ӘЛІПБИ ӘЛЕМІ МЕН ӘДЕБІ

немесе ұлттық Тілбілім ілімінің болашағы туралы тұжырымдар

Шерәлі   БІЛӘЛ,           филология  ғылымының докторы, профессорҰЛТТЫҚ ТІЛБІЛІМ   ІЛІМІНІҢ ИДЕЯЛЫҚ  (ТЕОРИЯЛЫҚ)  ТҰҒЫРЫ

Ахмет Байтұрсынұлы – теңдесі жоқ ұлы ғалым. Әлем тарихында Ахаңдай  құбылыс жоқ десе де болады. Яғни бір  жал­ғыз  өзі  ғылым жасады дегенге қазақ­тан  басқаның сенуі қиын, сендіру де қиын.

Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттық ғылым жасаушы

Ұлттық ғылым дегеніміз – ұлтқа қызмет ететін, оны өркениет жолымен таным шыңына жетелейтін, ұлттық болмысты жарқыратып көрсететін, ұлттық санаға жарық отын жағатын рухани қару. Ұлттық ғылым жасаудың алғашқы үлгісі Ахаңның «Әдебиет танытқышынан» көрі­ніс береді. Оның бірінші бетіндегі 28 жолдан сәл ғана асатын «аңдату» тақырып­шасының мазмұнына тоқталып көрелік. Онда аз сөзбен жалпы өнерге, оның қор­шаған дүниемен, табиғатпен байланысына ауқымды түсінік берілген. Мұнда талдау (анализ), өру (синтез), индукция (жалпы­лау), дедукция (жалқылау) әдістері кеңінен қолданылған. Баяндау тәсілінде қисынды­лық, ұласпалық, жалғастық, өзара тығыз байланыстылық көзге ұрып тұр. Зерттеу нысанасы тиянақты жүйе ретінде алынып, оның әуелдері (элементтері) арасындағы табиғи байланыстың сыры айқындалып, дүние бүтінделе түскен. Қазақ ұлтына тән ауқымды дүниетанымдық көзқарас негізінде қиыстырылған өнер талғамы, өнер таптастыруы (классификациясы) ұлттық болмысқа сүйенеді. Бүкіл дүниенің аражігі өнерге қатысты ажыратылып, өнерге қатысты тұйықталған. Әдебиеттану ғылымының басында өнер тұр немесе ол сөз өнерінің ерекше көрінісі. Әдебиетті ғылыми ретінде таныту алдында оның өзге ғылымдармен сабақтастығын айырып, оның шығу төркінін анықтайды. Одан әрі сөз өнері (әдебиет) ғылыми жүйеленіп, салаланып, жіктеліп, тұлғаланып, тұтас та бірегей ғылым тұрғысында танылады.

Сөз өнерінің ғылыми тіл (лұғат) қисы­ны, мазмұн жағынан қара сөз жүйесі, дарынды сөз жүйесі болып бөлінеді. Әр сала жеке талданып, құрамды бөліктері толық анықталады. Ғылым түзетін ұғым атаулары айқындалып, оларға нақты түсінік беріледі. Ұғымдық мағына мен атау сәйкестігі жоғары деңгейде қалыптасқан. Мысалы, тіл көрнектілігін айқындайтын көріктеу, меңзеу, бейнелеу, ауыстыру, алмастыру, кейіптеу, бернелеу, әсірелеу, мезгеу, әсерлеу (лептеу) т.б. сияқты атаулардан олар белгілеген ұғым мағынасы толығымен ұғынықты. Ғылыми ұғымдарды танытуда немесе ғылымды мәністеуде салыстырмалық әдіс кеңінен қолданылады. Яғни жаңа ұғым, нысана мысалдар арқылы, белгілі заттық, мағыналық қасиеттер арқылы түсіндіріледі. Мысалы, үміт өлең. Біреуден үміттене, бір нәрсе дәмете айтыл­ған өлең. Бұған мақтау өлең, құттықтау өлең, сұрау өлең жатқызылады. Одан әрі жеке ақындардың өлеңдері келтіріліп, ұғымдық мағына нақтылана, тиянақтала түседі.

Сонымен, ұлттық ғылым жасаушы ұғымын толық анықтау үшін, ғылым жасалғандығын көрсетсек жеткілікті, ал ұлттық атауына оның ұлт тілінде өрілген­дігі дәлел. Ғылым жасалғандығы жалпы өнердің қомақты бір саласының бүге-шігесіне дейін талданып, жеке құрылымды жүйе ретінде танылғанды­ғынан, оның құрамды бөліктерінің деңгей­лік таным сатыларына сәйкестендіріліп анықталған­ды­ғынан, олардың өзара ішкі байланыс­тары және сыртқы өнерге қатысты байла­ныстарының айқындалған­дығынан көрініс береді. Ал ұлттық тілтану ғылымы­ның жасалғандығына келер болсақ, оны үстірт пайымдау қиын. Ондағы жіктеу, таптау, топтау, жүйелеу амалдарының өзі терең талғамды қажет етеді. Әрине, Ахаңның ілімін таныту қажет, бірақ оның ілім (ғылым) екендігін дәлелдеу артық, оған еңбектерінің өзі дәлел. Сонда да болса, ұлының ұлылығын баса көрсеткен де жөн.

Назариал (теоретик) ғалым және оның теориясы

Ахаң ұлттық әдебиеттану, тілтану назарияларын (теорияларын) жасады. Енді сол теориялардың табиғатына, ерекше­ліктеріне үстірт болса да үңіліп көрелік.

Ахаңның әдебиеттану назариясын біз «ұлттағылымдық назария» деп атаймыз. Себебі, назария ұлттық болмыс, ұлттық таным, ұлттық руханият жүйесі негізінде жасалған, сондықтан да тағылымдық мәні зор деп бағаланады. Қазіргі ғылымда қалыптасқан теориялардан кем соғатын жері жоқ, қайта артықшылығы басым. Белгілі теориялар бүтін ғылым саласын түгелімен қамти бермейді, жеке мәселеге ғана бағытталып жатады. Ал Ахаң теориясы бүкіл ұлттық әдебиет ілімін бүге-шігесіне дейін талдап, жіктеп, таптастырып, екшеп, саралап, даралап өзіндік ерекше табиғаты бар әлемдік ғылымдар сапына қосады. Мысалы, Ахаң бойынша, «сөз талғаудың» қоятын шарттары: сөз дұрыс­тығы (оның өзі үшке жіктеледі), тіл тазалығы, тіл (лұғат) анықтығы, тіл дәлдігі, тіл көрнекілігі. Көр­нектіліктің өзі үш тапқа: көріктеу, меңзеу, әсерлеу деп бөлініп, оның әрқайсысы жіктеліп, бүтін ұғымдық мағына-бұтақты құрылымының кезекті сатылық деңгейі анықталады. Яғни тұтас мағына одан әрі бөлінбейтін күйге жеткенше бөлшектене береді. Осы көпсатылы мағыналық тұлға­лардан өрілген кең ауқымды бүтін мағы­налық тұлға бұтақты құрылым төбесінде орналасқан.

Ахаңның ұлттық тіл білімі назариясын, оның өз сөзімен айтқанда, «сөздің жүйесін, қисынын келтіріп сөйлеу қандай керек болса, жазғанда да сөздің кестесін жазу сондай керек» дегенінен шығарып, «кес­телеу назариясы» деп  атасақ болғандай. Себебі, бұл назарияда сөз кестесі келтіріліп немесе сөз бірліктерінен ұлттық тіл жүйесі қалыптасуының жолдары, оның дыбыстық жүйесі, сөз жүйесі, сөйлем жүйесі толық сараланып, тұтас құрылымды жүйе жасақ­талған. Яғни ұлттық тіл білімі толық жүйеге келтіріліп, оның кірісі мен шығысы, ішкі құбылыстары мен заңдылықтарының сыры ашылып, жеке ғылым саласы ретінде қалыптастырылған. Осы жолдағы, яғни ұлттық ғылым жасау жолындағы, Ахаң теориясы жалпы таным теориясымен, даму теориясымен ұштасып жатыр. Оны сол, жалпы адамзаттық аса кең ауқымды тео­рия­лардың  нақты нысанаға қатысты көрі­нісі ретінде бағалаған жөн.

(Жалғасы бар).

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *