Ұлт жауһарларын түгендеп жүрген қаракөз

Нұржамал ӘЛІШЕВА

 

***

«Әдемі-Ай» және оның бұйымдарының дүкені – қазақ халқының болмысындағы жаңа өріс, соны үрдіс, тың кәсіп. Елдік, ұлттық қасиеттерімізді осы жолмен де асқақтатуға болады.

Ақселеу СЕЙДІМБЕК, жазушы-ғалым.

 

«Әдемі-Ай» – елдің, ұлттың бір тамырындай бүлкілдеп тұрған берекелі-мерекелі мұражайға айналды. Баһаргүл – отаншыл қыздарымыздың бірі.

Оразкүл АСАНҒАЗЫ, қоғам қайраткері.

 

Ұлт құндылығының ұйытқысы болған Темірбек Жүргенов, Өзбекәлі Жәнібеков, Тарақты Ақселеу, Дәркембай Шоқпарұлы секілді қайраткерлердің қарындасы –  Баһаргүл деп білемін.

Көпен ӘМІРБЕК, сатирик.

 

***

 

Танымал топтамашы-этнограф, Қазақстанның мәдениет қайраткері, өнертанушы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» қатарынан ойып тұрып орын алған Баһаргүл Төлегенқызы жайлы білмейтін адам жоқ шығар. Дегенмен, ұлт жауһарларын түгендеп жүрген қазақ қызы туралы қанша айтсақ та жарасады. Бақытын, сүйікті ісін, жан қалауын атажұрттан тапқан замандасымыз бұл құрметке әбден лайықты.

Халқымыздың ұстанымдары мен дәс­түрлеріне қанық болып өскен ол қазақтың қолданбалы өнеріне жастайынан қызығу­шылық танытыпты. Бес жасар Баһаргүл ісмер анасы Зұлғизаның етегіне оратыла, инесін сабақтап беріп қойып, шешесінің қолынан шыққан текемет, сырмақтарға, кестелерге көзін салып жүріпті. Кейін  өзі де жүн түтіп, ұршық иіруге жарады.

Анасы әр баласына жеке-жеке тұрмыс­тық заттарын, жасауын дайындағанда, Баһаргүлдің де үлесі болып еді. Бүгінде өзі жетекшілік етіп отырған «Әдемі-Ай» өнер мұражайының төрінде өзіне арнап тігілген, анасының саусақ іздері қалған түскиіздері, төсек жапқыштары, бәрі-бәрі сақтаулы. Тіпті, шешесінің өткен күндердің, балалық шақтың сағынышындай, естелігіндей  боп оймағы да, ұршығы да тұр.

Бүгінде қызы Әдемінің әжесінің, яғни анасының тәрбиесін көргеніне, қазақы қалыппен өсіп келе жатқанына қуанады.

Шешесінің «өзіңнен көмек сұрап келген ағайынның ешқайсысының меселін қайтарма, көмектес, дастарқаның мол болсын, қонақ шақыр, өзің де қонаққа бар, елмен аралас, адамның бәрімен дос бол» деген қарапайым сөздерін жадынан шығарған емес.

***

Пекин мемлекеттік университетінің Биология факультетінде оқып жүрген Баһаргүлдің әсемдігі жағынан ерекше әрі сирек кездесетін қытайлық мұражайларға баратын әуестігі бар-тын. Сосын қоладан жасалған  қытай мүсіндерін жинауды әдетке айналдырады. Қалтасында қалған соңғы тиынын да сондай жәдігерлерден аямай, сатып алып кете баратын. Кейін, ата­жұртқа келген кезде өз ұлтының байлы­ғын жинауға күш салды. Тіпті, шалғай ауыл­дарға шейін сапарлатты. Қытай, Моң­ғолия қазақтарының жәдігер-бұйымдарын да жинай бастады.

Баһаргүлдің коллекциясы ең алғаш ерекше жүзіктен басталған көрінеді. Бір күні оған қарақалпақ халқының әйел бас киімін сатып алу туралы ұсыныс түседі. «Іздегенге – сұраған» демекші, еш жерде жоқ сирек заттарға аса құмар ол ойланып жатпастан бірден сатып алады. Бірақ келесі күні сатқан адам қайтып келіп, бас киімді қайтарып беруін сұрайды. Иесі оны сатудан бас тартқан көрінеді.

– Мен көнбедім. Бірақ әлгі кісі күн сайын келіп есігімді тоздырды. Көнбей­тінімді біліп, оның орнына ХVІІІ ғасырдың аяғында жасалған қазақтың күміс жүзігін ұсынды. Ғажап жүзікті көрген сәттен-ақ бас киімді қайтарып бердім. Өз қазағым­ның күміс әшекейлеріне қатты қызығушы едім, – дейді өткенге көз жүгірткен Баһаргүл Төлегенқызы.

***

Сөйтіп, жары Мұраттың қолдауымен 2011 жылы «Әдемі-Ай» өнер мұражайын ашты. Мұнда қазір Қазақстан мен Орта Азия халықтары тұтынған тұрмыстық заттардың, қолданбалы өнердің және зергерлік бұйым­дардан құралған мыңнан асып жығылатын, еш жерде жоқ бірегей экспонаттар бар. Бұл оның нәзік иығымен ауыр жүкті қайыспай көтере жүріп, құнды жәдігерлерді тірнектеп жиған 20 жылғы тынымсыз еңбегінің жемісі. Әрбір жәдігер тұнып тұрған тарих. Ою-өрнектермен әрленген зергерлік заттар, әсем безендіріл­ген ат әбзелдері, батырлардың қару-жарақтары, келі-келсап сынды тұрмыстық және киіз үй жабдықтары, жібек-тоқыма бұйымдары ғасырлардан ғасырға жеткен баға жетпес байлық.

– Шет елде мұндай құнды жәдігерлерді аукционға салып жатады. Мен бір затымның өзін 50 не 100 миллионға баға­лап жатса да, ешқашан сатпаған болар едім! Бірде өзіміздің бір әншінің мұражайды аралап жүріп: «Бәке, сізде жарты Алматыны сатып алатындай байлық бар екен ғой!», – деп ниеттестік көңілімен таңданғаны бар. Мен ешқашан ақшаға құныққан адам емеспін. Ол рас, мен баймын. Рухани баймын! Ал ішкі әлемің, руханиятың ешқашан саудаға түспеуі тиіс! – деді Баһаргүл Төлегенқызы.

Иә, ұлттық нақыштағы көне һәм бағалы жәдігерлерді топтастырып, өз қаражатына мұражай ашып отырған қазақ қызының еңбегін ел тарихына қосқан ерекше үлесі деп бағаласақ артық емес. Айт­пақшы, мұражай есігі келем деуші­лердің бәріне айқара ашық, қызметі тегін.

***

Баһаргүл Төлегенқызы Қазақ хандығы­ның 550 жылдығында ҚР Ұлттық мұра­жайында «Зергерлік өнер» атты үлкен көрме ұйымдас­тырып, мерейтойлық көр­меге қазақ хандығы дәуірінен сыр шертетін жәдігерлер қойылып, ат әбзелдері, қару-жарақтар, зергерлік бұйымдар, киіз үй жаб­дықтары, киім-кешектер секілді көне­нің көзіндей асыл болған құндылықтар елді таңдай қақтырғаны бар.

Сондай-ақ, сирек кездесетін бұйымдар топтамасымен Бүкіләлемдік қазақ қауым­дастығының 15 жылдығына арналған қазақ шеберлерінің «Елім-ай», «Тараз – 2000» көрмелеріне, Бүкіләлемдік қазақтардың ІІ құ­рылтайына (Түркістан, 2002 ж.), Шағын қазақ құрылтайына (Швеция, Вестерос қаласы, 2003 ж.), «Наурыз» көрмесіне (Алматы, 2004 ж.), Бүкіләлемдік қазақ­тардың ІІІ құрылта­йына (Астана,  2005 ж.), Шағын қазақ құрылта­йына (Германия, Мюнхен қаласы, 2007 ж.), «Қиял ғажап әлемі» (Астана, 2007 ж.), кәдесый­лардың Халықаралық «Ару – 2007», «Ару – 2008», «Ару – 2009», «Ару – 2010» көрмелеріне қатысқан.

***

Елімізде тұңғыш рет ұлттық нақыштағы кәдесыйлар мен зергерлік бұйымдар жасап шығарған, өзінің бастауын осыдан жиырма жыл бұрынғы ұядай ғана шағын «Әдемі» атты ұлттық бұйымдар дүкенінен алған «Әдемі-Ай» 2011 жылы елімізде әлемдік дәрежеде өткен VІІ Қысқы Азияда ойын­дарына демеушілік көрсетіп, 15 млн. теңге бөлді. Кәрі құрлық көз тіккен айтулы дода­ның құрметіне және меймандарға арнап, Қытай, Түркия елдерінің ең талантты мүсіншілерімен бірге бірегей кәдесыйлар дайындаған болатын.

Бұлардан бөлек, «Аймақтар аламаны», «Сағындырған әндер-ай!», «Намыс дода» және өзге де ауқымды тележобаларға демеушілік жасаған мәрт замандасымызға 2010 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайрат­кері атағы берілді. Сол жылы «Қазақ­стан әйелі – 2010» тележо­басында еліміздің 30 үздік аруының ішінен суырылып шығып жеңіске жетті. Мына қызықты қараңыз, сол «Қазақ­стан әйелі – 2010» тележобасының мүсінін мемле­кеттік тапсырыс бойынша «Әдемі-Ай» жасап шығарған болатын. Сөйтіп, айтулы мүсін автордың өзіне бұйырды.

***

«Дүкен толған басқа ұлттың, жат жұрт­тың сувенирлері. Оны қазақ еліне қонақ болып келген меймандарға қалай сыйла­мақ­пыз?! Шетелге шықсақ тек Абай мен Жамбыл атала­рымыздың суреті бейне­ленген кілемшелерді ғана қолтықтап шыға­мыз». ХХ ғасырдың 90-жылдары қазақ бас­пасөзінде осындай пікірлер жиі айтылған болатын. Міне, осы мәселенің басын ашқан, бағын жандырған «Әдемі-Ай».

Иә, ұмытылуға айналған көне жәдігер­лерімізді жинақтап, қайта жаңғыртып, бүгінгі заманауи үлгіде, байырғы қалыбын жоғалтпай өңдеп, халықтың қажеттілігіне жаратып келе жатқан «Әдемі-Ай» кәдесый­лар компаниясы­ның өнімдері бүгінде ұлттық брендке айналды.

– Кәдесыйларды бизнес көзі деп емес, ұлттың тарихын зерделеу деп ұққан жөн, – дейді «Әдемі-Ай» ұлттық кәдесыйлар компаниясы мен «Әдемі-Ай» өнер мұра­жайының директоры Баһаргүл Төлеген­қызы.

Бүгінде компания еншісіндегі кәдесый­лар саны мыңнан асып жығылады. «Сүйінші!», «Таутеке», «Қанатты барыс», «Бәйтерек», «Асығың алшысынан түссін», «Қобыз үні», «Асыл жеңге», «Бұрымды қыз», «Сүндет той» сынды сувенирлер, «Шабыт» қаламсабы, түрлі қобдишалар, шаңырақ, киіз үй, торсық, қамшы, асатаяқ сынды  ұлттық бұйымдар сапасымен де, әдемілі­гімен де көздің жауын ұрлайды. «Тәуел­сіздік монументі», «Астана бәйтерегі», «Қожа Ахмет Яссауи» кесенесі, «Алтын адам», «Исатай-Махамбет», «Бәйдібек», «Қорқыт ата» сияқты архитектуралық тарихи туындылары өз елімізді айтпағанда, шет елден келген қонақтардың да  қызы­ғушылығын арттырып отыр. Міне, Баһаргүл ханым қытай­дың «ақша шақырғыш» бақа-шаяндары мен үндінің пілдерін бір-біріне сыйға тартуды әдетке айналдырған қазаққа өзінің ұлттық дүниелерін сыйға ұсынудың ұтымды екенін ұғындырды деуге болады

Айтпақшы, былтыр «Әдемі-Ай» өз өнімде­рінің жиырмадан астам түрін ЭКСПО көрме­сіне апарып, шетелдік туристер кәдесыйлардың бірін де қалдырмай алып кеткен  көрінеді.

***

Баһор. Шығыс халқының сөзі. Мағына­сы – көктем. Баһаргүл деп есімін марқұм әкесі қойыпты. Ол атына сай үнемі көктем­дей жадырап жүруге ұмтылады. Көңіліне көлеңке түсе бастаған сәттерде де күліп жүруге тырысады. Күміс сырға-жүзігін тағынып, иығына әдемі қамзолын іліп, үнемі жарқырап жүргенді ұнатады.

Жабырқаған сәттері екі қызын құшағы­на басады, олармен ой бөліседі, сырласады. Олармен бірге қуанады, бірге күледі. Айналаны, жалпы өмірді сүйеді.

Иә, өмір болған соң қуаныш та, күйзе­ліс те болатыны ақиқат. Бірақ жеңілген сәт­терінен гөрі жеңген күндері өте көп. Сондықтан да арман-мақсаттары әлі де биік.

Бүгінде ел танитын, тіпті Елбасы алдында да сөз сөйлеген, БАҚ беттерінен апталап-айлап түспейтін жұлдызды, іскер де отаншыл, көпшіл әйелдің креслосында шалқайып отырмайтын, биязы ғана қазақы қалыбын сақтаған, сабырлы, ибалы, қарапайым болмысы ұнады бізге.

– Жақсы сөз сөйлейтін, жақсы ой ойлайтын, барына шүкір айта білетін, ешкімді күндемейтін, ішкі әлемі сұлу адамның жүзі де көрікті болады, – дейді біздің кейіпкер.

***

Атам қазақтың күнделікті өмір сүру салтының өзі тұнып тұрған тәрбие ғой. Мәсе­лен, аруларымыздың шаш өруінің өзінде, оған таққан шолпысының астарын­да әдеп-иба деген құндылықтарды жасыр­ған терең философия жатқан. Мәселен, қыздың құлағында сырға болса, айнала­сындағылар оны айттырылған қыз екендігін білетін болған.  Немесе қыз тұрмыс құрмай тұрып құс тұмсық жүзік тақса, бұл оның құс тәрізді еркін екендігін білдірген.  Әскери жорыққа кеткен жігіт аман әрі жарақаттанбай келуі үшін оған осы тәрізді жүзік сыйға тартылған екен.

Міне, Баһаргүл Төлегенқызы бүгінгі бой­жет­­кендеріміз де ұлттық әшекей бұйымда­ры­мызды күнделікті тағып жүретін болса деп арман­дайды. Ол бүгінгі таңда сырға, жүзік, біле­­зік, алқалардың бағасын көпшілікке қол­жетімді ету жолында жұмыс істеп жатырмыз дейді.

Біз ойы айқын, іскер де табанды қазақ әйе­лінің көздеген мақсатына жететініне сенімдіміз.

 

 

«Ақшамның» анықтамасы

Баһаргүл ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ:

«Әдемі-Ай» ұлттық кәдесыйлар компа­ниясы мен «Әдемі-Ай» өнер мұра­жай­ының директоры. Айрандай ұйып отыр­ған компанияда 45 адам жұмыс істейді.

«Төңірегіме кілең жақсы қыз-келіншектер, ұлағатты ұлдар жиналған. Мен оларға сенетінім соншалық, алаңда­май алыс сапарларға кете беремін».

Әдемі және Айжамал есімді екі қызы бар. Екеуінің де жасауын қазірден дайындап қойған.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *