ҮЛКЕННЕН – ҰЛАҒАТ, КІШІДЕН – ЫНТА

Алтын сандық

 25Адам өз өмірінде түрлі адамдармен танысады, жақын тартып  әңгімелесіп жатады. Тіпті, ешқандай туыстық қатынасы жоқ адамдарды жанына жақын санап, әдемі байланыс орнатады. Әңгімелері жарасқан­дықтан, көзқарастары ұқсас болған­дықтан. Ондай рухани жақын жандармен дидарлас­қанда отбасы, ошақ қасының ұсақ-түйек күйбең тірлігі емес, бүтін бір ұлтқа, ұлттық болмыс пен мінезге, ұлттық құндылыққа қатысты қазақтың көкейінде жүрген дүние­лер туралы да әңгіме өз-өзінен өрбіп кетеді. Жалпы, бүгінде жасы кішімен тең дәрежеде сөйлесіп, өмірден көрген-түйгенін әдемілеп айтып беретін, ақыл-кеңесін аямай­тын, үлгі-өнегесін көрсететін үлкендер бар ма? Бар ғой, неге болмасын… Сондай адамдарды мұқият тыңдап, оларды қанша­лықты дәріп­теп жүрміз? Осыны қажет­тілік деп санауға бола ма?

Ұлттық салт-дәстүр жайлы білгім кеп, әлдебір сұрағыма жауап іздеген сонау бір күндерден бастап қасына үйірсектеп, туған анамдай сыйлап құрметтейтін адам – Бауыржан ата Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова. Ол кісінің әр әңгімесін бар зейінім­мен тыңдап, естігенімді «балама, болашақ ұрпағыма керек болады» деген оймен түртіп алып жүруді әдетке айнал­дырған едім. Бір ғана отбасының тәлім-тәрбиесіне қатысты емес, бар қазаққа қажет сияқты көрінетін­діктен, бәлкім, өзім солай қабылдайтын­дықтан шығар, бүгінгі жастарға ой салар деген ниетпен Зейнеп апамнан естігендерімді назарларыңызға ұсынғым келді.

 

«Тілден қалды»

Апамның жанында отырмын. Қол – істе, құлақ – әңгімеде… Оны-мұны шаруаның арасында әдемі әңгіме өрбиді. Ондай сәтте диктофонды қоса қою қайда, ойыма келмейді, әрі әңгіме кез-келген уақытта басталады. Ал әбжілдік таныту менде атымен жоқ. Сөмкедегі блокнот пен қаламға да жете алмайсың мұндайда. Қойын дәптер демекші…

Таяуда ғана өткен Бекжан Тұрыстың кешінен кейінгі дастарқан басында апам қол сөмкесінен қойын дәптері мен қаламын алып, әлденені жаза бастады. Арабтың иректеген әдемі әріптері апамның еті қашқан саусағы ұстаған қаламмен қағаз бетіне түсіп жатыр. Бұл маған таң емес. Ал қатар отырған Тұрсынжан ағаның (Шапай) бар назары – Зейнеп апада. Таңғалу ма, қызығу ма, әйтеуір, сондай бір сезімнің жетегіне еріп, бір сәт айналасын ұмытқан. Екі көзі – апаның қалам жорғалатқан қолында. Басын шайқап қояды. Шыны керек, әлгі көрініс маған қызық әсер етті. Орнымнан ұшып тұрып Тұрсынжан ағаның қасына жетіп бардым да, «біртүрлі» кейіпте қалғанының мәнін сұрадым. Ұялмадым. «Жасының да, кәрісінің де қолында заманауи телефон жүр. Тіпті, соған көзіміз әлдеқашан үйренген. Сондықтан ба, ана кісінің қолындағы блокнот пен қалам маған ерекше әсер еткені… Қазір қаламын алып қағаз түрткендерді көре бермейсің ғой», – деді сыншы аға. «Ал мен сізді араб қарпін оқи алады екен десем… Апа төте жазумен жазып жатыр ғой», – дегенім сол, тіпті, таңырқады. Бала мінезді аңғал ағаның сол қылығын апа да аңғарса керек, менен не болғанын сұра­ды. Айттым. Тұрсынжан аға жаққа жымия қарап қойып: «Дер кезінде қағаз­ға түсіріп қоймасам, үйге барғанша ұмытып қалам ғой», – деді маған. Апам сондай. Ал мен… Әзірге барынша құлағы­ма құйып алуға тырысам.

– Тіл туралы айтудай-ақ айтып жа­тыр­­мыз, ә… Бері қарашы, қазақта «тілден қалды» деген сөз бар. Қандай жағдайда айтылатынын білесің… Адам жанын үзерде, беті бері қарамай, о дүниеге бет бұрғанда тілден қалады… Солай ғой. Ал маған қазақтың ана тіліне деген бүгінгі көзқарасы да соны аңғар­тады кейде. Бүтін бір ұлт тілден қалса, соңы не болмақ? Ойлаудың өзі қорқы­нышты. Әр қазақ неге мұны ойламайды, неге бұған мән бермейді? – Зейнеп апам осылай деді. Етіңнен өтіп, сүйегіңе жететін сөз.

Ал не айтасың осыдан соң? Ары қарай данышпансудың қажеті бар ма?

 

«Беттерін қайтеді?»

Апама бардым. Әңгімелескім келген­де, сағынғанда жетіп барам. Таяуда ғана әлдебір тойға барған екен.

– Ол кісілердің ұрпағының ділі – дүмбілез, тілі – шұбар. Қазақ тілін, қазақылықты аса қажет етпейді. Отбасында балаларымен орыс тілінде сөйлесетін. Енді, тіпті, «керемет»! Өйткені, немерелері ағылшынша  «ағып» тұр. Қалай еді ана… Қит етсе, туған күнде айта жөнелетін әндері бар еді ғой… Немерелері тілін бұрап әлгі ағылшын тіліндегі әнді айтып, әжелерін құттықтап жатты. Үп-үлкен кісілер соған мәз. Бұл не болды сонда? Өкінішке қарай, бізде осындай қазақтар көп…

Апамның үнсіз қалған кезінде ештеңе демедім. Не дейсің мұн­дайда? Айтып отырған сөзінің жаны бар. «Таза» қазақ, «шала» қазақ, ділі дүмбілез «дүбәра» қазақ… Толып жатыр. Қалай десек те жаһандануға жанұшырып тез «жеткісі» келетін қазақ көп. Оны мойындаймын.

– Жарайды! Орысша керемет біледі! Ағылшынша ағып тұр! Бірақ мына беттерін қайтеді сонда, ауыстыра ма? – деп қолымен өзінің бетін көрсетті. – Сайтан алғыр, олардың мына беттері ағылшын емес, қазақ боп тұр ғой!

Күліп айтты осыны. Мен де күлдім. Апамның кезекті тапқыр­лығына! Бірақ, бұл жылайтын жағдай еді. Мұны екеуміз де жақсы түсініп отырмыз…

 

Бұл да өнеге!

– Бері қарашы, мен сені мақтағым келмейді. Білесің бе, адам бірінші рет мақтау естігенде, қы­сылып қызарақтайды, ыңғай­сыз­данады. Ол адамды екінші рет мақта­ғанда қопаңдап, кәдімгідей желпініп қалады. Үшінші рет: «Мынау мені мақтар ма екен», – деп күтеді. Төртінші рет: «Аз мақтады ғой», – деп ренжиді, бесінші рет: «Неге мақ­тамады?» – деп кінәлай бастай­ды… Ондай адамның құлағы үнемі тек мақтау сөз естігісі кеп тұрады. Адам оған тез үйреніп алады. Бұл – жаман!

Апамның маған ара-тұра айтатыны. Түсінген жанға бұл да – өнеге, өсиет. Қарапайымдылық, кішіпейілділік, адам­гершілік, тазалық… Еш жасандылығы жоқ осындай қасиеттер кез-келген адамды тартады, пендешіліктен арылта бастайды, мына дүниеге де мүлде басқа көзбен қарауға үйретеді. Ақымақ біреу болмасаң мұндай сөзді түсінуге өзің де талпынасың, «болмасаң да ұқсап баққың» келеді…

Айрықша жауапкершілік

– Сені өзіңнің ауылыңда атыңмен атайды, «Болатханның қызы», «Айгүл» дейді. Ауылыңнан шығып, жақын жердегі басқа ауылға барсаң: «Е-е, Болатханның қызы ғой», – дейді әкеңді танитындар. Ал аудан­ның, облыстың орталығына барғанда ешкім «бұл Болатханның қызы» немесе «Айгүл екен» демейді, солай ғой. Жөн сұрап, танысып жатады. Ендігі жерде саған тек «қазақтың қызы» деп қарайды. Жақсы қылығыңмен көрін­сең де, жағымсыз жағыңмен көрінсең де, қазақтың қызына сөз келеді, солай емес пе? Демек, өз ұлтыңның алдында мойныңда үлкен жауапкершілік тұр деген сөз. «Қазақтың қызы», «қа­зақтың баласы» деген ұғым… Түсіндің бе? Сондық­тан жаман жағыңмен емес, тек жақсы жағыңмен көрініп, еліңе адал қызмет ете біл. Әр қазақтың баласы осыны есінен шығармаса…

Бұл да – әңгіме арасында апамның маған айтқаны.

* * *

«Осы біздің қазақ бәрі болғысы келеді, ағылшын да, орыс та, араб та… Бірақ, қазақ болғысы келмейді, не өзгені қазақ қылғысы келмейді, сайтан алғыр!». Апамның күйінгенде айтатыны.

* * *

«Ақша деген – тегі жоқ, туысы мен досы жоқ, ар-ұяты, исі жоқ, кез-келген жерде жүріп, кез-келгенге жұмсалатын адамның қолымен жасалған бедерлі қағаз. Егер сен ақшаның соңына түссең, тура сондай «қасиетке» ие боласың! Ешқашан дүниені алдыңғы орынға шығарма, жаным. Біреуден бір асаған несібе болмайды. Алла маңдайыңа берсін! Жолдан ұтылмаған дұрыс, керек жерінде шашып жібергенге не жетсін… Өкінішке қарай, бүгінде жақсы­лықтың, адамшылықтың өзін сатып, яғни, «ақылы» еткіміз келеді. Бұ қазақ қайда бара жатыр…».

Бұлай тек Зейнеп апам ғана түсіндіре алатын шығар. Кеще болмасаң көкейге тоқып, санаға сіңіретіндей сөз.

 

Айгүл БОЛАТХАНҚЫЗЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *