ЛИВИЯ ДАУЫН СЫРТҚЫ КҮШТЕР ШЕШЕ АЛА МА?

  • Берлинде бітістіру құжаты қабылданды
  • Оның орындалатынына үміт пен сенім аз

Әшірбек АМАНГЕЛДІ, «Алматы ақшамының» саяси шолушысы

АҚШ бастаған коалициялық НАТО күштерінің  2011 жылы Муаммар Каддафиді  тақтан тайдырып, көзін жойғалы бері Ливия жұртының жік-жікке бөлініп, «алты бақан алауыз» жағдайда өмір сүріп  жатқаны жұрт­шылыққа мәлім. Тәулігіне 1,66 млн. баррель «қара алтын», жылына 16 млрд. текше метр «көгілдір отын» өндіріп, одан түскен пайданы халықтың игілігіне жаратып, әрбір ливиялық шалқып өмір сүрген, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған»  Каддафи заманы көзден бұлбұлдай ұшқан.

Бүгінде Ливияда қос өкімет орныққан. Бірі – Триполидегі БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қолдауымен құрылған, халықаралық қауым­дастық мойындаған Фаиз Сарадждың жетек­шілігіндегі Ұлттық келісім үкіметі (ҰКҮ) де, екіншісі – Тобруктегі Агила Салех Исаның басқаруындағы Өкілдер палатасы (ӨП). Атышулы  фельдмаршал Халифа  Хафтардың басшылығындағы Ливия ұлттық армиясы (ЛҰА) осы Өкілдер палатасының сойылын соғып жүр. ЛҰА-сыбаяғы Каддафидің әскері­нен қалғандардан, оңтүстік пен батыстық тайпалардың өкілдерінен және федеративтік жүйені қалайтындардан құралған. Белгілі деректерге қарағанда Ливия  жерінің 90 пайызы  фельд-маршал Хафтардың қарауында, ал ҰКҮ-нің  билігі  тек Триполи мен оның айналасын­дағы елді-мекендерге ғана жүреді.

Жалпы, Ливияны  тайпалардан құралған  ел аталады. Мұнда орташа мен кішілерін есепке алмағанда  122 ірі  тайпа мекендейді. Елдің бір­лігі мен тұтастығы бұзылғалы негізінен көш­пелілер тұратын  оңтүстік-батыстағы Феццан аймағы, одан солтүстікке қарай қоныстанған орталығы Зинтан саналатын Батыс таулар өңірі, Триполиді шығысындағы Мисурата қаласы, сондай-ақ,  Бани-Валид және Сирт қала­лары, «Мұнай нысандарын қорғау гвардиясының» билігіндегі мұнай жөнелтетін порттар мен Киринаки кеңесі басқаратын  Бенгази қаласы өздерін  дербес автономия санайды, бөлек өмір сүреді.

Бұған тағы әрқилы жиһадтық, либералдық, зайыр­лы, көзқарастағы, тіпті  географиялық ай­мақ, этнос және тайпалар бойынша жасақ­талған  1700-ден астам қарулы топтарды қосыңыз.

Осы топтардың арасында бұрынғыдан қалған 86 мұнай, 8 газ кеніштеріне, 8 мұнай айыру зауыттары мен мұнай-химия кәсіпорын­дарына иелік ету  үшін әлсін-әлсін қиян-кескі ұрыс қимылдары жүріп отырады.

Десек те, соңғы бес жылдың көлемінде билік жолындағы негізгі күрес Фаиз  Сарадж­дың Ұлттық келісім үкіметімен Халифа Хафтар­дың Ливия ұлттық армиясы арасында жүруде.

Хафтар армиясын  Египет, Сауд Арабиясы және БАӘ қолдап, түрлі қару-жарақпен, қаражат-қаржымен қамтамасыз етіп отырады. Ресей  үкіметі екеуімен де байланыс жасауға ықыласты көрінгенімен, Хафтардың әскеріне көбірек ден қояды. Түркия мен Катар ҰКҮ-тін қолдайды. Өткен 2019 жылдың аяғында Анкара Файз Сарадждың  ҰКҮ-мен  Жерорта  теңізінің шығысы бөлігіндегі екі жақтың шекарасын айқындау туралы келісім жасасты. Бұл келісімге  Египет, Греция мен Оңтүстік Кипр қарсылық білдірді.

Әрине, халықаралық ұйымдар, әлемдік геосаясатта беделді саналатын жетекші мемле­кеттер Ливия халқының тағдырына, биліктегі  саяси дағдарысқа бейтарап қарап жатқан жоқ.

БҰҰ-ның, көршілес араб елдерінің ықпа­лымен  2017 жылғы 2 мамырда Абу-Дабиде (БАӘ) және 25 шілдеде Франция президенті Эммануэль Макрон мен БҰҰ  Ливия жөніндегі арнаулы өкілі  Хасан Салеменің ара ағайын­дымен Парижде Ұлттық келісім үкіметінің жетекшісі Фаиз Сараджбен Ливия ұлттық  армиясының қолбасшысы Халифа Хафтардың кездесуі ұйымдастырылды. Кездесу барысында дағдарысты бейбіт жолмен шешу, 2018 жылдың көктемінде  жалпыхалықтық (президенттік және парламенттік) сайлау өткізу, армияны басқаруды азаматтық билікке беру, елдің оңтүс­тігіндегі жағдайды ретке келтіру, терро­ристік әрекеттерді тыю, президенттік кеңесті тоғыз емес, үш адамның: Тобруктегі парламент спикері Агила Салах Иса, Қарулы күштердік қолбасшысы  Халифа Хафтар және Ұлттық келісім үкіметінің Фаиз Сарадждың басқару деген тәрізді мәселелер талқыланды. Басында бұл талаптарды екі жақ та мақұлдаған сияқты көрінгенмен, жеме-жемге келгенде сиыр­құйым­шақтанып орындалмады.

Жағдай онсыз да күрделеніп тұрғанда ҰКҮ-нің сұрауымен  Жерорта теңізі  жағалауына күзетуіші  жасақтарға  көмек көрсету үшін Италия­ның  әскери кемелерін жіберуі жағдай­ды одан әрі ушықтырып жіберді. Мұны «шет­ел­дік интервенция» деп қабылдаған жұрт­шылық Триполиде, Тобрукте және Бенгазиде наразылық жиындарын өткізіп,  ҰКҮ-нің отставкаға кетуін талап етті. Хафтар өззінің бақталасы Сараджты айыптап, басқын­шылыққа тойтарыс беруге дайын болуға өз әскерлеріне  бұйрық берді.

Ресейдің  «фельдмаршал Хафтарға бүйрегі бұрады» деген пікір тектен-тек айтылмайды. 2017 жылдың 14-15 тамызында ол Мәскеуге келіп, сыртқы істер министрі Сергей Лавров және Қорғаныс министрі Сергей Шойгумен әскери көмек алу жайында келіссөз жүргізіп қайтты. Сонда Хафтар өз армиясының Ливия жерінің тоқсан пайызын азат етіп,  Бенгази қаласын өзіне қаратқанын, барлық мұнай кеніштері мен оларды тасымалдайтын айлақ­тарды теңіз және әскери базаларды бақы­лауы­на алғанын, ҰКҮ-нің басшысы Ф.Сараджбен келісім жасасуға құлықты екенін  мәлімдеді.

Сөз жоқ, билікке ұмтылу адам баласына тән қасиет.  Сол айтқандай, 76 жастан асса да  Халифа Хафтар өзін қаусаған қарт санамайды. Сәті түсіп, елде президенттік сайлау өткізілсе, өз кандидатурасын ұсынып, жеңіске жетуден дәмелі екенін жасырмайды. Сондай жоғары билікке  жету жолында ҰКҮ иелік етіп отырған Триполи қаласын қарулы күшпен басып алуды көксейді. Өткен  2019 жылдың  4 сәуірінде  «терроршылардан тазартамыз» деген сылтаумен ЛҰА-сы  тарапынан  қалаға кезекті шабуыл жасалынды. Бірақ оған  ҰКҮ әскерлері жағынан қатты тойтарыс берілді. Хафтардың шабуылын Сарадж «мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті» деп айыптап, оны тұтқындауға бұйрық берді.  Осы операцияға  қатысқандардың бәрі  ливиялық және халықаралық соттар алдында жауап беріп, жазаланатынын ескертті.

Хафтардың айтуынша, оның  армиясының 1,7 млн. тұрғыны бар қалада халық тығыз орналасқандықтан және елдің ірі портты қаласы, сауда мен өнеркәсіп орталығы болған­дықтан әзірге зор бүлінушілікке ұшырататын жаппай авиациялық бомбалау мен артил­лериялық соққылар жасауға  бармай отырған көрінеді.

АҚШ пен Еуроодақ елдерінің қарсылы­ғына қармастан кейінгі кездері Түркия  мен Ресейдің Таяу Шығыс қайшылықтарын рет­теу­де аса белсенділік танытып отырғаны бай­қалады. Бұл екеуінің Иранмен бірігіп, Қазақ­стан астанасында  Сирия үкіметі мен оппозициялық күштер арасында бірнеше келіссөздер жүргізуге ұйытқы болып, беттерін бері қаратқаны осының айқын дәлелі. Ендігі кезекте Мәскеу мен Анкара орайына қарай Ливия дауын шешудің  амал-әрекетінде.

Биылғы жылдың 8 қаңтарда Стамбулда «Түрік арнасы» газ құбырын іске қосу салта­натына қатысқан Түркия мен Ресей президенттері: Ережеп Ердоған мен Владимир Путин тарапынан Ливиядағы қарсыласушы жақтарға атысты тоқтату, келісімге келу жөнінде ұсыныс жасалды. Осыған байланысты келіссөздер жүргізуге 13 қаңтарға Мәскеуге  Фаиз Сарадж бен Халифа Хафтар шақырылды. Араағайындық қызмет атқаруға Ресей астанасына бір күн бұрын  Түркияның сыртқы және қорғаныс министрлері:  Мәуліт Чавашоғлы мен Хулиси Акар ұшып келді. Соңғы сәтке кейін саммитке Хафтардың келу-келмеуі беймәлімделінгенімен, ол төбе көрсеткенде барлық күдік сейілді.

Ресей және Түркияның  сыртқы істер, қорғаныс министрлерінің екі топтағы ливия­лық делегация өкілдерімен мәселелерді талқылап ортақ тұжырымға келуі сегіз сағатқа созылды. Ресейлік «Интерфакс» агенттігінің жазуынша келіссөз барысында Сарадж бен Хафтар бір үстелдің басында отырмаған. Бұған қатысты ҰКҮ Жоғары мемлекеттік кеңесінің басшысы Халед әл-Мишири: «Біз Хафтармен бірге отырмайтынымызды алдын-ала айтқан­быз. Сондықтан да келіссөздер түркиялық және ресейлік достарымызбен жүргізілді» деген пікір білдірген.

Келісім құжатының  жобасында атыстарды тоқтату, ымыраласу, қарулы күштерді кері шегіндіру, дау-дамайды шешу жөнінде комис­сия құру,  т.б. өзекті мәселлер қамтылды. Дайындалған құжат жобасын ҰКҮ премьер-министрі Фаиз Сарадж бен басқалар мақұлдап қол қойды. Ал Халифа Хафтар құжатты мұқият танысып, ойлану үшін  мұрсат беруді сұрады. Ақыр аяғында бәрібір келісімін бермей Иордания королі ІІ Абдолламен кездесу үшін Амманға ұшып кетті. Өйткені, Иордания да Сауд Арабиясы, БАӘ, Египет және Франция секілді Тобруктегі Өкілдер палатасын жақтайды.

Еуроодақ басшылығы да  Хафтарға Афри­кадан ағылып жатқан босқындарға тосқауыл қоя алады деп үміттенеді. Бұл мақсат үшін ол ЕО-тан 20 млрд. доллар қаржы бөлуді сұраған.

Фельдмаршалдың келісімнен бас тартуы талайларды таңқалдырды.  Онысы әсіресе, Түркия президенті Ережеп Ердоғанның ашуын келтіріп: «егер де Хафтардың армиясы Сарадж үкіметіне шабуыл жасайтын болса, біз қарап  қалмаймыз», – деп ескертуге мәжбүр етті. Сондай-ақ, ол  16 қаңтарда 2019 жылдың қорытын­дысына арналған жиында Ливияның заңды үкіметін қолдау үшін қосымша әскер жіберетінін  мәлімдеді. Бұл ретте парламенттің рұқсаты бар екенін және Сарадж үкіметімен әскери ынтымақтастық жайында келісім жасалғанын алға тартты.

Енді бір деректерге қарағанда,  Ливияда  1,4 млн. кероғлы атаулы түрік тайпасы тұрады. Сарадж әскерінің  сексен пайызын солардан құрал­ған. «Түркия президенті әскер жіберу арқы­лы кероғлы түріктерін қорғамақшы», –  дейді. Осы орайда  оған: «Ер болсаң түрік диаспо­расын қорғайтын Ердоғандай бол!», –  деп Ере­жепке қолпаштау білдіріп жатқандар  баршылық.

Базбір ресейлік сарапшылар Хафтардың қол қоймай кетіп қалғанын айыптап:  «Ол өзінің тұрақсыз да сенімсіз екенін көрсетті. Өзіне қолдау көрсетіп келген Ресей билігінің көңіліне күдік ұялатты», – десті.

Арабиялық Sky News Arabіa телеар­насының хабарлауынша, қолбасшы Хафтар өзінің кетіп қалу себебін келісім құжатында ұлттық армияның Триполиге кіргізілуі, парламенттің  ұлттық бірлік үкіметін құру туралы және Сирия мен Түркиядан әкелінген жалдамалы әскерилердің әкетілуі секілді талаптардың ескерілмеуінен деп түсіндірген.

Ең соңғы бір жаңалық: кешегі 19 қаңтар, жексенбі күні Берлинде Ливия мәселесі бойын­ша халықаралық конференция өткізілді. Кон­ференцияға қарсыласушы тараптар – ЛҰК-і басшысы Фаиз Сарадж бен ЛҰА-ы қолбас­шысы Халифа Хафтар шақырылып, Британия, Германия, Египет, Ресей, Түркия, Франция басшылары сондай-ақ, БҰҰ-ның Бас хатшысы Антониу Гуттериш,  ЕО, Африка одағы және Араб мемлекетері лигасының өкіл­де­рінің қатысты. Жиын қорытындысында атыс­ты, қарулы қақтығысты тоқтатып, жағ­дайды қалыпына келтіруге бағытталған бір­неше тармақтан тұратын мәлімдеме қабылданды.

Мәлімдемеде: «Біз тараптарды Ливия жерінде барлық әскери ұрыс қимылдарын жүргізуден бас тартуға» шақырамыз делініп,  құжатта: БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін тарапынан атысты тоқтату  тәртібін бұзғандарға  санкция қолдану, күш пен зорлық-зомбылық қолда­нуды тыю, әскери топтарды  қарусыздандыру, онда қару жеткізуге эмбарго жариялау, армияға үкіметтің басшылық ету, мұнай өндіруші және тасымалдаушы нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қарулы қақтығысқа сыртқы күштердің араласпауы, экономиканы қалпына келтірудің механизмін жасау, БҰҰ-ның басшылығымен Халықаралық  бақылаушы комитет құру, Президенттік кеңесті жасақтау, екі жақтың өкілдерінен  әске­ри мониторингтік (5+5) комиссиясын ұйым­дастыру  деген сияқты маңызды  талаптар  қам­тылды. Германия канцлері Ангела Меркель конференцияға келген мемлекет басшылары­ның қарсыласушы тараптарға қару-жарақ  жібермеуге уәде бергендерін жеткізді. Әйтсе де, жиында Ливиядағы қайшылық жайы біржолата шешілді деп пікір түюге болмайды. ГФР Сырт­қы істер министрі Хайко Маастың айтуынша, бұл алашқы қадам, алдағы кезде де осындай халықаралық деңгейдегі  жиындар өткізу көзделген. Ақпанның басында ықпал етуші елдердің сыртқы істер министрлері бас қосады.

Ливия дауын шешудегі қазіргі басты мәселе: шет мемлекеттердің әскери көмек, яғни қару-жарақтар беруін тоқтату және қарсыласушы тараптардың қаруларын тастап, бітімгершілік келісімін жасасу болып тұр.

Бір жаманы Мәскеудегідей Берлинде де Сарадж бен Хафтар үстел басында отырып, келіссөздер барысында көзбе-көз кездескен жоқ.

Өкінішке қарай, ҰКҮ баспасөз хатшысы Абдумалик әл-Мадани Берлин конференция­нан кейін бірнеше сағат өтісімен Хафтар әске­рилерінің Триполидің шығыс бөлігі Сала­хаддинді  минометтен дүркін-дүркін атқыла­ғанын хабарлады.

Осыған қарағанда әлдебір сарапшылардың айтып жүргеніндей,  диктатор қолбасшы Хафтар Ливияның тоқсан пайызын өзіне қара­тып, мұнай кәсіпшілігіне қожайындық етіп отырғанын көңіліне тоқ санап, мансұқ ететін тәрізді.

Қалай десек те, Ливия жұртының бірлігі мен тұтастығын сыртқы күштердің қалыптас­тырып беретініне сенім аз. Жалпы, әлемдік тәжірибеде қандай да бір елдің ішкі дау-дамайы мен мұң-мұқтажын басқа мемлекеттердің шешіп бергені жоқтың қасы. Мұны алысқа бармай-ақ, қырық жылдан астам  соғысып келе жатқан Ауғанстан мен тоғыз жыл дау-жанжал мен тұрақсыздық жағдайындағы Сирияның мысалынан  көруге болады.

Мәселен, Кеңес Одағының  Ауғанстанға жүз мыңдық әскер кіргізіп, он жыл бойына (1979–1989 ж.ж.)  тыныштық пен бейбітшілік орната алмағаны  баршаға аян. Мұнан кейін 2001–2014 ж.ж. аралығында АҚШ-тың,  сонан соң  НАТО бастаған 48 мемлекеттің  130 мың жауынгері жүргізген әскери операциялардан да айтарлықтай нәтиже шықпады. Қазірге кезде  Ауған жерінде  8,4 мың  американдық  және 4,5 НАТО сарбаздары қызмет етеді. Елдегі жағдай бұрынғысынша  күрделі күйінде қалып отыр. Үкімет пен «Талибан» қозғалы­сының қарулы қақтығысы  жалғасу үстінде.

Осы сияқты, Сирияда да 2011 жылдан азамат соғысы тұтанып,  содан бері үкімет пен қарулы оппозиция арасында айқас жүріп келеді. Әлсіреп бара жатқан Башир Асад режимін 2015 жылы Ресей Әскери-ғарыштық күштері арқылы қолдап қайта жандандырды. Өткен жылдың 9 қазанында Түркияның Сирияның солтүстік-шығысында «Бейбітшілік бастауы» әскери операциясын жүргізуі  халықаралық деңгейде үлкен шу тудырды. БҰҰ-нан бастап, Түркия, Ресей және Иран қостап, Сириядағы қарсыласушы тараптарды елдегі саяси ахуалды реттеу үшін Консти­туциялық комитет құруға,  жалпыхалықтық сайлау өткізуге көндіргендей болды.  Әйтсе де,  түйін шешілді деп айтуға әлі де  ертелеу.

Бәрінен де бір кезде «қағанағы қарқ, саға­нағы сарқ» болып, аста-төк тіршілік кешкен, арандату мен сыртқы басқын­шылықтан шытынап  бөлшектеніп,  тоз-тоз болған Ливия халқының өмірі аянышты-ақ. Кейінгі тоғыз жыл көлемінде бір күн де бейбітшілік пен тыныштықты көрмеген, көздерін мұң басқан ұрпақ өсіп келеді.

Берекесіздік пен алауыздық қашанға дейін созылмақ?

 

«Ақшамның» анықтамасы

Ливия Ұлттық келісім үкіметінің басшысы  Фаиз Сарадж.

Фаиз Мустафа ас-Сарадж 1960 жылы 20 ақпанда Триполиде танымал отбасында дүниеге келген. Әкесі Мустафа тәуелсіздік алғаннан кейін Ливия мемлекетін құрғандардың бірі. Ол 1951–1969 ж.ж. король Ыдырыстың  үкіметінде қызмет еткен.  Фаиз 1982 жылы әл-Фатех универ­сите­тін архитектура және қала құрылысы маман­дығы бойынша бітіріп, еңбек жолын Муаммар Каддафидің тұсындағы Үй құрылыс министр­лігінде бастаған. 1999 жылы әкімшілік басқару магистрі дәрежесін алған. Әлеуметтік қамсыз­дандыру қорында кеңесшілік жасаған. Бір әріптесімен бірігіп инженерлік консалтингтік бюро құрған.

2011 жылғы төңкерістен кейін ұлттық татуласу жөніндегі комиссия құрамына енген. 2012 жылы Жалпы ұлттық конгреске депутат болып сайланып, ондағы комитетте энерге­тика және тұрмыстық-коммуналдық шаруа­шылық мәселелерімен айналысқан. 2014 жылдың мамыр-маусым аралығындағы Ахмед Майтыганың үкіметінде оған тұрғын үй және коммуналдық шарушылық министрі қызметі ұсынылған. Алайда, ол елдегі тұрақсыздыққа байланысты бас тартқан.

2015 жылдың қазанында Фаиз Сарадж БҰҰ-ның Ливия мәселесі жөніндегі өкілі Бернардино Леонның қолдауымен Ұлттық келісім үкіметіне премьерлікке ұсынылды. Оның кандидатурасына исламшыл ұйымдар қарсылық білдірді. Сол жылдың 17 желтоқ­санында Марокканың Схират қаласында қарсыласушы тараптар саяси келісімге қол қойып, жаңа үкімет құруға мүмкіндік туды.  2016 жылғы 9 қаңтарда Злитен қаласында  Ф.Сараджға қастандық жасалды. Оны жерглікті қауіпсіздік қызметі аман сақтап қалды. 19 қаңтарда Триполиде Ливияның президенттік кеңесі  Фаиз Сараджды Ұлттық келісім үкіметіне (ҰКҮ) премьер-министр етіп тағайындады. ҰКҮ-не қарсыласушы фракция­ларды және саяси күштердің басын қосып, татуластыру міндеті жүктелді.

2016-2017 ж.ж. Фаиз Сарадждың ҰКҮ мен фельдмаршал Халифа Хафтардың ЛҰА ара­сында үш рет келіссөз жүргізіліп, ымы­рала­сып келіскендей болған. Бірақ артынан Хаф­тар айнып қалып отырды. Кешегі 13 қаң­тар­дағы Мәскеу кездесуінде де ол басында мақұл­дағандай сыңай танытқа­нымен жеме-жемге келгенде тайқып, қол қоймай кетіп қалды.

 

Ливия ұлттық армиясының бас қолбасшысы, фельдмаршал Халифа Хафтар.

Халифа Белка­сим Хафтар 1943 жылы Адж­дабияда туылған. Әл-Фард­жани тай­па­сының өкілі.  Бенга­зиде Әс­кери универ­си­тет академиясын бітір­ген. 1969 жылы 26 жасын­да  монархиялық билікті құлатқан Муам­мар Каддафидің төңке­рісіне қатынасып, оның сенімді серіктерінің бірі болған. Оның қол­дауымен 1977-1978 ж.ж. КСРО-дағы «Выстрел» жоғары офицерлер курсында, 1983 жылы Фрунзе атындағы ака­де­мияда білім алған. Орыс тілін жақсы біледі.

1987 жылы Чад елімен соғыста полковник Хафтар Ливия әскерлеріне қолбасшылық жаса­ған. Соғыс барысында  400 солдатымен бірге  жау қолына түсіп қалған. Каддафи Чад мемлекетімен келісім жасасып, өз бетінше соғысқан Хафтарды тұтқыннан  босатып алудан бас тартқан. Осыдан кейін Каддафи мен Хафтардың жолы екі айырылған. 1988 жылы Чадтағы Каддафи билігіне қарсы құрылған оппозициялық Ұлттық құтқару майданымен байланысып, түрмеден босатылған. Амери­кандық ЦРУ (Орталық барлау басқарма­сының)  қолдауымен әскер жасақтап, Ливияға  шабуыл жасап, Каддафиді құлатуға әрекет­тенген. Онысы Чадтағы төңкеріске байла­ныс­ты жүзеге аспай қалған.  ЦРУ дереу Хафтар мен оның қара­уындағы 350 солдатты Заирге әкетіп, әрі қарай Кения арқылы АҚШ-қа жөнелткен. 1990 жылы американдық азамат­тықты қабылдап, жиырма жылдай сонда тұр­ған. ЦРУ-мен бірлесе жұмыс істеп, Ливия­ны азат ету майданының күшімен Муаммар Каддафиді тақтан тайдыру жоспарын жасаған. Осының негізінде 1996 жылы оңтүстік Ливияның таулы аймағында көтеріліс ұйым­дастырған. Онысы сәтсіздікке ұшырап, көтері­лісшілердің біразы қолға түсіп, өлім жазасына кесіл­ген. 2003 жылы АҚШ Иракқа басып кір­ген­нен кейін Каддафи Құрама Штат­тармен  ядролық қарудан бас тарту жөнінде келісім жасасып, ЦРУ Хафтармен жұмыс істеуді күртүзіп, тоқтатқан.

2011 жылы Ливияда азамат соғысы бастал­ған тұста АҚШ-тан Бенгазиге оралып, төңке­ріс­шілерге қосылған. Абдул Фатах Юнис қолбас­шылық еткен  қарулы күштер сапында  генерал-лейтенант шенінде жаяу әскерді басқарған. 2014 жылы Хафтар теледидар арқы­­лы сөз сөйлеп, парламенттің таратылға­нын, жаңа сайлау өткізіл­генше елді басқа­ратын «пре­зиденттік комитеттің» құрылға­нын жа­рия­лап, мемлекеттік төңкеріс жасауға ниет­тенген. Алайда, оны қолдайтындар табыла қоймаған.

Тобруктегі Өкілдер палатасы Хафтардың армиясына арқа сүйейді. Сондықтан оған 2015 жылы генерал-лейтенант,  2016 жылы фельд­мар­шал шенін берген. Көршілес Египет, БАӘ және Сауд Арабиясының қару-жарақ және қаржылай көмегіне сүйеген Халифа Хафтар­дың ЛҰА-сы   Фаиз Сарадждың басқаруын­дағы  ҰКҮ-нің бірден-бір қарсыласы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *