Әлмерек баба қазақ хандығы дәуіріндегі ұлы тұлға

Қазақ елі  өзінің бірнеше мыңжылдық тарихында небір аумалы-төкпелі замандар мен  дәуірлерді, қиын-қыстау кезеңдерді басынан өткергені белгілі. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында  өз тәуелсіздігін қолына алған қазақ елі  соңғы  30 жылдай уақыт ішінде  ғасырға тең келердей  дәуірді басынан кешуде. Осы аралықтағы қазақ қоғамының руханилық бағытта дамуы көз алдымызда өтіп жатыр және осы үдеріске отандық тарихшыларымыз белсене араласуда. Билік те осы үдеріске кең қолдау көрсетіп отыр. Соның бір көрінісіне мемлекетіміздің отандық тарихқа деген ұстанымы мен саясатының ұлттық сипат алуы жатады. 

Соңғы 20 жыл ішінде тек ұлттық тарихымызға  тікелей қатысты Елбасы Н.Назарбаевтың  бастамасымен«Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында», «Мәңгілік Ел», «Рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры»  атты бағдарламалар  жүзеге асырылып, ұлттық рухтың асқақтауына жол ашылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдыңтамыз айында«Ұлытау–2019» халықаралық туристік форумында сөйлеген сөзінде  осы бағытты нығыздай түсіп, тарихымыз бен тарихи тұлғаларымыз туралы: «Ата-бабалардың аманатына адал болу – бізге сын…  Қорқыт ата, Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи, Бекет ата, Бәйдібек би, Бегім ана, Қабанбай батыр, Райымбек батыр, Мәшһүр Жүсіп, хакім Абай, тағы басқа көптеген дара тұлғаларымыздың есімдерін туризм арқылы кеңінен насихаттау – бүгінгі, яғни біздің заманымыздың талабы. Біз, қазақ халқы, ұлы тарихи тұлғалардың ізбасар ұрпағы екенімізді ешқашан ұмытпауымыз қажет. Ата-бабаларымыздың рухын туризмнің озық үлгілері арқылы дәріптеуіміз керек» деген болатын.

Әр заманда еліне қорған болған тұлғалар тарихымызда жүздеп, мыңдап  саналады. Біз оларды соңғы отыз жыл көлемінде  ғана  танып-біліп, халық жадында мәңгі есте қалдыру үшін қажетті шараларды атқарып жатырмыз. Сондай тарихи тұлғалардың бірі  – Әлмерек бабаға (1658–1756)туралыҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі,  әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттықуниверситетінің профессоры, тарих ғылымының докторы   БерекетБақытжанұлы Кәрібаев әңгімелейді.

 

Мемлекеттік саясаттың руханилық пен ұлттық тарихқа деген саясатынан сабақтастық пен жүйелілік ұстанымдарын көреміз. Бүгінде әрқайсысы жалпыхалықтық сипаттағы тарихи құжатқа айналған Елбасы бағдарламаларын бір сөйлеммен тұжырымдап айтар болсақ, онда алғашқы «Мәдени мұра»  бағдарламасы тарихшылардың зерттеу жұмыстарына деректік негіздер қалауға арналса, одан кейінгі бағдарламалартарихшылардың зерттеу жұмыстарының теориялық-әдістемелік діңгегіне айналды.  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы тарихшылар үшін нақты практикалық міндеттерді жүктейді. Ал «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарлама тарихшыларға қандай бағыттарда ізденістер жүргізуді бағыттайды және бүкіл қазақ жұртына тарихымыздағы қандай ұлы жетістіктерімізбен мақтануды, нені мақтаныш етуді нақты көрсетеді. «Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ.Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті.

Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс». Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Рухани жаңғыру» бағдарламасының   «Туған жер» бағдарындағы бұл тұжырымы тарихшыларға да үлкен аманат жүктейді.

Тарих ғылымындағы аса маңызды қағидалардың біріне  «тұлғаны тану үшін оның өмір сүрген заманын білу керек» деген қағида жатады. Әлмерек бабаның  өмір сүрген жылдары белгілі, олай болса, тұлғаны тану үшін оның заманына, яғни XVІІ ғасырдың ортасынан XVІІІ  ғасырдың орта тұсына дейінгі аралықтағы  қазақ елінің тарихына үңіліп көрелік.

Әлмерек бабаның өмір сүрген заманы  Қазақ хандығының дәуіріне жатады. Өзінің үш мың жылдық тарихында қазақ елі бірнеше ірі-ірі тарихи дәуірлерді басынан өткергені белгілі. Сондай дәуірлер қатарына  соңғы мыңжылдықта Алтын орда дәуірі, Қазақ хандығы дәуірі  жатады. Бұл дәуірлердің ортақ белгілеріне сабақтастықжәне үздіксіздік принциптері бойынша жалғасын тапқан бір этностың нақты бір кеңістік пен бірнеше мыңжылдарға созылған уақыт желісінде тек өзіне ғана тән тарихи, мәдени, рухани ортақ құндылықтарды қалыптастыруы мен оны дамытуы жатады.  Сонымен қатар, аталған әрбір тарихи дәуірдің  ел тарихында алатын өзіндік ерекшеліктері мен айрықша белгілері  де бар. Уақыт жағынан алғанда бұл дәуірге XІІІғасырдың басы  мен  XІX ғасырдың  бірінші ширегі аралығы енеді.

Ұлттық сипаттағы мемлекетіміз – Қазақхандығының XV ғасыр ортасында тарих мінберіне көтерілген кезі мен  XІX ғасырдың 20-шы жылдарының бірінші жартысында оның тарих көшінде қалған кезі – Хандық дәуір деп аталатын  уақыт шеңберіне жатып,  үш жарым ғасырлық уақытты қамтиды. Осы үш жарым ғасырлық тарихы бар Қазақ хандығы дәуірін  өз ішінде саяси тарихтың өрбуіне қарай шартты түрде  екі үлкен кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезеңге хандықтың  бір орталықтан басқарылып тұрған жылдардағы кезеңі жатса, Қазақ мемлекетінің бытыраңқылыққа ұшыраған жылдарыекінші кезеңді құрайды. Керей мен Жәнібек хандар тұсынан  Тәуке хан қайтыс болғанға дейінгі аралық –хандықдәуірдің бірінші кезеңі болса, одан кейінгі жылдары  екінші кезеңі басталады.

Хандық дәуірдің бірінші кезеңіндегі, яғни XV  ғасырдың орта тұсынан  XVІІІ ғасырдың басына дейінгі аралықтағы дәуірдішартты түрде былайша кезеңдеуге болады:

 

а) хандықтың құрылу кезеңі;

ә) хандықтың күшею кезеңі;

б)хандықтың уақытша әлсіреу  кезеңі;

в)хандықтың қайта өрлеу  кезеңі;

г)хандықтағы «текетірес»  кезеңі;

ғ)жоңғарлармен алғашқы күрестер кезеңі;

ж) белгісіз жылдар кезеңі;

з)«алтын ғасыр» кезеңі немесе Тәуке хан билік құрған жылдар кезеңі.

 

Тәуке ханнан кейін хандық дәуірдің бытыраңқылық кезеңдері басталады. Оның ішінде «Ақтабан шұбырынды», «Аңырақай», шартты түрдегі «Екінші Аңырақай», жоңғарлардан қазақ жерлерін азат ету жылдары бар. Әлмерек бабаның өмір сүрген жылдарына көз жүгіртсек,  онда оның хандық дәуірдің соңғы  екі кезеңі мен бытыраңқылық дәуірдің алғашқы төрт кезеңіне сәйкес келетінін көреміз.

Әлмерек баба өмір сүрген заман қандай  болды деген сауалға  жауап беру үшін хандық дәуірдің кезеңдеріне  назар салалық.

Жәңгір хан қаза тапқан 1652 жылдан Тәуке хан билікке келген 1680 жылға  дейінгі 28 жылдық кезеңде хандық тарихында кімнің тақты иеленгені әлі анықталмаған. Сол себепті де біз шартты түрде осы аралықтағы жылдарды «белгісіз жылдар» кезеңі деп атаймыз.

Әлмерек баба өмірінің алғашқы жиырма екі жылдық кезеңі «белгісіз» жылдар кезеңінде өтеді. Осы кезеңдегі қазақ қоғамының ішкі саяси жағдайына көңіл аударалық.1652 жылы Жәңгір ханның ұлдары 20 мен 30 жастың айналасында болатын. Ал Шығай әулетінен тараған хан тағына үміткерлердің өзі жетерліктей еді. Шығай ханнан Ондан сұлтан, Тәуекел хан, Есім хан, Шахмұхаммед сұлтан, Әли сұлтан, Сұлым сұлтан, Ибрагим, Шәкім, Көмек, Абылай және Әбусейіт атты ұлдардың тарағаны белгілі. Осылардың әрқайсысында кем дегенде, 4-5 ұл болды дегеннің өзінде таққа үміткерлер саны 40-50 шамалас болар еді. Ал осылардың әрқайсысында тағы да 3-4-тен ұл болған десек, Жәңгір ханнан кейін тақты иеленуге құқысы барлардың саны 100 – 150-ге жететін. Тәуке солардың бірі және жас жағынан алғанда кішісі болатын. Жәңгір ханның ағасы Жәнібек ханның ұлдары және інісі Сырдақ сұлтанның өзі немесе ұлдарының да билікті иеленуге толық құқы болды. Өкінішке орай, сол тұстағы жағдайды көрсететін жазба деректер болмағандықтан, біз нақты тұжырымдар айта алмаймыз.

Шәкәрім  мен  А.И.Левшиннің зерттеулерінен Тәуке хан билікке келгенге дейін қазақ қоғамында тақ үшін кәдімгідей талас-тартыстардың болғандығын, ру-тайпалар арасында да жанжалдардың өршігендігін көруге болады. А.И.Левшин осы талас-тартыстардың ұзақтығын «бірнеше жылдар» деп жазса, біздің ойымызша ол 28 жылға, яғни Жәңгір хан қаза тапқан 1652 жылдан Тәуке хан билікке келген  1680 жылға дейін созылған дейміз.

Тек Тәуке ханның билікке келуі мен жүргізген саясаты ғана ел ішіндегі барлық талас-тартыстар мен қантөгістерді, бітпейтін дау-жанжалдар мен өзара қырқыстарды тоқтатады.  Салыстырмалы түрде алсақ, Тәуке ханға дейінгі 28 жыл бойғы талас-тартыстарға  қарағанда Тәуке хан тұсында қалыптасқан  бейбіт, тыныш өмір «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» боп саналады.

Осы кезең ішіндегі қазақ-жоңғар қарым-қатынасына назар аударсақ, деректерде екі жақтан да бір-біріне қарсы бағытталған әскери жорықтар, ұрыстар мен шайқастар жөнінде ешқандай мәліметтер айтылмайды. 1653 жылы  Батыр хонтайшы қайтыс болғаннан кейін оның үлкен ұлдары мен кіші ұлдары арасында тақ үшін талас-тартыстар басталып кетеді де, ол күрес бүкіл жоңғар қоғамындағы белгілі тайшылар мен нояндарды  екіге бөліп жібереді. XVІІ ғасырдың 70-ші жылдарының соңына таман ғана Галдан Жоңғариядағы негізгі қарсыластарын жеңіп, орталық билікті нығайта алады. Осылайша ішкі саяси жағдайды ретке келтіргеннен кейін ғана Галдан көрші елдерге көз аларта бастайды.

Оның басқа көрші елдерге жасаған жорықтары секілді, қазақтарға жорығы XVІІ ғасырдың 80-ші жылдарынан басталады. Бұл кезде қазақ ханы   Тәуке хан болатын. Ал Әлмерек баба болса, бұл кезде жиырмадан жаңа асқан жас жігіт еді.

Жалпы, ХVІІ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ-жоңғар қарым-қатынастарындағы ірі соғыстар мен шайқастарға көңіл аударсақ, олардың онша көп болмағанын байқаймыз. Екі жақтан да жекелеген кішігірім ұрыстардың болып тұрғандығын жоққа шығаруға болмайды. Жоңғарлар Сайрам қаласын алып, оны қиратқанымен шабуыл бағытын одан әрі тереңдете алмайды. Оның басты себебі, қазақтар тарапынан қатты қарсылықтардың көрсетілуі жатса керек. Әрине, мұның бәрі Тәуке ханның ұйымдастыруымен болғаны белгілі.

Жоңғарлардың жекеленген өңірлерді ғана тонауға ұшыратқаны болмаса, қазақ елін толық бағындыруға, иеленуге бағытталған жорықтарына Тәуке хан тойтарыс беріп отырады. Тәуке хан тұсында қазақ қоғамында жүргізілген саяси-әкімшілік және құқықтық өзгерістер нәтижесінде қазақ елі өзінің қорғаныстық қабілетін көрсете біледі. Көптеген қазақ батырлары осы кезде ел үшін, жер үшін жан аямай жоңғарлармен соғысады, тіпті кей кездерде өздері бірігіп, жоңғарлардан кек алу үшін оларға қарсы жеңісті жорықтар ұйымдастырады. Олардың қатарында Ұлы жүз Албанның батыры Әлмерек батырдың болғаны белгілі.

Тарихи тұлға – Әлмеректің  ауыз әдебитінің материалдарында әрі батыр, әрі абыз, әрі баба деп аталынуы оның өмірінің кезеңдерін көрсетсе керек. «Белгісіз» жылдар кезеңінде 20 жастағы сарбаз көптің бірі болса, Тәуке хан заманындағы жоңғарларға қарсы күрестерде әбден ысылған, тәжірибелі сарбаздан тайпаның не жүздің қолын бастар батырға айналады.

Тәуке ханнан кейін хандық тарихында орталық билік жойылып, бытыраңқылық дәуір басталады. Осы кезден бастап жоңғарлардың жорықтары да күшейеді. Ел мен жерді қорғау ісі көбінесе батырлардың басты міндетіне айналады.

Осы кезеңде 60-ты алқымдап қалған Әлмерек батыр өзінің жеке басындағы қасиеттері мен қабілеттерінің арқасында абыз атана бастайды. Абыз сөзі – арабтың хафиз сөзінің қазақша айтылуы, мағынасы – Құранды жатқа айтушы, көптеген хадистерді  білуші және түсіндіруші дегенді білдіреді. Ал қазақ халқында «абыз» деп Құранмен, хадистермен қатар, барлық дәстүрді, әдет-ғұрыптарды білуші, оларға түсініктеме беруші адамды айтқан. Қазақ түсінігінде абыз – қазақ қоғамында дін жағынан да, дәстүр жағынан да  ең білімді, ең парасатты, ең сауатты адам болып саналған. Әлмерек батырдың  осындай қасиеттерге ие болуы, әсіресе, көріпкелдік және  ерекше киелі қасиеттері  оны батырлығыменқоса, абыз атандырса керек.

Ауыз әдебиетінде Әлмерек бабаның асыл қасиеттері туралы көптеген аңыз-әңгімелер сақталған. Тіпті, ол қазақтың көптеген батырларын тәрбиелеуші болған, оларға  батасын берген деген әңгімелер көп таралған.

Хандық тарихындағы бытыраңқылық кезеңнің «Ақтабан шұбырынды», «Аңырақай», «Екінші Ақтабан» деп аталатын оқиғаларында Әлмерек бабаның жасы 60-80 жас аралығында болады. Бұл кезеңде Әлмерек абызға жасының үлкендігіне қарай баба атауы қосыла бастаған секілді. Өйткені, баба сөзінің белгілері –  батырлығымен, қолбасшылығымен, білімділігімен, киелі деп танылуымен, көріпкелділігімен, болжағыштығымен елге танымал болған,   жасы ұлғайса да халқына рухани адал қызмет жасаған  адамға берілетіні белгілі.

Қазақ-жоңғар қатынасы тарихында 1745 жылдан бастап белсенділік қазақтар жағына өтеді де, керісінше Жоңғариядағы саяси жағдайларға байланысты оның қуаты әлсірей бастайды. Осы кезден бастап қазақ жерлерін азат ету ісі жүргізіледі. Бұл кезде Әлмерек баба жасы сексеннен асып, тоқсанға таяп қалады. Оның батасымен талай батырлар рухтанып, жеңісті жорықтарға аттанады, жауын жеңе бастайды. Әрине, олар өз жеңістерінің барлығын Әлмерек бабаның ақ батасынан деп ұғынады. Сөйтіп, халық жадында Әлмерек баба рухымен, батасымен жоңғарларды жеңген тұлға болып саналады. Албан тайпасының ортақ ұранына айналған Райымбек батыр жас шағында Әлмерек бабадан бата алған делінеді ауыз әдебиетінің материалдарында.

Қорыта келе айтарымыз, ел аузында есімі мәңгіге сақталған Әлмерек бабаның бүкіл ғұмыры хандық дәуірдің күрделі кезеңдерінде  ел мен жерді қорғау жолында өтеді, тіпті, қартайған шағында  батырларды рухтандырып, ақ батасымен жол көрсетеді. Мұндай тұлғалар қашанда елмен бірге демекпіз.

 

 

 

Берекет КӘРІБАЕВ,

ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі,  әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық

университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *