Құлпытастар туралы не білеміз?

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

 

«Тірілер мен өлілер» арасындағы диалог

 

ХХ ғасырдың «адасқан ақылының» алыбы Виктор Шкловский: «Молада өлгендер ғана жатады деп кім айтты?» деп ашуланыпты. Иә, молада өмір мен тағдыр жатыр. Бұл жерде дүние салған адамның кім болғаны, не істегені маңызды емес. Мола – өмірдің ұясы, адамның жер бетіндегі амал-әрекетіне қойылған соңғы нүкте.

Белгілі ақын Жарасқан Әбдірашевтің «Құлпытас» өлеңінде оған толық анықтама берілген. Ақын:

«Үнсіз-түнсіз тас қой! – деме,

«Құлпытас!»..

Үлкен-кіші құлпытастар астында:

Тірлік жатыр!

Тағдыр жатыр!

Тарих жатыр біртұтас!», – дейді.

Қазақ тарихының, мәдениетінің бүгінгі күнге дейін сабақтасып келуіне қара тастарға басылған жазулардың көп ықпалы болғаны анық. Құлпытастағы жазулардан сол кезеңдегі халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын да оқуға болады.

Құлпытастардың сырын білуге көптен бері қызығушылық танытып келдім. Көптеген шет елдерде болдым. Сәтін салса, барған жерімде зират аралауға көңіл қоямын. Алайда, бүгінгі тақырыптың аясы, тіпті, басқа.

Жалпы, зират басына барушылар не ойлайды? Әрине, олардың басым көпшілігі,  біріншіден,  ол жерде жерленген адамды аяушылық сезіммен еске алады. Біреулер жақынын ерекше сағынышпен құрмет тұтса, енді біреулер дұға бағыштайды, ал тағы біреулері сол маңдағы өзге қабірлерді аралап кетеді. Мұның өзі «тірілер мен өлілер» арасындағы диалог іспетті.

Зират аралау – өмір тіршілігінің базарлы бақытына көз құмарын қандыру емес, ол жан-жүрегіңе жақын  адамдармен іштей  тілдесіп,  рухани ой-әлеміңді сілкіндіріп, тұңғиыққа сүңгуге  апаратын  бір жұмбақ әлем.

Алматы қаласының Райымбек батыр даңғылы бойындағы қалалық ескі зиратта  ұлтымыздың  марқасқа  арыстары – Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Ілияс Омаров, Күләш Байсейітова, Шәкен Айманов мәңгілік дамыл тапқан. 1970 жылдан бұл зиратқа ешкім қойылмайды. 100 жылдық тарихы бар қорымның қасбеті тәртіпке келтірілгенмен, ішкі, төр жағы сын көтер­мейді. Қазақтың дара тұлғалары жерленген жерді олардың туған-туыстары ғана емес, өзге елдерден келген адамдардың да іздейтіні ақиқат. Осыдан бірнеше жыл бұрын Чехиядан келген бір топ журналистер дәл осы зиратқа келіп, қазақ зиялыларының жатқан жерін аралап, көңілдері қалыпты. Бұл жерде  мәселе  ретсіздік,  ішкі  мәдениет­сіздікке  тіреліп тұрғаны  байқалады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қабір басына бару ахиретті еске алу екенін айтыпты. Бүгінгі күні адамдардың жер бетіне тұрғызған қабір­леріне қарап, бір-бірінен асып түсуге, құлпытасқа ойып тұрып суреттерін орна­ластыруға әдеттеніп бара жатқанын байқай­мыз.   Бүгінде  көкпен тірескен көк күмбезді мавзолей тәрізді қабірлерді жер-жерлерден көп кездестіреміз. Бұл, әрине, әзірге біздің жерімізде ғана орын алып тұр. Оларға қарап тұрып, дүниеден өткен  жандардың  соңында қалған мұрагерлерінің өз байлықтарын көрсеткісі келетіндей   әсер  береді.

 

 

Бұл –  тарих, рух, мәдениет

 

Жер бетінде қанша ұлт болса, солардың бірде-біреуі біздің халқымыздай жер бетіне  дүниеден  озғандарына  арнап,  алып ескерт­кіш кесене салмайды екен. Былтыр Шешен­станға бардық. Осы елден ғана қазақ даласында тұрғызылған қабірлердің кейбір элементтерін көрдік. Қайтсін, халқының 60-70 пайызы Қазақстанда туып-өссе, көрген­дері ғой дестік. Ал Дағыстанда болғаны­мызда, ноғайлардың арасына өз  аманаты бойынша  жерленген авар ақыны Расул  Гамзатовтың қабірінің басына барып, тағзым еттік. Қарапайым, гүлденген шарбағы да жоқ, белгі ретінде биіктігі бір метрге жуық құлпы­тасты көріп, таңқалыстық. Бары сол. Ал  Қалмақстандағы  ағайындардың зираттары адам бойының  иығымен  өлшенеді екен. Бір өкініштісі сол, Қалмақстандағы бүгінгі буын  жастары  құлпытасқа  түсер белгіні  орысша жазуды  дәстүрге айналдырып бара  жатқа­нын  көріп таңқалыстық.

Жалпы, құлпытас орнату – бүкіл дүние жүзі халықтарына тән мәдениет. Бірақ оның орындалуы әр түрлі.   Ана бір жылдары Түркияның Анкара, Стамбұл, Едірне, Бурса қалаларына жолымыз түсті. Империяның астанасы болған бұл қалалардағы қабірха­налардағы құлпытастар арнайы нөмірленіп, мемлекеттік күтімге алыныпты.

Құлпытас – тарих, ол – жол бастаушы компос. Олай дейтініміз, құлпытастар арқылы бір-бірінен көз жазып қалған ағайындар ондағы жазылған жазбалар арқылы бірін-бірі тауып жатады.

Бұрын құлпытастарға кем дегенде үш атаның аты жазылатын  дәстүр болған. Құлпытасқа әкесінің аты мен оның иесінің аты және оны қоюшы баласының аты жазылатын болған. Осы дәстүр бертін келе бұзылған. Мұндай дәстүр шекаралық аудандарда бұлжымас заңдылық болған. Ресей империясының әріден ойлаған саясаты,   тіпті, құлпытастарды орнатуға тыйым салған.  Себебі,  уақыт  өте келе  түрлі  сылтаулармен   шекараны  ұлғайтудың  сәті  туғанда  дәлел  болмауы  тиіс. Әсіресе, ол шекаралық аудандарда қиындыққа әкеліп соқтырған. Осы мақсатта Қазақстанның Батыс өлкесінде қалмақтар мен орыстар  бұрынғы  қазақ  қорымдарының құлпытас­тарын сындырып, оларды тұрмыстық қажеттіліктеріне жаратып отырған. Бұл соңғы кездері Палестина жерлерін шетінен кертіп, өздеріне сіңіріп отырған еврейлердің қитұрқы саясатына жақындайды. Себебі, еврейлер  арабтарға бұл аймақ  сендердің ата-бабаларыңның тарихи жері болса, оларды дәлелдейтін қандай белгілерің бар, қабірлеріңнің ізі қайда? – деп сұрау салғанын есімізге  түсіреді. Қабірдің тарих болатын­дығы да сондықтан.

Құлпытас – қазақтың ұлттық рухы, тілі, тарихы, жазба мәдениеті, сәулет өнері. Ол – жердің иесінің кім екендігін дәлелдейтін құжаты. Ешбір ұлтта кездеспейтін қолөнер туындысы, айбыны мен айбары.  Енді  осы  мәселе  әлем  елдерінде  қалай  шешілген, соған  бір сыдырғы  шолу  жасап көрейік. Жалпы,  қабір  басына ескерткіш  орнатудың да мән-мағынасы бар.  Әйтсе де, ұлылық – көпке, даналық – жалғызға бұйырған. Бірақ  оны әркім әрқалай түсінеді. Бақытыңды өзгемен бөлісе жүріп, бақытқа жетуің мүмкін, ал өзгенің бақытына қол сұға жүріп бақыт таба алмасың анық.

 

 

Екіжүзді ескерткіш

 

Бақыт  демекші, кезінде КСРО-ны бас­қарған Хрущев басын тауға да, тасқа да соққан қиын тағдырлы, жанкешті адам болды. Ол – талай қанды соғыста атысты, шабысты, түбі жеңіліс тапты. Ол – өзгенің бақытына қол сұғып, өз әріптестерінің қар­сылығына ұшырады.  Сөйтіп,  өмірін  драма­тизммен  аяқтады.

Өткен ғасырдың 80-жылдарының соңында, Бас хатшы Горбачевтің жариялы­лығы тұсында «Огонек» журналында Хрущевтің ұлы Сергей Хрущевтің естелігі жарияланды. Кіші Хрущев әкесінің үй қамауында жүріп қайтыс болғанын айта келіп, оның басына қойылатын ескерткіш-құлпытасқа тапсырыс алған белгілі мүсінші  Неизвестный Н.Хрущевтің бюст-бейнесін тура қақ жарып, ақ және қара түсті мәрмәр тастан қашағанын, сол екі жүзді ескерткіштің сол қалпында қабір басына қойылғанын жазыпты.  Одан  не  ұғуға  болады?!

Бұл – бейіттің өткен мен бүгінгіні   жал­ғастырып отыратын тарихи орын екенін айғақтайды.

Жалпы,  қабір басына ескерткіш белгі орнату – классизм дәуірінен бері келе жат­қан дәстүр. Қойылған  ескерткіштердің эволю­циялық дамуында бас сүйектен бастап, жылан бейнесіндегі символдық белгілер бар. Бір ғана Мәскеудің айналасында үлкенді-кішілі 35 қорым бар екен. Алды 200-300 жыл бұрын орын тепкен бұл қорымдар соңғы кездері шағын ескерткіштер қалашығына айналған.

Консервативтік бағыттағы ескерткіш­тердің атқарар міндеті сан алуан. Түсінік-пайымында зират басының көркемделуі онда жерленген тұлғаның өмірі мен олардың туған-туысқандарының әлеуметтік тұрмыс ахуалы мен сол адамның тіршіліктегі көңіл-күйін білдіреді.

Біздің түсінігімізде зират туралы әдебиет тіпті жоқ десе де болады. Солтүстік  көрші­лерімізде қорымдар туралы әдебиет осыдан 100 жыл бұрын қолға алынған. Мәскеу мен Петербургте  дүниеден қайтқан­дар есепке алынып, олардың басына шағын ескерт­кіштер орнатылады  екен. 1907-1908 жылдары Мәскеу зираттары туралы үш томдық кітап басып шығарылған. Шығарылған анықта­малықтар олардың генеологиялық шығу тармағы мен эпитафияны құмартушыларға таптырмас құрал болып  отыр.

Біз Мәскеуде болған сапарымызда Кунцево  және Троекуровский қорымын аралағанымыз бар. Қазір бұл қорымдарға адам жерленбейді. Самаладай жарқыраған бұл қорымдар ескіден қалған ежелгі қалашықтай. Мәрмәр тастан қашалып жасалған небір ескерткіштерді осы жерден көресің. Символдық мәндегі ескерткіш­терден типология, стиль және иконография құндылықтарын көресің. Ваганьков некро­полясы да осындай, бірақ  онда барудың сәті түспеді. Дәл осы қорымда Ғани Мұратбаев жерленген. Оның басына қазақстандықтар ескерткіш белгі  қойған.

Енді құлпытастағы жазуға келейік. Оның мақсаты, мәні – біреу. Бұл жерде қатып қал­ған заңдылық жоқ, оны қалауың бойынша  түрлі  етіп орындауға да болады. Эпита­фия – (құлпытасқа жазу) дифирамбо тәсілінде (өлеңдетіп, асыра мақтау) өзің рахатқа бөленетіндей сарында жазушылар бұрын көп болған. Бұған ислам дәстүрін ұстанғандар көп бара бермейді. Сол  құнды­лықты ұстанатын біз де құлпытасқа туған және дүниеден қайтқан жылдарын ғана көрсетумен шектеліп келдік. Алайда, ішінара дифирамб тәсілін қолданатындарымыз да бар.

Қорым басына ескерткіш қою бізде де бар. Кеңсай зиратына барсаңыз, кішігірім қалашыққа барғандай боласың. Әсіресе, құлпытасқа жазылған эпитафияның мұнда небір атасы бар.

Қорымға тірі ағза ретінде қарайтын орыс халқы эпитафияға ерекше басымдық береді. Кезінде ақын Державин А.Суворовтың құлпытасына: «Бұл жерде Суворов жатыр» деген сөзді ұсынса, Н.Гнедич: «Сен монумент іздеп жүрсің бе?.. Суворов осында жатыр», – деген сөзді ұсынған. Жалпы, ақын-жазу­шылар эпитафия мәселесінде бастарын тауға да, тасқа да ұратын көрінеді. Әйтсе де, Н.Ка­рам­зиннің өзінің құлпытасына: «Қымбатты күн, қайырлы күнге дейін, тыныштық тілей­мін!», – деген сөзінен кейін оның тұстас­тарының бәрі  әңкі-тәңкі   болған. Жазушы Н.Языков өзінің құлпыта­сына өлең жазуға және мәрмәрдан ескерткіш қоюға қарсылық білдірген. Ал ақын А.Мерзляков өз құлпытасына: «Бақытсыз! Ол сені сүйіп өтті!» деген жазу жазып қалдырыпты.

 

 

«Менің басыма ешқандай белгі қоймаңыздар»

 

Әр адамды өз ойы кісендейді. Пушкин жастау кезінің өзінде өлгеннен кейінгі құлпытасына мадақ сөз жазудан бас тартпаған. 1815 жылы жазған «Менің аманатым» деген хатында: «Бұл жерде ұлы данышпан, рахат өмірдің нәрін татқан жас Аполлан дамыл тапқан» деген сөзді жазуды жаны қалапты. Ал Гоголь монументалды ескерткіштерге үнемі қарсылығын білдіріп келген. Атақты жазушы қабір басына соғылған ескерткіш белгілерді пұтқа табынушылардың ойлап тапқаны, ол христиан мәдениетіне қарама-қарсы деп түсінген. Осы ұғыммен жазушы 1845 жылы   аманат хат жазып, онда: «Менің басыма ешқандай белгі қоймаңыздар, ол христианин азаматына лайықты емес,  сондықтан  ешбір құндылығы жоқ нәрсені ойдан ойлап таппаңыздар», – деп аманат қалдырыпты.

Кез-келген сөзде үлкен мән бар. Әсіресе, оған билік тұтқасында болғандар аса жауапкершілікпен қарайды. Рим билігіне өте жайлы болған императордың бірі Әулие Тит (Флавий Веспасион): «О, жалған-ай! Бүгін бір кісіге  ілтипат  көрсете алмадым. Сөйтіп, бір күнім босқа өтті», – деп қынжылыпты. Им­ператор өлгеннен кейін оның осы сөзі оған қойылған ескерткішке  ойылып  жазылыпты. Ал Үндістан көсемі Махатма Ганди содыр­лардың қолынан зұлымдықпен өліп бара жатып: «О, Рама! О, Рама!», – деп өз иманын өзі үйіріпті. Кейін осы жерде оған ескерткіш қойылғанда тақтаға сол сөз ойылып жазылыпты.

Вандализм, ұрлық-қарлық зираттарда да орын алып  отыр. Ол туралы  кезінде А.Чехов өзінің «На кладбище» деген шағын әңгіме­сінде мысқылдап жазған болатын. Зират басындағы арақ ішу, парықсыз айқай-шу, тәртіпсіздіктер туралы   ең  алғаш барон Врангель  жазыпты.

Новодевичье зиратын ақын Н.Некрасов көп аралайды екен. Кейін дүние салғасын ақынның өзі де осы зиратқа қойылған.

Жалпы, орыс қоғамында крест – мещан­дардың, офицерлер мен дворяндардың, ал плита – шенеуніктер мен мұғалімдердің прерогативасы болған.

Зираттарды қорғау туралы алғашқы заң 1909 жылы шыққан. Сол тұста бұрынғы КСРО-ның алып аймағында қалалық қорымдарда жерленген 24 белгілі тұлғаның мүрдесін ерекше күтіп-баптау туралы Ағарту комиссариатының қаулысы да шыққан. 1913 жылы шыққан  сол  Ереже бойынша зират­тарды велосипедпен аралауға, итпен аралауға, өлең айтуға, түрлі құмар ойындар ойнауға тыйым салынған.

Сталин билігі тұсында 1931 жылдан зираттарда ішкі істер қызметкерлері бақылау жүргізетін болған. Бүгінде Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларындағы барлық зираттар­дың идентификациялық коды бар. Зиратхана аумағына кірушілердің кірген, шыққан уақыты компьютерде тіркеледі. Барлығы бейнебақылауға алынған. Зираттарда тұрақты тіркеуге алынған «тұрғындардың» география­сы, жанындағы көршісі туралы анықтама да қоса дайындалады екен.

Өлім – кесе, күллі адамзат одан ішеді, ал қабір – есік, күллі адам одан кіреді. Бәрі де Алланың үкіміне мұқтаж. Е, Алла, оларды жарылқай гөр, оларды махаббат-шарапатыңа бөлей гөр, күнәларын кешіріп, қателерін кешіре гөр, қабірін жұмақтың бақшасынан қыла гөр!

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close