ҰЛТ АЙБАРЫ

49d777cdd477e76dea7b279017b034de_xl

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын­да шын мәнінде халқымызды жарқын бола­шаққа бастайтын жаңа құндылықтарды белгі­леп берді. «Біз қайта түлеудің айрықша маңыз­ды процесі — саяси реформа мен экономика­лық жаңғыруды қолға алдық» деп  толғанған Ұлт көшбасшысы мақсатымыз – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу екендігін, ол үшін санамыздың ісімізден озып жүруі, яғни, үнемі жаңғырып отыруы тиістігін, бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналатынын атап айтады. Иә, сана жаңғыр­май, адам дамымайды, қоғам алға баспайды.

Елбасымыз айтқандай, ХХ ғасырда әлем жаппай еліктеген батыстық жаңғыру үлгісі бүгінгі заманның болмысына сай келмейді. Өйткені, олар өздерінен басқа халықтардың ұлттық ерекшеліктеріне мән бермеді, «еуро­центристік» менмендіктен арыла алмай, өзде­ріне ғана тән мәдениет өлшемдерін әлем халқы­на жаппай таңғысы келді. Бұл саяси және идеологиялық қарама-қайшылықты, дүрдараз­дық­ты тудырды. Арты неге ұлас­қанын көріп отырмыз, батыстық, американдық «ереже­лерге» сай келмеген қоғамдық құры­лыстар «түрлі-түсті төңкерістер» нәтижесінде құрдым­ға кетті. Осындай бақытсыздықтарға ұшыраған мемлекеттер территориясында қанды қырғын­нан орны толмастай қасірет шеккен қара­пайым халық, қираған сан алуан ғимараттар, өндіріс ошақтары, түп-тамырымен жойылған түрлі деңгейдегі, білім, денсаулық, мәдениет орындары, бір мемлекет азаматтары­ның бітіс­пес дұшпанға айналуы, шешілмеген, шешілуі мүмкін де емес сансыз орасан зор өзекті мәсе­лелер қалды, үй-күйінен, жинаған қаржысынан, қызметінен айрылған миллион­даған кешегі бақуатты, беделді азаматтар бейшара босқын­дарға айналып, қаңғып кетті. Қаншама жан өмірінен айрылғанын, не мүгедек болып қалға­нын ойласаңыз, жаныңыз түршігеді. Мұның бәрі олардың сырттан таңылған «керемет идеологияға» дайын болмағандығынан деп ойлаймын.

Ең озық мемлекеттер қатарына қосылу үшін ғана емес, осындай «кездейсоқ саяси» апаттардан сақтану үшін де рухани жаңғыру өте маңызды, аса қажетті үдеріс екені даусыз. Н.Ә.Назарбаев әжептәуір жаңғырған қоғам­ның өзінің тамыры тарихтың тереңінен бастау алатын рухани коды болатынын, сол ұлттық кодымызды сақтай білмесек, оның арты жақсылықпен бітпейтінін ескертіп, осы бағыт­та бірнеше басты құндылықтарды белгілеп берді:бәсекелік қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстаннның революциялық емес, эволюциялық жолмен дамуы, сананың ашықтығы.

Меніңше, біз еліміздің ішкі-сыртқы қауіп-қатерлерден аман болып, бейбіт түрде жан-жақты дамуы үшін осы құндылықтардың әрқайсысының төңірегінде жанды, нәтижелі, белсенді шаралар ұйымдастыруымыз керек. Сүреңсіз, мәнсіз-мағынасыз емес, «жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді» дегендей, қызық­ты, ғылыми негізі, дәлелі бар, ауқымды, отан­дық құндылықтардың не екенін әр қазақ­стандықтың миына сіңіріп, жүрек төрінен орын алатындай дәрежеде белсенді идеологиялық жұмыстар жүруі қажет. Бұл бағытта жайбара­қаттық, селқостық, салғырттық танытуға болмайды, қандай да бір мемлекетте азаматта­рын ортақ құндылықтар төңірегінде біріктіре­тін мықты идеология болмаса, оның арты орасан зор қайғы-қасіретке ұшыратуы мүмкін. Әсіресе, біздің еліміздегі сияқты сан алуан ұлт, дін, конфессия өкілдері өмір сүретін елдерде берекелі, тату-тәтті тірлік, мызғымас ынты­мақ-бірлік үшін осындай шынайы, адамгер­шілік, гуманистік қағидаларды, отансүйгіштікті ту қылып көтеретін рухани жаңғыру бәрімізге қажет-ақ. Осыған орай Елбасымыз таяу жылдардағы міндеттерді белгілеп берді:Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру, мұның себеп-салдарын жан-жақты талқылаған Ұлт көшбасшысы 2017 жылдың аяғына дейін ғалым­дардың көмегімен, барша қоғам өкілде­рімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керектігіне,  2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісіп, алдағы 2 жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстарды жүргізу қажеттігіне баса көңіл бөлді. Меніңше, бұл түркі дүниесінің ажы­рамас бөлігі болып табылатын халқы­мызды өткенімен қауыштырардай қуанышты жаңа­лық әрі үлкен ыждаһаттылықты, мұқият дайын­дықты талап ететін өте күрделі де маңызды іс. Біздің әліпбиіміздің басқалардан өзіндік ерекшелігі бар, қырық екі әріптің ешқайсысын қолданыстан алып тастауға болмайды, әрқайсысының өзіндік орны, маңызды қызметі барын жоққа шығару мүмкін емес, сондықтан ғалымдар олардың жаңа тұрпаттағы «латындық» сипатын жасауы тиіс. Бір әріп өзгерсе, сөздің, кейде, тіпті, тұтас бір сөйлемнің мағынасы өзгеріп кетуі мүмкін. Сондықтан қазіргі сұлу ырғақты бай тілімізді қаз-қалпында сақтау үшін кириллицаға енген бүкіл әріптерімізді сақтау керек деп ойлаймын.

Ал,  қоғамдық және гуманитарлық ғылым­дар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын жүзеге асыру да дер кезінде қолға алынған ұлағат­ты шара болмақ.  Жоғары оқу орында­рындағы гуманитарлық кафедраларды қайта қалпына келтіру арқылы барлық саладағы оқыған, көзі ашық азаматтардың, Елбасымыз айтқандай, қазіргі заманды және болашақты терең түсіне алатын білімді адамдарға, шынайы зиялыларға айналуына қажетті алғышарттарды жүзеге асыратыны күмәнсіз. Осы бағытта әлем­дегі ең қажетті 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуына жол ашу да рухани кемелділікке бастар соны мүмкіндік тәрізді.  2018-2019 оқу жылдары студенттерді осы оқулықтармен оқыту көзде­луде, тым шұғыл шара, тек асығыстыққа жол бермесек болды…

Дегенмен, осы мақалада айтылғандай, Ұлттық аударма бюросын құрып, Үкіметтің тапсырысы бойынша үстіміздегі жылдың жазынан тиісті жұмыстарға кірісіп, әлемнің үздік жүз оқулығын қазақ тілінде шығарып,  студенттерге жаңа сапалық деңгейде білім беріп, білім саласындағы жаһандық бәсекеге неғұрлым бейімделген ашықтық, прагматизм мен бәсекелік қабілет сияқты сананы жаңғыр­тудың негізгі қағидаларын қоғамда орнықтыра­тын басты күшке айналатын жаңа сипаттағы сегіз қырлы, бір  сырлы мамандар даярлауды қолға алса,осы бір жедел, батыл шараны тиімді, сапалы, ұтымды түрде жүзеге асырса, көздеген мақсатқа қол жеткізуге болады.

Жас ұрпақтың бойына патриоттық сезімді дарыту мақсатында жүзеге асырылмақ «Туған жер» бағдарламасы айрықша маңызды, өте қажетті іс. Қазақы ән әлемінде туған жерге деген сүйіспеншілікті тебірене толғайтын тама­ша туындылар аз емес. Мысалы, Мұқағали Мақатаевтың «Сарыжайлауым» әнінде «Басқаның жерұйығын не қылайын, жерұйығы өзімнің қасымда екен» деп кішкентай ауылын жер ұйығына теңеп, басқалардың жерұйығын қажет етпейтінін, өз жерұйығының қасында екенін тамсана, салтанатты түрде мәлімдеуі шынайы патриотизмнің жарқын көрінісі. Миллиондаған қазақтың өз ауылын жұмақтай қастерлеп, бағалап, сүйе білуіне тәрбиелейтін осындай әндерді бесіктегі баладан еңкейген кәріге дейін жатқа білсе, өз ауылдастарына қол көтерер не басқа түскен қиыншылықтарға шыдамай, жерұйық іздеп шет елдерге қоныс аударар жандар қатары сирер ме еді… Бір өкініштісі, қазіргі таңда балабақшадағы сәбилерге дейін мәнсіз-мағынасыз, сөзі де, әуені де нашар «сүйдім-күйдім» сарынындағы арзанқол әндерге әуестеніп бара жатқандай…

«Қазақстанның қасиетті рухани құндылық­тары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына әр облыс қана емес, әр аудандағы әр ауыл тұрғындары да белсене атсалысқаны жөн. Бұл тыңғылықты, жүйелі, терең талдауды, үлкен азаматтық жауапкерші­лікті қажет етер өте өзекті әрі аса күрделі шара.

Осыған байланысты Елбасымыз ұсынған «Мәдени-географиялық белдеудің» рөлі мен оған енетін орындар туралы әрбір қазақстан­дық білуі үшін оқу-ағарту дайындығын жүргізу; БАҚ осыдан туындайтын ұлттық ақпараттық жобалармен жүйелі түрде, мықтап айналысуы керектігі; ішкі және сыртқы мәдени туризм халқымыздың осы қастерлі мұрала­рына сүйенуге тиістігі тәрізді нақты шаралар көздеген мақсатына сай жүзеге асуы үшін оған шынайы білімді, иманды, адал, ұлтжанды, салиқалы таза таланттарды, өмірін өз саласына арнаған мықты мамандарды тартқан жөн.

Сондай-ақ Ұлт көшбасшысы «100 жаңа есім» жобасы­ның өңірлік нұсқасын жасап, ел-жұрт ұлтымыздың алтын қорына енетін тұлғаларды білуге тиістігіне ерекше мән беруі де өте орын­ды талпыныс. Әйтсе де бұл асқан талғампаз­дықты, қара қылды қақ жарған әділдікті талап етер айрықша нәзік, өте кірпияз мәселе. Сондықтан мұндай құрметке лайық деген жандар нақты іс-әрекетіне қарай бағалануы тиіс: Елімізге сіңірген еңбегінің хақ, дәлелді көрсеткіштері, сапа мен нәтижесі, маңызы, тұлғаның адалдығы, ұлтжандылығы, мемлекет­тік атрибуттерге құрметі, еңбекқорлық, адамгер­шілік,т.б. үлгі боларлық қасиеттері, басқа да сыни белгілері жасалып, осы «қатаң сүзгіден» абыроймен өткен қандасымыз ғана жүз жаңа есімнің қатарынан орын алуы тиіс. Кезінде отандық элитаға енетін жандар туралы кітап шығып, олардың кейбіреуі өз елін өзі тонап, қазір шет елде қашып-пысып жүргені жасырын емес. Ендеше жоғарыдағы топқа енетін отандастарымызды шен-шекпеніне, ғылыми дәрежесіне, атағына қарап емес, басқалардан даралана білген шынайы ғибрат боларлық тұлғаға тән іс-амалдарына қарай бағалаған жөн деп ойлаймын.

 

Өмірәлі ЖАЛАИРИ,

заң ғылымдарының докторы, профессор,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Д.А.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының ректоры.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *