Үлкенге – өнеге, кішіге – үлгі

«Елім үшін аянбай қызмет ету – басты парызым» деп санай­тын, ұлт мүддесін ойлаған абзал да ардақ­ты азамат, киелі мекен Батыс Қазақстан өңірі­нің перзенті – Қазақ Ұлттық аграр­лық универ­сите­тінің профессоры, ветери­нария ғылымының докто­ры, Жаратылыстану ғылымдары акаде­мия­сы­ның акаде­мигі Мардан Нұрмұхамбет­ұлы Жола­нов алпыстың асқарында.

Мардан Нұрмұхамбетұлы өзінің ізденім­паздығы, жаңашылдығы, еңбексүйгіштігі мен табандылығының арқасында ғылымның шыңына шыққан, нағыз азаматтық қасиет­терге ие болған дара тұлға. Ағамыздың өмір­баян дерегіне назар аударсақ, ол кісі еңбек жолын Алматы облысы, Талғар ауданындағы «Алматы» колхозында малдәрігері қызме­тінен бастаған. Алған білімін сол шаруашы­лықта тәжірибе жүзінде шыңдаған. Ал 1985 жылдан бүгінгі күнге дейін Қазақ Ұлттық аграрлық университетінде еңбек етіп келеді.

Мардан Нұрмұхамбетұлының жоғары кәсіби дәрежесі, жұмыстағы жауапкершілігі және басшылық қызметтегі қағидашылдығы ескеріліп, 1993 жылы Ветеринария факульте­тінің  Акушерлік және хирургия кафедрасы­ның меңгерушісі, 2000–2002 жылдары ара­лығында Қазақ Ұлттық аграрлық универ­ситетінің тәрбие жөніндегі проректоры қызметтеріне  тағайындалып, өзіне жүктелген  қызметтерді абыроймен атқарғанын білеміз. 2002–2017 жылдары аралығында Акушерлік, хирургия және өсіп-өну биотехнологиясы кафедрасының меңгерушісі қызметін атқар­ды. Осы кезеңде ауызбірлігі мен ынтымағы жарасқан, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратындай, тату ұжым қалыптастырды. Мардан ағамыз ұжымда әр қызметкердің алаңсыз еңбек етуіне мүмкіндігінше жағдай жасады. Тіпті, қарамағындағы әр қызмет­керіне жеке басының мәселелері болса да өз ақыл-кеңесін беріп, көмектесіп отырады. Содан да болар, іскерлігі мен біліктілігі, адами қасиеттері жарасқан басшыны  кафедра ұжымы да ерекше құрметтейді, сыйлайды, жақсы көреді. Кафедраға қарасты аудиторияларымызды, ғылыми зертхана­мызды басқаларға үлгі болатындай жағдайға жеткізді, сонымен қатар, кафедрада «Аку­шерлік мұражай» құруды ұйымдастырып, бұрын елімізде және ТМД елдерінде де болмаған бірегей мұражай іске қосылды.

Ағамызды өмірден тоқығаны мол, кең ойлап, жастарға қолұшын беріп жүретін қам­қор азамат ретінде білім мен ғылым, өндіріс салаларындағы жұртшылық жақсы біледі. Ол кісінің мал акушерлігі, гинеколо­гиясы және андрологиясы саласын дамытуға сіңірген еңбегі, жаңашыл ғылыми-техника­лық жаңа­лықтарды енгізудегі озық ойлы  кемел қабі­леті естіген жұртты тәнті етпей қоймайды.

Мардан Нұрмұхамбетұлы ветеринария­лық мамандықтар бойынша мемлекеттік стандарт­тарды құрастыруға белсене аралас­ты. Ол кісінің жетекшілігімен жоғары оқу орны пәнде­рінің 12 типтік оқу бағдарла­мала­ры дайындалды, сонымен қатар, көпте­ген ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектері де бар. Атап айтқанда, 250-ден  астам ғылыми мақа­лалары, мемлекеттік тілде 3 оқулығы және 6 оқу құралдары, 1 монографиясы, 4 оқу әдістемелік ұсынымы, 20-дан  астам оқу-әдістемелік құралдары және 8 патенті  жарық көрді.

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, бойына біткен адами қасиет­тер мен адамгершілігі, қамқорлығы арқылы парасатты да рухы биік ізбасарларды тәрбиелеу жолында Мәкең көреген ұйымдас­тырушы қырынан да көріне білді. Ағамыз 30-ға жуық шәкірт тәрбиелеп, өзінің ғылыми мектебін қалыптастырды. Шәкірттерінің арасында 3 ғылым докторы, 5 ғылым канди­даты және 20-дан  астам ғылым магистрлері бар. Шәкірттері де осы ғылым, өндіріс салала­рында және білім ордаларында еңбек етіп жүр. Мардан аға күні бүгінге дейін студенттерді, магистранттар мен докторант­тарды ғылыми-педагогикалық, ғылыми-өндірістік бағытта  маман ретінде қалыптас­тырып, баулып келеді.

Мардан Нұрмұхамбетұлы бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылық министрлігінің ғылыми техникалық кеңесінің мүшесі, ҰБТ өткізу кезеңінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым минис­трлігінің өкілі, ветеринариялық мамандық­тар бойынша Қазақстан Республикасының Оқу-әдістемелік бірлестігінің мүшесі, Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің ғылыми кеңесінің мүшесі, Қазақстан және Қырғыз­стан Республикаларының докторлық диссер­тацияларды қорғау бойынша арнайы кеңе­сінің мүшесі ретінде адал еңбек етіп келеді. Сондай-ақ, жоғары санатты, тәжірибелі, білікті маман ретінде өндіріспен үнемі тығыз байланысып, Алматы, Жамбыл облыстары­ның шаруашылықтарына жылқы, ірі қара және ұсақ малдың өсіп-өну мәселелері бойынша қолдан келген көмегін көрсетіп жүр. Республикамыздағы және Ресей, Өзбек­стан, Қырғызстан елдеріндегі асыл тұқымды жылқы шаруашылықтары  жылқы өсірудегі мәселелер бойынша Мардан ағамызды тәжірибелі, білікті маман ретінде өздеріне жиі шақырып, кеңесіп отырады.

Алматы малдәрігерлік зоотехникалық институты  мен  Қазақ Ұлттық аграрлық уни­вер­ситетінің басшылығы кезінде  Мардан аға­ның ғылым-білім саласына сіңірген еңбегін ескеріп, әрдайым мақтау қағаздары­мен және мадақтамалармен марапаттап оты­ратын. 2004 жылы ҚР Президенті Н.Ә.На­зарбаевтан «Алғыс хат» алды, 2005 жылы «Қазақстан Республикасы ғылымының дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды, 2011 жылы «Жоғары оқу орнының үздік оқы­тушысы» мемлекеттік грант иегері атанды және 2014 жылы «Айрық­ша еңбегі үшін»,  Батыс-Қазақстан облысы, Казталов ауда­нының Құрметті азаматы, 2015 жылы «Еңбек ардагері» және «ҚазҰАУ 85 жылдық мерей­тойы» төсбел­гілерімен марапатталды.

Қадірлі Мардан Нұрмұхамбетұлы, Сізді 60 жасқа толған торқалы тойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! Осы таңда адам өмір жолының асқар биігі – алпыстың шы­ңына шығып отырған Сізді, көпшілік қауым қоғам қайраткері, ғұмырын ғылым мен білімге, ұстаздыққа арнаған зиялы азамат ре­тінде таниды. Осы қарқыныңыздан қалмаңыз, шабысыңыздан танбаңыз. Туыс-туған, жора-жолдас пен әріптестеріңіздің алдында әрқашан беделді, абыройлы болыңыз. Алпыс­тың асуынан асып, жетпіске аяқ басқан шағыңызда да көзіңізден от кетпесін, жүрегіңізден жылу кетпесін дей отырып, туған ел мен жерге сіңірер  еңбегіңіз, келер ұрпаққа берер тәліміңіз алдағы уақытта жалғасын табады деген  сенім білдіреміз. Жоғарыда аталған осындай жетістіктерге, атақ пен абыройға, беделге ие болуыңызға аяулы жарыңыз Роза апамыздың да қосқан үлесі мол деп білеміз. Өмірдің ыстығы мен суығын, қызығы мен шыжығын бірге көріп қасыңыздан қалмай келеді, әрдайым солай болсын. Апамыз екеуіңіз өнегелі ұрпақ тәр­биеледіңіздер. Қыздарыңыз бен күйеу бала­ларыңыз Нұрсұлу-Аят, Гауhар-Азамат, Әмір, Әділ, Әлмансұр, Айсұлу сынды неме­релеріңіз аман болсын, солардың қызығын көріңіздер. Деніңіз сау, ғұмырыңыз ұзақ, қуаныштарыңыз көп болсын!

 

Үңіліп ғылымның астарына,

Білім сыйлап Қазақтың жастарына.

«Он екі ата-Байұлы» Мардан аға,

Келіп қапты-ау алпыстың асқарына.

 

Ғылымның қиын жолын жүріп өтіп,

Талай жанды зиялы, білімді етіп.

Мардан аға алпыс жасын тойлап жатыр,

Дос-жаран, туыстармен дүрілдетіп.

 

Жайдары күйге бөлеп жүрегіңді,

Күш қосып, тасқындатып жігеріңді.

Қаймықпай, тура айтар мінезіңмен,

Мардан аға, сүйсіндіріп жүр еліңді.

 

Арқалап ел-жұртыңның аманатын,

Шықпаған әлі күнге жаман атың.

Батыстағы шырайлы өлке, Орал елі

Ардақтап, құттықтауда азаматын.

 

Көтерген абыройын қызметпенен,

Ары таза, жан-дүниесін кірлетпеген,

Туған-туыс, әріптес, шәкірттерің

Ардақтайды өзіңді құрметпенен.

 

Тілейміз бақытты өмір, ашық аспан,

Жалғанда тілек бар ма одан асқан.

Сүйген жар, немере, қыздарыңмен

Ата берсін ақ таңдарың нұрын шашқан!

 

Өмір шіркін өзгерер әр түспенен,

Мардан аға, ердің жасы алпыс деген.

Кездесейік, Алла жазса, тоқсан жаста,

Қазақта алпыс жасты «талтүс» деген.

 

Қазақ Ұлттық аграрлық университеті,

«Акушерлік, хирургия және өсіп-өну биотехнологиясы» кафедрасының ұжымы.

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *