ҰЛТ ПЕН ДIН ТҰТАСТЫҒЫН САҚТАУ

қазақ елiнiң iргесiн бекiтiп, нығайта түседi

Адал жанды азғырған, тура жолдан тайдырған жалған дiндер күннен-күнге  дауыл күнгi өрттей өршiп келедi.  «Вайшнавтар», «Бахаи сенiмi, «Бiрлестiк шiркеуi», «Иегова куәгерлерi», «Соңғы өсиет шiркеуi», «Кришнаны тану қоғамы», «Саентология» шiркеуi, «Мормон­дар», «Сахаджа йога», «Жаңа аспан», «Жаңа өмiр шiркеуi»… тағы да басқа, құлақ естiп, көз көрмеген ағымдар қоғамға жан-жақты қауiп төндiрiп отыр. Қазақстан Республи­касының Президентi Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясының ХVII сессиясында сөйлеген  сөзiнде жастардың жарқын болашағы үшiн, түрлi дiни ағымдарға түсiп кетуден аулақ болуы үшiн жаппай жұмылып әрекет жасауды баса айтқан болатын. «Ойы озық, рухы берiк елдi ешкiм жеңе алмайды», – дедi Елбасы. Қазақстан Мұсыл­мандары дiни басқармасы  ұлтты жалған дiндердiң қармағынан, алдау-арбауынан аман сақтап қалудың амалын қарастыруда. Басқарманың баспасөз хатшысы Оңғар қажы ӨМIРБЕК осы төңiректе ой қозғайды.

Ел мен жер, ұлт пен дiн тұтастығын сақтау қашан да халықтың бiрлiгi мен ынтымағына байланысты. Мұны дана ата-бабаларымыз келер ұрпағына өсиет етiп, өмiр бойы армандап өткен. Өйткенi, бiрлiгi мен ынтымағы жоқ ел оның ащы зардабын тартады. Аса көрнектi ақын Жұбан Молдағалиевтiң тiлiмен айтқанда «Мың өлiп, мың тiрiлген қазақ» өз мұңы мен қайғы-қасiретiн «Елiм-ай» әнiне:

– Қаратаудың басынан көш келедi,

Көшкен сайын бiр тайлақ бос келедi.

Туған жерден айрылған қиын екен,

Екi көзден мөлтiлдеп жас келедi, – деп қоспап па едi?!

Бұл – әр қазақ ұмытпай ащы сабақ алуға тиiстi әйгiлi халық зары. Мұны тыңдаған қаны қою қай қазақтың да сай-сүйегi сырқырап, бiрлiгi мен ынтымағынан айрылса, көрерi осындай бейшара ахуал екенiн жүрегiмен сезiнер деп ойлаймын. Ұлтымыздың ұйысып, небiр тар жол, тайғақ кешуде асқақ рухын түсiрмей, бiр-бiрiне таяныш та, сүйенiш те болуына осынау ащы зардың өзек өртер кермек дәмi аз ықпал етпеген де шығар-ау?!

Аллаға шүкiр, қазаққа өз алдына тәуелсiз ел болуын нәсiп еттi. «Елiм-ай» тарихи әпсаналық мұң-зары тағылым ретiнде бүгiнгi күнi де маңызды. Халық ертегiсiндегi қойшы Аяз бидiң хан болғанда өзiнiң бұрынғы жыртық шапанын есiгiнiң аузына iлiп қойғанындай, бұл тарихи жыр да өткенiмiздi үнемi еске салып тұратын аса қымбатты жәдiгер десек, асыра айтпағанымыз. Аяз би  асып-тасып бара жатса сол шапанын көрiп: «Аяз би әлiңдi бiл, құмырсқа жолыңды бiл» деп өзiн-өзi сабасына түсiрiп отырады екен. Сол секiлдi Тәуелсiздiгiмiздiң қадiр-қасиетiн жете ұғынып, жүрегiмiзбен сезiне түсу үшiн де бүгiнгi ғылым-бiлiмнiң бiрегей жетiстiгi саналар пәрмендi насихат құралы телеарналарымыздан «Елiм-ай» бейнебаяны (түсiрiлiп) әр таңғы әнұраннан соң көрсетiлiп тұрса көпке ой салары хақ.

Бұл ойға не түрткi? Басқа ағайын қазақтың қиын-қыстау тарихын, көрген зобалаңы мен қайғы-қасiретiн бiлуге құлық таныта қоймас. Танытып жатса, қане?! Кейбiр қандаста­рымыздың iс-әрекетiнен осынау Тәуелсiздiкке қалай жеткенiмiз, оны нығайтып, баянды ете түсу үшiн ең алдымен ұлт бiрлiгi мен ынты­мағын, сол арқылы тiл, дiл, дiн – үш таған тұтастығын сақтаудың қаншалық маңызына жете мән бере бермейтiндей пендешiлiк сезiледi. Бұл қауiптi дерт. Мұнан айығу үшiн оның салдарымен күреспей, себебiн анықтап, алдын алу керек шығар.

Ел оқырмандарының салиқалы аға басылымы – «Егемен Қазақстан» газетiнде (3- қараша, 2010 ж.) көрнектi мемлекет қайрат­керi, сенатор Өмiрбек Байгелдiнiң «Қазағым, қайда барасың?» деген тақырыппен жария­ланған көлемдi мақаласын (кешiрек) оқып, танысқанымда ұлтымыздың бүгiнгi рухания­тындағы (өзiмдi жиi мазалайтын) бiрқатар өзектi мәселелермен тағы да қайта бетпе-бет кезiккендей күй кештiм. Мұны халқымыздың жай-күйiне қанық, елдi жиi аралайтын жанашыр қайраткердiң ұлт тағдырына шынайы алаңдаушылығы, тiптi жанайқайы деп түсiндiм.

Ұлтымыздың табиғи болмысы мен салт-дәстүрлерi, ата-бабаларымыздың iзгi сенiмi мен жөн-жоралғылары жайлы тереңнен ой қозғаған автор бүгiнгi арамызда кездесiп жатқан көңiлге қаяу, жүрекке жүк түсiрер түрлi оғаштықтар мен келеңсiздiктерге қын­жылысын iрiкпей ашық бiлдiрiптi. Соның iшiнде ел ағасының, әсiресе, жанына бататыны: «iшiмiзден бiрен-саран адамдардың басқа дiнге кiрген қылығы қанша намысымызға тисе де, қойшы, бұлар бiр шiрiген жұмыртқа болды ғой, өзiмен кетсiн деп қойып едiк… мынау денеге жайылып бара жатқан ауру … елдi iшiнен iрiтiп, бөлiп, жарып, бүлдiрiп бара жатқан жара… Қаршадай ғана балаларды қас-қағым уақытта санасын уландырып, адамгершiлiктен жұрдай етiп, өзгертiп үлгередi деген кiмнiң ойына келген. Осындайлардың iшiнен ата-анасынан, ағайын-туысқан, бауырларынан, бала-шағасынан, ұлтынан, отанынан безгендер табылып жатыр дейдi. Бiлiмнен бас тартып, қызметiнен шығып кеткендер бар», – дейдi.

Шынтуайтында, бұл «дейдi» емес, бүгiнгi өмiрдiң ащы да болса арқаға аяздай батар шындығы. Шөптiң басы жел тұрмаса қимыл­дамайды. Мұндай жағдайға қалай жеттiк? Ой жүгiртiп көрелiкшi. Бодандықтан бұрынғы ынтымақ пен бiрлiгi жарасқан, қаймағы бұзыл­маған қазақ қоғамы жайлы ата-аналарымыздың аузынан естiген әңгiмелердi, батырлар жыры мен ертегiлердi тамсана айтып, үлгi етiп келгенiмiз шындық. Бұл жайлы мақа­ладан да жылулық сезiледi. Әрине, ондағы қазақ қоғамы исламды берiк ұстанған-ды. Бүгiнгiдей соты, полицейi мен түрмесi, бiрiн-бiрi тексерiп, бақылап, қадағалайтын сансыз құрылымдары болмаса да әр ру мен тайпа ешбiр бассыздыққа жол бермей, ел бiрлiгi мен ынтымағы үшiн өз телi-тентектерiн ислам шариғатына сай ақыл-парасатпен ұстаған. Бүкiл дау-жанжал да Тәуке ханның «Жетi жарғысы» аясында әдiл шешiлген. Билерi қара қылды қақ жарғандықтан оның үкiмiне күдiк-күмән тумаған. Екi ғасырлық Ресей бодандығы кезiнде де қазақ шоқынбады, тек бертiнгi кеңестiк атеизм санасын улады. Ата-баба дiнiнен алыстаған ұрпақ ұлттық болмысынан (тiлi, дiлi, дiнiнен) айырылуға шақ қалды. Тәуелсiздiктi осылай қарсы алған қазақ елi әлемдiк алуан сенiм, секта, топтардың аш қасқырдай жалындаған миссионерлерiнiң зертханасына, дәлiрегi, сынақ полигонына айналды. Ата-бабасының дiнiнен хабарсыз аңқау халық тiс қаққан әккi азғырушылардың арбауына түстi. Бұған дiн туралы жалпақ шешей, дүмбiлез заңымыз да жол ашты. Мұның бәрi сенатор айтқан: «… балаларды қасқағым уақытта санасын улап, адамгершiлiктен жұрдай етiп, өзгертiп үлгередi деген кiмнiң ойына келген» деген жағдайға жеткiздi.

(Жалғасы бар).

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *