ҰЛТТЫҚ КОДЫМЫЗДЫ қалыптастыруда инновациялық технологияны пайдалану қажет

Мәулен ҚҰДАЙҚҰЛОВ, педагогика ғылымының докторы, профессор, Ы.Алтынсарин атындағы сыйлықтың лауреаты, Халықаралық акмеологиялық ғылым академиясының (С.-Петербург) академигі, Халықаралық Кембридж орталығының көрнекті интеллектуалы

– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тарихи мақаласы жұртшылық арасында қызу қолдауға ие болғаны белгілі. Адам баласы­ның санасында жаңғыру болмай, қоғамдық құрылыста кез-келген жетістікке қол жеткізудің мүмкін болмайтынын алға тартады бұл тарихи құжат. Ең бастысы – әрбір елдің ұлттық ерекшелігі, коды сақталмай, өткениетке жету мүмкін емес екенін басты темірқазық етеді. Рухани жаңғыру туралы еліміздің зиялы қауым өкілдері өздерінің ой-пікірін қызу айтып жатыр. Осыған орай еліміздің көрнекті ғалымының бірі ретінде сіздің де ойыңызды білсек деп едік.

– Президентіміз Н.Назарбаевтың алға қойған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, оның алға қойған міндеттері ұзақ жылдар бойы орындалатын өте маңызды ұлттық мәңгілік проблема деп түсінгеніміз жөн. Оны жүзеге асырудың нәтижесінде келесі ғасырда инновациялық дәрежеге сай, бәсекеге қабілетті, тапқырлығы заманауи талаптарға лайықты, жоғары сапалы деңгейдегі қазақ халқы өсіп-өнуі қажет. Әрине, бұл ұзақ процесс.

Президенттің бағдарламалық мақаласында атап көрсетілгендей, халқымыздың рухани жаңғыруы 5-6 бағытта жүргізуді талап ететіндігі мәлім. Ол бағыттарда жаңғыртудың бірыңғай әдістемелік-жүйелілік тетіктері (технологиясы) болуы тиіс сияқты. Рухани жаңғыру мәселесі басқа ғалымдар секілді мені де қатты ойландырды. Көптеген мамандардың зерттеп талдауының нәтижесінде рухани жаңғырудың тарихы, мән-мағынасы, практикалық маңыздылығы сияқты бағыттары біртіндеп айқындала бастады. Ол жайында көптеген пайдалы ой-пікірлер де айтылып жатыр. Біздің ойымызша, ондай материалдарда өмірге қажетті нақты нәтижелерді жүзеге асырудың жолдары мен тәсілдері айқындалмаған секілді. Жалпы, сөз көп, бірақ практикалық нәтиже жоқ сияқты. Осындайда әйгілі физик-ғалым Альберт Эйнштейннің философтардың халықаралық симпозиумында «Шайнайсың-шайнайсың – жұтатын еш  нәрсе жоқ» дегені еріксіз есіме түседі.

Біздің арнайы зерттеулеріміз көрсеткендей, ең негізгі мәселе – рухани жаңғыруды қалай іске асырудың жолдарын көрсетіп, одан қандай нәтижелер алуды айқын­дау. Ол үшін, ең алдымен, адамдарды рухани жаңғыруға үйрету ісіне мән берген жөн деп есептейміз. Оқытусыз, үйретусіз рухани жаңғыруды жүзеге асыру мүмкін болмайтын сияқты.

– Біздің ұлттық кодымызды қалыптастырудың қажеттілігі неде деп ойлайсыз?

– Баспасөз беттерінде жарияланып жатқан мақала­ларда рухани жаңғыруды қалай және не арқылы жүзеге асырудың жолдары айқын көрсетілмейтіндігі өкінішті-ақ. Біздің талдап-тарамдап, жіліктеп ойластырудың нәтиже­сінде  рухани жаңғыруды, ең алдымен, ұлттық кодымызды (тегімізді) анықтау арқылы іске асыруға болатындығын түсінгеніміз жөн. Ол үшін еңбек ұжымдарында, оқу орындарында халқымыздың ұлттық тегін (кодын) танытуға күш салуымыз қажет сияқты. Бұл жерде «Ұлттық коды­мызды таныту» жайлы қанатқақты (пилоттық) жобалар арқылы жүзеге асыруды қолайлы деп санаймыз.

Осы мақсатта ұлттық кодымызды (уызымызды) танытуды әлеуметтік тарихи таным және мәдени-педагогикалық принцип негізінде жүргізудің дұрыс екендігіне көз жеткіздік (сурет, кестені қараңыз).

– Сіздің де инновациялық тұрғыда ерекше зерттеу­леріңіз бар сияқты. Ұлттық кодқа қатысты нені, неліктен, қалай қалыптастыру керек деп санайсыз?

– Осы мақсатта тарихи-философиялық, мәдени-әлеуметтік, әдеби-фольклорлық материалдарды екшеп талдап, алдымен 57 ұлттық кодының көрсеткіштерін теріп алдық. Оларды сауалнамалық-аксиологиялық талдаудан өткізудің нәтижесінде, алдымен олардың 44 қасиетіне, одан кейін үш-төрт рет қайталап сауалнамалық талдау жүргізудің нәтижесінде, ең соңында, ең қажетті деген 5 көрсеткішке тоқталдық. Бірінші кезекте, осы 5 қабілет-қасиеттерді ұлттық кодымыздың мәйегі ретінде қалыптас­тыруды қажет деп санаймыз (1. Өзіне-өзі сенушілік; 2. Бәсекеге қабілеттілік; 3. Намысқойлық; 4. Конструктивтік-тапқырлық; 5. Бейімделгіштік).

Жалпы алғанда, қазақтың киіз үйді, домбыраны ойлап табуы және жылқыны қолға үйретуі біздің ұлтымыздың әлемдік өркениетке мақтанарлығымыздай қосқан маңызды жаңалығы (изобретение) деп санауға әбден болады. Сол себепті де, мемлекетіміздің елтаңбасында киіз үй шаңы­рағы, оның екі жағында қанатты пырақтар бекер бейне­ленген емес. Биылдан бастап елімізде жыл сайын шілде айының алғашқы жексембісі «Ұлттық домбыра күні» мейрамы болып саналатын болды. Биылғы бірінші шілде күні Астананың Қазақ елі алаңында 2 мыңнан астам дом­бырашылар жиналып, қазақтың асқақ күйлерін орындап, бүкіл әлемге паш етті. Сондықтан да «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп әйгілі ақынымыз Қадыр Мырза-Әлі әлемге шаттана жырлаған болатын. Биылдың өзінде елімізде 100 мың домбыра жаңадан жасалса, келешекте одан да көп домбыра шығарылып тұратын болар.

Ұлттық кодымыздың ең негізгі деген бұл 5 көрсеткіштерін таңдап-талдап алуда қазақтың киіз үйі, киелі домбырасы және жылқыны қолға үйрету және оны транспорт құралы мен асыл тамағы ретінде пайдалану ескерілді. Осылайша ұлттық кодымызды бөлшектеп жіктеудің нәтижесінде оларды қалыптастыру да оңайға соғады деп түсінеміз. Осы ұлттық кодымыздың негізі болып саналатын 5 қабілет-қасиеттерді арнайы семинар-дәрістер өткізу арқылы жастарды оқытуға болады деп санаймыз. Оған алғашта 15 сағаттық (1 кредит) элективті курсты ұйымдастыру жеткілікті екендігін аңғардық. Элективті курсты өткізудің әдістемесін де өзгеше жасау қажет (педагогикалық-психологиялық тренингтік жаттығулар, қазақтың мақал-мәтелдері мен қара өлеңдерін, айтыс өлеңдерінің мәндерін талдау, киіз үй мен домбыраның археологиялық зерттеудің нәтижесінде қазақ жерінде 5-6 мың жыл бұрын пайда болғандығын аңғарту, т.т.). Мұндай жаттығуларға сананы «SMART сараптау мен оңтайлы онлайн ойлауға дағдыландыру» технологиясын қолдануды қажет деп санаймыз. Мәселен, бәсекеге қабілеттілік, намысқойлық, бейімделгіштік сияқты қасиеттердің 3-4 түрлерін келтіріп, олардың ең дұрысын «SMART сараптау мен онлайн ойлау» тәсілі негізінде түсіндіруді ұсынуға болады. Ондай реттілік тәсілді желістік графтар теориясы (схема, кесте, формула түрінде) негізінде жүзеге асыру қолайлы (кестені қараңыз).

Сурет. Қазақтың тұрмыс-салтынан туындайтын ұлттық кодылық асыл қасиеттері.

Ұлттық кодылық қасиеттердің баспалдақтық сатылары мен байланыстарының жүйесі

 

Осындай жаңа технологияны оқыту процесінде пайдаланудың негізінде студенттердің санасы SMART (ақылды) сарапталып, олардың ойларын онлайн (ұдайы ойлау, үнемі ойлау) ойлауға дағдыландыруға септігін тигізеді. Соның негізінде, жастардың санасы сілкініп, өзгертіліп, ойлауы жаңартылатын болады. Осы инновациялық әдіс-тәсілдерді пайдаланудың нәтижесінде  қазақтың ұлттық кодысының жүйесі мен оның рейтингтік ерекшелігін анықтау жетілдіріле түспек. Осындай айырықша тәжірибенің негізінде, қазақтың ұлттық кодысының жүйесін жастарға нақтылай таныту өте қажет деп санаймыз. Бұл инновациялық технологиялық тәсілдің артықшылығы сол, жастардың санасы мен ойында ұлттық кодымызды тікелей қалыптастырудың деңгейлерін (әдеттегі 5 балдық жүйе бойынша) анықтауға мүмкін болады. Осындай әдіспен басқа да ұлттық тектілік қасиеттерімізді дамыта түсуге жағдай жасалады деп ойлаймыз.

Осы жаңа оқу жылынан бастап, бұл жаңа техноло­гияны элективтік курстар мен пәнаралық байланыс дәрістері ретінде пайдаланып, жастардың ұлттық тектілік қасиеттерін жаңаша деңгейде жаңғырту қажет деп санаймыз.

– Педагогика саласы бойынша, сіз республикамызға, шет елдерге де танымал ғалымсыз. Сіздің педагогикалық зерттеулеріңіз нақты қандай проблемаларға арналған? Рухани жаңғыру проблемасына көптеген ғалымдар бара бермейді ғой, сіз қалай, неліктен бұл мәселені талдап, зерделеуге кірістіңіз?

– Мен өмір  бойы кәсіби тұрғыдан, тек мектептер мен пединституттарда (университеттерде) қызмет істеген маманмын. Жұмысымда үнемі жаңалық іздеп, оқу-тәрбие жұмысын жетілдіруді мақсат етіп келдім: өткізген сабақтарымда кино-телевизияны, компьютерді, оқыту машиналарын пайдаланып, оқыту процесін ұдайы жетілдірумен болдым. Соның нәтижелері ретінде, «Оқыту процесінде техникалық құралдарды пайдалану» (1970 ж.), «Оқыту процесін жетілдіру» (1972 ж.), «Инновациялық оқытудың дидактикалық технологиясы» (2003 ж.), «Нарықтық педагогика негіздері» (2006 ж.), «Физика сабақтарының нарықтық нақыштары» (2007 ж.), «Физиканы оқытудың нарықтық әдістемесі» (2007 ж.), «Білім экономикасы негізінде оқытуды модернизациялау» (2013 ж.), «Бәсекелестік кәсіпкерліктің негіздері» (2016 ж.), тағы басқа жаңаша әдістемелік құралдар мен монографияларды шығардым. Мұндай тың зерттеулерім Президентіміз көтерген рухани жаңғыру проблемасымен органикалық түрде ұласқан сияқты деп ойлаймын.

– Ойды ой қозғайды. Рухани жаңғыру туралы сіздің зерделеуіңіздің қазақтың халық педагогикасымен қандай байланысы бар? Ұлтымыздың салт-дәстүрлері, әдет-ғұрпы негізінде рухани жаңғыруда ұлттық кодымызды зерттеудің тиімділігі қаншалықты болмақ? Бұған қандай нақты мысалдар келтірер едіңіз?

– Әр ұлттың ғасырлар бойы дамытылған, жетілдірілген әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері болғаны әркімге де аян. Қазаққа тән ондай салт-сана киіз үйге, домбыра мен қобызға, атты қолға үйреткенінен баяғыдан бері мәлім. Қазақ халқының тарихи-әлеуметтік табиғи тағылымы, ежелден келе жатқан тұрмыстық әдет-ғұрыптары қалыптасқаны белгілі. Тіпті, қазақтың асқазаны да айран-сүт пен қымыз-қымыранға бейімделген. Қазақ атқа мінсе, биіктеп, қаны қызып жігерленіп кетеді. Домбыра мен қобыздың үні қазақты шаттандырады, түрлі ой-қиялға жетелейді… Қазақ­тың, орыстың, ағыл­шынның жан­ұяларында келін түсіру ғұрпы да әр түрлі.

Қазақтың рухани жаң­ғыруы мен ұлттық кел­бетінің жетілуі осындай халықтық ерекшеліктерге негізделетіні сөзсіз. Сон­дықтан  ұлттық мәйегімізді қалыптастыру да ұлты­мыздың тарихи тағы­лымы­на негізделіп жүр­гізіледі. Біз таңдап-тарамдап алған ұлттық кодылық 5 қабілет-қасиет осы негізде іріктеліп алынған. Бұдан ұлттық кодылық ерекше­лігімізді байқауға болады. Осы ұлттық кодылық қадір-қасиеттерімізді қалыптас­тыруда мұндай ұлттық ерекшелігімізді қалай ескермеске?

– Мәулен аға, мазмұнды да мағыналы әңгімеңіз үшін рахмет! Ұлтымыздың келе­шегі мен жас ұрпақ тәрбиесі үшін тер төгіп жатқан еңбегіңізге алдағы кезде де табыс тілейміз.

 

Сұхбаттасқан –

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *