Ұлт тұлғаларын ұлықтаған

Қазақстан музейлерінің қауымдастығы құрылды

Еліміздің талай аласапы­раннан өтіп, тәуелсіз мемлекет құ­рып отырғаны халқы­мыздың біртуар ұл­дарының ерен ерлігі мен еңбегінің арқасы екені даусыз. Олай болса, ұлт тұлға­ларының өнегелі өмірі мен асыл мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізудің орны ерекше. Сондықтан да Елбасының «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдар­ла­малық еңбегінде алға қойылған міндеттер аясында еліміздегі жеке тұлғаларға арнап ашылған музей­лердің өз жұмыс­тарын мей­лінше жан­дандыра түс­уі маңыз­ды. Ол үшін жер-жердегі тұл­ғалық музейлер өзара тәжірибе алмаса ғы­лыми-зерттеу, ұйым­дық-әкімшілік және шаруашылық мәсе­ле­лерін бірлесе отырып шешуінің жан-жақты пайдалы болары анық. Жақында құ­рыл­ған «Қазақстан Тұлғалық музейлер қауымдас­тығы» заңды тұлғалар бір­лестігінің қажеттілігі мен мін­деттері туралы  осы  қауым­дастық төрағасы, Абайдың «Жи­дебай – Бөрілі» мем­лекеттік қорық-музейінің директоры Болат Жүнісбековті әңгімеге тартқан едік.

 

– Болат Жүнісбекұлы, қазір қоғамдық ұйым құру немесе кәсіпорын ашу өте оңай. Тіпті жеке кәсіп­керлікті бір-екі сағаттың ішінде рәсімдеп береміз деген жарнама да көп. Алайда, қолға алған жақсы істің баянды болғанына не жетсін!..

– Әлбетте солай, бірақ ұлы Абай «Адамның адам­шылығы істі баста­ған­ды­ғынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес» деп, терең ұлағат айтады емес пе!  Осы дана­лықты кей­біреулер мүлде түйсінбей «…қалай бастағаннан ғана емес, қалайша бітіргеннен де көрінеді» деп, пәлсафа айтып арамтер болады. Шынында да кез-келген істі бастамас бұрын оны алдын-ала жеті өлшеп барып қолға алса, бастаманың баянды болары күмәнсіз.

– Демек, сіздер  ұйым­дастырған Тұл­ғалық музей­лер қауымдастығы жан-жақты ойластырылған қадам болған шығар?

– Бізде біртуар тұлғала­рымыздың есім­дерін енші­леген зерде орталық­тары­ның басын қосатын бір ұйым болса деген тілек көптен бері көкейде жүретін. Осындай ұсыныс өткен жылдың қазан айында Мәдениет және спорт министрлігінің  көркемдік кеңес отырысында айтылып, ол бас­шылық тарапынан бірден қолдау тапты. Соған орай музейлер жетек­ші­лерінің мұндай ұсынысының жер­де қалмауына қамқор болып, қолға алған істі аяғына дейін жеткізу – Абай музейінің әкім­шілігіне, яғни маған тапсырылған еді. Бұл үшін, алдымен, елдегі тұлғалық музей­лермен байланыс орнату керек болды.  Қазір ақпараттық техни­каның тізгінді жұлқа тартып тұрған шағы емес пе? Сол себепті, тез арада әріптестермен хабарла­сып, олардың тізілімі жасалды. Сондай-ақ, жергілікті жер­лерден тұлғалық музейлер мен олардың жетекшілері туралы ақпа­раттар жинап алынды. Осы ретте музей­лердің екі түрлі құрылым бойынша жұмыс істейтіні анықталды. Бірінші құрылым түрі – әрбір музей өз алдына жеке заңды тұлға болса, ал екінші құрылым түрі – бір заңды тұлға мен оның бөлім­шелері, яғни бірнеше тұлғалық музейлер бір музейдің құрамында жұмыс істейді. Айталық, Алматы облыстық  М.Тынышпаев атындағы тарихи-өлкетану музейінің тоғыз бөлімшесі тоғыз тұлғаға арнап – Ақын Сара, Сүйінбай Аронұлы, Шоқан Уәлиха­нов, Жамбыл Жабаев, Ілияс Жан­сүгіров, Мұқан Төлебаев, Мұқағали Мақатаев, Үмбетәлі Кәрі­баев, Нұрмолда Алдабер­геновке ашылған. Ал жеке тұлғаларға арналған бө­лімшелері бар музейлер қатарына, сонымен бірге, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі, Алматы қалалық музейлер бірлестігі, Ақмола облыс­тық тарихи-өлкетану музейі және Торғайдағы Әліби Жанкелдин музей-кешені мен Ақтөбе облысын­дағы Айтеке би аудандық музейі жатады. Демек, елі­мізде екі түрлі құрылымдағы музей­лердің бәрін қоса есеп­тегенде елуге тарта тұлға­лық музейлер бар болып шығады екен. Қауымдас­тыққа мүше болуға олардың қырық сегізі жазбаша өтініш берді.

– Дегенмен, Қауымдас­тық орталығының Астанада немесе Алматыда болғаны жұмысқа қолайлы емес пе еді? Қазаққа Абай, Шә­кәрім, Мұхтар секілді үш бірдей алыпты берген Се­мей қайткенмен де орта­лықтан шалғайлау жатыр ғой…  

– Осындай сауал бізге, ұйым­дастыру­шыларға Қауымдастықты құруға арнап Астанада өткізілген құрылтай жиында да қойылды. Бірақ жоғарыда айтқандай, қазіргі байланыс пен ақпарат құралдары  құрық салғызбай тұрған кезде жұмыс істеймін деген адамға жердің шал­ғайлығы жоқ. Құрыл­тайға  әріптестермен интернет арқылы ақылдаса отырып, жап-жақсы дайындықпен келгеніміз соның дәлелі. Мәселен, Қауым­дастық жарғысы екі тілде әзірленіп, тұлғалық музейлерге интернет арқылы келісуге алдын-ала жіберілді. Сосын, әріптестерден алынған ма­териалдар негізінде Тұлға­лық музейлер туралы ақ­парат беретін 82 беттік түрлі-түсті кітапша шыға­рып, оны құрылтай үстінде таратып бердік. Одан қалды, Тұл­ғалық музейлер ара­сында респуб­ликалық мәр­тебеге ие жалғыз біздің Абай шаңырағы екен. Құрылтайға қатысу­шы­лардың өздері мойында­ғандай, «тұлға­лардың тұлғасы –  ұлы Абай» музейі Қауымдастық қыз­метінің алғашқы кезеңінде оған ұйтқы бол­са, жарасып тұр емес пе?! Әрі біздің Мәде­ниет министр­лігіне өзгелерге қарағанда бір­табан жақын екеніміз де рас. Құрылтай алдындағы ұйымдастыру­шылық жұ­мыстың нәтижесінде әріп­тестермен ақылдаса отырып, ұсынған тоғыз әріптесіміз министрлік басшылығының қолдауы арқасында 18 ма­мыр – Халықаралық му­зей­лер күні Мәдениет және спорт министрінің Алғыс хаттарымен марапат­талды. Бұған қоса Құ­рылтайға қатысушы­лардың бар­лығына Министрлік тара­пынан арнайы серти­фикаттар тапсырылды. Олар дүние жүзіндегі ең үздік музейлердің бірі – Қазақ­станның Ұлттық музейімен танысты. Әрине, бұдан ертерек бас қосуға да болар еді, бірақ біз әріптес­терді қыс деген «кәрі құда­ның» қырына алғызбайық, 18 мамырда төл мереке күні кездесейік деп ұйғар­ғанбыз.

– Қауымдастық төраға­сы ретінде жұмыс­ты қай шаруадан бастағалы отыр­сыз?

–  Бұл сайланып қойы­латын лауа­зым, сондықтан кемінде екі жылда бір өтетін құрылтайда Қауымдастық жетекшісі де өзгеріп оты­ратын шығар. Ал өз  басым көрсетілген сенімді ақтай­тыным анық деп айтуыма өмірлік және қызметтік тәжірибем негіз болады. Қауым­дастық құрылып, Семейге оралы­сыммен, ең алдымен, оны Әділет органында тіркеуді жүзеге асырдым. Қазір «Абай му­зейінің хабаршысы» журна­лының кезекті нөмірін Тұлғалық музейлер тақы­рыбына арнағалы отырмыз. Қауымдастыққа мүше музейлердің жетекшілерінен мақалалар келіп түсе бастады. Ұлы Абайдың туған күні қарсаңында журнал оқырман қолына тиетін болады. Сонымен қатар, қазір әріптестермен кеңесе отырып, алдағы жылдың 18 ма­мырында, яғни Халық­аралық музей­лер күні Алматыда «Қазақ­стан Тұлғалық музейлер қауымдасты­ғының» көр­месін ұйым­дастыратын боламыз. Мақсат – Ұлы тұлғаларды лайықты ұлық­тай отырып, жас ұрпақтың бойында ұлттық мақтаныш пен отаншылдық сезімін одан әрі нығайтуға атсалысу болып табылады. Бұған Қазақстан Тұлғалық музей­лерінің мүмкіндігі толық жетеді.

– Әңгімеңізге рахмет, Қауым­дастық қадамы құт­ты болсын!    

 

Дүйсенбек ЖАҚСЫБАЕВ,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *