ӨЛІМНІҢ ӨЗІМЕН ӘЗІЛДЕСЕТІН

Кісіні, әсіресе, елге танымал, өмір бойы сол елге «құлша» қызмет еткен адамды шығарып салудың өзі үлкен тағылым түйетіндей, артына үлкен өнеге қалдыратындай болғаны да қандай жақсы. Жасыратыны жоқ, орыс ағайындар бұл жағынан келгенде бізден оқ бойы озық екені көрініп тұрады.

Таяуда Ресей жұрты даңқты режис­сер, совет киносының соңғы абызы мен аңызының бірі Георгий Данелияны Кино үйінен соңғы сапарға шығарып салды. Бүгінде өзі танымал тұлғаларға айналған талайларға өнердегі өкіл әкесі атанған оның киноларына бір-ақ формула – қарапайымдылық тән еді. Соншалықты өмірдің өзінен алынып, қарапайым бола тұра ол көрерменге үміт сыйлайтын. Қоштасу кезінде оның туындыларынан үзінді келтіріп тұрды. Сценарист және суретші Александр Адабашьян оны «Қайта өрлеу дәуірінің адамы» деп атады. Шынында да оған өлшеусіз қарыздар Карен Шахназаров та оны тұтас бір дәуірге теңегенін ойлағанда, бұл тізімге сол рухтағы суреткерлер Гайдайды, Рязановты да қосуға болады.

Ол өзін ұлы комик дейтіндерге өмір бойы қарсы болып өткен екен. Әрине, оның фильмдері көбіне әзілге құрылға­нымен, трагедиялық сәттер де аз емес еді. Ол қайғы мен қуаныштың ортасынан ғажайып сезім, құбылыс тудыратын тапқыр суреткер болды.

Ол өзінің туған топырағы Грузияны да жиі есіне алып өтті. Осы қоштасу үстінде оқылған «Саған 50 жыл досты­ғымыз үшін рахмет. Мен осынау кере­мет күндерді өмір бақи ұмытпаймын» деген Вахтанг Кикабидзенің қоштасу сөзі де жұртты тебірентіп өтті. Әрине, кезінде Кремльдің съездер сарайында авторлық кешін өткізуге қарсы болған аса ұлтшыл (жақсы мағынасында түсініңіз) оның бұл қазаға келмеуінің сыры да түсінікті болса керек.

Бір өкініштісі, көршісі, досы Ю.Рос­тың айтуынша, ол соңғы сце­нарийін қаңтарда жазып, ақпанда ауруханаға түсіп, сол дерттен шыға алмай қалды.

Ол өлімнің өзін өмірдің бір бөлшегі деп қарап, тіпті онымен әзілдесіп те қоятын көрінеді. Ол осының бәрін Жаратқан жанымды қинамай алса деп, өзіне жеңіл өлім тілеу тұрғысынан жасайтын көрінеді. Шынында қаралы қоштасу кезінде оның рухының жоғары екендігі, елдің еңсесін түсірмеуге көп мүмкіндік жасалғаны көрініп тұрды. Тіпті, осы сәттегі режиссерлік қойылым авторы да жұртқа өзі секілді әсер қалдырды.

Қ.ИМАН.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *