Үлкен серпіліс туғызды

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ, жазушы, тарихшы:

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жариялаған үндеуі зерттеушілер арасында үлкен серпіліс туғызып отыр. Президенттің тарихи әділеттілікті қалпына келтіру орайында осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстарды ойдағыдай аяқтап шығу үшін арнайы мемлекеттік комиссия құру жайында тапсырма беруін, өткен ғасырдағы жазықсыз жапа шеккендер рухына тағзым етуді баршамыздың перзенттік борышымыз екенін атап айтуын бар дауыспен қуана қолдаймыз. Осы ретте болашақ комиссия мынандай жәйттерге назар аударса деген ұсыныс білдіреміз: 1) мәселені қарастыру ауқымын 20–50-ші жылдармен шектемей, барша советтік кезеңдегі қуғын-сүргін деректерін зерттеуге алғаны жөн болар еді. Бұған тәркілеу науқаны мен оның салдарларын, кеңестік тарихнамада «бандалар қозғалысы» деп аталған, солақай реформаларға қарсылық көтерілістеріне қатысушыларға қолданылған репрессиялық шараларды мұқият зерделеу кіруге тиіс. Соғыс тұтқындарын, оның ішінде Түркістан легионына қатысқандарды соттау әділдік тұрғысынан, тәуелсіз ел мүддесі тұрғысынан қайта қаралуы керек. Теміртау, Целиноград оқиғалары, совет өкіметінің империялық пиғылын әшкерелеген 1986 жылғы Желтоқсан саяси көтерілісіне байланысты жасалған репрессиялар талдауға алынып, әділ бағасын алуы тиіс; 2) советтік дәуірде үш дүркін (1917–1919, 1921–1923, 1931–1933 жж.) болған ашаршылық қазақ халқын Ұлттық апатқа (Национальная катастрофа) ұшыратып, мүлдем жойылтып жібере жаздады. Осы қасіретті кезеңдерді түбегейлі зерттейтін институт құрып, жанынан Ашаршылық құрбандарын еске алатын арнайы музей ұйымдастыру қажет. Бұл ретте еврейлердің «Яд ва Шем» («Жад және Есім»), украиндардың «Голодомор құрбандарын еске алу» музейлерін үлгі етіп қарауға болады. Алапат аштықты – Ұлттық апатты – 31 мамыр қарсаңындағы жұмада бүкіл ел бойынша мешіттерде, шіркеулерде, өзге де ғибадатханаларда, түрлі оқу мекемелерінде, жұмыс орындарында арнайы еске алып тұратын етіп заңдастырса, халық бірлігін арттыруды, еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің қазақ халқы төңірегіне саналы түрде топтасуын қамтамасыз ететін игілікті шара болары сөзсіз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close