ӘЛМЕРЕК ӘЛЕМІ

Танымал қаламгер, ҚР мәдениет қайраткері Ораз Қауғабайдың қонаевтанушы екені белгілі. Әз Тәуке хан тұсында белгілі билерінің бірі болған, ақылман абыз атанып өмірден өткен Әлмерек жайында алғаш қалам тартқан оның әлмеректанушы екенін де халық жақсы біледі. Қаламгердің Әлмеректі атеистік заманда қалай зерттегені, жазғаны және дерек жинағаны жөніндегі зерттеуші-журналистпен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Сіз ұзақ жылдан бері Әлмерек абыз жайында жазып келесіз. Соның нәтижесінде тарихи тұлға елге танылды. Әз Тәуке хан тұсында белгілі билердің бірі болған Әлмерек тақырыбына қалай келдіңіз? Бұған не себеп болды?

– Менің әкем Дөңгенбай сұңғыла шешен әрі естігенін ұмытпайтын бір ғажап адам еді. Бала кезімде әңгіме айтқанда біздің әулеттің тектік шежіресін (жеті ата) Әлмеректен бастайтын. Әлмеректің рулы елге айналған бес баласы: Құрман, Жәні­бек, Баба, Тоқан, Қаракісі жөнінде және Еділ-Жайық хикаясы туралы баяндайтын. Сөйтіп, мен мектепке бармай тұрып, әке әңгімесін жадыма құйып, жаттап өстім. Кейін ержеткенде Маралбай, Сүйгенбай, Нөкербан, Шәкен және Шайым молда сияқты шежіреге жетік, ескіше оқыған қа­рия­лардан Әлмеректің батырлық, жаугер­лік және шешендік қасиеті жөнінде көп естідім.

Әкем Абай өлеңдері мен «Қыз Жібек» жырын жаттатқызып, соңында «Әлмеректің бес баласы» жөнінде шежірені айтып, бәрін құлағыма құятын.

– Әке әңгімесі арқылы Әлмерек жөнінде бала кезіңізден біліп-өскеніңізді білдік. Енді тікелей ізденуге, жазуға не себеп болды?

– 80-жылдары мен «Қазақстан мұғалі­мі» газетінде қызмет еттім. Мақала, очерк, кейде әңгіме жазамын. Бірде жауапты хатшы маған «Өзіңе жақсы лақап (псевдо­ним) ат таңда. Өйткені, бұл саған керек» деді. Мен көп ойланбастан «О.Әлмерек» деген лақап есімді таңдадым. Сөйтіп, Әлмерек есімі менің лақап атым бойынша баспасөзде тұңғыш рет жаңғырып, бидің қасиетті аты шығармашылық ізденісіме әсерін тигізді. Әлмеректі пір тұтатын елдегі ұстаздар, ауылдағы молда кісілер маған тілектес болып, әрқашан «сені Әлмеректің әруағы қолдасын» деп Құдайдан тілейтін.

– Әулие абыз жайында жазуды алғаш неден бастадыңыз? Тосын оқиға немесе қызықты деректі қалай таптыңыз?

– Құдай Тағала өзі ойламаған жерден жазуға итермеледі. Ауылда өте адал, атеис­тік заманда бес уақыт намазын қаза қыл­май­тын Маралбай атты қария болды. Шо­пандар тойында Мәкеңнің немересі Бақыт­нұр атаның айтуы бойынша бәйге кезінде «Әлмерек, Әлмерек, Әлмерек» деп ұрандап шауып, соңында аты бірінші болып мәреге келеді. Әлмеректің әруақ-қасиетіне байла­нысты бәйге кезіндегі осы тылсым оқиға есімнен кетпеді. Кейін мұны жаздым. Бірақ дін, әруақ жайында айтылмайтын заманда эссе-әңгіме еш жерде жарияланбады. Бұл жаңылмасам, 80-жылдарының басы еді. Кейін ел ішінде айтылатын аңыз-әңгіме бойынша Әлмеректің көрген түстері жөнінде әңгіме жаздым. Араға біраз жылдар салып, ол 1993 жылы 4 тамыз күні «Жетісу» газетіне жарияланды. Әрине, дін қайта оралғаннан кейін.

– Діннің қайта оралғаны сіздің Әлмерек әулие жайында тереңірек зерттеп, жазуы­ңыз­ға жол ашқан екен. Енді Әлмерек жөнін­де дерек-оқиғаларды қалай үйлестіріп, келіс­тіріп кітап жазғаныңыздың сырын айта кетсеңіз.

– 1980 жылдан 1993 жылға дейін мен тек дерек жинап, кейде жазып, ізденумен болдым. Ұрпақ шежіресі мен ауызша айтылған әңгіме, қызықты оқиғалар бәрі жадымда жақсы сақталғандықтан, кейін тез қағазға түсірдім. Сөйтіп, абыз жайын­дағы тұңғыш кітабым «Әлмеректің бес баласы және Еділ-Жайық» 2001 жылы «ҚазАқпарат» баспасынан жарыққа шықты. Кітапқа демеушілік жасаған сол кездегі «Айсел-Қазақстан» акционерлік қоғамының президенті, белгілі бизнесмен Серік Сұлтанғалиев еді. Ол алғаш машин­каға басылған қолжазбаны көріп, қатты қуанып: «Баспадан кітап қаражаты жөнін­де тез калькуляция әкел», – деп айтқаны әлі есімде тұр. Әлмеректің тікелей ұрпағы, бұрынғы Нарынқол, қазіргі Райымбек ауданында кезінде бірінші хатшы болған марқұм Рауан Әріпов Секеңе келіп, мені таныстырған болатын. Бұл Құдай қолдап, әруақтың өзі оңдаған игілікті іс болды.

– Кітабыңызда сіз әз Тәуке хан тұсында өмір сүрген Әлмеректің ел мен жерін жаудан қорғаған ерлігі жөнінде және оның жолын қуған әйгілі ұрпақтары туралы тұңғыш рет айтасыз. Ол кісіге Алла Тағала дарытқан тылсым қасиет туралы толғайсыз. «Әлмерек батыр болған бағы өктем» деген Көдек ақынның жыр-шумағын келтіресіз. Енді осы тарихи тұлғаның бойындағы батырлық пен ерекше қасиет жөнінде айта кетсеңіз артық болмас.

– Әрине, кітаптағы жаугерлік оқиғалар мен о баста батыр болған Әлмеректің жекпе-жек жорықтары жөнінде бәрін баяндау мүмкін емес. Жекпе-жекте қалмақ қолбасшысы Шонжыны өлтіріп, Үйсінтау, Іле, Қарқара, Қарадала өңірлерін жоңғар­лардан азат еткені ұрпақ есінде ерекше қалған. Әлмерекке Құдай дарытқан батыр­лық қасиеттің бірі мынандай: батыр жекпе-жекке шыққанда сол қолы оң қолына теңеледі екен. Яғни бір қолына найза, бір қолына күрзі ұстап айқасқанда жауды әп-сәтте жайрататыны аңыз болған. Әлмерек өте ірі, алып адам болған. Алыптығына байланысты оның аталарының бірін Таубұзар деп атаған.

– Әлмеректің алып адам, бойы екі метр, жауырыны қақпақтай, түр-келбеті ақсары болғаны жөнінде жаздыңыз. Осыған байланысты қандай дерекке, шынайы оқиғаға жүгіндіңіз? Әулие сүйегін қалай көргеніңіз есіңізде болар?

– Әлмерек ұлы аталары Таубұзарға тарт­қан алып адам болғаны шежіреші сұңғыла қариялардың әңгімелерінде ерекше айтылады. Бір тосын, шын оқиғаға байла­нысты бұған көзім әбден жеткен. Яғни мұны әруақтың өзі дәлелдеді. Өйткені, бізге жұмбақ «әруақ әлемін» қазір әлемдегі әйгілі ғалымдар зерттеп жатыр. Оқиға 1999 жылы жазда болды. Әлмеректің жаңа кесе­несін салу үшін бұрынғы қорған-бейітті айнала шұңқыр қазу жұмыстары жүріп жатты. Мұның алдында әруаққа арнап құдайы тамақ беріліп, Құран оқылған болатын. Бірде сәске түс кезінде мүрде жатқан жерге, неге екенін білмеймін, мені бір тылсым күш айдап келді. Мені көрген шырақшылар шұңқыр қазу кезінде ойла­маған жерден қабір ашылып, онда бір зор, алып адамның сарғайған сүйегі жатқанын айтты. Мен молда-шырақшыға дұға оқы­тып, үңірейіп жатқан қабірдің ішіне үңіл­дім. Сізге өтірік, маған шын, екі метрден асатын адам сүйегі сап-сары болып, қабірде көлденең түсіп жатыр. Құдайдың құдіреті болар, сол сүйек шіріп, бүлінбеген. Ішімнен білетін дұғамды оқып, мұнда көп тұрмай шырақшыларға келіп, сүйекті көргенімді айттым. Менен бұрын олар да көріп, таңқалған екен. Қабір және оның ішіндегі адам сүйегі Әлмеректікі екеніне шырақшы­лар күмән келтірмеді. Тағы бір адам айтса сенгі­сіз тосын оқиға дәл осы күні болды. Менің алдымда мұнда кездейсоқ келген, атақты «Алтын адамның» қабірін зерттеген белгілі археолог Бекен Нұрмұхамбетов ақсақал Әлмеректің жер бесігіне, яғни қабіріне кіріп, сүйекті көріп, өзіне қажетті бас сүйектің бір жерінен «белгі» алады. Қабірге кірердің алдында археолог дәрет алып, дұға оқып, Тәңір-Жаратқаннан рұқ­сат сұрайды. Кетер кезінде «бұл Әлмеректің сүйегі екенінде дау жоқ. Алып адам болғаны дәлелдеуді қажет етпейді» деп, мұны шырақшыларға қадап айтады. Кейін белгілі болғандай, белгілі археологты мұнда арнайы жіберген атақты ғалым Карл Байпа­қовтың өзі екен. Әлмеректің әйгілі ұрпақ­тарының бірі Әлмерек жатқан қорымды зерттеп, қазба жұмыстарын жүргізуді ойласа керек.

Кірпіштен өрілген жербесікте жатқан әулие сүйегін Алла Тағала маған ойлама­ған жерден осылай көрсеткен еді. Әлмерек дүние салғанда кейін әулие басында қырық күн шырақ жағылып, қырық күн дұға оқы­лып, ерекше бір діни ғұрыптың жасалғаны жөнінде көп естігенмін. Оның сүйегінің бұзылмай, бүлінбей қабірде жатқаны Құдай Тағаланың құдіретінен болар.

– Алматы облысы, Покровка кентінің күншығысында Әлмеректің көк кесенесі тұр. Қазір зиярат ету үшін Қазақстанның түкпір-түкпірінен мұнда адам көп келеді. Келушілер дұға оқиды және шипалы бұлақ­тардан су ішеді. Әулие басына бала кезінде Жұмабай қажының немересі, Меңліахмет­тің ұлы Дінмұхамед Қонаевтың келгені жөнін­де жиі айтылады. Әлмеректанушы, Қонаев өмірін зерттеуші ретінде сізден осы дерек-оқиға жөнінде тереңірек білгіміз келеді.

– Бәрін басынан бастап айтайын. 1921 жылы Алматы, Алатау және Іле өңірінде жаңбыр жаумай, қатты құрғақшылық болады. Мұсылман диқан-егіншілер, мал­шы қазақтар «Әлмерек» жазығына жина­лып, тасаттық береді. Тасаттыққа үлкен­дерге сәлем беріп, батасын алсын деген ниетпен Меңліахмет қария 9 жасар ұлы Димаш-Дінмұхамедті ертіп келеді. Тасат­тық біткен соң осы маңда тұратын туыста­рына бара жатып, жолда тұрған Әлмерек­тің ескі қорған-мазарын көріп, мұнда тоқтайды. Меңліахмет қария ежелгі қазақ салты бойынша аттан түсіп, дұға оқиды. Жанындағы ұлына «Бұл Албан Әлмеректің мазары» деп абыз жайында біраз әңгіме айтады. Соңында екеуі мұндағы бұлақтан су ішіп, қазіргі Өтеген кенті жаққа бет алады. Бала кезінде өте зерек, естігендерін өмірі ұмытпайтын Димекең әке әңгімесі арқылы Әлмеректің кім екенін біліп, есінен шығармайды. Қызметте жүргенде өзімен серіктес, дос-жар, жолдас болған ел азаматтарына Әлмерек жайында айтып және оның мазарының әлі бар екенін естеріне салып жүреді. Димекеңнің «Қазақ әруақ аттамаған халық» деген тәмсіл сөзі бар. Кейін бұл жерден өткенде ішінен дұға оқып, бет сипайтын әдеті болған.

Албан еліне құда Меңліахмет қария Әлмеректің белгілі ұрпақтарымен жақсы қарым-қатынас жасағаны бұрыннан белгілі еді. Қарқара жәрмеңкесіне келгенде шежі­реші қарттардан батыр, ақын, молдалар жайында көп естиді. Әлмерек жайында Мекеңнің ерте кезден-ақ білгені оның өлеңмен жазылған шежіре дәптерінде бар.

 

Сұхбаттасқан –

Орынбек ЖОЛДЫБАЙ,

филология ғылымының кандидаты.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *