Ұлттық құндылықтар айшықталды

Рая ЕСКЕНДІР

 

 

Дүние тегіс түрленіп, тіршілік атаулы жаңа күннің келгенін сезініп, ерекше күйге енгелі де біраз уақыт болды. Көктемнің әрбір күні әрқилы келеді. Бірде күн жылып сала берсе, енді бірде қара бұлт қатайып алып, жауын шелектеп кеп құяды. Үлкен кісілердің айтуынша, көктемде жаңбыр жиі жауса, жаз тезірек шығады екен. Сондай бір табиғат-ананың мейірленген күнінде Медеу ауданындағы Орынбасар Мекебайқызы басшылық ететін №109 бөбекжай-балабақша ұжымы «Қош келдің, әз-Наурыз!» атты мерекелік іс-шара өткізді.

Мерекенің жүргізушісі Айжан барлық ұжым мен келген қонақтарды бүлдіршіндер ауылына бастады. Әрбір топ өз алдына «ауыл» болып қонып, қазақы ұлттық нақышпен безендірілген киіз үйлерге орналасқан. Ақ жаулықты әжелер жылдың басы – Жаңа жылды шашу шашып қарсы алып, төңіректі жамандық атаулыдан аластап шықты. Ортаға Наурыз – Бақыткүл шығып мерекенің басталғанын хабарлады. Сосын қолындағы сиқырлы асықтарды сандық тұрған тұсқа қарай лақтырып, бір сөз айтқаны сол еді, сондық ішінен қамшы көрінді. Осы кезде қамшы ұстаған ұлдар тобы ортаға шығып ұлттық биді биледі. Мерекелі ауыл  тойы қыза түсті.

Бүлдіршіндер қол күресі, арқан тарту, асық ату сынды ойын түрлері бойынша өзара жарысқа түсті. «Тұлпар» тобының кішкентай өнерпаздары Айару Дарханқызы, Дария Жүнісәлі, Кәусар Абай «Көктем келді» әнін нәшіне келтіре әуелетті. Кішкентай бишілер тобы «Домбыра» биімен төңіректі қуанышқа кенелтті. Қазақтың ұлттық әдет-ғұрып, салт-санасына құрылған ойын түрі де бүлдіршіндердің таным дүниесін кеңейтті. Сиқырлы асықтың құдіретіне тәнті болған көпшілік қазақтың «Беташар» рәсімін тамашалап, қуаныштың куәсі болды. Индира Серікбайқызы мен «Қызғалдақ» тобы орындаған «Наурыз» әні де көпшіліктің көңілін көтерді.

Барша бүлдіршіндер мен олардың ата-аналарын №109 бөбекжай-балабақша меңгерушісі Орынбасар Мекебайқызы қызу құттықтап, ақ жарма тілегін арнады. Осынау мерекелі іс-шараға белсене атсалысып, жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеуге ықпал еткен ата-аналарға ризашылығын білдірді. Қазақтың әні әуелеп, әдет-ғұрпы, салт-санасы жаңғырған Наурыз мерекесінің соңында барлық қатысушылар жеті түрлі дәннен әзірленген тілеуі жақсы наурыз көжеден ауыз тиді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *