Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасы – мемлекет пен бизнестің диалог алаңы

Нұрлан СҮЙІН

 

Алматыда мемлекеттік органдар мен мегаполис бизнес қауымдастығының қатысуымен жыл сайынғы кәсіпкерлер конференциясы өтті. Тараптар Алматының бизнес ахуалын жақсарту мәселелерін талқылады.

Жиынды ашып берген «Атамекен» ҰКП президиум төрағасы Тимур Құлыбаев ҰКП құрылған 2013 жылдан бері кәсіп­керлердің мүліктік құқығы 92 млрд. теңге­ден астам қаржыға қорғалғанын айтты.

– Алматы – қазақстандық бизнестің бесігі. Мұнда елдің кәсіпкерлік қауымдас­тығының ең көп бөлігі шоғырланған. Бүгінгі таңда мегаполисте кәсіпкерлер үшін кедергісіз жұмыс істейтін бизнес-ахуал жасалған. Биыл біз Алматыда толық форматты кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Орталық «бір терезе» қағидасымен жұмыс істейтін болады», – деді «Атамекен» басшысы Т.Құлыбаев.

Өз кезегінде сөз алған Алматы қаласы­ның әкімі Б.Байбек конференцияның мемлекет пен бизнес арасындағы тиімді диалог алаңына айналғанын атап өтті.

– Мемлекет басшысының тапсырма­сымен Алматыда бизнес-ахуалды жақсарту мен жеке бастамаларға жағдай жасау ерекше жолға қойылған. Бүгінгі таңда мегаполис жеке бизнес пен шикізаттық емес экономика қаласы болып қалыптасты. Қалада 170 мыңнан астам ШОБ субъектісі бар, бизнес 10 алматылықтың жетеуін қамтып отыр. Мегаполисте ҰКП-мен бірлесіп бизнеске жағдай жасау жолға қойылған, – деді шаһар басшысы Бауыржан Байбек.

Алматыда тартымды инвестициялық ахуал қалыптастыру үшін құрылысқа рұқсат беру, коммуналдық жүйеге қосылу­лар электронды форматқа көшірілген. Ал almaty.genplan.kz интерактивтік картасы ашық та қолжетімді. Инженерлік желілер, электр қуаты мен судың еркін қуаты, «қызыл сызықтар», т.б. ақпараттар орналасқан бұл сайтқа еркін кіруге болады. Және де бизнес өкілдеріне қаланың дамуының бас жоспары, жоспарлау жүйесі, жер-кадастрлық карталар, т.б. қолжетімді.

Өткен жылы электрондық жүйедегі мемлекеттік қызмет саны 8 есе өсті. Биыл әкімдіктің «paper-free» қағидасындағы 10 сұранысқа ие қызмет түрі электронды форматқа көшеді.

Бұдан өзге, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық (ТКШ) саласында жаңа жо­ба­ларды жүзеге асыру жоспарланған. Олар – «ақыл­ды жарықтандыру», Bіg data қалып­тастыру жобалары. Open Almaty алаңында «бір те­резе» форматында техникалық қызмет көр­сету жоспарланған. Алматының даму орта­лығы негізінде цифрлы офис жасақ­тады.

Бүгінде мегаполис ДКБ-2020 бағдар­ламасы басталғалы мақұлданған жоба­ларды жүзеге асыру бойынша бірінші орынға шықты. Жұмыссыздарды, өзін-өзі қамтушыларды жылына 6 пайызбен шағын несие беру арқылы кәсіпкерлікке тарту бойынша бағдарлама да жүзеге асуда. Бағдарламаның басынан 1,4 млрд. теңгенің 90 жобасы іске асқан.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *