Ұлтты біріктіретін – тіл және ұлттың тарихы мен мәдениеті

 ЕРМЕК  ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

   Еліміздің Тұңғыш  Президенті  Елбасы Нұрсұлтан  Назарбаев Ақпарат  және  коммуникациялар  министрі  Дәурен  Абаевты  қабылдаған кезінде  Парламент пен Үкімет  қызметін  жаппай  қазақ тілінде жүргізуді  талап еткен  болатын.  Қазақ тілін  латын  қарпіне көшіру  мәселесіне тоқталып,  мемлекеттік тілдің  мәртебесін арттыруға  бағытталған шаралар  қабылдаудың  маңызына тоқталған  Елбасы: «Халқымыз үшін  латын қарпіне көшу  үдерісінің  тарихи мәні зор.  Сонымен бірге, қазақ тілінің  мәртебесін арттыру  жөніндегі  жұмыстарды  жалғастыру қажет. Парламент пен Үкіметтің  қызметі  мемлекеттік  тілде  жүргізілуі  тиіс», — деген еді. Президенттің  бұл  талабы сол  тұста көпшілікті  қуантқан  болатын.

Неге  екенін  білмедік,  Парламент  төрағалары да,  Үкімет  басшысы да  қазақ  тілін  жақсы біледі. Сонда  білмейтін кім? Осыған  орай, Карл  Маркстің  бір  сөзі  еске  түседі. «Өзі  тұрып  жатқан  елдің тілін тек  үш  адам  білмеуге  құқылы. Біріншісі – қонақ,  екіншісі –  ақымақ,  үшіншісі – басқыншы». Сонда  қазақтың  төріне  шығып, оның  игілігін  көріп  отырған  шенеуніктерді  қай  категорияға  жатқызуға  болады?

Мемлекеттік тіл мәселесі ілгері баспай жатса, ол алдымен сол елдің Үкіметіне байланысты. Үкімет мемлекеттік тілге жанашырлық танытса, ол алға басады, қызметкерлердің ынтасы артады. Бүгінгі  күні   Үкімет  мәжілістерінің қазақ тілінде  өткізілуі  бізді  қуандырады.   Қаржымен іс бітпейді, оны күнделікті қолданысқа айналдырғанда ғана оның пәрмені артады. Себебі,  мемлекеттік  тіл –  мемлекеттің  нышаны,  тәуелсіздігіміздің  тірегі,  символы.

Соңғы кезде еліміз азаматтарының ең кемі үш тілді білуі қажет деген идеясы қоғам өмірін үлкен әбігерге салғанын  жасыра алмаймыз. Оны  бірі  құптаса,  екіншісіне  қиындық  туғызып жатты. Тілдің  қоғам  өмірінің  барлық  саласын жаулауына себептер де  жоқ  емес. Тілдің  саяси  мәніне  бару  жолында  оны  тудырып  отырған себептердің  алдын-алайық.

Біріншіден, нарықтық экономика ұлттың дәстүрлі мәдениетінің шырқын бұзды. Нілдей  бұзылу ғылым, білім ошақтарынан басталды.

Қазақстанның  Тұңғыш  Президенті  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында  білім – біздегі Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамының, берік экономиканың негізі» деп, оны дамыту мен қолдауға ерекше мән берілген. Білім жөніндегі бүгінгі бастамалар осы ойдан туындаған еді. Бұл – әлемдік тәжірибеден туындаған болатын.

Жоғары технологияда ең биік табыстарға қол жеткізген жапон елі де арнаулы оқу орындарының абыройын көтеру арқылы озық әрі пәрменді білім жолына түсті. Білім беруде «Қоғамдық ұстанымдардың бес «Хартиясын» қабылдаған Жапон үкіметі «қайта жаңғырту» идея-ұстанымды өмірдің барлық саласында: «вакон-есай» – алдымен жапондық рух – сонан кейін ғана батыстық техника» деген айқын идеологиялық ұран түрінде ұстанған. Егер Жапония халқы 1970 жылдардан бастап осы кезге дейін әлемнің алғашқы үштігінің бірі болса, ол жетістіктің іргетасы аталған рухта білім алған ар-намысты жаңа ұрпақтың ел басқарудың барлық деңгейінде озық болғанын айқындайды. Білім беру саласында жүргізілген бұл істер «Мэйдзи исин», – «ағартушылық басқару төңкерісі» немесе «Мэйдзи» – «жаңғырту жеңісі» деп бағаланады. Осылардың бәрі тек жапон тілінде ғана жүргізілді. Әлемдегі жоғары технологияларға да олар жапон тілі арқылы қол жеткізді. Біздің Елбасымыздың жастарға білім беру мен оларды тәрбиелеуге бағытталған бағдарламасы да осы тұрғыда жасалса игі болар еді.

Еліміздің Білім және ғылым министрлігі «Әлемдік тәжірибе» деген желеумен түрлі реформалар жүргізіп келді. Бұл негізінен, реформа емес, революция. Ал төңкерісті білім, ғылымда жүргізуге болмайды. Екіншіден, «Әлемдік тәжірибе» деген қатып қалған стандарт жоқ, әр елдің өзіндік тәжірибесі бар. Еліміздің  бұған дейінгі Білім және ғылым министрінің  химия, физика, биология, информатика сияқты пәндерді ағылшын тілінде оқытамыз деуі біздің ойымызды сан-саққа жүгіртті. Сонда қазақ баласы жаратылыстану пәндерін қазақша білмеуі керек пе  еді? Қазір  осы  кемшілік түзетіліп,  орнына  түсетіндей  шара  қабылдануда.

Шет тілін жаппай білуді міндеттеу дұрыс емес. Бұрын Ұлыбританияның, Францияның колониясы болған елдердің өзінде де бұл тілдерді барлығы білмейді. Ағылшындардың колониясы болған Кения, Ганада жергілікті халықтардың небәрі 20-30 пайызы ғана ағылшын тілін біледі. Үшіншіден, тіл білгеннің бәрі Англияға көшіп бармайтыны  тағы  бар.

Тілді үйрену мен үйрету ісінде ұлттық психологияның ықпалы зор. Ал ұлттық психологияны қалыптастыратын – саяси билік. Толстой:  «Басқаруда  заңдар әртүрлі болады. Монархияда – ар мен намыс, деспоттық басқаруда – үрей, халықтық басқаруда – мейірім мен адамгершілік басым болады» -депті. Біз осының соңғысына басымдық беру арқылы тілді дамыта аламыз.

Тілге ешкімнің әмірі де, өктемдігі де жүрмеуі тиіс. Кезінде император Ю.Цезарь бір сөзді дұрыс қолданбаған соң, көмекшісі оның бұл кемшілігін есіне салғанда, шамшыл билеуші: «Мен қалай айтсам, ол солай қолданылатын болады», – депті. Сонда батыл көмекші: «Тақсыр мырза, сіздің мемлекетке, елге билігіңіз жүреді, бірақ, тілге билігіңіз жүрмейді» деп нақты жауап беріпті. Сонда император   ашуын ақылға жеңдіріп, жөн сөзге тоқтаған көрінеді.

«Ұлт тілінен айрылса, мінезінен айрылады. Мінезін жоғалтса, ұлттық қасиеттерінен айрылып қалады» (Э.Кант).

Парсы жұртының патшасы Дарий: «Біз мемлекетіміздің тұтастығын тіл, дін бір болғанда ғана сақтай аламыз», – депті. Иранда, бірақ, ортақ, ұйытқы  бір тіл бар. Ол – парсы тілі. Бір тілді, бір дінді мемлекетті басқару  өте  ыңғайлы. Ал, көп тілді, көп дінді елдің бірлігін бұзу оңай. Айналамызда біздің ынтымағымызды бұзғысы келетін «тілеулестер» бар. Қазақстанға ықпал ету үшін елдің арасына тіл арқылы іріткі салғысы келетіндер  жоқ деп  кім  айта  алады?

Бүгінгі Иран саясатында қалыптасқан жақсы дәстүр бар. Ол жоғары оқу орындарында физика, химия, математика факультеттерінде де «Парсы мәдениетінің тарихын» оқытады. Егер парсы халқының әдебиетін, тарихын білмесең, онда сенің физикаң, химияң, биологияң кімге керек? – деген ұғым қалыптасқан.

Кез-келген билікті бағалаудағы өлшемді сол мемлекеттегі мемлекет құраушы халықтың тілі мен тарихи дәстүрінен байқауға болады. Тәуелсіздігімізді жариялағанымызға ширек ғасыр толды. Осы жылдарда «Болашақ» бағдарламасы арқылы біраз жастарды шет елдерде оқытып алдық. Енді оған кететін қаржыны ішкі мәселеге қарай ауыстыру қажет.

Жалпы, шет елдерде бала оқытудан ұтқанымыз не, ұтылған тұсымыз қане?!

Олай болса, тілге, мәдениетке байланысты АҚШ-тың бұрынғы президенті Томас Джефферсонның: «Жас американдықты Еуропаға не үшін оқуға жібереміз?»  деген досына жазған хатына тағы бір назар салсақ. «Сонымен… жас американдық азамат Еуропада қандай білім алады? Жас американдық Англияға барды делік, әрине, ол онда оқиды, бірақ, оған қоса ол ішімдікке, ат жарысына және боксқа әуестенеді. Бұл ағылшындық білім жүйесінің ерекшеліктері Еуропаның өзге мемлекеттеріне де тән. Жалпы, мұнда оқыған жас адам еуропалық рахат өмірге бой алдырып, өзінің туған еліне деген жеккөрушілік сезімімен қарайды, еуропалық ақсүйектерге жасалған артықшылықтарға басы айналып, өз еліндегі кедейлер мен байлардың бір қатарда тұруын өлердей жек көреді, солардың өмір сүру салтына бой ұрып, өзін соларға ұқсатуға тырысады, өзін ақсүйектердің, монархтардың тобына жатқызғысы келеді. Өзіне түк пайдасы болмаса да, солармен достық қарым-қатынаста болып, бар өмірін құр босқа өткізіп алады. Әуейі, жылмақай әйелдердің тәтті исіне еріп, өзіне және өзінің жақындарына кері әсерін тигізуге бой алдырады. Сондай-ақ, өзінің денсаулығына кері ықпалын тигізетін салдақы, жеңіл жүрісті әйелдерді аңсап тұратын болады. Немесе күндердің бірінде болмай қоймайтын, отбасылық тазалыққа деген шынайылығын жоғалтудың тәсілдерін үйренеді және ол қылығын серілікке жатқызады. Кейін ол еуропалық әйелдердің өтірік күлкісі мен олардың естен тандырар әлем-жәлем әдемі киім-кешегінің салпыншақтарын ұзақ уақыт ұмыта алмай, өз елінің қарапайым,  ақ  көңіл,   адал әйелдерінің табиғи сұлулығын көргісі келмейді. Ол осы көріністер арқылы өмір бойы кеше өзі қыдырған жерлер мен үйренген істерін ойлап, күндерін  елігумен өткізеді. Ол өз еліне оның экономикасы мен әдеп-дәстүрінен түсінік-пайымы жоқ, өз Отанының іс-тәжірибесін білмейтін нақұрыс, шетелдік марғау біреу болып оралады. Ол өз Отанына өзінің ана тілінде сөйлеп, жаза білсе де тек шетелдік көзқараспен қарайды, себебі, еркін елде ол өзге адамдар сияқты еркін сезінбейді және басқалар жеткен жетістіктерді де бағындыра алмайды.

Мен бұл жерде өзімнің байқағандарымды ғана сіздерге айтқым келеді. Мен жас адамның 15 жастан 20 жасқа дейін өзге елде тұрып, сол елдің тілінде сыпайы сөйлеп, әдемі жаза білген оқиғасын көрген жоқпын. Сол сияқты басқалардың да екі тілде бірдей жазып, сөйлегенін кездестірген емеспін. Адамның жас шағында өзіне қандай тіл жақын болса, сол тіл оның ана тілі болуы тиіс. «Менің ұғымымша, Еуропаға барып білім алған американдық жас білім жағынан да, моральдық және адамгершілік жағынан да, өзінің денсаулығы мен бақыты жағынан да көп нәрсені жоғалтады. Маған бұл жағдайлар Еуропаға  келіп, көзіммен көргенге дейін жұмбақ күйінде болып келді. Америкаға келіп көріңіздер, бізде кім барынша білімді, кім қызыл сөзге құмар, өзінің отандастары арасында кім қадірлі, олар кімге көбірек сенім білдіреді және кімді жоғары қызметке ұсынады? Олардың бәрі өз Отанында білім алып, жоғары тәрбие алғандар және мораль мен салт-санада өзара үйлесім тапқан жандар». Томас ДЖЕФФЕРСОН, («Демократия туралы» 1939 жыл).

Иә, Америка демократиясының атасы не болса да ашық айтқан және ұлтқа деген жанашырлығын жанын жеп айтқан.

Тілден кез-келген жанның демалысы байқалады. Дәл бүгін біздің қоғамның дем алысы бұзылып тұр.  «Өз ұлтын, өз тілін, өз тарихын білмеген адам – жәндік»- депті Циолковский. Өз тарихын, тілін білмеген болашақ ұрпағымызбен 2020 жылы қазақша сөйлеп кететінімізге дәл  бүгін сенім аз. Кезінде көрнекті жазушымыз Жүсіпбек Аймауытовтың «Қазақы тәрбие алмаған, қазақша сөйлеп, қазақша ойлай алмайтын қазақтардың өзін жоғары билікке жақындатуға болмайды» деуі бекер болмай шықты.

Өз ұлтын шексіз сүйген қайраткеріміз Мұстафа Шоқайдың шет елде оқып, тәрбиеленген азаматтардың өз ұлтына пайдасы жоқ, оны өз ұлты да пайдаланбайды деуінде үлкен мән жатыр. Дәл осындай халге жетсек, біздің ертеңгі күніміз қалай болады? Қазақ өз ұлтынан өзі жиренетін, жерінетін дәрежеге жетпей ме? Құдай бізді оған жеткізбесін делік, өр кеудемізді ешкімге басқызбасын делік. Бірақ, біз осыған өзіміз қадам жасап отырған сияқтымыз. Кезінде француз революционері де Сенте Беуэден: «Франция тағына Борбон, Орлиян, Бонапарттардың қайсысын лайық көрер едіңіз?» – деп сұрағанда, ол: «Мен үшін мойныма кімнің мініп отыруын таңдау маңызды емес, мойныма ешкімді де мінгізбеу маңызды», – депті. Біздің тілге келгенде жауабымыз да сондай. Қоғам өмірін тұмшалап алған орыс тіліне қоса енді иығымызға ағылшын тілін мінгестірсек, не боламыз?!

Қазір мемлекеттік қызметке қабылданарда ағылшын тілін білушілерге басымдық берілуде. Біз дәл осылай жасап жатқанда ағылшындардың құдайы көршісі саналатын Францияда парламентте ағылшын тілінде сөйлегендерге үлкен айып салынатын заң қабылдаған. Ол  ол ма, Ұлыбританияның Еуроодақтан  шығуына  байланысты  ағылшын  тілін Одақтың негізгі  жұмысшы тілінен айырып  тастау тәртібі қаралуда.

Француздар Платон данышпанның ақылына сүйенеді. Оның: «Мен заңында қауқар күші жоқ және ол біреудің билігінде болатын мемлекетті таяуда күйрейді деп ойлаймын. Мен заң билеушілер үстемдік еткен жерде, олар (билеушілер – авт.) оның құлы болған кезде, мемлекет және оған құдай сыйлаған қаншама игіліктер аман қалады деп есептеймін» деген сөзін алға ұстанады.

Біздің «Тіл туралы» Заңымызда әдемі баптар бар, алайда, олар соңғы кезде басшылыққа алына бермейді. Көптілділік мемлекеттің іргетасын шайқалтады демекші, жоғарыдағы Иранда шах Пехлевидің тақтан кетуіне дәл осы парсы тілінің аяқасты болуы ықпал еткен болатын. Пехлевидің билігі тұсында оқу құралдарына   ағылшын сөздері орынсыз тықпаланды. Парсы билік тұтқалары өкілдерінің ағылшынша сөйлесуі дәстүрге айнала бастады. Осыдан келіп, халықтың наразылығы туындады. Соңы шахтың биліктен кетіп, Америкаға қашуына мәжбүр етті.

Ағылшын  тілін  жаппай оқыту, оны білсе,  сауатты екен деп санау тіпті,  ақылға  сыйымсыз. Тарихқа  сүйенсек, кезінде  ағылшындардың  қол  астында  болған Африка  құрылығының  оннан астам елдері, Азиядағы Үндістан, Филиппин, Индонезия, Бангладеш, Камбоджа сияқты  елдердің барлығы  ағылшын тілдерін еркін білгенмен, сол мемлекеттердің дамып  кеткенін әлі көреалмай отырмыз.Бұл  елдер одан  сайын  кедейлену  үстінде отыр. Ол, ол ма, онсыз да мазасы  кеткен  Ауғаныстанның  ағылшын  тілді  оңтүстігі мен  пуштун  тілді  солтүстігі  арасында  да тіл айырмасына  байланысты дүрдараздық  бар.  Мұндай мысалдар орасан көп. Алайда, өз ұлты үшін, ұрпағы үшін қызмет еткен  қайраткерлер де  бар. Сондай  ұлт қайраткерінің бірі – Махатма Ганди.

Үнді көсемі Махатма Ганди Үндістан өз Тәуелсіздігін жариялағаннан кейінгі халықпен бір кездесуінен соң: «Мен әрдайым балаларын нәресте кездерінен ағылшынша ойлап, сол тілде сөйлеуге үйрететін үнділерді балаларымен қосылып,   өз Отанына сатқындық жасайды деп есептеймін. Олар осы әрекетімен балаларды ұлттық рухани және әлеуметтік құндылықтардан айырады әрі Отанына қызмет ету қабілетін кемітеді. Осындай ойды ұстанып, мен балалармен ылғи да гуджарат тілінде сөйлесуді мақсат еттім», – деген болатын. Рас, бүгінгі Үндістан жүздеген тайпалардан құралған. Мемлекетте ондаған мемлекеттік тіл бар. Бірақ, барлығының басын біріктіріп отырған бір тіл бар. Ол – хинди тілі. Үнді билігі де осы тілдің астында барлық өзге тілдерді біріктіріп отыр.

Жалпы, орта  мектепте баланы үш тілде  оқыту тәжірибесі бізден өзге  ешбір  елде жоқ.  Кезінде Корей  елінде қытай, ағылшын тілдерінде білім  берудің тәжірибесі  енгізіліп,  ол жарты  жолда  шойырылған. Жапондар  мен  түріктер балаларын  он екі жасқа  дейін  ана  тілдерінде  оқытады. Ғылымы мен технологиясы жоғары Жапония, Франция, Ресей  балаларын  он  жасқа  дейін  өзге  тілде  оқытпайды. Мұның  өзі  ағылшын  тілін меңгерудің  сауатты көрсеткіші  емес  екендігін  көрсетеді.

Статистикаға  жүгінсек, 2015 жылы қазақ  мектебіне  барған  балалардың  саны 85  пайыз болыпты. Мектеп  түлектерінің  70  пайызы  қазақ тілінде  бітірген. Бұл  – адам қуанарлық  жағдай!

Психологиялық  тұрғыда  егер  біз   ағылшын  тіліне  басымдық  берер болсақ, алдағы  уақытта қазақ  тіліндегі  кітаптар да  оқылмайтын  болады. Ең бастысы, бұл енді  тілінің  икемі келмейтін ата-аналарға да, немересімен қазақ тілінде  сөйлесетін ата-әжелерге де соққы болып  тиеді.

Түркия елінде де ондаған ұлт бар. Алайда, билік тіл мәселесін ешуақытта халық талқысына шығарған емес. Билік  оны  біржақты  ұлттың  мүддесіне  орай,  өз  бетінше  енгізіп  келеді.  Міне,  Түрік билігі   осыдан 260 жыл бұрын Түркияда екі қаланы билеген Мехмет бейдің ұранымен жүріп келеді. Түркия  халқы   билеушінің   «Бүгіннен бастап үйде де, далада да, мәжілісте де, жиналыста да, демалыста да тек қана түрік тілінде сөйлейтін болыңдар!» – деген Жарлығына бас ұрған.  Жалпы, Түркияда ұлттық мәдениеттің құндылықтарын санаға сіңіру, насихаттау мақсатында оны мектеп бағдарламасына міндетті пән ретінде енгізген. Бұл арқылы түрік балалары өз ұлты дәстүрінің уызын жас кезінен қанып ішеді. Сонда бізге айрықша не болған?

Ұлтты бірегейлендіретін (идентификациялайтын) екі жол бар. Оның алғашқысы – тіл, екіншісі – тарих, мәдениет. Демек, бұл екеуін мемлекеттің стратегиялық саласы деп қараған жөн.

 

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *