ҰЛТ ӨНЕРІНІҢ ҰЯСЫ

Халық композиторларының төл туын­дылары бүгін қай деңгейде? Дәстүрлі ән өзінің түп негізін сақтап отыр ма, жоқ әлде бұлақ бастауларынан алшақтау бар ма? Қазіргі орындаушылар әннің мазмұнын, драматургиясын қаншалықты ашып көр­сетіп жүр? Неге қазақ ән өнерінің насихаты аз, әлде қазіргі орындаушылар жеріне жеткізіп айта алмай жүр ме? Осындай сауалдар тізбегі кез-келген ұлттық ән салу үлгісін меңгерген дәстүрлі әнші мен тыңдаушының көкейінде жүруі тиіс.

Қазір жақсы орындаушылар жоқ емес бар, дені ән өнерінің насихатында. Алайда, ән атаулының мазмұнын ашып орындап жүргендер өте сирек. Оның басты себебі, қасаң академиялық ән салу үлгісінің концерттік форматқа, яғни бірыңғай сахна үлгісіне бейімделіп, соған дағдыланып, қалыптасуымен байланысты болып отыр. Өкінішке орай, бұл кеңестік кезеңде кірген қасаң үлгі еді. Бұдан біздің ұтқанымыздан гөрі ұтылғанымыз көбірек.

Негізі, қай ән де еркін орындалуы керек. Бұл әншінің ән орындау кезінде түрлі қиял мен сезімге берілуіне, арқасы қозып ән әлеміне енуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, өз жанынан әнге иірім қосып, оны құбылтуына септігін тигізеді. Осы жағдаяттар орындаушының өзіндік ән салу үлгісін қалыптастырары сөзсіз. Біз қазір әлгіндей ерекшеліктерді жоғалтып алу қаупінің аз-ақ алдында тұрмыз. Мұндай ерекше сипат қалыптастырудың жолын қалай тауып, қайта жаңғыртамыз деген ойдың жетегінде жүргенімде, зерттеуші­лердің ойындағы аңсарды «Алатау» дәстүрлі өнер театрының ұжымы жарқ еткізіп қайтарып әкеліп, сахнадан көрсете қойды. Міне, «Рухани жаңғырудың» жарқын көрінісі мен практикалық мәні бұдан артық бола қоймас.

Кешегі Халықаралық әйелдер мереке­сінің қарсаңында театр әртістері «Әлемнің жарығын сыйлаған» атты музыкалық кеш өткізді. Халық композиторларының әндері­нен құралған қойылым бұл жолы ерекше форматта болды.Біз концерт барысында орындаушылардың шынайы келбетін, ерекше қабілетін, мүмкіндіктерін байқадық. Жалпы, көпқырлылық дәстүрлі әншілерге таңсық нәрсе емес. XX ғасырдың басында Қазақстанға алғаш опера өнері келгенде Әміре Қашаубаев, Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Күләш Байсейітова сияқты әншілер осы өнердің негізін қалады.

Сол орындаушылардың сахнадағы әртістік және орындаушылық қабілеттері өзара тең болатын. Өйткені, бұл сонау сал-серілерден қалған үрдіс еді. Сал-серілердің өмірі жайында жазған А.Жұбанов: «Халық композиторларының орындаушы­лық шеберліктерімен қоса әртістік қабі­леттері де басым, кейбірі ән салғанда төрден босағаға дейін жылжып, бет-әлпеттерін түрліше қимылдатып, тыңдаушысын ұмы­тып, өзге бір әлемге еніп кетеді, тыңдау­шысы да сол орындаушыға еліктеп кетеді…»  деп жазған болатын. Мұны кейін фольклортанушы Берік Жүсіпов жеріне жеткізе дәлелдеп шықты.

Академик айтқан әлгі жәйттарды «Алатауда» өткен аталмыш концертке келген тыңдаушының кештен алған әсерінен де көрдік. Бұл енді ауыз толтырып айтуға болатын ғажап көрініс еді. Мұндай концертке бірінші рет келіп отырған кейбір тыңдаушылар дәстүрлі орындаушылардың қабілетінің осындай кең екенін көріп, ішкі таңданыстарын жасыра алмады. Былайғы жұрт тұрмақ, осы дәстүрлі өнердің қазанында қайнап жүрген өзіміз де риза кейпімізді жасыра алмадық. Несін айтасыз, әнші де, қойылым да, зал толы көрерменде бей-жай қала алмады. Осындай концерт­терді қаптаған телеарналар арасынан ең болмағанда бірінің келіп түсіріп алмауы, әбестеу көрінді, әрине.

Жалпы, ұжым басшылығына белгілі сахнагер, фольклортанушы ғалым Берік Жүсіпов ағамыз келгелі «Алатау» дәстүрлі өнер театрының бойына қан жүгірді, залына көрермен жиыла бастады. Соңғы бір жылдың ішінде бірнеше соқталы концерт­терден бөлек жыр алыбы Жамбыл Жабаев­тың болмысына арналған «Жыр-жолбарыс» спектаклі қойылды. Халықтың сұрауы бойынша қойылым ай сайын қайталанып жатыр және осы туындының арқауына Берік ағамыздың тың идеялары желі болып тартылып, көрерменге Жамбыл мүлдем басқа қырынан танылуының өзі неге тұрады десеңізші!

Міне, бүгін қазақ ән өнердің ескі түрі қайта жаңғыртылып, басқа қырынан жанданып отыр. Бұл білімді басшының жол көрсетіп, жөн сілтеуімен өнерпаздардың бірыңғай тың ізденіс жолына түскендігінің белгісі деп білеміз. Қалай да ұлттық музы­каны дәріптеп, насихаттау арқылы халыққа мүлдем басқа қырынан көрсетудің ұтқырлы жолы бұл. Сол үшін де «Алатау» дәстүрлі өнер театрының шығармашылық ұжымына толағай табыс, шығармашылық шабыт, өркенді өріс тілейміз.

Ұсыныс ретінде бір айтарым, осы музы­калық кешті театрдың тұрақты репертуа­рына енгізіп, бағдарлама құрып, алыс- жақын облыс орталықтарына концерттік турне жасаса, әнге шөліркеген елдің мейірі қанып қалар еді. Мұндай сапарлар кезінде халық «Алатау» дәстүрлі өнер театрының бағдарламасын көріп, жұмысымен таныса түссе өнер ордасының мәртебесі арта түседі ғой.

Көріп отырғанымыздай, қазіргі таңда театр дәстүрлі өнер насихатымен бел шешіп айналыса бастады. Жақында «Алатау қымызханасы» деген айдармен дәстүрлі өнерпаздарды табиғи жағдайда тыңдату жұмысы қолға алынып отыр екен. Міне, біздің телеарналар осындай жобаларды насихаттаса ұлтқа тиер пайдасы орасан болар еді-ау. Жасыратын несі бар, қазіргі журналист, продюсер, бағдарламаға жауап­ты адамдардың ұлттық музыка орындау­шыларымен байланысының жоқтығы және бұл өнер түрін түсінгісі келмейтіндіктері мәселені қиындатып отыр. Қит етсе болды, «форматқа сай емес» дейміз. Ал сол форматты жасайтын өзіміз екені естен шығып кете беретіні несі?!

 

Аманкелді КҮЗЕУБАЙ,

Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваториясы

Халық әні кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *