ҮЛКЕН ЖҮРЕКТІ АЗАМАТ

Ел сенімін арқалаған тұлға – Махмұт Нәлібаев

Елімізде үлкен жүректі, қайырымдылығы-мейірімділігі мол азаматтар аз емес. Солардың бірі әрі бірегейі – Махмұт Ыбырайханұлы Нәлібаев. Сыр елінде дүниеге келген азамат туған жерінің көркеюіне талай үлес қосты. Мешіт, балабақша, мектеп, медицина орталықтарын ашып, ел-жұртының алғысын арқалады.
Айта кетейік, Махмұт Нәлібаев Қазақ химия-технологиялық институтын, Инженер-құрылысшы мамандығы бойынша, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін Геология және пайдалы қазбалар кен орындарын барлау мамандығы бойынша, Қазақ гуманитарлық заң университетін Заңтану мамандығы бойынша тәмамдаған. Сонымен бірге, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін Органикалық заттардың химиялық технологиясы мамандықтары бойынша техника ғылымының магистр дәрежесін алған және PhD ғылыми дәрежесі бар тұлға. Ол көп жылдардан бері елдің экономикасының дамуына елеулі үлес қосып, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттырып, Қазақстан Республикасы облыстарының бірқатар инфрақұрылымын жетілдіруге, мемлекеттің экономикалық әлеуетін нығайтуына зор ықпал етті.
Махмұт Ыбырайханұлының тікелей басшылығымен «Тереңөзек мұнай өнімдері» мен «Жосалы мұнай өнімдері» мұнай базалары заман талабына сай қайта жөндеуден өтті. Елімізде алғашқылардың бірі болып «Қазгермұнай» БК, «Қуат Амлон Мұнай» ЖШС және «Торғай Петролеум» БК-ның мұнай өнімдерін қабылдауды, өңдеуді, сақтауды және темір жол арқылы тасымалдауды ұйымдастырды.
Мұнай өндіру саласындағы шетелдік ірі-ірі компаниялармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істей отырып, еліміздің инфрақұрылымын дамытуға да зор үлес қосты. Атап айтқанда, жол төселіп, жарық жүргізілді, мұнай сақтайтын терминалдар, өндірістік базалар салынды.
Махмұт Ыбырайханұлы «Саутс-Ойл» ЖШС негізін қалағандардың бірі (Құмкөл кен орны). Бұл компания Қазақстандағы ірі компаниялардың ішінде 17-орында тұр.
Махмұт Нәлібаев «Марсель» компаниялар тобының президенті («Марсель Петролеум» ЖШС, «Мирас-Хан» ЖШС,«Энергоресурсы» ЖШС, «Қобыланды» ЖШС, «Мадот Ойл» ЖШС, «М-Али Петрол» ЖШС, «Марсель Голд» ЖШС, «MJM-Gold» ЖШС, «Марсель Су» ЖШС). Оның еңбегі арқасында жаңа кен орындары ашылып, көмірқышқыл, көмірсутек, минералды суды барлау және өндіру жобалары енгізілді.
М.Нәлібаевтың басқаруымен төрт тың жаңа жобалар ашылып, қазіргі таңда кен орындарын ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Соңғы 10 жылдықтың ішінде М.Нәлібаев басқарған компанияларына 135 млн. АҚШ доллары көлемінде шетелдік инвестиция тартылған.
М.Нәлібаев басқаратын компаниялар тұрақты салық төлемінің арқасында ел бюджетінің еселенуіне қомақты үлес қосты. Атап айтқанда, 2010 – 2017 жылдары мемлекеттік бюджетке жүздеген миллиард теңгеден астам қаражат аударылды. 200-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді, мердігер компанияларда 1000-нан астам адам жұмысқа алынды, компания есебінен арнайы орта және жоғары оқу орындарында 300-ден астам ҚР азаматтарының оқу ақысы төленді.
Қазақстан кадрларының оқуына және қызметкерлердің біліктілігін арттыруға компания есебінен жыл сайын қаражат бөлінеді.
Махмұт Ыбырайханұлы 2017 жылдың өзінде жеке тұлға ретінде өз шотынан ҚР Мемлекеттік кіріс департаментіне 660 740 000 теңге салық төледі.
М.Ы.Нәлібаев «Энергоресурсы» ЖШС компаниясын басқарады. Қостанай облысы, Әулиекөл өңірінде орналасқан компания кен орнының болжамдық қоры 150-200 млн тонна, компания қызметінің арқасында Қостанай облысында тұңғыш рет 22 мұнай-газ құрылымдары анықталды.
2014-2015 жылдардың қорытындысы бойынша «Қобыланды» ЖШС екі рет Ұлттық сертификатымен, қабырға медальмен, «Сала Көшбасшысы» құрметті атағымен марапатталды.
Кәсіпкерлікпен бірге М.Нәлібаев еліміздің қоғамдық және қайырымдылық өміріне де белсене атсалысады.
2011 жылдан бері Махмұт Ыбырайханұлының ендігі бір қоғамдық қызметі Кеңес Одағының Батыры, армия генералы, ҚР тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Халықаралық патриоттық қайырымдылық қорды басқаруы және «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс атқарады. Ұлттық дәстүрлерді жаңғырту, жастарға патриоттық тәрбие беру, шет елдегі қазақ диаспораларымен қарым-қатынасты жандандыру мақсатында құрылған қор бұл күндері сол бағыттарда өнімді еңбек етіп, бұл мақсаттарға М.Нәлібаев және қордың белсенділері 700 миллион теңгеден астам қаражат жұмсап, еліміздің барлық өңірлерінде қайырымдылық-патриоттық жұмыстардың сапалы жасалуына тікелей ықпал етті. Атап айтар болсақ, қор бағдарламасы бойынша қор мүшелерінің мұрындық болуымен 2015 жылы Ақмола облысы Мұңайтпас ауылында күш атасы Қажымұқанға арналған алып ескерткіш орнатылды.
2016 жылдың 25 мамырында Қостанай қаласында Қобыланды батырға ескерткіш қойылды. Қызылорда облысындағы Қорқыт ата мемориалдық кешенінің инфрақұрылымын дамыту мақсатында мешіт, қонақ үй, автотұрақ сынды әлеуметтік нысандардың салынуына демеушілік етті.
2012-2013 жылдары ел еңсесін көтеру мақсатымен білім беру ошақтарына «Туған жерге тағзым» атты дәстүрлі іс-шара акциялары өткізіліп, автокөлік, микроавтобус және компьютерлер сыйға тартылды.
М.Нәлібаев Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың саясатын қолдап, жан-жақты насихаттап, түрлі саяси-патриоттық шараларды жүйелі өткізіп келеді. 2015 жылғы Президент сайлауы қарсаңында Алматы қаласында «Кәсіпкерлер Елбасымен бірге!» атты қолдау акциясын ұйымдастырып, нәтижесінде қаладағы «Жанұя» балалар үйіне тұрмыстық заттармен демеушілік жасап, қайырымдылық шарасын өткізді.
2015 жылдың 2 – 4 қыркүйек аралығында Астана қаласында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Тарих мәдениеті» атты халықаралық фестиваль ұйымдастырды.
2016 жылдың 8 – 10 қыркүйегінде тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай әлемнің 30 елінің өнерпаздары қатысқан байқауға демеушілік жасады.
2017 жылы М.Нәлібаев және республикалық қоғамдық бірлестік «Генералдар кеңесінің» мүшелері Мәскеу қаласында Кеңес Одағының Батыры, армия генералы, ҚР тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтың ескерткішінің орнатылуына қаржылай демеушілік көрсетті.
105 жылдық тарихы бар «QAZAQ» газетінің құрылтайшысы ретінде Махмұт Ыбырайханұлы қолға алып, қаржыландырып, апта сайын жарық көруіне, таралымының артуына септігін тигізді. Еліміздің өңір-өңірлеріне көбінесе тегін таратылып жатыр.
Қазақстандық минералды су шығаратын компанияларының ішінде ең алғашқы болып, «Марсель Сарыағаш» минералдық суын «Марсель Су» ЖШС компаниясы Ресей және Қытай мемлекеттеріне экспортқа шығарды.
Аталған жобалардың жүзеге асырылуы, алынған нәтижелер мен жетістіктері тек басшының дарындылығы мен үздіксіз еңбегі, стратегиялық ойлауы, ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында іске асты.
Махмұт Ыбырайханұлы көптеген мемлекеттік марапат пен құрмет дәрежелерінің иегері: Қазақстан кеңестік социалистік республикасының Жоғарғы кеңесі президиумының мүшесі (1987 ж.), Қызылорда облысының әкімінің Алғыс хаты (2007 ж.), Қоғамдық ұлттық «Алтын жүрек» сыйлығының лауреаты (2011 ж.), бизнес және экономика саласындағы халықаралық «Сократ» сыйлығының жүлдегері (Оксфорд қ., Ұлыбритания 2011 ж.), «Парыз – 2010» корпоративті әлеуметтік-жауапкершілік байқауының жеңімпазы (2010 ж.), «Жылдың үздік басқарушысы» атағы (2014 ж., 2015 ж.), «Құрмет» ордені (2012 ж.), Ресей мемлекеттік Федералдық Кеңесі және Ресей өнеркәсіп иегерлерінің және кәсіпкерлердің кеңесінің қолдауымен құрылған Халықаралық «Құрмет» атты жүлденің лауреаты (2016 ж.).
2017 жылы жер қойнауын геологиялық зерделеудегі дербес үлесі үшін «Жер қойнауын барлаудың үздігі» белгісімен марапатталды.
2018 жылдың басында М.Нәлібаев дәстүрлі VII «Халықтың сүйіктісі» ұлттық сыйлығы аясында «Жыл меценаты» атанды.
Бұдан бөлек, ағымдағы жылдың маусым айында ҚР Парламенті Сенаты төрағасының қолынан ТМД Парламентаралық ассамблеясы кеңесінің құрмет белгісін алды.
Бірнеше рет ҚР Президентінің халықаралық ресми сапарларының құрамында бизнес өкілдерімен бірге болды.
М.Нәлібаев ұйымдастырушылық, басқарушылық қасиеттерімен бірге, жауапкершілік, адамгершілік сынды адами қасиеттерге де бай азамат.
Осылайша парасат-пайымы, білімі-іскерлігі, адами жоғары қасиеті ел-жұртқа мәлім болған, ел сенімін арқалаған арда азамат Махмұт Нәлібаев әлі де елдің өсуіне орасан зор үлес қосатыны сөзсіз. Біз соған қуанамыз.

Серік ЖҰМАБАЙ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *