ӘЛІПБИ ӘЛЕМІ МЕН ӘДЕБІ

немесе ұлттық Тілбілім ілімінің болашағы туралы тұжырымдар

Шерәлі   БІЛӘЛ, филология  ғылымының докторы, профессор

Ұлттық Тілбілім  ілімінің келешегі оны латынға көшіруден бастау алады. Бұл ғылымның негізі латынға көшу арқылы қалыптастырылатын болады. Сол арқылы Тілбілім  ілімі (лингвистика, языкознание) ұлт тілінде, қазақша сөйлеп, қоғамда шынайы қазақша ғылыми ахуал қалыптаспақ.  Олай болмаған күнде, латынға көшу ешбір қисынға (логикаға) келмейтін берекесіз тірлік болады.

«МЕМЛЕКЕТТІК  ТІЛ  МӘСЕЛЕСІНІҢ  ШЕШІМІ – ҒЫЛЫМДЫ    ҰЛТ   ТІЛІНДЕ   СӨЙЛЕТУДЕ»

Біз латынға көшу арқылы 30 жыл бойы айтумен келе жатқан, шешімі табылмаған аса күрделі мәселенің, Мемлекеттік тіл мәселесінің шешімі табылатын болды. Олай деуімізге дәлел – өзіміздің мына еңбе­гімізде (Ш.Біләл. Ұлттық ғылым тілі негіздерін қалыптастыру. Алматы, «Ғылым», 1996 ж.,  426-б.) тиянақталған «Мемлекеттік тіл мәселесінің шешімі – ғылымды ұлт тілінде сөйлетуде» – деген дәйекті тұжы­рымда. Иә, ұлттық Тілбілім ғылымының тілі – қазақ тілі, ол – мемлекеттік тіл. Сондықтан да осылай тіл мәселесі шешіледі деуге толық негіз бар. Солай дегенмен, бұл қалайша, аса күрделі мәселе  бір мезетте бірден шешіле салады? Оның себебі мынада:

Біріншіден,  латынға көшу дегеніміз –  қазақ Тілбілім ілімінің заңдылықтарын, ережелерін, жалпы ғылымды қайта қарау, оны ұлттық қалыпқа келтіру деген сөз.

Екіншіден, ғылымның идеологиялық (теориялық) негіздері  дұрыс, Ахмет Байтұрсынов үлгісінде қалыптастырылған.

Үшіншіден, Ахаңның ұлттық Тілбілім теориясы қазіргі таңдағы қазақ тілінің өркендеп-өскен деңгейін ескере отырып, немесе оның өсу деңгейіне сәйкестендіріп жаңғыртылған.

Төртіншіден, ғылым атаулары ұлт тілінде өрнектелген.

Бесіншіден, ұлттық ғылыми өрнек (стиль)  қалыптастырылған.

Алтыншыдан, ұлттық ғылым тілінің ақпараттылығы (информативность) қамтамасыз етілген.

Жетіншіден, ғылым тілі тұрпаттан­дырылған (формализация).

Бұл дегеніміз – ұлттық ғылым өз тұғырына қонды  деген сөз. Енді оны орнынан қозғау – қиынның қиыны, мүмкін емес десе де болады. Осы аталған фактілерді іске асыру үшін Ахмет Байтұрсынұлының  Тілбілім ілімінің теориясы кеңінен қолданылатын болады, қолданылуы тиіс, әрине. Ол ілім теориясы осы уақытқа дейін жарияланбағандықтан, немесе ол қоғамға жат элемент еңбегінің нәтижесі танылғандықтан, оны қоғамның тұтынуына тыйым салынған еді. Енді соны жария ету, қайта жасау қажеттілігі туып отыр.

Ол қалай жасалмақ? Біздің зерттеу­леріміздің нәтижесінде мынадай (Ахмет Байтұрсынұлының Тілбілім ілімінің теориялық негіздері) бағдарламалық жоба  дүниеге келді. Бағдарламамыз  төрт түрлі қомақты да, атқарылуы күрделі жобалардан тұрады:

1-жоба. Ахмет Байтұрсынұлының  Тілбілім ілімі атауларының көптілдік (қазақ, орыс, араб, ағылшын) екіжақ (ұғым, этимология) түсіндірме сөздігін  жасау.

2-жоба. Ахмет Байтұрсынұлының  Тілбілім ілімі атауларының жасалу теориясын әзірлеу.

3-жоба. Ахмет Байтұрсынұлының  Тілбілім грамматикасының  теориясын жасау.

4-жоба. Ахмет Байтұрсынұлының  Тілбілім  ілімінің жалпы теориясын жасау.

Бағдарламаны атқаруға жиырмаға жуық белгілі мамандарды қатыстыру көзделіп отыр, аяқталу мерзімі  – бір жыл. Ендігі мәселе, қаражатқа тіреліп тұр. Жұмысқа негізінен, Тілбілім институ­тының қызметкерлерін тарту жоспар­ланған.

Ал енді латынға көшуде, жазуымызды латынға көшіруде  айырықша парасат-пайым қажет. Бұл істің жәй ғана мәселе емес, үлкен ғылыми проблема екендігін оған тартылған жұрт түсіне ме екен? Түсінсе,  жақсы.

Ғылым қалай жасалады? Тарихи қалыптасқан дәстүр бойынша, алға қойылған проблеманы шешуге қажетті  материалдар жинақтау қажет, оның ішінде, сол проблеманы шешуге бағытталған отандық ғылыми мектептер, оның жетекші ғалымдарын анықтау аса маңызды. Бұл мәселе  анықталғаннан кейін олардың еңбектерін іске жарату парыз. Ондай мектеп бізде бар. Ол – мемлекеттік сыйлықтың иегері, физика-математика ғылымының докторы, профессор   Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы Жасанды интеллект институтының директоры Алтынбек Шәріпбаев мектебі. Бұл мектеп университет ашылғаннан бері жұмыс істеп келеді, яғни 20 жылдық тарихы бар деген сөз. Бұл бағытта Алтынбек Шәріпбаевтың жетекшілігімен қаншама ғылым доктор­лары, ғылым кандидаттары, философия докторлары дайындалды. Осындай ғылыми ізденістердің нәти­жесінде, бүгінгі күні Елбасымыз қойып отырған латынға көшу мәселесі теориялық тұрғыдан түбегейлі шешімін тапты, һәм жаппай компью­терлендірілді (автомат­тандырылды).

Осынау үлкен мемлекеттік істің, латындандыру ісінің басында тұруға тиісті ұланымыз – профессор Алтынбек Шәріпбаев дер едік. Қазақ тілі әліпбиінің алғашқы латын нұсқасы өтпегеннен кейін, екінші нұсқа ұсынылып, қолданысқа енгізілді. Дей тұрғанмен де , екінші нұсқа әлі де болса жетілдіруді қажет етеді.

Адами қасиеттің жақсы үлгісі ретінде Ұлт тілінің нағыз жанашырлары туралы айта кеткенді жөн. Тіл, мемлекеттік тіл проблемаларын терең түсінетін, пікірлері нақты да дәлелді, лингвист ғалымдар, терминолог ғалымдар  бар. Олар: академик Өмірзақ Айтбаев, профессор Байынқол Қалиев, профессор Махамбет Жүсіпов, ҰҒА корреспондент-мүшесі Шерубай Құрманбайұлы, профессор Спандияр Ақаевтар. Олардың  басты еңбектері мыналар: Ө.Айтбаев. «Қазақ термино­логиясының дамуы мен қалып­тасуы» (1988 ж.); Б.Қалиев. «Түсіндірме сөздік жасаудың теориясы мен практи­касы», «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі  (15 томдыққа қосымша 1 том)», Мемлекеттік тілді дамыту институты, (2014 ж.); М.Жүсіпов. «Фоне­мография А.Байтұр­сынова и фонология сингармонизма», Ташкент, (1995 г.), «А.Байтұрсынұлы һәм терминология мәселелері», Алматы, (2017 ж.); Ш.Құрман­байұлы. «Қазақ тілі лексикасының терминденуі». Алматы, «Ғылым», (2001 ж.); С.Ақаев. «Терминнің танымдық табиғаты».  Алматы,  (2004 ж.).

 

 

ЖАСАНДЫ  КЕДЕРГІЛЕР ҺӘМ  ОНЫҢ  ТІЛТҰТЫНУ  ҮДЕРІСІНДЕГІ  САЛДАРЫ

Ұлттық ғылым тілінің қалыптасып, одан әрі дамуы әрқашанда мемлекет назарында болып келгендігі көңіл аудартады (Ө.Айтбаев. Қазақ термино­логиясының дамуы мен қалыптасуы. 1988 жыл). Әрбір ұлттық ғылым тілі мәселелері толғандырмай тұра алмайтын болса керек. Соның нақты көрінісі ретінде 1925–1935 жылдар аралығында Қазақ КСР Оқу халық коммиссариаты жанындағы Мемтер­минком (Мемлекеттік терминология комиссиясы) терминология мәселелеріне жетекшілік жасап келген. 1931 жылы жарық көрген «Атаулар сөздігі» сол кезеңмен тұстас келеді. 1935 жылы Мемлекеттік терминология комиссиясы бюллетенінің төрт нөмірі жарық көрді. Бюллетеннің бұл сандарында алдағы зерттеу жұмыстарына бағыт-бағдар сілтейтін материалдар жарияланды. Әсіресе, қазақ тілі атаулары мен орфографиясы жөніндегі жоба. Қ.Жұбановтың мақалаларында атау- сөздің ерекшелігі және жасалу принциптері жайында келелі әңгіме  қозғалыпты.

Бюллетеннің 2-санында «Математика терминдері жөнінде» атты мақала басылған. Ал, үшіншісінде бюллетеннің алғашқы санында басылған  «Математика термин­дерінің орысша-қазақша сөздігінің» жалғасы жарық көрген. Яғни бюллетеннің төрт бірдей санында да математика аталмай қалмаған. Бұл аталған еңбектер сол кездегі ғылымның әр алуан саласында қызмет етіп жүрген Ә.Ермеков, Р.Бөкейханов, Ғ.Бегалиев сияқты ел азаматтарының екпінді іс нәтижесі болса керек. Жұртшылық талқысынан өткен, мәдениет қайраткерлерінің бүкілқазақстандық алқалы жиыны  мақұлдаған осы атаулар Қазақстан Халық Комиссариаты Кеңесінің қаулысымен бекітіліп, 1936 жылы терминологиялық сөздікте «Қазақ тілі терминдері» деген атпен жарық көреді. Қ.Жұбановтың жалпы редакциясымен «Қазақстан» баспасынан шыққан бұл сөздікте әлеуметтік экономика, физика, математика, салалары қамтылған. Сонымен қатар, онда негізін Қ.Жұбанов жасаған, сөздік бекіткен, 10 пункттен тұратын Мемлекеттік терминология комиссиясы басшылыққа алып отырған қазақ әдеби тілі терминологиясының принциптері        беріл­ген.

«20-жылдарда пайда болып, қолданыста қилы-қилы өріс тауып, ала-құлалықты өрбіткен термин жасау процесіндегі шалағайлықтар, көбінесе мұның принциптерін жөнді түсінбегендіктен, термин жасау мен қабылдаудың қағидалары мен заңдылықтарын жете білмегендіктен кетіп жататын. Бұл түзілген принциптер сол олқылықтың орнын толтырды», – деген пікірмен біз келісе алмаймыз. Принцип, қағида, заңдылық дегеніміз мемлекеттік қаулы-қарармен ғана тұжырымдалып, бекітілген дүние емес, сол табиғаттың өзінен де туындап жатқан дүние. Яғни ұлттық тіл табиғатын терең пайымдау негізінде, оның өзінен, өмір сүру, өсіп-өну, өрбіп даму қажеттілігінен туындайтын табиғи ережелер. Сондықтан да 20-жылдардағы Ахаң (Ахмет Бай­тұрсынұлы) бастаған қазақ зиялыларына «шалағайлықтарды» таңу орынсыз, кері­сінше, олар ұлттық тілдің даму жолын, дамудың бағыт-бағдарын жете түсінген­діктен ғылыми атауларды қазақ тілінде жасауға барынша күш-жігер жұмсап отыр. Бұл – үлкен білімдарлықтың, көреген­діліктің белгісі еді.

Қазақ тілінің қазіргі жағдайы 20-жылдардағы «шалағайлықтардың» сал­дарынан емес, 30-жылдардан бастау алатын жалған «білімдарлықтың» зардабынан. Қалай десек те, біздің қазіргі танымымыз тұрғысынан алғанда, бәріне  уақыт кінәлі екендігін тағы да еске саламыз. Себебі, кез-келген ұлтжанды азамат өз тамырына саналы түрде балта шаппақ емес. Ал ғылым тілін «ұлтсыз­дандыру» немесе халықаралық атауларды түпнұсқада қабылдау деген сияқты ағым осымен пара-пар       келетін нәрсе емес пе? Осы­ны біз әлі де жете түсінбеген сияқты­мыз. Бұл да болса ұлттық сананың әлі қалыптасып болмағандығының белгісі болса керек.

 (Жалғасы бар).

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *