Ұлт, тіл мәселесінде сұраусыз дүние жоқ

Ермек  ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

 

Мемлекеттік  тілдегі  құжаттар айналымы  артып отыр

Мемлекеттік қызметкерлерден мемлекеттік тілді білу талап етілуде.   Үкімет Тілдерді дамыту мен қолдану жөніндегі 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламада  бұл  мәселе қатаң  ескертілген.

Қазақстандағы соңғы ресми мәліметтер бойынша еліміздегі халықтың 74 пайызы қазақ тілін, 84 пайызы орыс тілін еркін меңгерген. Ал елдегі 70 пайызға жуық қазақтың   98,4 пайызы ана тілін түсінетінін, ал 93,2 пайызы ана тілінде оқып және жаза алатыны  анықталған. Мемлекеттік тілді елдегі түркі жұрттарының барлығы – өзбек, ұйғыр, қырғыздар 90 пайыздан кем білмейді екен. Қазақ тілін ең нашар меңгергендер – орыс, беларусь, украин, поляк, неміс, корей   ұлтының  20-25 пайыздайы түсінеді,   өзге  5-7 пайыздайы   ғана әртүрлі деңгейде оқып-жаза алады екен. Бұлардың арасында мемлекеттік тілді меңгеруде  ілгері тұрғандары немістер, сосын корей  ұлтының  өкілдері  көрінеді.

Соған қарамастан, мемлекеттік тілде іс жүргізу, шараларды тұтастай қазақ тілінде өткізу және мемлекеттік қызметкерлердің қазақша сөйлеуін талап ету – әлі күнге дейін күн тәртібінен  түскен  емес.

Соңғы  кездері ақпарат құралдары арқылы   қазақ  тілінің  абырой-беделінің артып  отырғанын  көрсетіп  отырған  мақалалар  көптеп  жарық  көруде.   Мәдениет  және  спорт  министрі Арыстанбек  Мұхамедиұлы  орталық және жергілікті атқарушы органдардың страгегиялық жоспарларына сатылы түрде ҚАЗТЕСТ жүйесін енгізу арқылы  тіл  мәселесін шешеміз дегенді қадап айтқан  болатын.

Бүгінде  Мемлекеттік тілдегі құжаттар сапасы да  артып отыр.  Тіл –         үлкен байланыс құралы.   Шетелдіктер де   Қазақстан Үкіметінің қазақ тілін жаппай енгізу жұмыстарына  қолдау  білдіріп отыр.

Қазақ тілі мен орыс тілінің өзара   күресі және осы тілдерде сөйлеушілердің екі тілдегі  (қазақ, орыс) ақпарат құралдарындағы айтыста   тиялып  отыр.  Ширек ғасыр бойы айтып келе жатқан  әңгіме ауаны да өзгеріске  түскен.  Орыстілділер қазақ тілін білуді міндеттеуді өздеріне жасалған қысым деп  түсінуден  бойын аулақ салуда.   Алайда  бұл  жұмысты  мәдениетті  түрде  жалғастыра беруіміз керек.  Әрине,  түсінуге құлықсыздар да  бар. Екітілді қоғамның   екітілді өкілдерінің арасында диалогты  өрістете  беруіміз  түбінде  жақсылыққа бастайтыны  анық.  Қоғамның негізгі бөлігі, мемлекет кұраушы ұлттың мұңы мен зарын, көңіл күйін, жанайқайын түсінуге, оны білуге деген құлықтылық орыстілділер тарапынан   саябырсыған.  Себебі, 25 жылда мемлекеттік тілді үйренуге  өздерінің  құлықты  болмағанына  былай тұрсын, принципті  түрде  талпынбағандарын  түсініп қалғандай.

Кез келген мәселенің немесе проблеманың өлшеу параметрлері болады. Ал Қазақстан қоғамында қазақ тілін үйрену деңгейінің қаншалықты дәрежеге жеткендігін нақты айтып бере алмай отыруымыздың сыры неде?   Шындығына сайсақ, осы уақыт аралығында қазақ тілін дамытумен айналысатын мемлекеттік басқару жүйесінде жүйелілік болмады. Бұл жұмыстың мақсаты да, міндеттері де айқындалмады. Нәтижеліліктің басты көрсеткіштері жоқ. Белгілі бір нәтижеге қол жеткізудің уақыты да, оған жауапты мемлекеттік орган да дәрменсіз болып келді.

Қоғамда   жыл өткен сайын қазақ тілінде білім алушылардың санының артып келе жатқандығы  бізді  қуантады. Оны ҰБТ тапсырған түлектердің үлес салмағының  артып  отырғанынан  көруге  болады.   Мектеп бітірушілердің 70 пайыздан астамы қазақ тілінде білім алуы,  жоғары оқу орындарында білім алушылардың 80 пайызы қазақ тілінде оқитыны  дәлел бола  алады.

Мемлекеттік тілді дамыту үшін қыруар қаржы бөлінуде. Қазақстанның  Тұңғыш  Президенті  Елбасы  Нұрсұлтан  Назарбаев өзінің халыққа дәстүрлі Жолдауында   тек соңғы 3 жылда 10 миллиард теңге тіл  білуге  бөлінгендігін мәлімдеген  болатын.

Қазақ тілі курстарын бітірушілер ғана емес, орта мектепті бітірушілердің  де қазақ тілін үйренуін  әлі де  болса,  жетілдіре  түсу  керек. Орыс және басқа да ұлт мектептерінде қазақ тілі 1 сыныптан бастап өтеді. Алайда,  қазақ тілінің қажеттілікке ие еместігінің көрінісі болар,  орта мектепті  бітірушілер,  қазақ  тілінен  гөрі  ағылшын тілінде әжептәуір сөйлеп шығады.  Қазақ тілінде екі сөздің басын қосуға қиналатындар  да  жоқ  емес. Біріншіден, бұл қазақ тілін үйретудің әдіс-тәсілдерінің жолға қойылмағандығының салдары болар, екіншіден, тілдің сұранысқа ие еместігін   көрсетіп  отыр.

Елімізде орыс тілінде сабақ беретін 1700-ден астам мектеп бар. Оны бітірген түлектердің тек 10 пайызы ғана қазақ тілін біліп  шығады  екен.  Бұл – еліміз  жағдайында мардымсыз  көрсеткіш.   Еліміздің Білім және ғылым министрлігі бұл жағдайды түзеуді  жедел  қолға  алғаны  жөн.  Үкіметтен   ұлттық бірыңғай тестілеуде орыс мектебін бітірген балалардың қазақ тілінен тапсырған тест жауаптары қорытынды балға есептелуін   тағы  да  жетілдіре  түсуін  сұрау  керек. Бүгінгі  таңда  қазақ тілі барлық мектептерде міндетті пәннің есебінде тестке енгізілген.  Соның  өзінде  нәтиже бермей  келеді.

2012 жылы 27 сәуірде Астанада «Бейбітшілік және келісім» сарайында Қазақстан халқы ассамблеясының XIX сессиясы  өтті. Сессияның күн тәртібінде: «Қазақстан жолы: тұрақтылық, Бірлік, модернизация» тақырыбы талқыланды. Қазақстан халқы бірлігі мейрамының алдында ашылған салтанатты жиында Елбасы сөз сөйлеп   елдегі өзге ұлт өкілдеріне қазақ халқы мен қазақ тілі Қазақстан халқын біріктіруші фактор екендігін

шегелеп  айтқан  еді.

Ресей  Елшісі ақиқатын  айтты

Қазақ халқы мен мемлекеттік тіл дамып келе жатқан қазақстандық азаматтық қоғамның біріктіруші ядросы ретінде көрінуде. Бұл үдеріс объективті  түрде  жүріп жатыр. Мемлекеттік БАҚ-тардың 70 пайызы қазақ тілінде шығады. Қазақ тілінде білім беретін мектептерде оқитындардың саны 63 пайызды құрайды.  2020 жылға қарай барлық қазақстандықтардың 95 пайызы мемлекетгік тілді меңгеруі тиіс деген міндет қойылған. Мұндайда   Мемлекеттік тілді меңгеруге алдымен өз қандастарымыз мол үлес қосуы керек  болып  отыр.  Еліміздегі он миллионнан астам қазақ түгел ана тілінде сөйлесе, байлықтың үлкені осы болар еді.  Тіл Қазақстан  халқын біріктіретін, жастарды жақындастыратын татулық тілі  болғанда ғана  біздің  бастаған  ісіміз  алға жылжиды.   Тіл туралы  саяси шешім – Конституция мен тиісті заңдар қабылдануымен алынған болатын. Тіл туралы мәселе саяси саудалаудың   тақырыбы бола алмайды.   Конституциямыздың 7 — бабында Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі, сонымен бірге  мемлекеттік ұйымдарда  және жергілікті өзін-өзі  атқару органдарында  орыс тілі ресми түрде  қазақ тілімен тең қолданылады деген. Осы жөнінде Конституциялық кеңеске  сауал  салғанда,  мемлекеттік тілдің мәртебесі  бәрінен жоғары тұратынына  түсініктеме берілген. Демек, орыс тілінің мәртебесі Конституциялық  пайым бойынша төмен.  Осыны саралай  білмей, «тең  қолданылады»  деген сөзге  екпін  түсіруіміз  бізді  тұралатып келеді.  Тағы да қайталап айтамыз, елімізде мемлекеттік тіл – біреу, ол – қазақ тілі.

Тілдің  мәдениетке де тура  қатысы бар. Әлемнің қай мемлекетінде этномәдени орталықтарға, Достық үйлері мен мектептерге, түрлі БАҚ-қа мемлекет тарапынан кең  көлемде қолдау көрсетіліп отыр.   Бүгінде қазақстандықтардың 92 пайызы   ұлтаралық бірлікті оңтайлы бағалайды. Демек,  олардан   мемлекеттік  тілді  білуі де  сұралуы  тиіс.

Әрине, өзге ұлт өкілдері өз болашағын қалай елестетеді? Қазақ мәдениетінің төңірегінде топтасып, мемлекеттік тілде сөйлеуді мұрат тұта ма?! Мәселе осында. Сондықтан   еліміздегі   10 миллион қазақтың өзінің қазақ тілінде сөйлеуіне баса назар аударылуы  қажет.  Өз елінде өз ана тіліңде, мемлекеттік тілде сөйлемейтіндердің патриоттығының өзі сенімсіздік  тудырады. Осы  ретте Ресейдің  Қазақстандағы  елшісі Алексей  Бородавкиннің  «Қазақстанда  қазақ тілі  позициясының  күшеюі  қалыпты  құбылыс»- деп санауын тілге  тиек  етсек  дейміз.

Елшінің  пікірінше,  тіл,  тарих, мәдениет – Қазақстан  халқы  біртектілігінің  элементтері.

«Қазақстанда  қазақ тілінің қолданыс аясы  кеңейіп барады  деп  алаңдайтындарды  түсінбеймін:  бұл – табиғи әрі  дұрыс  процесс.  Бірақ,  бұл орыс  тілінің  позициясы  әдейі  бәсеңдетіліп  немесе  шек  қойылып  жатыр  дегенді  білдірмейді.

Мәселен,  нақты мысал келтірейін.  Ел басшылығы  орыс тілінде сөйлейді, тек  өз араларында  ғана емес,  Қазақстан  халқына  үндеу  жасаған  кезде де», —  деді  дипломат  «Россия – 24» телеарнасына  берген  сұхбатында.

Сондай-ақ ол латын  әліпбиіне  көшу мен қазақстандық  банкноттарда  жазбаның  тек  қазақ  тілінде  жазылуы  Қазақстанның   ішкі  шаруасы  екенін де  білдірген.

«Қазақстан  егемен  ел екенін  естен  шығармау керек. Сондықтан  банкноттарда  жазба  мәтіні  қазақ тілінде емес,  басқа  тілде  болса,  бұл  қызық  болар  еді» деді  елші. Әрине,  елші  өз  сөзін  қалың  орыс  халқына  айтты.   Әдетте  жоғары  мәдениетті  адам  осылай сөйлеуі  тиіс.

Жалпы,  мемлекеттік  тіл  туралы  әлем  елдерінде  қандай  жұмыстар  жүргізіледі?

Мемлекетшілдік  рухты  асқақтататын негізгі фактордың бірі тілдік қатынасқа тоқталатын болсақ, дәл қазір Түркияда 80-ге жуық ұлт өкілдері өмір сүретін көрінеді. Ал бұл елдің Конституциясында Түрік елін мекендейтін әрбір азамат түрік болып есептелетіні туралы анық жазылған. Дәл сол сияқты тәжірибе Франция мен Германияда да қалыптасқан. Бұл елдердің барлығында мемлекет  құраушы ұлттың тілін білмей, өзге ұлт өкілдеріне азаматтық алу   ақылға  қонымсыз.   Бір  мысал:  1998 жылы футболдан әлем чемпионы атанған Францияның ұлттық құрамасының алаңға шыққан 11 футболшысының жетеуі өзге ұлт өкілдері болды. Соған қарамастан, өзін француз   санайтын әрбір ойыншы барын салып, Францияның үш жолақты туын аспандатты. Бұларды  бір мақсатқа топтастырып, жасыл алаңда тіл табыстырған француз тілі  еді.

Ал федеративті елдерді алып қарайтын болсақ, АҚШ-тың қырық құрам халқының мемлекетшілдік рухы өте  жоғары деңгейде. Америкалықтар мемлекетшілдік рухтың атрибуттары саналатын мемлекеттік рәміздерге құрмет, сол елдің заңына бас ию және ортақ бір тілдің төңірегіне шоғырланған. Ресей Федерациясында 21 республика, 11 автономды округ болса да, Конституциясының 1 — бабында «Ресей республикалық басқару үлгісіндегі демократиялық, федеративті, құқықтық мемлекет» деп көрсетілген. Яғни республикалық басқару үлгісі арқылы унитарлы елдердің әдістерімен ассимиляциялау үрдісін үдетіп бағуда. Міне, әлемдегі үлгі боларлық   елдердегі мемлекет құраушы ұлттың мәртебесі осылай анықталған.

Әлемде ұлтты ұйыстырып, мемлекетшілдік рухты көтерудің түрлі тәсілдері бар. Бізге оның қайсысы жақын, қайсысы тиімді бола алады? Бұл мәселені ерте бастан реттемесе, күннен-күнге саны өсіп, талабы күшейіп келе жатқан мемлекет   құраушы   ұлт пен этникалық азшылықтар арасында өзге елдердегі сияқты әлеуметтік-саяси   сипаттағы кереғарлықтар орын алуы әбден мүмкін. Мұндай жағдайға жол бермес үшін,  халықтың тегіне, нәсіліне, дініне қарамастан, мемлекетшілдік рух асқақ болуы шарт.

Ассимиляция   пайымын әлемдік қауымдастық жақсы қабылдайды. Мемлекеттегі саны көп  ұлт  уақыт өте келе өз тілінде ғана сөйлейтін болады. Сондықтан   біздегі  өзге   этностарға   қазақ тілін үйренуден  басқа  жол  жоқ. Өзге ұлттарды сіңіруді жүзеге асыру үшін, ең алдымен, тілдік ассимиляцияны шешіп   алу қажет. Германияда неміс тілін білмеген адамға  қара жұмыстың  өзі  сеніп  тапсырылмайды. Қазір Ресейде де осы талап   қолға  алынып  отыр.  Оған  қарсы  шығуға  бола ма?   Сегрегация  түсінігі, яғни бөлектеу кез келген ел үшін қауіпті.   Бізде осы сегрегацияның  белгілері бар.   Ол әртүрлі этностардың  тілінде мектептер мен балабақшалар  ашу болып табылады. Мұндай орталықтарда тәрбие алған өзге ұлт өкілдерінің балалары қазаққа сіңісе  алмайтыны  анық.  Бұл өз кезегінде мультимәдениетті одан  әрі   дамыта түсуге  ашылатын  жол. Айтпақшы, тіл де,  мәдениеттің  құрамдас бір  бөлігі.  Сондықтан  тілді  мәдениеттен  айырмағанымыз  абзал  болар еді.  Осыдан  бірер жыл бұрын  мемлекеттік   мәдениет саласындағы  ұзақ мерзімге  арналған  тұжырымдамасы  жасалды.

 

Американдық сенатор кешірім  сұрады, ал қазақстандық сенатор кешірім сұрай  алмады

Тұжырымдамада «қазақ  мәдениеті»  деген  бір ауыз сөз айтылмады.  Оның  орнына  «Бүкілқазақстандық  мәдениетке жаңа көзқарасты  қалыптастыру» деген  ұғым пайда болды.  Сонда  ол  қандай  мәдениет?

«Бүкілқазақстандық»  дегенде  оның  артында  не жасырынды?!  Сонда Қазақстан мәдениеті  ұсақ  диаспоралардың  мәдениетінен  құралады  деген сөз бе?  Бұған енді  келісу қиын.  Тәуелсіз  Қазақстан  Республикасының  мәдениеті  мемлекет  құраушы  ұлт – қазақ  ұлтының  мәдениеті  болып табылады.  Ал түрлі ұлт өкілдерінің  мәдениеті – қазақ мәдениетінің  құрамдас бір бөлігі емес пе еді?

Франция  өткен  ғасырдың  80-ші жылдары  «Ықшам  мәдениет»  тұжырымдамасын  қабылдап,  елдегі  иммигранттарға  төл мәдениетін,  тілін, салт-дәстүрін  сақтау үшін ассоциациялар  құруға ресми  түрде  рұқсат берді.  Араға  азғана уақыт салып, бұл шешімнің қате  болғанын  сезген  Франция  президенті  Жискар де Эстен  оның  бастапқы  күшін жойды.  Президент  оның  себебін былайша  түсіндіруге  мәжбүр болды: «Түрлі  мәдениеттер  үшін  француздың   дәстүрлі  ұлттық  мәдениетінен,  тілінен бас тартып,  ұсақ  мәдениеттерге  бөлінуге  тура  келді.  Ал  бұл  өз  кезегінде  өліммен  тең  бірдей  еді…».  Ал мұндай  жағдайда  тіл де,  мәдениет те,  ел болып  бірігуге  апаратын бірден-бір  жол  еді…

Мұндай  мысал  біздің  басымызда да  болған  көрінеді. Белгілі  қоғам қайраткері, профессор Аманкелді  Айталы  жақында «Қала  мен  дала»  газетіне сұхбат беріп, кезінде  өзі куә  болған мәдениетке  байланысты бір шетін  мәселені  қозғап өтіпті:

–Мынандай  жағдайды  айтайын. 2003 жылы  Американың  Лотт  есімді  сенаторы  қызу айтыс  кезінде  «негр»  деген сөзді  айтып қалыпты.

«Негр» сөзі – нәсілшілдіктің  белгісі. Ол сөзді  мәдениетті америкалық айтпайды, сонда не деп айту керек еді?

Африкалық америкалық дейді,  бірақ нәсіліне бармайды. Міне, көрдіңіз бе, қызу айтыс кезінде қара нәсілді  адамды шеттету  көрініс алып қалды.

Сол бойда журналистер   сенатордың «негр»  сөзін қолданғанын таратып жібереді. Содан соң сенатор: «Менің сенатор  болуға құқым жоқ, себебі Ата Заңда  жазылған басты  құндылықтарды  бұздым», — деп отставкаға кеткен. Америкалық  сенатор  қателік жіберді, сонымен қоса, кісілігін де көрсетті.  Міне, бұл – 1776 жылы  қабылданған декларацияның әлі де  толыққанды  жүзеге  аспағандығы.

Әттең,  біздің елде  қазақты  басқалар  осылай сыйласа, «мен осындай  бір қателік  жасадым, ұлттың  намысына тидім,  менің  депутат болуға, менің  министр  болуға  құқығым  жоқ» деп  жатса,  бұл үлкен  мәдениеттіліктің  белгісі болар еді.

Бірақ  бізде  әзірге  ондай  мәдениеттілік  болмай тұр. Осы ретте  менің есіме мына  бір жайдың түсіп отырғаны.

Менің  Мәжіліс депутаты  болған кезімде «Мәдениет  туралы»  заңның  жобасын қарадық.  Жұмыс тобындағы сенатордың бірі «жобадағы  қазақтың мәдениеті  деген болмайды, оның  орнына көпұлтты мемлекет болғандықтан  барлық жерде «Қазақстан мәдениеті  деп жазу  керек»  деп ұсыныс айтып,  қазақ  ұлтының  мәдениетін танығысы  келмеген еді.

Ол сенатор жұмыс тобынан  шығарылғанмен,  америкалық  сенатор  сияқты  отставкаға  кетпек  түгіл,  қазақ  халқынан  кешірім де  сұрамаған  болатын.

«Қала мен дала» 17 мамыр,  2019 жыл   «Әлгі  сенатор кешірім  сұрауға да  жарамады».

Демек, ұлт,  тіл,  діл  мәселесіне келгенде  сұраусыз  дүние  жоқ  екенін  осыдан  білсек  керекті! 

 

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *