Үлкен айналма жол құрылысы осы мамырда басталады

Негізі, елімізде құрылысы қар­қынды жүріп жатқан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасы шеңберінде әу бастан Алматының үлкен айналма автомобиль жолын (АҮААЖ) салу да қарастырылған болатын. Әрине, бұл ауқымды жобаны қолға алу соңғы он жылдан астам уақыттан бері айтылып келе жатқаны белгілі еді. Міне, ұзаққа созылған осы жоба ақыры үстіміздегі жылы мамыр айында басталатын болып түпкілікті белгіленді.

Бұл туралы биылғы сәуір айын­дағы Үкімет отырысында ҚР Даму және инвестициялар министрі Жеңіс Қасымбек нақты айтқан болатын. Министрдің сол сөзі бойынша, АҮААЖ құрылысына қатысты барлық дайындық  жұмыстары бас­талып кеткен еді. Бұл ретте Ж.Қасым­бек «Қазірдің өзінде аталған жұмысқа жауапты консорциум әзірлікті бастап үлгерді. Ал енді осыған байланысты осы мамыр айында бұл жобаның құрылыс-монтаж  жұмыстары баста­латын болады. Сөйтіп, 2021 жылы АҮААЖ-ның құрылысы толық аяқталады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Алматы станциясын ай­налып өтетін 74 шақырымға созы­латын темір жол желісі құрылысы жобасын бастау да қолға алынатын болады. Осымен бір мезгілде байқау құжаттарын жасау да жүріп жатыр. Соған орай, бұл жұмыстар бойынша инвесторды анықтау биылғы жылдың қараша айында өтеді деп күтілуде. Алдын ала болжам бойынша, 74 шақырымға созылатын бұл теміржол желісінің жалпы құны 96 млрд. теңгені құрайды деп есептелген. Оның үстіне, бұл жоба өзіне қабыса байланысатын станцияның құрылысы мен қайта жасалуын, разъезд бен желі құрылысын және олардың электр­ленуін енгізуді қарастырады.

Ал енді жоғарыда айтқан Алма­тының үлкен айналма автомобиль жолы құрылысы туралы концессия­лық келісімге биылғы 7 ақпанда қол қойылған болатын. Ол бойынша жоба­ны жүзеге асыруға түріктер мен корей­лердің бірлескен «Алсим Аларко – Макйол – SK – Korean Expressway Corporatіon» консорциумы іріктеліп алынып, олар қазіргі таңда жұмысқа кірісіп үлгерді» деп, атап айтқан болатын.

Атап өтетіні, бұл халықаралық жол алдағы уақытта ақылы болады деп жоспарланған. Осы орайда, концес­сиялық келісімге сәйкес ҚР Даму және инвестициялар министрлігі ұсын­ған баға бойынша, АҮААЖ-на кірудің, яғни бір рет жүріп өткеннің бастапқы құны жеңіл автокөліктер үшін – 200 теңге,  ал  жүк  көліктері­не – 280 теңге болады деп белгіленген. Бұл ретте төрт жылдай салынатын АҮААЖ-ның пайдалану ақысы толықтай жолды салудың негізгі инвесторлары – түріктік «AІarko» және корейлік «SK» компанияларына 16 жылға беріледі екен. Содан кейін концессиялық келісім өз күшін жойып, жол­ды пайдалану өз еліміздің құрылым­дарына беріледі екен.

Айта кететіні, қала үшін өте маңызды Алматының үлкен айналма автомобиль жолының құрылысы Ел­басының тікелей бақылауында тұр екен. Сондықтан да Мемлекет басшы­сының Алматыға сапары кезінде болған кездесуде қала әкімі Бауыр­жан Байбек  бұл ауқымды жоба үшін 1,5 млрд. АҚШ доллары көлемінде қаржы тарты­латынын айта келе, «Бұл аталған жобаны жүзеге асыру қаланы автокөліктен 10 пайызға немесе тәулігіне 40-60 мың автомобильден арылтады. Сөйтіп, бұның өзі Алма­тының экологиялық жағдайының жақсаруына және шаһардың «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жүйесі көліктік-логистикалық желісіне қосылуына оң ықпал етеді», – деп атап өткен болатын.

 

«ақшам-ақпарат».

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *