ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮРДІ ДӘРІПТЕЙТІН КӘСІПКЕР

Ақтөбелік кәсіпкер Ербол Байжар­қынов қазақтың ұлттық салт-дәстүрін бәрінен биік қойып, жастарға қамқор­лық жасап жүр. «Қазақ» асха­на­сында студенттерге тегін тамақ бері­леді. Ал таяуда жастарға арнал­ған мейрам­хана ашылды. Екі жастың бақыт тойы, түрлі бас­қосуларға мейрамхана ақысыз бері­леді. Тіпті, жастардың дема­лыс орны, қалыңдықтың сән сало­ны да қарас­тырылған. Ма­сыл болып, «ақша бер» деп сұрай­тындарды емес, алға ұмты­лып, іс тындыруға ұмтылған­дарды қолдайтын кәсіпкер бұл жолы да ақтөбеліктердің ықыла­сына бөленді.

Ақтөбе қаласындағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың жатақха­насы, студенттер үйіне жақын маңда «Қазақ» асханасы ашылып, жастар ашқұр­сақ жүрмей таңғы асы мен түскі тамағын ақысыз алып жүр. Астана қаласының 20 жылдығы мен Ұлттық домбыра күніне орай дәл сол асхананың жанынан мейрамхана ашылды. Мұнда да қызмет көрсету тегін. Кәсіпкер Ербол Байжарқынов мұны әлеуметтік жағдайы төмен отбасы, студенттер үшін арнайы салды. Ұлттық нақыштағы мейрамханада арақ-шарапсыз, ұлттық дәстүрге сай отбасылық мерекелерді өткізуге болады. 200 орынды мейрамхана іші ұлттық нақышпен көмкерілген.

«Мейрамхана ішіндегі қалыңдық отыратын бөлігінде ұшқан аққу құсы салы­нып, кейін сәукеле киген қыздың бейнесі сомдалды. Ал күйеу жігіт бөлігінде арғымақ­тың суреті бар. Арғымаққа мінген жігіттің де бейнесін көруге болады. Екі қабатты мейрамхананың төменгі бөлігінде арнайы демалыс орны, қалыңдықтың сән салоны мен көйлекті жалға алу орны бар. Студенттің қалтасы 100-150 мың теңге болатын той көйлегін көтермейді. Сондық­тан мұнда 20 мың теңгеге той көйлегі жалға беріледі», —  деді меценат Ербол Байжарқынов.

Кәсіпкер соңғы жылдары үйлену тойына несие алу «сәнге» айналғанын жасыр­мады. Баласы үшін барын беретін ата-ана банкке жүгіріп, кейін бірнеше жыл пайыздық үстемеақысы артқан ақшаны қайтаруға қиналады. Тіпті, несие кейде отбасының шырқын бұзып жатады.

— Әр қазақ той кезінде мал атайды. Енді бірі жылқысы немесе мүйізді ірі қарасы болса соны сойып, ас ұсынады. Халал стандартты мейрамхана сұранысқа жоғары болады деп есептейміз. Әрі қосымша қызмет түрлерін арзан бағаға ұсынамыз. Осы жерде шаш үлгісін жасап, құрбы-құрдастарымен көңілді кешті күтеді. Төменгі қабатқа саты дайындалды. Төмен­де тойдың басталуын күтіп отырған жас жұбай саты арқылы көтеріліп, ағаш үй тәрізді төрге отырады. Бәрі ойластырып, ыңғайлы етіп жасалды, — деді Ербол Бай­жар­қынов. Мейрамхана ішіндегі картина­лар арнайы салынған. Суретшінің портрет­тері түпнұсқада сақталып, кейін баспаха­на­дан арнайы басылып шықты. Қазақтың кең жайлауы мен қонақжайлылығын паш ететін суреттер мейрамхана ішіне әр беріп тұр.

Меценатқа көмек сұрап келетіндер көп. Кейбірі баласының оқу ақысын төлей алмай көмек сұрайды. Меценат аса мұқтаж жандарға, жетімдер мен мүгедектерге, қарттар үйін паналағандарға үнемі қол ұшын созады. Ал студенттермен арадағы байланыс соңғы жылдары нығая түсті. Асхана ашылған соң көшбасшылары белсенділік танытып, атақты дәрігерлермен, профессорлармен кездесу өткізген.

— «Нұрдәулет» мешіті қолданысқа берілген кезде Алға, Тамды балалар үйінің тәрбиеленушілері келді. Олар мектеп-интернаттан шыққан соң бақылаусыз, бағусыз қалған еді. Бірнеше жетім баланың біреуі ғана жанымызда қалып, аула сыпырушы қызметін атқарып жүр. Арада 20 жыл өтті, әлі қызметін жалғастырып келеді. Оған адал қызметі үшін үй салып беріп, кейін анасымен қауышты, өзге бала­лар үйіндегі бауырларын тауып алды, — деді Ербол Байжарқынов.

Меценат балалардың алаңсыз күлкісін көрсе қуанады. Ал алдап-арбап, оңай жолмен пайда табуды көздегендер көңіліне қаяу салады. Мыңдаған адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер әу баста қиын­дық келсе жаныңнан қашатындарды да көрді. Бірақ мойымады. Қандай күн туса да туған жері Ақтөбені бәрінен биік қояды. Еліміздің өзге өңірлері, шетел де шақырып, құрылыс жұмыстарын жүргізуге ұсыныс айтқанымен, меценат туған жерден алыс­тап кеткісі келген жоқ. Ол байлыққа масат­танып, көлік ішінде халықтан тығы­лып отырмайды. Ақтөбе көшелерімен жаяу жүріп, өзіне тиесілі кәсіптің бәрін қарап шығады. Өзінікін бауырына басып, қыз­ғыштай қорғағанымен, ұлттық діңгектен ажырамай, дәріптегенді жақсы көреді. Сондықтан болар, кәсіпкердің есігін мұқтаж жандар жиі қағып, соңғы тілегін айтады. Мұндайда жатыпішерлерді емес, өз-өзін асырай алмайтындарды қамқор­лығына алады. Ал студенттерге арналған мейрамхана Байжарқыновтардың игі істерінің жалғасы.

— 2000 жылдары Байжарқыновтар отбасы медициналық университеттің бірнеше студентіне стипендия тағайындап, ғылыми жұмыстарға қолдау көрсетті. Сол кезде кәсіпкердің қамқорлығына бөленген студенттердің бірі облыстық ауруханада хирург болса, екіншісі ауданның бас дәрі­гері болып отыр. Шынын айтқанда дәл осын­дай меценаттардың көмегі елімізге жақсы мамандарды дайындап берді, — деді Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінің оқытушысы, медицина ғылымының докторы, профессор Намаз Ізімбергенов.

Мейрамхананың ашылуы кезінде жергілікті ақындардың қатысуымен айтыс өткізіліп, ақын Жұлдыз Қазихан жеңімпаз атанды.

 

Алтынай САҒЫНДЫҚОВА.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *