Ұлтқа қызмет етудің үлгісі

Ағайынды Қалжан, Әуелбек, Әлібек Қоңыратбаевтардың Жетісудағы қызметі хақында

Қазақ халқының арғы-бергі жердегі тарихында бүкіл отбасымен ұлтқа қызмет істеудің жарқын үлгілері аз емес. Бұл туралы «Natіonal Dіgіtal Hіstory» (https://e-hіstory.kz) порталы 2017 жылдың 5 сәуірінде: «В истории казахского народа много примеров, когда целые семьи служили своему народу: к примеру, братья Коныратбаевы из Сырдарьинского края, Сатбаевы из Баянаула, Дулатовы из Тургайского края и многие другие» деп жазды.

Өзінің «Шындық шырағы» атты кітабында ұлт зиялыларына жасалған қастандықтардың куәгері болған Гүлнар Міржақыпқызы Дулатова да қазақ еліне адал қызмет істеген абзал жандардың есімдерін атаған. Сол тізімнің сырдариялықтарға арналған тұсында Қалжан, Әуелбек, Әлібек Қоңыратбаевтардың есімдері көрсетілген.

 Ағайынды Қоңыратбаевтардың қазақ руханиятына, жалпы қоғамдық ойды дамытуға қосқан үлестері Қазан төңкерісіне дейінгі және кейінгі баспасөз беттерінде сайрап жатыр. Олардың қатарында қазақ даласының түрлі аймақтарында жарық көріп тұрған «Қазақ» (Орынбор), «Айқап» (Троицк), «Қазақстан» (Орал), «Бірлік туы» (Ташкент), «Ақ жол» (Ташкент), «Жас алаш» (Ташкент), «Сыр бойы» (Қызылорда), «Социалистическая Алма-Ата», «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас», «Әдебиет майданы», «Әдебиет және искусство», «Социалды Қазақстан», т.б. басылымдарды атауға болады. Олардың іс-әрекеттері жалпы қазақ елінің, соның ішінде Жетісу өлкесінің даму кезеңдерімен де тығыз байланысып жатыр.

Қалжан

Қазан төң­кері­сіне дейін қазақ даласындағы мер­зімді басылымдар бетінде мақала, очерк, өлеңдері жа­рияланып тұрған Қалжан Қоңы­рат­баевтың есімі қазақ-орыс халықтарының арасындағы саяси оқиғаларда көрінеді. «Қазақ» газетінің 1916 жылғы (№203, 210, 211) сандарынан «Бюроға екінші кісі қою туралы» атты материалды оқуға болады. Қалжан Қоңыратбаев бас болып қол қойған бұл хабарда Петербордағы мұсылман фракциясы жанындағы бюроға кісі сайлау мәселесі сөз болған. Оған алғаш ұсынылған Мұстафа өтпей қалып, Әлихан Бөкейханов болса Түркістан қазақтарының жайын жете білмейтінін айтып бас тартқан. Осы кезде Қалжан бастаған топ: «Біз Түркістан крайы­нан, қалды Сырдария облысынан Мұстафа Шоқаевтың бюрода қызмет етуін ұнатамыз. Себебі, Шоқай… Түркістан жайын жақсы білетініне көзіміз жетеді. Біз Мұстафаның қаражатын тауып беруді де мойнымызға аламыз» деп саяси белсенділік танытқан.

 

Ауылдағы мұғалім шақырған ағартушы жыры

ХХ ғасырдың бас кезінде Қалжан ағартушылық қызметімен танылады. Мысалы, «Қазақ» газетінің бетінде жариялаған «Мұ­ғалім керек» (1915, №121) деген хабарлан­дырудан: «Ташкент темір жолы үстінде Шиелі стансасында тұратын Қалжан Қоңыратбаев мұғалім іздейді. Егер мүмкін болса, өздеріне таныс та құрбысының баруын өте ұнатады. Оның жөні болмаса медресе «Ғалияда» оқыған басқа бір тәуір мұғалім болса да жарайды. Жалақысына айына 25 сом. Бапкер табылса, май айының басына шейін келіп жетсе екен. Қалжанның адресі: ст.Чийли, Т.ж.д., Халжану Конратбаеву» деген жолдарды оқимыз.

А.Байтұрсынов басқарған газет бетіндегі «Бізге де мұғалім керек» (1915, №124), «Қазақ мұғалім керек» (1915, №130) деген кезекті құлақтандырулар арқылы Қалжан Қоңы­ратбаев «Құсние», «Ғалия» медреселерінің түлектерін шақыртып, ауыл балаларының сауатын ашқанын көруге болады. Осы мақ­сатқа орай Манан Тұрғанбаевқа «Пайғамбар заманы» атты оқулық жаздыртып, оны өз қаржысына шығарып, «Қазақ» газеті арқылы таратқан.

Кітаптың алғы сөзінде Қалжан Қоңырат­баев: «Біз – қазақ санымыз да, ата-бабамыз да басқа елден кемдігіміз болмаса да, ұлт ісіне, ұлт намысына келгенде өте кемдік қылып, қатты ұйықтап кеткенбіз. Осы ХХ ғасырда бүтін дүние халқы оянып, ұлттардың ісіне келгенде малдары түгіл жандарын аямай жатқанда, біз қазақ «ұлт» деген сөздің не екенін де білмей жүргеніміз – надандығымыз емес пе? Дұрыс, бізде де ұлт деушілер 6-7 жылдан бері шыға бастады. Бірақ олар саны аз ғана оқымыстылар болып тұр. Басқаларымыз селт етпей жата беруге жалығар емеспіз. Ұлт жалғыз ғана оқыған­дардікі ме? Бәрімізге ортақ емес пе? Соны ойлайтын уақыт жетсе керек қой».

«Қазақ» газетінің 1915 жылғы кезекті санында осы кітапқа пікір жазған М.Дулатов: «Қалжандар көбейсе, біреу қанат, біреу құйрық сонда болады. Іс істеу қиын, отбасында отырып сынау оңай. Қалжан айтқандай, ұлт жалғыз ғана оқымыстылардікі ме? Бәрімізге бірдей емес пе?»  деп жазыпты.

Оның ағартушылық істері туралы алаш қайраткерлерінің бірі Хайретдин Болғанбаев былай деп еске алады: «В мае месяце… приехал в Оренбург, откуда выехал на ст.Чийли и остановился у казаха Коныратбаева Халжана в качестве домашнего учителя, обучая его братьев и детей его аула. Там я жил до осени» (Х.Болғанбай. Иман күші. «Арыс», 2009, 133-б.).

1905 жылдары Ташкент темір жолы салынған кезде Шиелі стансасында ағайынды екі адамның пошта жәшігі болған. Олар – Қалжан Қоңыратбаев пен Жорабек Есенов. Соңғысы белгілі ғалым Шаһмардан Есеновтің әкесі.

 

Ташкент үшін болған талас

Қалжан Қоңыратбаев – Сырдария алашордасының белді мүшесі. 1917 жылы 5 қаңтарда Түркістан шаһарында өткен алаш съезіне арнайы шақырылып, сөз сөйлеген. Онда қазақ елінің ауыр халін айтып, Ресейден бөліну идеясын жақтаған.

Қазақ даласына төңкерістің лебі келіп, қоғамдық-саяси өмірде зор өзгерістер болып жатқанда ағайынды Қоңыратбаевтар Түр­кістан республикасының төңірегінде көрінеді. Ол кезде Қазақстанның екі губерниясы – Сырдария мен Жетісу Түркістан АССР-нің құрамында болған. Осы жылдары Қалжан Қоңыратбаев Ташкентте құрылған «Кирко­миссия» жұмысына Ә.Диваевпен қатар араласып, Жетісу өлкесіне фольклор экспе­дициясын басқарып келген. Сол сапарында түйе-түйе қолжазбалар өткізіп, Түркістан республикасы тарапынан сыйлық ретінде бір вагон бөз алған деседі. Кейін сол экспедиция материалдары Халел Досмұхамедовтің қолында қалып, артынан Өзбекстан кітапханаларының қолжазба қорына өтіп кеткен.

1924 жылы Ташкенде өткен Бүкілтүр­кістандық XІІ съезге Қалжан Қоңыратбаев Сырдария губерниясының атынан делегат болып сайланып, Түркістан АССР-інің құра­мына енген қазақ, өзбек, қырғыз, түркімен халықтарының енші алысу оқиғасының куәгері болған. Өзбекстан Орталық мемлекеттік архивінен келген анықтамадағы «в просмотренних документах архивного фонда «Центральный исполнительный комитет Советов Туркреспублики» за 1923-1924 г.г. имеются следующие данные:

  1. Журнал регистрации делегатов XІІ Всетуркестанского съезда Советов, где значится: «8-е заседание съезда 05.01.24 г….66. Конратбаев (без инициалов), номер мандата – 250, область – СД (так в документе)…» (Архивная справка, 23.05.89 г. №12-13/63) деген жолдар оның Орталық Азия көле­міндегі ірі қоғам қайраткері болғандығын айғақтай түседі.

Енші алысу барысында Ташкент қаласына талас туып, комиссия мүшелері шаһарда қай халықтың өкілдері көп болса, соған берелік деген ұйғарымға келеді. Ф.Ходжаевтар Бұхара, Хорезм, Қоқан жағының өзбектерін бір түнде түйе, ат, есекке мінгізіп айдап, таң қылаң бере Ташкентке жеткізеді екен. Сөйтіп, қала өзбектердің еншісінде қалған.

Бұл кезде Сұлтанбек Қожанов бастаған қазақ қайрат­керлері тұтас Қазақстан жасау идеясына беріліп, 1925 жылы сәуірде совет­тердің 5-съезін өткізіп, біріккен қазақ елінің орталығы ретінде Қызылорданы бекітеді. Қалжекең бұл саяси оқиғалардың да бел ор­тасында жүрген. «Қазақ» деген атауды қал­пына келтіріп, ел астанасы Қызылорда атанған съезде Қалжан Қоңыратбаев Қаз­ЦИК мүшесі болып сайланған: «… сообщаем, что в просмотренних документах архивного фонда Казахского Центрального Исполни­тельного комитета в списке членов КазЦИКа от 19 апреля 1925 года проходит Конратбаев Кальджан (так в документе). Основание: ф.5, оп.19, д. 54, л.230 об. Директор архива М.Ж.Хасанаев».

 

Амурлагке айдалып кеткен

Қазақ елінің тағдыр-талайына Орынбор, Ташкент, Қызылорда кезеңдерінде қатар араласқан Қалжан Қоңыратбаев 30-жылдары Алматыда тұрып, қаламгерлік жұмыспен шұғылданған. «Казиздат» баспасынан «Қой туралы», «Түйе тұқымын асылдандыру туралы» деген кітапшалары жарық көрген. Олар Ұлттық кітапхана қорында әлі күнге сақтаулы. Алматыдағы Абай – Абылай хан даңғылының қиылысындағы кітапхананың сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар бөлімінде «Қазақ» газетінің 1914 жылғы сандары бар. Қоңыр түсті қатты мұқабамен түптелген газеттің сыртында «Газета «Казах» за 1914 год Халжана Конратбаева» деп ойып жазылған типографиялық таңба бар. Газет түптемесінің кітапхана қорына қалай түскені белгісіз. Қалжекең алдырып тұрған «Иль» (Москва), «Тәржіман» сияқты газеттердің Кітап палатасында сақтаулы тұрғанын 1979 жылдың 22 сәуірінде «Социалистік Қазақстан» газетінде КПСС ардагері, зейнеткер Е.Нығметов те жазған еді.

1937 жылғы нақақтан кісі өлтіру науқаны ағайынды Қоңыратбаевтарды айналып өтпеген. Көптеген алаш қайраткерлерінің қатарында «халық жауы» деген жалаға көрнекті қоғам қайраткері, ТүркЦИК, КазЦИК мүшесі, халық соты, қаламгер Қалжан Қоңыратбаев та ілігіп, Хабаровск өлкесіндегі Амурлагке айдалып кеткен. Кейінгі анықтамалар бойынша Советская Гавань портының маңындағы №22 концлагерде 1940 жылы мерт болған.

Әуелбек

Қазақтың көр­некті ғалымы Әуел­бек Қоңырат­баевтың қазақ руханиятына сіңір­ген еңбегі де жоқ емес. Еліміздегі академиялық ғы­лымды қалыптас­тырушылардың ал­ғашқы легінде көрі­нетін Әуелбек Қоңы­ратбаевтың әдебиеттану ғы­лымына сіңірген еңбегі баршаға жақ­сы мәлім. Бүгінде оның есімі мен еңбектері Ресей, Түркия, Венгрия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Түркіменстан, т.б. елдердің мамандарына жақсы танымал болып отыр. Сонау кеңес заманында оның шығарма­шылығы туралы «Советская тюркология» (1990, №5) журна­лының арнайы материал беруі соның бір дәлелі.

Балалық кезден ауылда білім алып, жастық шағын Ташкентте өткізген Ә.Қоңы­ратбаев Қазақ ағарту институтында (Казин­прос) оқыған жылдары «Жас қайрат», «Жас алаш», «Ақжол», «Шолпан» газет-журнал­дарында корректор, шығарушы болып жұмыс жасап, шығыс жастарының көшбас­шысы Ғани Мұратбаевтың, ұстаздары Ж.Ай­мауытов, Х.Досмұхамедовтердің тәрбиесін көреді. 1925 жылы Ташкент Казинпросын аяқтаған бойда еліміздің жаңа астанасы Қызылордаға келіп, партия-кеңес орган­дарында, «Сыр бойы», «Еңбекші қазақ» газеттерінде тілші болады.

 

Алматыға алғашқы сапар

Кезінде Арал аудандық «Балықшылар» газетін ұйымдастырып, жауапты редакторы болған Ә.Қоңыратбаев 1930 жылдың басынан Казкрайкомның шешімімен аймақтық «Колхоз» газетінің жауапты редакторы қызметіне тағайындалып, Алматыға қоныс аударған. Бұрынғы Октябрь көшесі, 8-үйде, көкбазарға жақын маңда тұрған. 1932 жылы газет бюджетке өтпей, жабылған кезде Ә.Қоңыратбаев Казкрайком аппаратына ауысып, қазақ баспасөзі секторын басқарған. Өз естеліктерінде ғалым бас-аяғы екі жылдың ішінде көптеген қазақ басылымдарының ашылуына мұрындық болғанын айтып, қамаудан босап, Алматыға оралған М.Әуе­зовті Жанайдар Садуақасовқа алып кіріп, қызметке орналасуына ықпал еткенін жазады.

 

Партия қатарынан шығарылды

1934 жылы Ә.Қоңыратбаев Казкрайком басшылығының ұсынысымен «Правда» атындағы Бүкілодақтық Коммунистік журналистика институтына (ВКИЖ) оқуға жіберілген. Л.Мирзоян қол қойған «О выпол­нении разверстки Московского ВКИЖа на январьский набор 1934 года» деген құжатта мына төрт талапкердің аты-жөндері көр­сетілген: Ә.Қоңыратбаев, К.Абдукадыров, Тоқтамысов, Жантаев.

Ә.Қоңыратбаев өмірінің шырғалаңы осы Москва кезеңінен басталған. 1934 жылы Ленинград обкомының бірінші хатшысы С.М.Кировқа қастандық жасалған бойда партия қатарына «чистка» жасалып, буржуа­зиялық пиғылдағы оппортунистерді анықтау науқаны басталып кеткен. Сол науқанда Ә.Қоңыратбаев Москва қаласы, Сокольник аудандық партия комитетінің шешімімен ВКП (б) қатарынан шығарылған. Оның мән-жайы 1989 жылы «Мосгорархив» мекемесінен келген архивтік құжатта анық көрсетілген: «Исключен из рядов партии за то, что, зная о контрреволюционных разговорах Шойынбекова, он не довел до сведения партор­ганизации только потому, что Шойынбеков является по национальности казахом и что во ВКИЖе учится казахская молодежь в очень небольшом количестве.

  1. Подтвердить решение парторганизации Конратбаева из рядов партии исключить за то, что в течение очень длительного времени скрывал целый ряд контрреволюционных выступлений Шойынбекова» (основание: ф.85, оп.1,д.879, л.27-28).

«Оппортунист» ретінде айыпталып, партия қатарынан шығып қалған Ә.Қоңы­ратбаев 1935 жылы Алматыға оралып, «Социалды Қазақстан» газетінің әдебиет және өнер бөлімін басқарады. Оның бетінде әдебиет, өнер тақырыптарына арналған бірқатар танымдық және сыни мақалалары жарық көріп тұрады. Байқасақ, бірер жылға созылған журналистік еңбегі де баянды болмаған екен. Москвада болып жатқан саяси дүрбелең Қазақстанға да жетіп, саяси қуғын-сүргін оқиғалары күш алған кезде Қоңы­ратбаевтар әулеті «халық жауы» ретінде түгел тұтқындалған.

Сталиннің 1937 жылғы 3 наурыздағы баяндамасында елімізде коммунистік партия басшыларына қастандық жасайтын терро­ристік топтарды әшкерелеу ісінің кенже қалып отырғаны айтылған болатын. Соның ізінше жер-жерлерде «халық жауларын» әшкерелеу, тұтқындау жұмыстары басталып кеткен.

Алматы қаласындағы репрессия 1937 жылдың көктемінде басталған деседі. Алғаш қамауға алынған бес қаламгердің қатарында Ә.Қоңыратбаевтың тетелес інісі Әлібек те болған. Оған «неміс-жапон шпионы» деген жалған айып тағылып, артынша Қалжан мен Әуелбек Қоңыратбаевтар да қамауға алынған. Москвада оқып жүргенінде М.Дулатовтың қызына қосылмақшы болып жатқан інісіне «заман өте қиын, үйленуді қоя тұр, тұқы­мымызбен құрып кетеміз» деген мазмұнда хат жазады екен. Сол хат сақталып, Ә.Қоңы­рат­баевты босатқан сияқты. Бірақ ұзақ жылдар бойы үндеместердің бақылауында болған.

Жетісуда «жансыздар» ізіне түскен

«Социалды Қазақстан» газетіндегі жұмы­сынан босаған Ә.Қоңыратбаевты құпия мекемелер 1937 жылдың тамыз айына дейін Алматы қаласындағы Мирзоян атындағы №18 мектептің 5-7-сынып оқушыларына тіл және әдебиет пәнінен сабақ беретін мұғалім етіп орналастырған. Бірақ «халық жаулары­ның» тұқымдарына Алматыда тұруға рұқсат болмағандықтан, тамыз айынан бастап Алматы облысына қоныс аудартқан. Оның өзінде бір жерде тұрақтатпай, үнемі ауыстырып отырғанын көреміз:

  1. 1937 жылы Қоғалы аудандық Білім басқармасының №253 бұйрығымен Шанха­най орталау мектебінде тіл-әдебиет пәнінің мұғалімі. Еңбек демалысына жіберген бұй­рықтың соңындағы «после окончания срока отпуска Конратбаев обязан вернуться к месту своей работы» деген жолдарда терең сыр жатқан тәрізді.
  2. 1938 жылдың 13 қыркүйегінде Алматы облыстық Білім басқармасы бойынша «Конратбаева Ауельбека назначить препо­давателем языка и литературы Джаркентских 2-х годичных педагогических курсов (Зав. ОблОНО Петухов») деген бұйрық шығады.
  3. 1939 жылдың 16 тамызынан бастап Жаркент аудандық оқу бөлімінің қарауына өтіп, Молотов атындағы орта мектепте мұғалім болған.

Өз естеліктерінде Ә.Қоңыратбаев Жаркент­те жүрген жылдары «жансыздардың» ізіне ерекше түскенін жазады. Қазақ КСР Оқу-ағарту комиссариатына хат жазып, өзін Түрген немесе Жамбыл педагогикалық училищелеріне ауыстыруды сұраған. Бірақ 1939 жылдың 29 тамызында Қазақ КСР Оқу комиссариатының кадр бөлімінен «Удовлет­ворить вашу просьбу о переводе в Тургенское или в Джамбульское педучилище возражаем. Вы назначены преподавателем в Джаркенскую СШ имени Молотова. На основании чего предлагаем вам немедленно выехать к месту назначения. За нач.отд. кадров НКП КазССР Бошаев» деген мазмұндағы жауап хат алған.

1939 жылдың күзінен бастап Ә.Қоңы­ратбаев Түркістан педучилищесінде қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс беретін оқытушы. 1940 жылы РККА қатарына алынып, артынан Қарақалпақ жағына өтіп, бой жасырған. Онда оқу министрі А.Наканов өзімен Ташкент Казинпросында оқыған азамат екен, соны паналаған.

Жалпы, Ә.Қоңыратбаевтың Жетісудағы қызметі 1930–1939 жылдар арасын құрайды. Қазақ өлкелік партия комитетінде баспасөз секторын басқарып, журналистік, ұстаздық қызмет атқарған. Москвада «оппортунист» ретінде партия қатарынан шығарылса, 1937 жылы Алматыдан аластатылып, басына ерік берілмеген. Ә.Қоңыратбаевтың тағдыры жергілікті оқу бөлімдерінің қолында болғанға ұқсайды. Олардың бәріне жоғарыдан нұсқау беріп отырған мекеме – Оқу-ағарту комис­сариаты. Ә.Қоңыратбаевтың Жетісу­дағы жұмысының алғашқы кезеңі осылай аяқталады.

1944 жылы КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалы ашылғанда М.Әуезов Нөкісте жүрген Ә.Қоңыратбаевты аспирантураға оқуға шақырыпты. Алматыға келген болашақ ғалым көне түрік және ортаазиялық әдебиет мамандығы бойынша оқуға ілігеді. Соғыс кезінің заңы бойынша аспиранттар әскери борышын өтеуден босатылған. Осы жылдары әйгілі ғалым В.М.Жирмунский Ташкентте тұрып, Алматыға да жиі келеді екен. Сол В.Жирмунскийдің жетекшілігімен 1946 жылы «Қазақтың лиро-эпосы» тақырыбында канди­даттық диссертация қорғаған. Ресми оппо­ненттері – М.Әуезов пен Ә.Марғұлан. Аспи­рантурада оқып жүрген жылдары Абай атындағы Алматы мемлекеттік педагогикалық институты мен С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде фольклор, шығыс әдебиеті және оқыту әдістемесінен дәріс берген.

Қазақстандағы академиялық ғылымның іргетасын қаласқан Ә.Қоңыратбаев осы жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институтында жұмыс істеген. М.Әуезов – фольклор, Ә.Қоңыратбаев – қолжазбалар бөлімін басқарып, шығыс әдебиеті мен қазақ фольклорына байланысты көптеген зерттеулерін жариялаған.

Академия қабырғасында жүргенде Ә.Қоңыратбаев дүркін-дүркін ғылыми-диалектологиялық экспедицияларды бас­қарып, ел мұрасын жинауға ерекше аралас­қан. Ғалымның архивінде Оңтүстік Қазақ­стан, Қызылорда облысы (1944), Қарағанды облысы (1945), Ақмола облысы (1946), Ақтөбе облысы (Темір, Мортық, Хобда, Ойыл, Жұрын аудардары), Батыс Қазақстан облысы (Шыңғырлы, Жанбейті, Қаратөбе, Таппақ аудандары) Ташкент (1944), Өзбекстан мен Түркіменстан аймақтарына (1946) ғылыми экспедицияларды басқарып барғандығы туралы анықтамалар өте көп. Оларға Министрлер Кеңесі төрағасының орынба­сарлары И.Шарипов пен Т.Тәжібаев, Ғылым академиясының президенті Қ.Сәтбаевтардың қол қойып отыруына қарағанда, Ә.Қоңы­ратбаев мемлекеттік маңызы бар тапсырыс­тарды орындап отырған.

Ғылымның дамуын тежеген қаулы

1947 жылы академияның қолжазбалар бөлімін басқарып жүргенде Қазақстандағы партия ұйымының «Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институ­тының жұмысындағы саяси-өрескел қате­ліктер туралы» қаулысы бұрқ ете қалады. Онда Тіл-әдебиет институтының маман­дары – Ә.Қоңыратбаев, Б.Кенжебаев, Ә.Мә­метова, Т.Нұртазиндер дәл осы ретпен ата­лып, саяси сынға ұшыраған. Біреулері «қа­телік» жіберген, екіншілері «ескілікке» жол берген, ал үшіншісі (Ә.Қоңыратбаев) кеңес үкіметіне саяси жағынан «жат» адам болып шыға келген. Партия қаулысын талқылау бары­сында 1948 жылы құпия шешім қабыл­данып, аталған ғалымдарды акаде­миядағы қызметін тастап, 72 сағат ішінде Алматыдан өз еріктерімен кетуге мәж­бүрлеген. Осы­лайша жалған қаулы негізінде Ә.Қоңыратбаев Алматыдан екінші рет қуылған.

Қызылорда педагогикалық институтына С.Кеңесбаевпен бірге жер ауып барып, 1948–1951 жылдары Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасын басқарған Ә.Қоңыратбаевқа Алматыға қайтып оралуды тағдыр жазбаған. 1950 жылдың 26 желтоқсанында «Правда» газетінде жарық көрген «За марксистко-ленинское освещение вопросов истории Казахстана» деген атышулы мақаладан соң республикалық партия ұйымдары тағы да қолшоқпарларын оңды-солды сілтеп, енді Кенесары Қасымовтың көтерілісін дәріптеген ғалымдарды қудалау науқанын бастаған. С.Кеңесбаевтар Алматыға оралып жатқанда 1948 жылы жарық көрген «Қазақ әдебиеті» (фольклор) атты академиялық басылымның «Наурызбай – Қаншайым» поэмасына ар­налған тарауын жазған Ә.Қоңыратбаев пед­институттағы жұмысынан «саяси-методо­логиялық қателіктері» үшін қуылып кеткен.

Кейін, әрине, жағдай түзелген. Бірақ ғалым академиядағы қызметіне қайта орала алмаған. Солай да болса ел қатарлы еңбек етіп, ғылым докторы болып, артында 10 томдық шығармалар жинағын қалдырған.

Әлібек

Қоңыратбаевтар әулетінің ең кенжесі Әлібектің тағдыры тіпті қиын. 1918 жылы Ташкенттегі балалар үйінде оқы­ған Әлібек ар­тынан Казинпросқа түсіп, аштық жыл­дары оқуын тастап, елге оралады. Қызыл­орда – астана бол­ған жылдары ағасы Қалжекең оны М.Дула­товтың қолына беріп оқытады.

1928 жылы Алматыда тұңғыш ашылған Қазақ университетіне оқуға түскен Әлібек республикамыздың әдеби-мәдени өміріне қоян-қолтық араласып кетеді. Оқып жүрген кезден бастап «Ауыл мұғалімі», «Жаңа мектеп», «Әдебиет майданы», «Жаңа әдебиет», «Қазақ әдебиеті», «Социалды Қазақстан» басылымдарының беттерінде ұлттық әдебиет пен мәдениет мәселелеріне арналған ондаған мақалалары жарық көреді. Молдағали Жолдыбаев, Мұқтар Әуезовтермен бірге «XІX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиеті» (1933) және «XІX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиетінің хрестоматиясы» (1934), М.Қаратаевпен бірге «Әдебиет хрес­томатиясы» (1934), Абат Әлібаевпен бірігіп «Хрестоматия» (1936) сияқты оқулықтар мен оқу құралдарын жарыққа шығарған. Ә.Тәжібаев өзінің естеліктерінде Әлібектің 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне бай­ланысты романы болғанын жазады.

1932 жылы бұрынғы Қазақ пролетарлық жазушылар ассоциациясы (ҚазАПП) тарқа­тылып, М.Горький арқауын тартқан бірыңғай кеңес платформасындағы Жазу­шылар одағы құрылғанда Ілияс Жансүгіров – төраға, Әлібек Қоңыратбаев – жауапты хатшы болып сайланған.

Бұл жылдары көркем әдебиетке С.Сей­фуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, Ә.Тәжі­баев, М.Қаратаев, Ж.Саин, Қ.Әбдіқадыров, Т.Жароков, А.Әлібаев, Р.Уәлиахметов сияқты көптеген жастардың келгені белгілі. Қалам­герлердің осы шоғырынан орын алып, 1934 жылы жарық көрген «Қазақстан жазу­шылары» атты алғашқы анықтамаға енген жас жазушылардың бірі – Әлібек Қоңыратбаев. Өмірінің қысқа болатынын сезгендей қаламгер көп еңбектеніп, өндіре жазған. 1932 жылғы жазушылар съезін ұйымдастырып, кейін «Казиздатта» редактор қызметін атқарған.

30-жылдары көптеген жас қаламгерлердің Алматыда үйлері болмаған. Жазушылар одағының хатшысы болған Әлібек Қоңыратбаев алғашқылардың легінде пәтерлі болыпты. Октябрь көшесіндегі екі қабатты үйдің астында Әлібек, үстінде Өлкелік партия комитетінде жауапты қызмет атқарған Әуелбек Қоңыратбаев тұрған. Осы жылдары Әлібек Алматы медициналық институтының студенті Гүлнар Дулатованы үйінде жасырын жатқызып оқытқан. «Халық жауының» отбасы ретінде оларға Алматыда тұруға рұхсат болмағандықтан анасы Ғайнижамал Шелекте тұрыпты.

 

«Халық жауының» күйеу баласы

1935 жылы Гүлнар шешесі мен інісін алып, Соловкиде жатқан әкесі М.Дулатовқа барып қайтады. Сол жолы ол қызының Әлібекке тұрмысқа шығуына батасын береді екен. Келген бойда екеуі қосылған. Көк­базардың маңындағы ұйғыр махалласында өткен тойға Ахмет Байтұрсынов, Қалжан Қоңыратбаев, көптеген жазушылар қатысқан. Жан досы Әбділда Тәжібаев беташар айтқан.

1936 жылдан бастап баспасөз беттерінде саяси сынның күрт өршігені байқалады. Газет беттерінен «контрабанда», «террорист», «тыңшы», «шпион», «төбеттер», «рысқұлов­шыл», «ходжановшыл» деген сияқты термин­дердің қолданысқа енгенін көреміз. Бұл бағыттың аяғы тұп-тура репрессияға алып келген.

Гүлнар жеңгеміздің жазуы бойынша осы жылдары М.Дулатовтың жалғыз ұлы қайтыс болғанда оны жерлеуге Ахмет Байтұрсынов пен Әлібек Қоңыратбаев қана барған екен. Өзге қаламгерлер жеке бастарының қамын ойлап,  жасырынып қалған.

 

Ату – ардың ісі, атылу – нардың ісі

1937 жылдың 17 наурызында жазушы Әлібек Қоңыратбаев Казиздаттағы жұмыс орнында тұтқындалған. Онымен қатар Казиздатты басқарған Абат Әлібаев, Рақым Уәлиахметовтер қамалған. Р.Уәлиахметов үйінде ұсталғанда жанында Әбділда Тәжібаев болған екен, бірақ оны босатып жіберген.

Бүгінгі күн тұрғысынан келгенде Әлібекке тағылған айыптың өзі күлкілі. НКВД баскесерлері «неміс-жапон шпионы», «Мирзоянды өлтіруді жоспарлаған террорис­тік топтың мүшесі», «Қазақстанды Ресейден бөліп әкету мақсатын көздеген» деген сияқты сандырақтарды тізе берген. Сол негізде ең жоғарғы жаза кесіліп, 1937 жылдың 1 желтоқ­санындағы шешімімен келесі күні НКВД камерасында сотсыз атылған. Сүйегі ГРЭС-тің арғы жағындағы Жаңалық елді-мекенінде жатыр.

Міне, қазақ руханиятына бір кісідей еңбек еткен ағайынды Қоңыратбаевтардың тағдыр-талайы, Жетісу өлкесіндегі қоғамдық және ағартушылық істері осылайша тарқатыла береді. Алматыда тұрып, артында қалдырған мұралары бүгінгі оқырмандарға жақсы мәлім. Үшеуі де ұлт айнасы – «Қазақ совет энциклопедиясы» (1975, 6-том), «Қазақ КСР. Қысқаша энциклопедия» (1988, 3-том), «Қазақстан. Ұлттық энциклопедия» (2004, 6-том), жалпы руханият әлеміндегі барлық анықтамалық басылымдарға есімдері енген көрнекті қоғам, ғылым және әдебиет қайраткерлері.

Арғы жерде Ресейдегі саяси оқиғаларға араласқан алашорда мүшесі, бергі жерде ТүркЦИК, ҚазЦИК мүшесі, уездік, болыс­тық съездердің дүркін-дүркін депутаты, халық соты болған Қалжан Қоңыратбаевтың ұлт тарихына сіңірген еңбегі, фольклорлық-этнографиялық, қаламгерлік, ағартушылық еңбектері өз замандастарының қай-қайсы­сынан да кем емес. Олар жинақталып, 2008 жылы баспа жүзіне шықты.

Қазақтың академиялық бағыттағы әдебиеттану ғылымының арқауын тартқан ғалымдар шоғырынан көрінетін, республика­мыздағы шығыстану, түркітану ғылымдары­ның негізін қалаған, 2005 жылы республика көлемінде 100 жылдығы аталып өткен профессор Әуелбек Қоңыратбаевтың 10 том болып жарыққа шыққан ғылыми мұралары, әдеби-көркем шығармалары оқыған-тоқығаны бар зиялы қауымды айтпағанда бүгінгі жастарға да жақсы мәлім. Оның шығармашылығына байланысты диссерта­циялық еңбектер де жазылды. «Қорқыт ата кітабы» мен «Тотынама» әдеби жәдігерлерін тұңғыш рет қазақ тіліне тәржімалаған тарихи еңбегі тағы бар. Ғылым, поэзия, проза, аударма салаларында қатар қалам тартқан Әуелбек Қоңыратбаевтың қазақ руханиятына қосқан үлесі ұмытылмақ емес.

КСРО Жазушылар одағының мүшесі, сонау 30-жылдары құрылған жазушылар ұйымының хатшысы болып, жаңа әдеби үдеріске барынша үлес қосқан жазушы, аудармашы Әлібек Қоңыратбаевтың XІX–XX ғасырлардағы әдебиет тарихына арналған зерттеулері мен оқулықтарының өз кезеңі үшін маңызы болғаны анық. Олар әлі де ғылыми мәнін жойған емес. Кезінде репрессия құрбаны болса да, бүгінде Әлібек Қоңыратбаев саяси жағынан толық ақталған. Оның қазақ әдебиетіне, жазушылар ұйымына сіңірген еңбегіне тиісті бағасы да беріліп келеді. Ә.Тәжібаев, М.Қаратаев, Қ.Жұмалиев, Х.Өзденбаев сияқты замандастары Әлібек туралы естеліктер жазып кетті. 2008 жылы «Фолиант» баспасынан Әлібек Қоңырат­баевтың «Шығармалары» жарық көріп, әдеби мұрасы қайтадан ғылыми оралымға түсіп келеді.

1916 жылы «Қазақ» газетінің екі санында (№170-171) жарық көрген «Тұрғанбай датқа һәм оның жоғалған баласы» атты хикаятында Қалжан Қоңыратбаев: «Бүгінде бізден басқа ғылымды ұлттарда жақсы адамын еске алу әдеті бар. Бірақ олардікі біздікіндей іштарлық емес, жұртқа пайдалы, мәңгіге аты қалғандай бір жұмыс. Мысалы, сол адамның атына мек­теп салады, стипендия ашады, бір шаһардың көшесін соның атымен атайды… Бірақ мұндай істер біздің халқымыздың қолынан келмейді. Мәдениет дүниесінде біз әлі бала қатарын­дамыз» (№171) деп жазған екен.

Иә, одан бері де бір ғасырдан астам уақыт өтіпті. Кеңес заманында қоғам күрт дамып, мәдениетіміз қарқындап өсті. Қоғамдық ой жетіліп, бірнеше буын өзгерді. Олар қазақ қоғамының аяғынан тік тұрып, әлемдік өрке­ниетке ілесуіне өз үлестерін қосты. Бірақ солардың қоғамдық, ағартушылық, қалам­герлік істерін бағалауға келгенде өз дәуірінің ойшылы Қалжан Қоңыратбаев пікірінің әлі де өз күшін жоймағанын көреміз. Бұған таңданбасқа не шара…

 

  Тынысбек ҚОҢЫРАТБАЙ,

филология ғылымының  докторы, профессор.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *