Өлкетанушылар мен этнографтар клубы жұмыс істей бастады  

 

Бүгінгі таңда жалпыұлттық маңызды құжатқа айналған Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында қойылған маңызды міндеттерді жүзеге асыру бойынша көптеген келелі іс-шаралар жүзеге асырылып отыр. 

 Экономист ғалымдар ХХ ғасырда-ақ жаңғырудың негізгі өзегі экономикадағы құрылымдық өзгерістермен  емес, құнды­лықтар жүйесіндегі өзгерістермен тікелей байланысты екендігін баса айтқан. Сондықтан бүгінгі таңдағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктерін» жүзеге асыру үшін қоғамдық сананың жаңғыруын жаңа бағытқа көтеру кезек күттірмес мәселе екендігі айқын.

Біз өзіміз өмір сүріп отырған қоғамның барлық күрделі мәселелерін ескере оты­рып, оның өзгермелі жанды ағза ретінде дамуының нәзік тұстарын да естен шығармауға тиіспіз. Сондықтан қоғам дамуының рухани-мәдени, әлеуметтік аспектілері әрқашан маңызды болып қала береді. Түптеп келгенде, коғамдағы әлеу­меттік-экономикалық құлдыраудың алдын алудың маңызды шарттарының бірі – руха­ниятты көтеру.  Егер адамзат қоғамы дамуының сапалық көрсеткіштері адам­дардың дүние­танымының кеңдігіне, санасының жоғары­лығына, әділеттілік үшін белсенділігі мен өзгелерге қайырымдылығы, ізгі ниеттілігі арқылы көрініс беретіндігін ескерсек, Бағдар­ламада қойылған міндеттерді орындаудың басты кілттерінің бірі де қоғам­ның қайта түлеуіне байланысты екендігін айқын ұғынамыз. Осыған орай, қоғам мүшелерінің рухани дамуы оларға тарих, әдебиет, өнер, халық даналығы, салт-дәс­түр,  мәдениет, ғылым, білім арқылы беріле­тіндігін ескерсек, онда гуманитарлық бағыттағы сала өкілдерінің де жауапкершілігін арттырып отырғандығын түсінуге тиіспіз.

Сондықтан еліміздегі жетекші оқу орын­дарының бірегейі әл-Фараби атындығы ҚазҰУ-дың тұтас ұжымымен бірге тарихшы-ғалымдары да Елбасының рухани жаңғыру бағдарламасы бойынша келелі жұмыстарды іске асырып отыр.

Айта кетсек, бұған дейін қоғам мүше­лерінің қоғамдық санасын қалыптас­тыру жолында Елбасының тікелей бастамасымен қолға алынған «Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында» бағдарламасын жүзеге асыру барысында жинақталған мол ғылыми-инфрақұрылымдық әлеует негізінде тарихшы-ғалымдар «Ұлы дала тарихы мен мәдениеті» атты іргелі жобаны іске асыруды қолға алды. Ғылыми зерттеулер нәтижесінде «Қазақ Елі тарихы» атты төрт кітаптан тұратын жаңа формат, жаңа мазмұндағы оқулық жарық көріп, қазіргі таңда орыс, ағылшын, түрік тілдеріне жариялау  жұмыстары басталды. Сонымен қатар, бағдарламаның «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында оқулықтарды қазақ тіліне аудару ісіне де университет ғалымдары белсене атсалысып отыр. Соның ішінде тарихшы ғалымдар ағылшын тіліндегі «Панорама. Дүние жүзі тарихы» (авторлары Рос Дан, Лаура Митчел. 2015 ж.) атты кітапты аударуды қолға алды.

Рухани жаңғыру жобасын жүзеге асыру бойынша Алматы қаласындағы 38 ЖОО-ның ғылыми-шығармашылық, инновациялық ресурстарын біріктіру негізінде тың бастама қолға алынған болатын. Осыған орай аталған Универсиеттер альянсының үйлестіру кеңе­сінің төрағасы ретінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жетекшілікті қолға алды. Универ­ситеттің тарих, археология және этнология факультеті «Туған жер» бағдарламасы бойын­ша жобаны жүзеге асыру бойынша жетекші болып белгіленді. Қазіргі таңда Альянс негізінде «Өлкетану­шылар мен этнографтар» клубы құрылып, оның жұмысын аталмыш факультет үйлестіріп отыр. Клуб жұмысына барлық ЖОО орындарының оқытушы-профессорлар құрамы мен сту­денттері, сондай-ақ орта мектеп оқушылары, Алматы қаласы музейлері және т.б. қоғамдық ұйымдар тартылып отыр.

Осылайша бағдарламада аталып өткен міндеттерді жүзеге асыру барысында Рухани жаңғыру жалпыұлттық бағдарламаға айналды. Оны жүзеге асыру барысында тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерді қайта сараптап,  Елбасы атап өткендей «елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алған құндылықтарымызды қайта жаңғыртып, оны ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретін» барынша дәріптеу жолында жұмыстар жасалуда.

Шығармашылық ұстаным мен отаншыл­дық сезімнің бастамасымен жүзеге асырылып отырған бұл жұмыстар тәуелсіз еліміздің бүгіні мен ертеңі үшін атқарылып отырған игілікті істер. Себебі, қоғамның рухани бай, ой-өрісі кең, білімді әрбір мүшесі ұлт әлеуетінің көрсеткіші.

 

Меңдігүл Ноғайбаева,

    әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

     Тарих, археология және этнология факультетінің деканы.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *