ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИЕТКЕ, САЛТ-ДӘСТҮРГЕ, ТІЛГЕ КӨРСЕТІЛГЕН ҚҰРМЕТ

 

 

1 наурыз – Алғыс айту күні. 2016 жылдың 14 қаңтарында Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні –

1 наурызды Алғыс айту күні деп жариялап, тиісті Жарлыққа қол қойған болатын. Мұндай мазмұны бай мереке әлемде жоқ. Ол – әрбір отбасының тыныштығын, береке мен бірлігін сақтап, жылылық пен жан шуағына бөлеп, сол арқылы елдің, мемлекеттің діңін ұстауға рахман алғысы айтылатын күн.

 

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

 

Алғыс айту күні мерекесінің Аста­нада өткен алғашқы алқалы жиынында Елбасы: «Олар кезінде өздеріне де оңай болмағанына қарамастан, қазақтардың қайырымдылығы үшін, сол кездегі тыйымдарға қарамастан, батыл әрі риясыз көмегі үшін алғыс айтады. Қазақтар да бауырластарға туған өлкеге деген сүйіспеншілігі үшін, жеріміздің түрленуіне қосқан үлесі үшін, ұлттық мәдениетке, тілге және дәстүрге деген құрметтері үшін алғыс білдіреді», – деген болатын.

Негізінде, Қазақстан көп этносты ел болып XX ғасырда қалыптасты. Бұған қатысты тарихи статистикалық дерек­терді тарата айтар болсақ, Столыпин реформасын жүзеге асыру барысында елімізге Беларусь, Украина және Ресейден 1 миллионнан астам адам қоныс аударған. Бұдан кейін, яғни өткен ғасырдың 30-жылдарындағы ұжымдас­тыру кезінде бұрынғы КСРО-ның орта­лық аймақтарынан дүние-мүлкі тәр­кіленген 250 мың шаруа жер ауда­рыл­ды. Бұған қоса, осы қарбалас кездерде өнеркәсіп нысандарының құрылысын көтеру үшін өзге аймақ­тардан 1,2 мил­лион адам келген. Сондай-ақ, Сталин режимінің ықпалымен 800 мыңға жуық неміс, 102 мыңдай поляк, 500 мыңнан астам Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері, 18,5 мың корей отбасы Қазақстанға жер аударылған. Мұны бүгінде ешкім жоққа шығара алмайды.

Еліміз сталиндік қуғын-сүргін ке­зінде Қазақстан жазалау лагерлеріне қамалған мыңдаған тұтқындардан осын­да қалып қойғандарға, Екінші дүние­жүзілік соғыс кезінде Қазақстанға эва­куа­цияланған 350 мың адамға, 1950 жыл­дары тың игеруге келген 1,5 мил­лион жанға, жабық әскери нысандарда өзге өңірлерден келіп еңбек еткен 150 мың маманға құтты мекен бола білді.

Елімізге қоныс аударылғандарды қазақ халқы жатырқамай қабылдады. Бұл қазақтардың елге келген этностарға мейіріммен қарауына үлкен ықпалын тигізді.

Міне, осылардың барлығы барша қазақстандықтардың санасынан берік орын алды. Сондықтан татулық пен келісімде өмір сүріп жатқан көп этносты еліміздің бірлігі мен ынтымағын, тұрақтылығы мен орнықты дамуын қамтамасыз ету мақсатындағы шара­ларды қолға алғанда Қазақстанның көп этносты мемлекет болып қалыптасу тарихы, Елбасы айтқан «Этностық алуандылық – біздің елдің әлсіз тұсы емес, оның байлығы» деген ұлағатты сөз басты назарда тұруы тиіс.

Алғыс айту күні – халықтар досты­ғын, ынтымағын нығайтып, ел мүддесін ортақ бір арнада тоғыстыратын жаңа сипатты мереке. Оның өзегінде өзара құрмет пен сенімді ту еткен отан­дас­тарымызды біріктіруші күш, ізгілікке шақырар мейірім-шапағаты бар.

Бүкіл ғұмырын мемлекеттің өркен­деуіне, ел ішіндегі ұйыған тірліктің сақ­талуына арнап келе жатқан Елбасымыз «…мейірімділіктің бүкіл қазақстан­дықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алатын» шара туралы ойын жария еткенде өткен ғасырдағы тарихымызға шолу жасап, Ұлы Далада болған зұлматтар салдарынан қазақ халқының қаншалықты зардап шеккенін, бірақ солай бола тұрғанымен қиналғандарға қолұшын беріп, бауырына басқанын ұмытпағанымыз абзал.

Тарихқа көз жүгіртсек, тағдыр тәл­ке­гімен Қазақ даласына еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллион­даған өкілдері келді.

Тарих ешнәрсені ескерусіз қалдыр­майды. ХХ ғасырдың басынан бастап, зерттеушілердің айтуынша, Қазақстанға 5 миллионнан астам адам әкелінген. Қазақ отбасыларының өздері ауыр экономикалық жағдайларды бастан кешіп, бұрын-соңды болмаған репрес­сияға ұшырап жатса да, сол сәтте арып-ашып келген қоныстанушыларға қолдау көрсете білді. Қазақ ұлтының басына түскен ауыртпалық оларды ерекше төзімділікке, қайсарлыққа үйретті.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында егемен ел дамуының күрделі кезеңі, жаңа әлеуметтік-саяси институттардың қалыптасу кезеңі жан-жақты сипаттал­ған. Онда Елбасы «1995 жылы құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы – мәдениет пен ұлттардың диалогына қажетті айрықша қоғамдық алаң. Біздің еліміз жаһандық конфессияаралық диалогтың орталығына айналды: 2003 жылы Астанада тұңғыш рет шақырылған Әлемдік және дәстүрлі діндер басшы­ларының съезі сол уақыттан бері жүйелі түрде өткізіліп келеді. Алғашқы күннен-ақ конструктивті сипатқа ие болған біздің сыртқы саясатымыз «көпвектор­лылық қағидатына» негізделген. Көршілермен татулығының арқасында Қазақстан тарихта тұңғыш рет нақты құжаттармен рәсімделген, халықаралық қоғамдастық мойындаған шекараға ие болды» деп атап өтті.

Жалпы, Алғыс айту – мерекесінің басты мазмұны – Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы тендестірілген және көреген саясаты, қазақстандықтардың жоғары мәдениеті мен даналығы, ұлттар арасындағы бейбітшілік пен келісімді нығайту. Ол біздің жүрегімізге жақын, біздің еліміздің ең маңызды мереке­лерінің бірі болып табылады.

Елбасы: «Біз тұрақтылықты бағалай білгеніміздің арқасында бүгінгі табыс­тарға жеттік. Ешкімді кемсітпей, ешкімнің тілі мен ділін мансұқтамай, барлық азаматтарға тең мүмкіндік беру арқылы тұрақтылықты нығайтып келе­міз», – деді. Соның дәлеліндей, Нұр­сұл­тан Назарбаев 1995 жылдың 1 нау­рызында тәуелсіз еліміздің тарихында тұңғыш рет Қазақстан халқы Ассамб­леясы деп аталатын жаңа қоғамдық институт кұрып, оның қалыптасуының басында тұрды. Бұл құрылым елімізде ұлтына, тіліне, дініне бөліп алаламай, барша қазақстандықтардың тең құқықта өмір сүруіне өз үлесін қосып келеді. Татулық, бірлік, келісім – ең үлкен құндылық. Қазақстан азаттық алғалы бері осы ұранды ту етіп келеді.

Қазақстан халқы Ассамблеясына бейбітшілік пен келісімнің Елбасы саясатының салтанатына айналған Алғыс айту күні ұйымдастырылуының үйлес­тірушісі болу тапсырылды. Осы мақ­сатта  кең ауқымды ҚХА-ның «Үлкен ел – Үлкен отбасы» жобасы қолға алынған. Оның шеңберінде елімізде бірқатар шаралар қолға алынуда. Мысалы «Алғыс айту – парызым» атты жоба бойынша жер-жерлерде іс-шара­лар ұйымдастырылып, оған миллион­даған адам қамтылып отыр. Іс-шаралар түрлі қайырымдылық акциялармен, жобалармен жалғасуда. Сондай-ақ, «Алғыс философиясы», «Отбасы арқылы алғыс» сияқты халықтың түрлі санатын қамтитын көптеген мәдени маңызы бар іс-шаралар ұйымдас­тырылуда.

Бұл – Қазақстанның Тәуелсіздік жылдары қол жеткізген барлық жетістіктерін айқындап, Үшінші жаңғырудың міндеттерін абыроймен орындауға берік іргетас қалап отыр.

Алғыс айту күні Қазақстан халқына тән асыл қасиеттер – патриотизм, абырой мен әділдік, құрметтеу мен ізгілік қосымша серпін алады.

Бұл күні біз ата-бабаларымызды ризашылықпен еске аламыз, ата-ана­ларымызға, мұғалімдерімізге, зейнет­керлерге, ардагерлерге, бір-бірімізге алғыс айтып, халқымыздың қайы­рым­дылық дәстүрлерін жалғастыру рухани дәстүрімізге айналып келеді. Бұл – еліміз саясатының ең зайырлы құн­дылықтарының бірі.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *