ӨЛІМДІ ЕСКЕ АЛУ АДАМ ПСИХОЛОГИЯСЫНА ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТЕДІ?

«Мұхаммед (с.а.с.) оларға: «Расында, сендер қашқан өлім, әрине, ол сендерге кездеседі. Сосын көместі, көрнеуді білуші Аллаға қайтарыласыңдар. Сонда сендер істеген істеріңді түсіндіреді» деп айт» («Жұма» сүресі, 8-аят.).

Иә, бұл аяттар өмірдің өткінші екен­дігін, әрбір жан иесі өлетіндігін, өлімнен ешкім қашып құтыла алмайтындығын анық, ашық айтып тұр.

Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Ақылды адам – өзін есепке тартып, өлім үшін дайын­далатын адам», – деген. Бірнәрсе үшін дайындалу – ол нәрсені жиі еске алу арқылы болады. Еске алу еске түсіретін нәрселерге қараумен, оларды істеумен іске асады. Тағы бір хадисте: «Ең ақылдыларың – өлімді көп еске алатын, ақырет үшін азық жинауда асыққандарың. Өлімді көп еске алатын адам дүние мен ақырет бақытына қауышады», – деген.

Біраз уақытқа дейін көптеген Батыс ғалымдары өлімді еске алу, өлім туралы ойлау адам үшін қауіпті және зиян деген түсінікте болып келді. Алайда, АҚШ-тың «Миссури» университетінің ғалымдары мен психологтары өлімді еске алудың адам психикасы мен мінез-құлқына қалай әсер ететіндігі туралы мүлдем басқаша зерттеу нәтижелерін баяндап отыр.

 

АДАМДЫ МЕЙІРІМДІ ЕТЕДІ

Психология ғылымының докторы Кеннет Вейл (Kenneth Vaіl) мынадай әлеуметтік  зерттеу жүргізген. Ол екі әртісті шақырып, көшеде өтіп бара жатқан барлық адамдар еститіндей етіп, оларға жақсылық пен мейірімділік, өзара жәрдем жасау туралы әңгіме айтқызады. Содан кейін екі әртістің бірі қолындағы ноутбугын әдейі құлатып алады. Сол кезде сырттан бақылап отырған зерттеу жүргізушілер құлаған ноутбукты көтеруге көмектесуге келген адамдардың санын жазып отырады. Осы зерттеу қаланың бірнеше жерінде жасалған. Ең қызығы, құлаған ноутбукты көтеруге көмектескен адамдардың 40% жақын маңдағы зиратта жерленген туыстарының қабірінің басынан келе жатқан адамдар болып шыққан. Осы арқылы Кеннет Вейл өлімді еске алу адамды мейірімді болуға шақырады деген нәтижеге келген.  Пайғам­барымыз (с.а.с.): «Өлімді көп еске алған адамның көңілі жанданады, өлімі де оңай болады», – деп бекер айтпаса керек.

 

БІР-БІРІМІЗГЕ САБЫРЛЫ БОЛУДЫ ҮЙРЕТЕДІ

Ирандық және америкалық ғалымдар жүргізген зерттеу барысында өлімді ойлау арқылы адамдар бір-біріне сабырлы және тату болатынын дәлелдеген.

Орталарында ұрыс-керіс болып, арасы суып кеткен ағайынның арасын осы өлім жарастырады. Өлімнің алдында барлық өкпе-реніш, келіспеушіліктердің мәні жойылады. Осыдан кейін әр адам өзара сыйластықты сақтай отырып, ары қарай көркем қатынасты болудың жолын қарастыра бастайды. Бәрінің барар жері арғы дүние екенін түсінген адам қамшының сабындай ғана мына жалған дүниеде ең болмаса адамдармен қарым-қатынасым көркем болсыншы деген ниетте болады.

 

ДЕНСАУЛЫҚҚА ЖАҚСЫ ҚАРАУҒА ҮЙРЕТЕДІ

Ұлы Жаратушы біздерге санасақ санына жете алмайтын өте мол және керемет нығметтер берген. Соның бірі – денсаулық.  Жасыратыны жоқ, көпшілігіміз сол аманатқа селсоқ қарап қана қоймай, шариғатымыз тыйым салған істерді істеп, ішіп-жейміз. Нәтижесінде денсаулығы­мызға зиян келіп, өзіміздің тәнімізге қиянат жасаймыз. Бұл турасында қасиетті Құран Кәрімде: «Өз-өздеріңді өлтірмеңдер (және соған апаратын бұзықтыққа бармаңдар). Расында (сіздерді бұдан тыйған), Алла сендерге ерекше мейірімді» деген.

Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, өлімді ойлау арқылы адам баласы өзіне деген қамқорлығы мен денсаулығын сақтауды қолға алады екен. Психология ғылымының профессоры Борис Егоров өлімді көп  ойлайтын адамның ісі мен сөзі бір-бірімен үйлесетін (адекватный) және қателік жасаудан аулақ болуға тырысатын және өміріне қауіпті барлық нәрселерден алыс жүретіндігі туралы көптеген материалдар дайындаған. Сонымен қатар, қайтыс болған туыстарының зиратына көбірек баруды ұсынған екен.

Екі дүниенің сұлтаны, ардақты Пай­ғам­барымыз (с.а.с.): «Ләззаттарды жоқ қылатын, ауыздың дәмін бұзатын, үміттерді үзетін өлімді көп еске алыңдар! Өлімді таршылықта еске алған адам жеңілдейді. Кеңшілікте еске алған адам, ысыраптан қашып, қанағатшыл болады», – деген сөзін текке айтпаған.

Ал Сізге өлімді еске алу қалай әсер етеді? www.muslіm.kz.

Барлық истиғфарды қамтушы дұға:

Раббиғ-фир ли хати-ати, уа жәһли, уа исрафи фи әмри куллиһи уа мә Әнтә аъләму биһи минни. Аллаһуммағ-фир ли хатая-и, уа ъамди, уа жәһли, уа һәзли. Уа куллу зәликә ъинди. Аллаһуммағ-фир ли ма қаддамту, уа мә аххарту, уа мә әсрарту уа мә аъләнт. Әнтәл-Муқаддим, уа Әнтәл-Муаххир, уа Әнтә ъалә кулли шәй-ин Қадир. Мағынасы:

«Уа, Раббым! Мен қатем, білімсіздігім, барлық шектен шыққан істерім үшін және менен де жақсы білетін нәрселерің үшін кешірім сұраймын.

Уа, Алла! Қателіктерімді, әдейі істегенімді, білмей істегенімді және әзілдеп істегенімді кешір. Бұның барлығы да менің мойнымда бар.

Уа, Алла! Бұрынғы істегенімді, кейінгі істегенімді, жасырын, әрі жария істегенімді де кешіргейсің. Сен – Муқаддимсың (Ілгерілетуші), Сен – Муаххирсың (Кешіктіруші), Сенің әр нәрсеге құдіретің жетеді».

 

Бүгінгі аят:

«Олардың ажалы келгенде, оны бір сәтке де кешіктіре алмайды, тездете де алмайды. Яғни ешкім ажалынан бұрын не кейін өлмейді». («Нахл» сүресі, 61-аят).

 

Алланың кӨркем есімдерімен дұға жасаңыз

Әл-Мутәкәббир (Тәкаппар, Аса жоғары)

«Ол – Алла, одан басқа Құдай жоқ!  Ол – Патша әрі Аса қасиетті, Бейбіт, Аса сенімді, Толық басқарушы, Үстем, Бойсұндырушы, Тәкаппар» («Хашыр» сүресі, 23-аят).

Осы көркем есімді жиі қайталайтын адам құрмет пен абыройға ие болады.  Ал бұл есімді қиын іске кірісерден бұрын көп қайталаса, Алланың қалауымен іс оңтайланады. Сондай-ақ, бұл көркем есімді жүкті әйел толғатудан бұрын көп қайталаса, ізгі де ізетті ұрпақ туылады.

Әл-Халиқ (Жаратушы)

«Ол – Алла – Жаратушы, Жоқтан бар етуші, Бейнелеуші, көркем есімдер Оған тән» («Хашыр» сүресі, 24-аят). 

Алланың осы бір көркем есімін жеті күн бойы күніне 100 мәртеден қайталап жүрсе, Алла оны түрлі бәле-жалалардан қорғайды. Ал бұл есімді түнгі мезгілде ұзақ қайталауды дағдыға айналдырған жанның құрметі үшін Алланың қалауымен періш­телер истиғфар айтып, Раббысына сәжде жасайды.

 

«Шағбан айын берекелі ете ГӨр»

Шағбан айы – қасиетті Ережеп пен Рама­зан айларының ортасында келетін берекесі мол ай. Биыл бұл ай 6 сәуір күні кірген болатын. Пайғамбарымыз (с.а.с.) бұл айда  көп ораза ұстайтын болған. Бұл туралы Айша анамыз: Мен Алла елшісінің (с.а.с.) Рамазан айынан тыс басқа айларда бір ай толық ораза ұстағанын көрмедім, сол сияқты Шағбан айы тәрізді басқа айларда көп ораза ұстағанын көрмедім», – деген. Ал Усама ибн Зәйд Алла елшісінен (с.а.с.):

–       Уа, Алла елшісі! Неліктен Шағбан айын­да ораза ұстағаныңыз сынды өзге айларда ораза ұстамайсыз? – деп сұрағанда, Пайғамбар (с.а.с.):

–       Ережеп пен Рамазанның ортасында адамдар бұл айдың артықшылығын ескере бермейді. Бұл айда адамдардың амалдары Аллаға көтеріледі. Амалдарым көтерілгенде, оразада болуды қалаймын», – деп жауап берген.

Жоғарыдағы екі хадис бұл айдың маңызды ай екенін көрсетеді. Барша мұсыл­ман үмметі бұл айдан ғапыл қал­мауға тырысқан. Ескіде, адамдар Шағбан айы кірісімен Құран кітаптарын қолдарына алып хатым ететін, жылдық зекеттерін осы айда шығаратын, дүниелік істерді мүм­кіндігінше ысырып қойып, намазға, зікірге, Құран оқуға, ораза ұстауға бет бұратын. Себебі, бұл ай Рамазан айына дайындық іспеттес. Ал Құран оқуға бет бұрушылар­дың молдығы сонша, Құран оқылатын немесе Құран оқушылар айы деп те аталып кеткен.

Міне, біздің аяқ басқан айымыз – осындай ерекше ай, берекесі мол ай. Бұл ай жақсылықты молайтып, жаман әдет­терден тыйылып, Рамазанға дайындалатын ай, өткен жылдардан қалған қазаларды өтейтін ай. Шағбан сөзінің тілдік мағынасы «көптеген жақсылықтардың бастауы» дегенді білдіреді. Сансыз сауапқа толы Рамазан жақындағанын сүйіншілейтін бұл мүбәрак айды ардақты Мұхаммед пайғам­барымыз (с.а.с.) ерекше ықыласпен қарсы алып, құлшылыққа толы өткізетін болған. Алдағы Рамазан айына дайындық жасап, айналасындағы сахабаларын соған үнде­ген. Әбу Әмәмә әл-Бәһилиден жеткен хадисте: «Шағбан айы кіргенде, өздеріңізді тазалаңыздар және ниеттеріңізді дұрыста­ңыздар», – деп өсиет еткен.

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүннетіне сай қасиетті Шағбан айына белгілі бір дайындық жасаудың мәні зор. Жан-тәнімізді түрлі жаманшылықтан тазартып, ниет-ықыласымызды дұрыстап, айлардың сұлтаны Рамазанды кіршіксіз пәк жүрек­пен қарсы алуға талпынуымыз қажет. Қызғаныш, көреалмаушылық, қастандық, жеккөрушілік, ашушаңдықтан жүрегімізді тазалап, ғайбат, өсек, сөз тасу, жамандау, кемсіту, көпшіліктің алдында біреудің айы­бын көзге басып ұялту секілді жағымсыз істерден тілімізді қорғауды дағдыға айнал­дырып, дайындық жасауымыз керек.

Алла елшісі (с.а.с.) былай деп өсиет қалдырған: «Шама-шарқыңызға қарай амал жасаңыз. Өйткені, сіз жалықпайынша Алла да сізге жалығатын амалды жүкте­мейді. Алланың құзырында қабыл болатын амал – аз да болса игі істің тұрақты жалғасып тұрғаны», – дейді.

Ендеше, берекеге толы Шағбан айында күндіз ораза ұстап, түнде құлшылық жаса­ған дұрыс. Бұған қоса, сүйікті Пайғам­барымызға (с.а.с.) салауаттар арнаған жөн. Ардақты елшіміз Шағбан айы келгенде, «Алла Тағалам! Ережеп пен Шағбан айларын берекелі қыла гөр. Бізді Рамазанға аман-есен жеткіз» деген дұғасын жиі айтатын болған. Бізге де бұл мүбәрак айды берекелі етіп, құлшылықпен өткізуді нәсіп етсін!

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *