«Ұлттық арна – менің өмірім…»

ҚАЗАҚ ТЕЛЕВИЗИЯСЫНА – 60 ЖЫЛ

Талай соқпақтан өткен, ұлтымыздың мәдениетiн, тарихын, өнерiн кеңінен насихаттап, өлшеусіз үлес қосқан, алпыс жылды артқа тастаған «Қазақстан» ұлттық телеар­насы – шаңырағы биік, керегесі кең үлкен мектеп. Осы мектептен өткендердің арасында Ұлттық арнаның «отымен кіріп, күлімен шығып», оның тарихын таспаға жазғандардың бірі, «Қазақстан»  РТРК» АҚ «Алтын қор» телерадиоқор департаменті Астана бөлімінің бастығы, ҚР-ның Мәдениет қайраткері, ҚР Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Молдабек САҒЫМБЕК те бар.

Бізге Қазақ телевизиясының ардагерімен сұхбаттасудың сәті түскен болатын.

 

 

Үш бәйтерек – Смайылов, Әшімбаев, Мұртаза

 

        – Ұлттық арнаның қазақ үшін орны бөлек. Ал сіз үшін орны қандай? «Қазақстанға» қалай келдіңіз?

– Ол рас, өткен ғасырдың 60-жылдарына дейін қисса, жыр-дастандар мен ауыл-елге жаңа жете бастаған көркем кітаптарды қолдан-қолға ауыстырып, мұқабасын тоздырып оқитын әсершіл, әңгімешіл, ән, жыр құмар қазақ жұрты үшін 20-ғасырдың ғажап техникалық жетістігінің жемісі – телевизияның, қазақ теледидарының маңызы орасан болды. Әр жылдары «Қазақ телевизиясы», «Қазақстан», «Қазақ теледидары» аталып келіп, соңғы 10-15 жыл шамасында «Ұлттық телеарна» атауына тұрақтаған төл арнаның ел алдындағы бәсін арттырып, ұлттық маңызын айқындаған тарихи оқиға –  Елбасы пәрменімен 2011 жылы өз көрсетілімдерін 100 пайыз таза мемлекеттік тілде таратуымен байланысты деп ойлаймын.

Ұлттық арна – менің отыз бес жылға жуық саналы өмірім. Өзіндік білім-білігім мен игерген кәсіби шеберлігім дәрежесінде жасап эфирге шығарған шығармашылығым. Жүздеген телетуындымды дүниеге әкелу үшін жазған сценарийлерім, түсірілімдерім, монтаждау, дыбыстандыру жұмыстары үстіндегі іс-әрекет, ізденістерім!

«Қазақстанға» келуім өзім үшін де күтпеген кездейсоқтық болды. ҚазМУ-дың филология факультетінде оқыған мені ұстаздарым, қазақ әдебиетінің білгір мамандары – Алма Қыраубаева, Рахманқұл Бердібаев, Бейсенбай Кенжебаевтар ерте бастан әдебиет ғылымына баулып еді. Өзім де іштей өз болашағымды солай болжайтынмын. Қалалық тіркеуді (прописка) уақытылы жасата алмауым себепті, Тұрсынбек ағай (Т.Кәкішев, ол кезде филология факультетінің деканы) шақырып отырған оқытушылық қызметтен құр қалып, жұмыссыз жүргенмін. Курстасым, марқұм Салтанат Белтенов кезігіп қалды да, Қазақ телевизиясы «Алатау» арнасының директоры Фатима Бегенбаеваның алдына алып кірді. Жұмыс ауыстырып кетіп бара жатқан досым мақтауымды асырып, өз орнына редакторлыққа лайық деген ұсынысын өткізіп кетті. Бұл 1985 жылдың күзі болатын. Әуелде әріптестердің сценарийлерін түзетіп, өңдей жүріп, келе-келе өзім де хабар жасауға бел шеше кірісіп кеткенімді байқамай да қалдым.

        – Тәуелсіздік алған жылдардағы Ұлттық арнаға көз жүгіртсек… 

– Сол бір аумалы-төкпелі тоқсаныншы жылдардың басында Мемлекеттік телерадио Комитетінің бірінші басшылығы тізгінін Камал Смайылов, Сағат Әшімбаев, Шерхан Мұртаза сынды үш бірдей ірі, ұлтжанды қайраткердің кезекпе-кезек ұстауы, өздері бастап «Жүректен қозғайық», «Қарыз бен парыз», «Ұлт және сана» қоғамдық-саяси хабарларын эфирге алып шығуы – қалың ел рухының дүр сілкінуіне үлкен ұйытқы болған оқиға екенін бүгінде көпшілік мойындайды. Осы үш тұлғаның басшылығы арқасында әр мереке сайын қазіргі Республика сарайын жарып жіберердей дүрмекті дүбірмен өтіп жататын «Тамаша», «Айтыс» телехабарлары, сексенінші жылдардың соңынан қайта тойлана бастаған Наурыз мерекесінің телевизиялық той-думаны, дәл сол тоқсаныншы жылдар басында өмірге келген «Қыз сыны» телебайқауы мен «Жігіттің сұлтаны» телесайыстары… Сол тұста республикалық жалғыз телеарна – Қазақ телевизиясы арқылы қалың елге тарап, ондаған жыл бойы дәстүрлі ән-жыр, терме-толғау, төл әдеп-салтына сусап қалған халықтың шөлін басып, еліміздің түкпір-түкпірінде жаппай рухани серпіліс тудырып, санасын жаңғыртып жатты.

Тәуелсіздіктің алғашқы таңынан күн тәртібіне өткір қойылған қазақ тілінің өзектілігі туралы өзге ұлт диаспоралары арасында пәрменді қозғалыс тудырған «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты бағдарлама болды. Мен редакторы болған бұл хабардың жарыққа шығып, апта сайын 1-1,5 сағат тікелей эфирден мазмұнды да тартымды өтіп тұруына оның авторы, жүргізушісі және белсенді ұйымдастырушы ретінде «Мемлекеттік тілге құрмет» қоғамдық ұйымының төрайымы, танымал тілші-ғалым, қайраткер Асылы Османованың атқарған ісін айтып тауысу мүмкін емес!

Әрбір тележурналист хал-қадерінше тәуелсіздіктің қадір-қасиетін паш етуге жұмылды. Біз де өз үлесімізді қосуға құлшындық. Есімде, 1991 жылдың көктем-жаз маусымында Серік Жанболат, Сәуле Жиреншина, Дәурен Қайып, Дүрия Данияр сынды жас журналистер өзара ақылдасып, «АР» жастар студиясын құрдық. Режиссерлеріміз де Боран Мұсабаев, Ботагөз Исмайыл, Уалихан Исабай сияқты өзіміз тұстас, пікірлес достарымыз еді. Ересегі мен болуым себепті, жетекшілік тізгінін бәрі бір ауыздан маған ұстатты. «АР» атауымыздың өзі, біздіңше, үлкен мән-маңызға ие. Мұндағы «А» – алаш, «Р» – рух. «АЛАШ РУХЫ». Аптасына 1,5 сағаттан бірталай жыл жарыққа шыққан «АР» жастар студиясының әрбір шығарылымы өз атауына лайықты жұмыс істеді: Желтоқсан майданында соққыға жығылған, сотталған, қуғын көрген және баспанасыз қазақ жастарының жай-күйі, жанайқайы, «Семей-Невада» антиядролық қоғамдық қозғалысының, республикалық «Қазақ тілі» қоғамының белсенді іс-әрекеттері, тағысын-тағы. Бір қызығы, жер басып алушы, үй басып алушы жастар арасында өзіміз де бірге жүрдік. Баспанасыз жастардың «Бірлік» атты ұйымын, «Ынтымақ» атты қорын құрыстық. Міне, тәуелсіздіктің қарсаңы мен алғашқы жылдарындағы буырқанған күндердің менің телевизиялық өмірімдегі кейбір көріністері осындай.

      

 

Кадр сыртындағы қадір

 

– Шыны керек, сіздің хабарларыңыздан аты-жөніңізді титрдан ғана оқып қалатынбыз, ал өзіңіз көрінбейсіз. Неге?..

– Иә, мен камера алдында ашық-жарқын отырып хабар жүргізбедім.  Ауылға демалысқа барғанымда: «Елдің баласы жарқырап отырып сұхбат жасайды, ал сенің тек даусыңды естиміз немесе бір қырыңнан ғана көрінесің. Өзіңді бір толық көре алмай күйдік қой!» – деп ағайын-туыстарым да кейіп жататын… Келтесінен қайырсам, оны «комплекс» дейтін бір ауыз психологиялық термин сөзбен түсіндіруге болатын шығар. Мектеп қабырғасындағы бозбала кезімде екі рет, одан жігітшілікке іліккен студенттік шағымда үшінші рет тағы қайталап, нерв талшықтарының суықтауына шалдығу салдарынан, сырт көз байқай бермегенімен, өзіме тұрпайы кемшілік боп көрінетін бет-жүзімдегі «ақау» санама ауыр таңба салды. Содан барып, дүниеде өз ұсқыны өзіне ұнамайтын, өзін эфирден көруден қашқалақтайтын бір жан болса, сол адамға айналдым. Түсірілім барысында өзімді ірі планда алған көріністері үшін әріптес операторлар мен режиссер достарыммен жүз шайысуға дейін барып, монтаж үстінде алдыртып тастайтынмын. Көрермен үшін автор-жүргізушінің түр-тұрпаты емес, хабарда қозғап отырған тақырыбы, көтеріп отырған мәселесі және оның жетімділігі маңызды деген ойға өзімді сендіріп те алғанмын. Солай…

         – Егер өткен күндеріңіз қайта айналып келер болса, кім немесе не туралы хабарды қайта дайындаған болар едіңіз?

– Қазақ телевизиясындағы алғашқы күннен өзім қалап қолға алғаным, негізінен, әдеби-поэзиялық, тарихи-танымдық, ғылыми-көпшілік бағдарламалар болды. Солардың қатарына «Алатау» телеарнасында жүріп жасаған «Қазақ поэзиясының антологиясы», «СӨЗ» (Абай туралы Сөз, Ғабит туралы Сөз, «Қасым туралы Сөз.., т.б.), «Толғау» айдарларын, Оқу-білім Бас редакциясындағы «Көкжиек», «Құс жолы», «Таңғажайып», «Білімдіден шыққан сөз» ғылыми-танымдық топтама бағдарламаларын, әдеби-драмалық «Орда» шығармашылық бірлестігінде бірнеше жыл үзіліссіз жүргізген «Ғұмырнама», «Руханият», кейінгі жылдардағы «Тау тұлға»  шығармашылық-портреттік, әдеби, тарихи-танымдық бағдарламаларын жатқызар  едім. Өз басым, осы хабарлардың алғашқыларын сонау 80-жылдары көрінісі мен дыбысы екі бөлек жазылатын 16 мм.-лік кинотаспаларына және салмағы 10-12 кг. КАДР бейнетаспаларына түсіріп, монтаждаудан бастаған екенмін. 90-жылдары S-VHS, ТЖК форматты бейнетаспаларға, ал 2000 жылдар қарсаңынан БТК, DVCAM бейнетаспаларына жаздық, қарадүрсін монтаждадық. Бүгінде бармақтай ғана флэшкаларға түсіріп, тікелей компютерге қуып жұмыс істейтін, көріністер мен дыбыстарды құбылту мүмкіндігі сан-қилы заманауи монтаждау техникасына ие болдық қой.

Сұрағыңызға орай, осы түсіру, монтаждау, дыбыстандыру жұмыстары тұрғысынан келсек, әлбетте, бастапқы он-он бес жылғы барлық хабарымды қуана-қуана қайта жасар едім. Ал ішкі «астары» туралы айтсақ, 90-жылдар басында өзім жасаған өрт мінезді өр ақын Өтежан Нұрғалиевтың тағдыр-тәлейі туралы «Жалынын жұтқан Жанартау», қазақ әдебиетінің тарихы мен Тәуелсіз Қазақстанның педагогика ғылымына өзіндік із қалдырған ғажап ұстаз Алма Қыраубаева туралы «Талаптыдан талант ашқан», Қазақ теледидарының дамуына үлкен шығармашылық және басшылық үлес қосқан драматург-қаламгер, тұлғалы абзал азамат Әділбек Тауасаров туралы «Жоғалтпасаң, таппайсың», тағы да басқа бірқатар хабарымды тереңдетіп, түрлентіп қайта жасаған болар едім.

     

 

Кездейсоқ кезіккен кейіпкер

 

 – Түсірілім кезіндегі есте қалған ең күлкілі немесе жанарыңызға жас тұндырған оқиға?..

– Кеңестік жүйенің соңғы жылдары болуы керек. Жетісу өңірінің алыс бір ауданына іссапармен бардым. Телеочерк түсірдім. Кейіпкерім – 1942 жылдары гитлершілдер ойрандап кеткен Сталинград қаласын қалпына келтіруге Қазақстаннан жасақталып жіберілген 88 «ерікті» комсомол қыздардың бірі.

Осы аймақтағы арнайы тілші-оператор Тимурды бұрын көрмегенмін.  Көлік жүргізушісі әрі жарық қоюшы көмекшісі Володя деген неміс жігіті екеуі мені облыс орталығынан күтіп алды. Тимур ағам қырықтың үстіндегі, денелі, бойшаң, орыс тілді-мінезділеу кісі екен. Түсірілімді «кинотаспаңның есебін білесің ғой?» деген ескертумен бастаған.

Жасы кеп қалса да совхоздың бір отар қойын бағып отырған шалы мен көп балалы кейіпкер апамды қиянға шапқан «шабыт-қиялыммен»  әр түрлі іс-әрекет үстінде түсіртудемін. Түсірілім сол кездегі кинокамерамен жасалуда. Таспасының әрбір минуты қатаң есеппен беріледі.

…Шал таң намазын оқып, сыртқа шықты. Қорасын айналып қайтты. Апам үй шаруасын жасауда, екеуі екі атқа салт мініп, малды өріске ұзатып барады. Жолдың екі жағына қау боп өскен қураған шөп-бұталарды өртеттім. Орамалы ағараңдап, алаулаған от-жалын ортасымен апам өтті мұңға батып. Апам қалың ой үстінде. Ол сықсима шамның жарығымен қою түн қараңғылығына тесіле қарап отырғанда, үй төбесінен терезе тұсынан сорғалатып шелекпен су құйдық. Ел-сел төккен жауын… мүмкін, жылдар бойы көкірегін қысқан өксік жасы апамның…

Айтпақшы, сол кейіпкер апамды бір-екі ай бұрын кездейсоқ ұшыратқанмын. Жұмыспен сыртқа шығып-кіріп жүріп, телерадио ғимаратының алдында бүкшиіп отырған әйелді байқадым. Кешке қайтып бара жатсам, қолында түйіншегі бар әлгі кісі баспалдақ үстінде әлі отыр екен. Жөн сұрасам: «Басқа барар жерім жоқ, осында түнеймін. Анау мілиса күзетшілерің бастық жоқ деп кіргізбеді. Қайта-қайта келіп жүруге шамам жоқ, не де болса жолығып, арманымды айтып бір-ақ қайтам ауылға», – дейді. Содан жалдап тұрып жатқан жалғыз бөлмелі пәтерімізге ертіп келдім. Екі күн қонды. Бастарынан кешкен зарлы күндері туралы әңгімесін айтып тауыса алмады.

Апам біздің үлкен басшылыққа кіре алмай, үшінші күні ауылына қайтты. Есесіне, керемет телеочерк сценарийінің жобасын ұсынып, басшымнан іссапарға сұранып, ауылына мен келдім.

…Шағын көл жағасына тігілген киіз үйге кең жайылған дастархан басында көп отырмаймын. Аудандық партия комитетінің ІІІ хатшысы, совхоз директоры, шаруашылық партия ұйымының хатшысы деген сияқты бірқатар кісілер біздің түсірушілер тобына құрмет көрсетіп, Горбачевтік науқан салдарынан көзден бұл-бұл ұшқан ащы судың түр-түрін ашып ұсынады.  «Болмайды, біз жұмыс үстіндеміз!» – деймін бұрқ етіп. Өзім, шынында, татып алмайтынмын. Ауыл-ел жақсылары – Тимурға, ал тістеніп отырған Тимур Володька досына қарайды. Қазақ тіліне судай Володя жымиып, төмен қарайды. Тез тамақтанып сыртқа шығып кетем. Күнде осы. Бір жетіге жоспарланған түсірілімді үш күн шамасында аяқтап, қайтуға жиналдық.

Буыны бекімей жатып еріксіз бастан кешуге мәжбүр болған сол бір ауыр да азапты жылдардағы ерен еңбек, өлшеусіз өксіктері елеусіз, қайтарымсыз қалғаны жанына батады апамның. Ең өкініштісі, қазақшылықпен құжат-қағазының қайда қалғанын білмейді. Бірақ бірге болған тағдырлас құрбылары бар ғой. Телесандыққа шыға қалса, солардың бірі болмаса біреуі танып, мақұлдайтын еді ғой!.. Апамның жанын жегідей жеген осы ойлардың қаумалауынан бір сәт арыла алмаған күйімде үй иелеріне, сап түзеп тұрған шаруашылық, партия басшыларына алғысымды айтып, қоштасып, Володяның көлденең қаңтарылған көк «Волгасына» отыруға беттей бергенімде, бос тұрған машина теңселіп, қой маңырап қоя берді. Жалт бұрылып, багажын аштырсам, аяқтары буылған  екі нән қой тыпырлап-тулап жатыр. Аудандық партия басшысы:

– Қанша күн бойы күндіз-түн, жатпай-тұрмай жұмыс істедіңіздер. Дұрыстап демалып, ас-су да іше алмадыңыздар. Бұл сіздерге үй иелерінің алғысы, – деді қызарақтап. Өзім жан әлеміне сүңгіп еніп кеткен кейіпкерім тарапынан титтей бір сый-сияпат алар болсам, бойымды кернеген тап-таза сезім-түйсіктерімді ластап, былғап алатындай тіксіндім. Үзілді-кесілді бас тартып, түсіртіп тастадым да, суыт қоштасып жүріп кеттік. Ауылдан, ауданнан әбден ұзап шығып, қара жолмен қалың шағыл құмды қақ жарып жүйткіп келеміз. Манадан үнсіз түнеріп отырған Тимур кенет:

– Володя, останови машину! – деп айқай салды. Алда отырған күйі шалт бұрылып, артқы есікті ашты да:

– Түс! – деді маған. Жүзі түтігіп кеткен. Түскенім сол, «поехали!» деді де, машина сырғып жүріп кете барды. Бұлдырап сағымға сіңген машинаның қарасы өшкенде, жол шетіндегі құмға барып отырдым. Арада он бес-жиырма минут шамасы өткенде жалт етіп қайта айналып келген машинаның есігін іштен ашқан Тимур ағам:

– Отыр! – деп бұйырды. Біршама жүрген соң:

– Сен бала, кімсің осы, а?..– деп алып денесімен тұтас бұрылды артына.

– Журналистпін.

– Алматыда үйің бар ма? Байсың ба? Бала-шағаң бар ма өзіңнің?

– Өз үйім жоқ, отбасыммен квартирада тұрамын.

– Айлығың көп пе? – деді ызалы, кекесінді дауыспен.

– Енді.., редакторлардікі қанша болса, менікі де сондай ғой…

– Ей, сен не, коммуниссің ба, әлде?.. – деп айқайлап жіберді шыдамы таусылған ол.

– Жоқ…

– Онда неге алмадың анау қойды? Неге түсіріп тастайсың, а?!..

– Ол кісінің соғыс жылдары қандай қиыншылық көргенін, қиын тағдырын естідіңіз ғой өзіңіз де…

Бетіме ажырайып қарап отыр. Жақ еті бұлт-бұлт етеді.

– Слушай, ондай әңгімеңді айтпа маған! Менің жұмысым түсіріп беру ма? Түсіріп бердім. Я честно заработал, понимаешь! Бір аптаның жұмысын дем алмай, үш күнде істедік. А по инструкций съемки положено всего – үш минут. Понимаешь, үш-ақ минут түсіруім керек бір күнде! Сен білесің бе, мен осы күнге дейін служебный квартирада тұрамын. Қатын-баламды асырауым керек.., понимаеш?!

Машина рулін қапсыра құшақтап алған Володя  қара әшкилі көзін жолдан алмайды.

– Ей, еще, сен білесің бе, мен саған жаным ашып, өзімнің сақтап жүрген қанша пленкама артық съемка жасадым ғой! – деп жол бойы орысша-қазақша ашулы сөздерін төгіп-төгіп, қалаға кірген бойда вокзалдың алдына түсіріп кетті. Жүріп бара жатқан машина терезесінен:

– Енді біздің жаққа келме! – деп айқайлады.

Солай түсірілген «Отқа оранған жастық шақ» деп аталатын шағын телеочеркім эфирден өтті. Апталық шолуда мақталып, «Қызыл тақтаға» ұсынылды. Үстімнен ауыр бір жүк түскендей жеңілдеп қалдым. Үш-төрт ай өтіп кеткен. Кенет, жұмыста  өткендегі «собкор» Тимур ағаммен қарсы ұшырасып қалдым. Анадайдан дауыстап, жадырап күліп келіп кең құшағына алды.

– Көрдім!.. Прямь, как художественный фильм етіп жасапсың, молодец! – деп, артқа шегініп барып иығымнан қақты. – Өткендегіге ренжіме сен. Молодец, принципиальный, толковый жігіт екенсің! Ондай-ондай біздің жұмыста болып тұрады. Давай, дос болайық! – деп күректей алақанымен қолымды қысып-қысып, қоштасып бара жатып: «Если-че, тағы кел бізге. Өзіміз, Володя екеуміз жақсылап күтіп аламыз!» – деп ақсия күліп кете барды.

Иә, одан кейін де сан рет бардым, талай қызықты түсірілімдер жасадық. Тимур ағам әрдайым бауырындай күтіп алып, үйіне қонақ етіп, шығарып салып жүрді. Соңғы он-он бес жылда көз жазысып қалғанбыз. 2012 жылдың күзінде Астанаға көшкен Корпорация қызметкерлерімен мен де келдім. Зейнетке шықса да, әлі күнге «Қазмедиаорталығы» студиясының операторы болып жүрген Тимур ағам құшағын жайып алдымнан тағы шықты. Қартайған, ашуы қайтқан. Басымыз қосылған жерде өткен-кеткенді айтып, жастарды күлкіге қарық қыламыз. Өзіміз де мәз боламыз.

 

 

Гүл де адам жанын түсінеді

 

– Молдабек Әжібекұлы, Ұлттық арнаның «Алтын қоры» қай жылдардан бастау алады, қаншалықты бай?

– Алғаш, 1997-98 жылдары шағын бөлім болып құрылып, бірте-бірте қалыптасқан «Алтын қорда» Кеңестік кезеңнен сирек те болса 1917 жылғы төңкеріс, 20-30 жылдардағы кохоздастыру, ағарту, ашаршылық, бірлі-жарым репрессия науқандары, неміс басқыншыларымен соғыс жылдары, одан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру, завод-фабрикалар мен өндіріс ошақтары көріністері. Сол кезеңдердегі өнер, ғылым саласының танымал тұлғалары бейнеленген кинохроникалар бар. Ал 60 жылдығы аталып жатқан Қазақ теледидары көрсетілімдері 1958 жылдан бастап әуе толқынына тарай бастағанымен, бастапқы жылдардағы хабарлар таспаға жазылмай, тікелей эфирге таратылып отырған. Сондықтан, 60-жылдардың екінші жартысынан бері қарай бірлі-жарым төл туындылар КАДР-3ПМ аталатын үлкен бейнетаспаларда сақтала бастайды. Олардың өзі жетімсіз болуы себепті көбі өшіріліп, үстіне кейінгі жылдар хабарлары жазылған. 70-80 жылдардың бейнематериалдар саны біршама артып, 90-жылдардан бергілері толыға бастайды. Эфирден өткен материалдардың жүйелі сақтала бастауы – 2000 жылдардан кейін ғана.

Бүгінгі таңда «Алтын қордағы» бейнематериалдардың сақталу жүйесі біршама реттелгенімен, одан да маңызды шаруа кенже қалып отыр. Ол – қолда бар материалдарды түгел өңдеп, толық айналымға жарату мәселесі. Яғни қазір біздің қорымызда жинақталған 50 мыңға жуық түрлі форматты таспалардағы және соңғы жылдарда  іске қосылған сандық жүйе желілерінің архивіне сақталынып келе жатқан аса ауқымды бейнематериалдардың 10-15 пайызының ғана кодировкасы мен сипаттамалары жасалынып, Мәлімет сандығына түсірілген. Осынау олқы соғып келген істің болашақ үшін орасан зор маңызын түсінген Басқарма төрағасы Ерлан Карин мырза өзінің алғашқы бұйрықтарының бірімен осыған дейінгі бөлімді кеңейтіп, Корпорация құрамындағы жеке құрылым – «Қазақстан» РТРК» АҚ «Алтын қор» телерадиоқор департменті етіп қайта құрды. Қазір үлкен үміт күттірерлік ауқымды жобалар қарастырылуда.

Сіздің гүл өсіретін хоббиіңіз барынан хабардармыз…

– Бұл енді, жүре келе пайда болған машық. Ол неден, қалай пайда болды?.. Үлкен күйзелістер үстінде жүргенде ғой деймін. Өзімнен артық көретін жандарыма деген жүрек түбінде шықпай қалған, қанбай қалған бір мейірім, аңсар, сағыныш сияқты сезімдерімді сіңіретін бірден-бір аяулы тіршілік иесі гүл болған сияқты мен үшін… Гүлдерді дүкендерден сатып алмаймын, титімдейінен өзім тамырлатып, өз қолыммен отырғызып, соны мәпелеп, баптап, қызықтап өсіргенді жақсы көремін. Сосын, гүлдейтін-гүлдемейтін немесе «ақша, доллар шақыратын» деген сияқты, тағы да басқа деп бөлмеймін. Оны бейкүнә, кіршіксіз жас өскінді алалау деп түсінемін, обал көремін. Гүл өсірдің екен, оны уақытылы суар, күт, көңіл бөл. Оның әдемілігіне сүйсін, тіпті сөйлес. Оның әрбір жаңа жайған жапырағына, өскен бойына, ашқан гүліне қуан. Ол соның бәрін тамаша түсінеді. Және сені де солай ұнатып, тіпті, қиналған кезіңде жаныңды жадыратар қуаныш та сыйлай алады. Тек оны көріп, сезіне алсаң болғаны…

Осы сұхбатты пайдалана отырып, өз шығармашылықтарымен елге, ұлтқа арымай-талмай беріле қызмет еткен ардагерлерді, бүкіл жайсаң әріптестерімді Қазақ телевизиясының 60 жылдық мерейлі мерекесімен құттықтаймын!

 

Әңгімелескен – Нұржамал ӘЛІШЕВА

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *