ӘЛІПБИ ӘЛЕМІ МЕН ӘДЕБІ

немесе ұлттық Тілбілім ілімінің болашағы туралы тұжырымдар

Шерәлі   БІЛӘЛ,          

филология  ғылымының докторы, профессор

Енді кезінде терминжасам ісіне мол пайдасы тиген тарихи құжаттың өзіне, оның он принципіне жеке-жеке тоқталып көрелік. Онда да біз түпнұсқаға емес, өзіміз пайдаланып отырған кітаптағы деректерге жүгінеміз. Сонымен аталған құжаттың бірінші шарты бойынша, «әдеби тілдердің көбіне ортақ  революция, совет, теория, практика, тенденция, медицина, хирургия, климат, абсолютный, конкретный, т.с.с. халықаралық сипаты бар терминдерді сол түпнұсқадағы қалпынша қазақ тіліне аудармай алу» қажеттілігі айтылыпты. Ғылым атауларын орыс тілі түпнұсқада қабылдаса, одан өзге ұлт тілдері де солай қабылдау қажеттілігі туындамайды. Бұл жерде де әр тілдің өз табиғаты, ішкі мүмкіндіктері ескерілуге тиіс. Табиғаты мүлде жат сөзді, ғылым атауын «халық­аралық» сияқты жасанды ұғымдар арқылы ұлт тіліне таңу күпірлік дер едік. Егер ол  жат тілдік атау-сөз ұлт тілімен үйлесіп, үндесіп жатса сөз басқа. Яғни ол сөздің туыстық, жақындық белгілері болып жатса, оны қабылдағаннан ұлт тілі ұтылмайды, ұтатын болады. Ал «халықаралық сипат­тағы» деп ол «сипаттың» түбіріне терең үңілмей, ондағы заңдылықтарды ұғынбай, атауларды сол күйінде, түпнұсқада қабыл­дай беру ұлт тілін ғылым тілі болудан мүлде қалдырған болар еді. Қазақ тілінің қазіргі жағдайы бұл тұрғыда мардымсыз ғана.

Екінші шарт  бойынша, «әдеби тілдер тәжірибесінде аударылып алынып жүрген производство, труд, деньги, корень, стебель, мышцы, деление, умножение тәрізді халықаралық терминдерді аудару керек» делінген. Яғни орыс тіліне ауда­рылатын атаулар қазақ тіліне де аударылуға тиіс. Жарайды, солай-ақ болсын. Бірақ атау-сөздің мағынасын, түр-тұлғасын ажыратпай жатып, орыс тілі жетегінде кете беру ұлт тіліне абырой әпермейді. Осы екінші шарт бойынша тағы да  сославие, состав, клетка, слет сияқты  қазақ тілінде баламасы жоқ немесе терминнің қазақша нұсқасы бастапқы мағынадан ауытқитын болса, онда оны аудармай алған жөн» делініпті. Баламасы жоқ емес, баламасы бар, бірақ оны іздеп табу керек. Ал ол дегеніңіз, өте ауыр жұмыс, көп ізденуді талап етеді. Сондықтан да басты ауырт­паудың бірден-бір жолы аталған немесе «сияқты» сөздерді сол күйінде қалдыру болса керек. Ал қазақша нұсқа бастапқы мағынадан ауытқитын болса, онда бала­маның дұрыс табылма­ғандығы. Яғни осы екінші шарттың қосымшасында ешбір қисын (логика) жоқ, көңілге қонбайды. Кез-келген ғылыми тұжырымда тиянақ­тылық болуы шарт.

Үшіншіден, әр түрлі ғылым салаларына ортақ терминдер болуы мүмкін. Мысалы, материя термині философия мен физи­када, түбір термині математика, ботаника мен лингвистикада, реакция термині химия, биология және саяси ұғым есебінде, экскурсия сөзі оқу-ағарту ісі мен физио­логия ғылымында кездеседі. «Бұларды сол бірыңғай түрде қалыптастыру керек» делінген. Бұл қағидамен келісуге болады, бірақ бірыңғайлық бола бермейді. Мысалы, келтірілген атаулардың ішіндегі түбір сөзі ботаника мен лингвистикада бір мағынада қолданылса, математикадағы мағынасы оған сай емес. Осындай атаулар  кездесе  береді.

Төртіншіден, «әрқилы жағдайда әр алуан мағынаны білдіретін мануфактура (тарихи-экономикалық және тауартану мағынасында), продукт (өндіріс өнімі және азық-түлік мағынасында) сияқтылар бір пәнде термин ретінде алынсын да, екіншіде жай сөз ретінде аударылсын». Осы бір қағида дұрыс аударылмаған. Қай кезде аударылып, қай кезде өз күйінде сақтала­тындығын білдіретін шартты белгі айқын­далмаған. Екіншіден, бұл қағида бойынша бір сөзді аударып та, аудармай да қолдана беретін боламыз. Сонда бұл дегеніміз бір берекесіз дүние болды ғой. Егер әр түрлі жағдайда әр алуан мағынаны білдіретін болса, әр мағынаға сәйкес жеке сөз табуға болады емес пе? Осы жерде бір ескертетін нәрсе, термин деген ұғым атауына сонша­лықты үлкен дәреже беріліп, оны өзге сөздерден барынша бөлектеу байқалады. Оған жай атау-сөз ғана екендігі естен шығарылады немесе термин атауына бір сиқырлы күш-қуат дарығандай, сол арқылы ол өзін жасаушыларға немесе реттеушілерге жоғарыдан қысым көрсетіп тұрғандай.

Бесіншіден, халықаралық терминдер орысшадан қалай алынса, қазақшада да солай алынады. Егер ол сөздерді таңба­лайтын кейбір әріптер жетіспесе қазақ алфавитінің бар мүмкіндігі пайдаланатын болсын. Мысалы, porma (форма), gіjmіja (химия), rebolutsіa (революция) т.б. Бұл қағида бойынша, халықаралық атаулар аударылмай түпнұсқада алынатындығымен қоса, орысша қалай жазылса, қазақша да солай жазылсын деп тұр. Яғни келсін-келмесін орысша жазуға міндеттейді. Бұл дегеніміз – орыс тілін күштеп таңу деген сөз. Бұл қағидада ешқандай да ғылыми негіз жоқ.

Алтыншы бап бойынша, «аударуға келетін терминдерді аударғанда оның ғылыми мәні дәл берілуін қадағалау керек. Аудару кезінде қазақ тілінің граммати­калық ерекшеліктері қатаң сақталуы тиіс. Berіlіs – передача, kopkіl – многоугольник, togbma – текстиль, tacіrbe – практика тәріз­ді терминдерді түсініксіз ететін жасанды сөзжасамға үйір болмаған жөн». Бұл қағиданы толық мақұлдауға болар еді, бірақ соңғы мысалдарға келтірілген ескертпе түсініксіздеу.  Қазақы атауларға қатысты айтылған «жасанды сөзжасам» ұғымы орынсыз сияқты. Яғни қазақы атауларда көзге ұрып тұрған жасандылық байқалмайды және де қазақшаланғаннан терминдер түсініксіз тартты деу мүлде қисынсыз. Қазақ тілін кемсіткеннен ұтарымыз не сонда?

Жетінші пунктте былай деп көрсетіледі: «Есім және есімденген етістік форма­ларындағы халықаралық (интернационал) терминдер сол түрінде алынсын. Ал -изация, -ификация, -ация жұрнақтарымен келетін машинизация, электрофикация, объектинизация сөз­деріне қазақ жұрнақ­тары жалғанып алынсын (машиналандыру, электрлендіру, объективтену). Ал -ский, -ный жалғаулары арқылы жасалған анық­тауыш сын есімдер қазақшасында қысқар­тылып популяр кітап (популярная книга), абсолют шама (аб­солют­ная величична), буржуаз идеология (буржуазная идеоло­гия), экстенсив шаруашылық (экстенсив­ное хозяйство), дифференциал теңгерме (дифферен­циальное уравнение) түрінде алынуға тиіс. Сондай-ақ, түбір сөздің к дыбысы ү-ге айналып -ский жұрнағымен келетін сын есімдер жалғауы қазақшасында қысқар­тылып электр шам (электрическая лампа), физика география (физическая география) т.б. түрінде берілсін. Изоли­ровать, машинизировать тәрізді есімнен болған етістік формалар қазақ тілінің жұрнақтары арқылы изоляциялау, машина­ландыру деп алынсын.

Бұл қағида атаулардың орыс тіліндегі нұсқасына бейімделіп жасалған. Яғни орысша жұрнақтар қазақша жұрнақтармен ауыстырылу арқылы атау қазақы түрге келтіріледі. Атау құрайтын анықтауыш сын есімнің қысқартылып алынуы да көңілге қонады. Бірақ бұл шарт «халықаралық» атауларға қазақша балама табылмаған күнде ғана орынды, тек сонда ғана онымен келісуге болады. Ал «халықаралық» ұғымы әрқашан да атауға қазақша балама іздестірудің қажетсіздігін санаға сіңірумен болады. Оның байыбына барып жатқан ешкім жоқ. Шындығына келсек, бұл ұғым тілге қатысты, атау жасауға қатысты анық­талмаған ұғым. Яғни ол ұғымды қолдану үшін, алдымен, оны дұрыс анықтап алған жөн. Төрт-бес ел тұтынған сөзді бүкіл дүние тұтыну қажеттілігі тумайды.

Сегізінші пунктте халықаралық терми­нология тәжірибесінде қолданылып жүрген кейбір -ист, -изм тәрізді суффикстер мен ре-, син-, де-, ант-, контр- тәрізді сөз алды префикстерінің қазақ тілінде баламасы жоқ болғандықтан термин сөздермен бірге бұлар да қолданылсын, басқа қосымшалар­дың бәрін де қазақша түрінде алу керек дегенді атап көрсетеді. Бұл қағидамен де келісу қиын. Келтірілген қосымшалардың қазақша баламасы жоқ болсын-ақ дейік, бірақ толық сөздің баламасы табылуға тиіс қой. Тағы да сол «халықаралық» ұғымы қол байлау болып тұр. Осы ұғымды нақтылай түсер болсақ, онда ол тілдерге қатысты «тіл­аралық» болып өзгерсе орынды. Ал «тіларалық» сөздерді ортақ, бәріне бірдей сөздер ретінде ұғынсақ керек. Ол қандай сөздер, несі ортақ, несімен бірдей деген сияқты сұрақтар туындайды. Оның жауабы – ортақ қасиет, ортақ белгілер.

Яғни сөздердің туыстығы, ұқсастығы оны екінші тілде тұтынуға  мүмкіндік туғызады. Ал олай болмаған жағдайда, бөтен сөз келтіріліп барып тұтылмағы жөн. Яғни ұқсатып барып тұтынбақ лазым. Ұқсатуға келмеген сөзді аудармауға лаж жоқ. Ондай сөздердің, айтқанда тіл күрмелетін сөздердің баршылығы ақиқат. Ол сөздерді қаншалықты келтіріп ұқсат­қанмен, оны тілдік орта қабылдай алмайды немесе ондай сөздер тілге сіңісіп кете аламайды. Сондықтан да «халық­аралық» ұғымның тасасында жат сөздерді қабылдау­дың да шегі бар екендігі және ұғымның өзін қайта анықтау,  дәл анықтау қажет­тілігі туындайды.

Тоғызыншы пунктте қысқарған сөздер жайы әңгіме болады. Авто, аэро, авио, т.б. қазақ сөздерімен біріктіріп автожол, автоқатынас, авиошина, т.б. деп алынсын депті. «Осы күнге дейін қазақша аудармасы беріліп келген диктатура, революция, совет, теория, практика, контрреволюция, милитаризм тәрізді, т.б. терминдер бұдан былай қарай аударылмай сол халықаралық қолданыстағы қалпынша алынуға тиіс. Бұл қағидамен де келісе алмаймыз. Себебі, орыс тілінен гөрі қазақ тіліне жақын әрі туыс тілдер (түркі тілдері) тобында осы қа­ғи­даны ұстану үрдісі байқалмайды. Мы­салы, автотрассаны түріктер – kara yolu, қырғыз – қара жол, ұйғыр, өзбектер – жол, әзірбайжан – sose (шоссе) депті.  Сол сияқ­ты, басқа да осы тәрізді сөздерде бірізділік байқалмайды. Ал енді екінші сөздер тізбегіне келер болсақ, онда да орыс тіліне еліктеу аңғарылмайды. Мысалы, револю­ция сөзі түріктерде devrіm, әзербайжанда іngіlab, башқұртта іnkіlab, қазақта төңкеріс, қырғызда іnkіlab, төңкеріс болып кете береді. Бұл қағида орыс тілі ыңғайында жасалған. Орыс тіліндегі жартыкеш аудармалар қазақ тілінде де солай беріліп, орыс тілінде аударылмай алынған сөздер қазақ тілінде де аударылмай алынсын дегенге саяды. Ондай тұжырымда ешқандай да ғылыми негіз болмақ емес.

Оныншы пунктте де өте маңызды мәселеге мән беріледі. Атап айтқанда, Ұлы Октябрьден бері әсіресе  орыс тілінің сөз жасау тәжірибесінде қолданылып келе жатқан біріккен күрделі сөздер мәселесі әңгіме болады. Саяси экономия (полит­экономия), ауатком (райисполком) т.б. тәрізді жаңа тіркесім терминдер қазақ тілі заңдылығына орай жасалып, Мемтер­минком бекіткеннен соң ғана қолданысқа ендірілсін. Егер біріккен күрделі сөздерден тұратын атаулар мысалдағыдай қазақша берілетін болса, онда бұл қағидамен толық келісуге болады. Бірақ дегенмен, бекітіп тас қылу дегеніңіз көңілге қаяу салатын сияқты. Мінеки, мемлекет тарапынан қаулы қабылданып, заңдастырылған атау жасау қағидалары осындай. Бұл қағидалар мүлтіксіз орындауға міндеттейді. Сондық­тан да мемлекеттік қадағалауды қажет етеді. Бірақ бұл мемлекет тарапынан жасалған ұлттық тілге деген қамқорлықтан гөрі, оған жасалып отырған қысымға көбірек ұқсайды. Бұл қағидалар орыс тіліндегі атаулар жасалу негізін басшы­лыққа алған. Әр тілдің өз ерекшеліктері, өзіндік даму жолы есепке алынбаған. Ғылыми тұрғыдан дәйекті түрде тиянақ­талмаған, түбегейлі зерттелмеген мәселені жаппай міндеттеу орынды іс емес, әрине, бірақ мемлекет, қоғам даму бағыты осы жолды еріксіз таңдауға мәжбүр еткен іспетті. Сонымен, Мемтерминком бекіткен атау жасау қағидалары ұлт тілінің даму аясын барынша тарылтып, оның еркін дамуына нұқсан келтіреді. Қазақ тілі ғылым тілі болудан мүлде қалатын болады. Себебі, ғылым атаулары қазақша сөйлеме­ген жерде қазақ тілі ғылым тілі болады немесе болды деп айту орынсыз. Ал атал­ған құжатта қазақ тілін барынша шектеу мен шеттетуге жол берілген.  Осы құжатты басшылыққа ала отырып, қазақ тілін ғылым тілі ету мәселесін күн тәртібіне қоюдың өзі қаншалықты қисынды екендігі түсініксіз.

(Жалғасы бар).

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *