойнап жүр. Наурызда жақсылықтың ешбір түрін қомсынбай жасай берген абзал.

 

Мұхит ӘЗІРБАЕВ,

«Алматы» ӘКК-сі басқармасының төрағасы:

 

Жаңғыруға бастайтын жол

 

–       Бүкіл Шығыс халқының атап өтетін мейрамы болғандықтан, Нау­рызда әрбір ұлттың өзіне тән құнды­лығы бар. Оның ЮНЕСКО тізіміне енгізілуі де бекер емес. Нағыз жаңа жыл, жыл басы осы – 22 наурыз күні күн мен түн теңелгенде кіреді. Сіз бен біз думандатып, 31 желтоқсан күні отшашумен қарсы алып жүрген Жаңа жыл қыстың қақаған аязында өтеді. 31 желтоқсан күні мен 22 наурызды салыс­тырар болсаңыз, Наурыздың игі­ліктері шаш-етектен. Күннің жылын­ғаны адамзатқа ғана емес, бүкіл таби­ғатқа, құстар мен жан-жануарларға да өзінің жылылығын ала келеді. Байқасаңыз, ата-анадай елжіреген күннің көзі бәрімізге қуаныш сыйлап тұр. Наурыз шыққалы балаларымыз аулада ойнап мәз. Аналарымыз үйлерін қағып-сілкіп, тазалап, ерлері­міз аулаға ағаш отырғызып, қалалық тіршіліктегі көппәтерлі үйдегі қарт­тарымыз бір-бірімен қауқылдасып қуанып жатыр. Міне, нағыз жыл басы. Ешкім отшашумен экологияға, айна­лаға зардап тигізіп, ешкім супермар­кеттен арба-арба тамақ тасып, ащы судың бөтелкесін көтеріп жүрген жоқ. Қайта қазан-қазан Наурыз көже пісіріліп, балалар бауырсақ, құрт жеп мәз. Қыз-келіншектер сандықтың түбінде жатқан камзолын киіп, ора­малын байлап, қызғалдақтай құлпы­рып жүр. Балалар асық ойнап, біл­мейтіндері танысып, арқа-жарқа болып жатқан жайымыз бар. Бұл нағыз жаңа жылдың бастауы. Көгерудің, жасару­дың, молшылықтың, еңбектің басы. Сіз бен біз екі-үш ай бұрын ұлықтай­тын жаңа жыл осы Наурыз болуы тиіс.  Биылғы Наурыздың сипаты да өзге­ше болатынын сезіп жүрміз. Өйткені, қала ішінде жаяу жүргін­шілерге арналып жасалған көшелер, веложолдар, балаларға арналған аулалардың бәрі – алматылықтардың көшеге шығып серуендеуіне, көрші­лердің аралас-құралас өмір сүруіне жақсы мүмкіндіктер ашып берді. Бұл адамдардың телефон, әлеуметтік желі арқылы емес, бір-бірімен жүзбе-жүз сөйлесіп, қал сұрасуына да жақсы болды. Түсіне білген адам үшін Наурыз мейрамы – нағыз жасампаздық мәнге ие, рухани жаңғыруға бастайтын жол дер едім.

 

 

Дәурен БАБАМҰРАТОВ,

қалалық Қоғамдық кеңестің мүшесі:

 

Көшелерде жаппай тойлануы тиіс

 

– Наурыз уақытты, іс-шара мен қуаныш, береке-бірлікті шектемейді. 2011 жылы біз студенттерге арнап дала­да Наурыз ұйымдастырдық. Алматы­лық тұрғын ретінде Наурыздың Алматының көшелерінде жаппай тойлануын қалаймын. Бразилияда карнавал мен фестивальдер көшеде өтіп жатады. Қытайдың өзі ақпан айының соңында көшелердің бәрін жауып тастап, жаппай тойлайды. Мәселен, бізде қалада марафон немесе веложарыс бола қалса, бірден көше­лерді жауып тастаймыз. Наурызда неге көшелерді дәл солай жауып тастап, тойламасқа? Абай сияқты үлкен даң­ғылдарымыз мұндай мейрамды думан­датып өткізуге сұранып-ақ тұр. Бас­тысы, үйде отырып қалған алматы­лықтар болса, көшеге шығып, аманда­сып, көріседі.

 

 Дайындаған – Әсел ДАҒЖАН.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *