Ұлт жадының жаңа тұжырымдамасы

%d0%b8%d1%88%d0%bf%d0%b5%d0%ba

Әлемдік өркениетке ілесу үшін жеке ұлт болып қалыптасу – бүгінгі күннің кезек күттірмес өзекті мәсе­лесі. Ал төл тарихымыз бен мәде­ниетімізді, салт-дәстүрімізді сақтап, ұлттық тәрбиеге терең мән беру – ұлттық бірегейлікті сақтаудың қайнар көзі.

Мемлекет басшысының жуырда жарық көріп, бүкіл зиялы қауым өкілдері, ұстаздар мен ғалымдар арасында қызу талқылауға түскен стратегиялық мақаласы – Қазақстан халқын рухани дамыту мен ұлттық сананы жаңғыртудың негізі. Бұл саяси-идеологиялық құжат  қазақ хал­қының стратегиялық бағытын анықтайтын, өткеніміз бен бүгінгіні болашаққа үйлесімді сабақтасты­ратын ұлт жадының жаңа тұжы­рымдамасы болып табылады.

Мақалада Мемлекет басшысы Қа­зақстанның үшінші жаңғыру кезеңіне қадам басқандығын және бұл жаң­ғыру еліміздің әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына енуін мақсат ете­тіндігін атап айтып,  бола­шақ қазақ халқын рухани кемел­денген, Біртұтас Ұлт ретінде қалып­тастырудың басым­дықтарын ұсынады.

Елбасының рухани құндылық­тарымызды алға тартып, руханияттың әр саласын түгендеп, тарихымыз бен мәдениетімізді дамыту жайлы ай­тылған зерделі пікірі көңілге қуаныш ұялатып отыр. Әрине, дамыған елдер­дің қай-қайсысын алсақ та, ең алды­мен ұлттық рухты дамытып, саясат пен экономика ұлт мүддесі үшін қызмет етуге бағытталған.

Президент халықты терең ойға жетелеп, өткенімізді саралап, бүгі­німізді бағалап, ұлттық кодты сақтай отырып  жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойымызға сіңіру керек­тігін сөз етеді.

Өскелең саналы ұрпақты тәрбие­леп жүр­ген біз үшін, ұстаздар қауымы үшін, бұл мақаланың маңызы зор. Себебі, Қазақстанның үшінші жаң­ғыруы мате­риалдық құндылықтардан гөрі  рухани құнды­лықтарға басым­дық беріп, уақыт сы­нынан сүрінбей өткен, көне дәуір­ден бізге жеткен озық дәстүрлерімізді табысты жаңғырудың негізі етіп алуды көздейді.

Елбасы бірінші тарауда ұлттық сана мен ұшқыр ой, білім мен бәсеке, прагматизм мен ұлттық бірегейлікті сақтау, эволюциялық даму қағидат­тарын тізіп берді. Бұл алты қағидат эволю­циялық дамудың басты межесі болып табылады.

Мемлекет басшысы «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни, одан бұрын жаңғы­рып отыруы тиіс», – деп,  таяу жыл­дардағы міндеттерді белгілеп берді. Тарихи құжатта  «Қазақ тілін біртіндеп латын тіліне көшіру», «Жаңа гумани­тарлық білім», «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Қазақстандағы 100 жаңа есім» секілді бірнеше бастама көтеріліп, жобалар ұсынылған.

Елбасы айтқандай, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуға бет бұрғаны көңілімізді көкке жеткізіп отыр. Эволюциялық дамудың негізі ретінде әлеуметтік және гума­ни­тарлық білім саласын дамыту – баба­лар мұрасы мен еліміздің ұлттық ғұ­рыптары, салт-жоралғылары және ұлттық тәрбие беру арқылы өскелең ұрпақ бойында ұлттық сана қалып­тас­­тырудың бірден-бір жолы деп түсінемін.

Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан халқының санасын жаңғыртудың екінші бағыты ретінде қанымызға сің­ген жағымсыз дағдылар мен тап­тау­рын болған қасаң қағидалардан ары­лып, ұлттық және жеке байлығы­мыз­ды үнемді пайдаланып, қанағат­шыл­дық пен қайырымдылықты, ұстам­дылықты насихаттайды. Кезінде Абай Құнанбайұлы сынаған жағым­сыз мінез-құлықтар, «өсек, өтірік, мақ­тан­шақтық, еріншек, бекер мал шаш­пақ­тық» әлі күнге елімізбен бірге жасап келеді. Бұл құжат халқымызды оятып, рухани жаңғыру арқылы ке­реғар қылықтардан арылуға шақыра­ды.

Мемлекет басшысының «2025 жыл­дан бастап латын әліпбиіне кө­шу­ді бастаймыз» деген ойын құп­тай­мыз. Еліміз латын қарпіне көшсе, туыс­тас түркітілдес ұлттардың тілін мең­геру де жеңілірек болады. Сон­дай-ақ, «100 жаңа есім» және «әлем­нің үлгілі 100 оқулығы» жоба­лары Қа­зақстан білімі мен мәде­ниетін да­мы­тудың бірден-бір жолы екенін кө­зі­қарақты жандар айтқызбай түсінері хақ.

Жалпы алғанда, Елбасы мақала­сында орын алған игі бастамаларды кезең-кезеңге, бағыттарына бөліп қарастырсақ, ел дамуы мен өркендеуі үшін Қазақстан халқына арналған бағдарлама, яки, Қазақстан халқының ұстанар ұстанымы мен ұлттық идеологиясы деп қабылдауға болады.

Жанатбек ІШПЕКБАЕВ,

Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық  университетінің

тәрбие ісі жөніндегі проректоры,

саяси ғылымдарының кандидаты, профессор.

Жаңғыруда жан ілімінің орны ерекше

«Қазақ психологиялық қоғамы»  респуб­ликалық қоғамдық бірлестігінде кезекті, бірлескен ІІІ Пленарлық мәжілісі болып өтті. Онда Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақа­ласындағы психологиялық фактордың маңыздылығының мәні әңгіме арқауына айналды.

Алғашқы болып сөз алған Қазақ Ұлттық Ғылым академиясының Құрметті академигі, психология және педагогика ғылымдарының докторы, профессор Қ.Жа­рықбаев Президентіміздің жаңа еңбегінің методо­логиялық астарының терең екендігіне тоқталды.

Мақала мазмұны жағынан ұлы жерлесіміз, Шығыс Аристотелі атанған Әбу Нәсір әл-Фарабидің «Ізгі қала тұрғындарының көзқарастары» туралы трактатында көтерілген адами мәселелермен тоқайласып жатыр. Сана – жан қуаттарының, психикалық құбылыстардың жиын­тық атауы және психология ғылымының негізгі кате­гориясы. Аталмыш еңбекте тас түйіндей өрнектелген осынау түйін-тұжырымдардың бәрі тұнып тұрған психологиялық, нақтылап айтсақ, оның басты саласы – этнопсихологияның қадау-қадау қызықты мәселелері дер едік. Президент осы еңбегінде рухани жаңғыруда қоғамдық, гуманитарлық ғылымдардың ішінде психо­логия ғылымының маңыздылығын көрсеткен.

Осыған орай, пленумда еліміздегі психология ғылымының қазіргі жай-жапсары, күнгей мен көлеңкесі жан-жақты талқыланды. Психология саласында әлі де болса шешімін таппай келе жатқан мәселелер бар екендігіне баса көңіл бөлінді.

Психология ғылымдарының докторы, профессор О.Саңғылбаев академиялық психология және психо­логияның қолданбалы салаларына талдау жасады. Қазақ тілі латын әрпіне көшсе, психология ғылымы да көштен қалмай жаңғыруға дайын екенін атап көрсетті.

Психолог-ғалымдар Президентіміздің рухани жаң­ғыру туралы концепциясын жүзеге асыруға орай, жо­ғарыда көрсетілген мәселелерді шешуге жол ашылып, Ұлы дала жан ілімінің жаңа деңгейге көтерілетініне сенімінің мол екенін жеткізді.

Мұқан ПЕРЛЕНБЕТОВ,

Қазақ психологиялық қоғамының президенті,

психология ғылымдарының докторы, профессор.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *