ӨЛІАРА ШАҚТА ӨКІНІП ҚАЛМАЙЫҚ

41Сәуір жауыны мен дауылы көп «Аласапыран»  амалымен басталды

Өткен жолғы пайымымызда айдың соңын ала  «Құс қанаты» амалы келетінін айтқанбыз. Жауыны мол  ол амал өтіп, екіншісі басталды. Қазір тек Алматыда ғана емес, бүкіл елімізде қар еріп, жер лайсаң болып, елді мекенге қауіпті күндер жүріп жатыр. Осындай жайсыз, шаруаға қолайсыз кезді бабаларымыз «аласапыран» деп  атаған.  Осы амал еліміздің бір өңірінде боранды дауыл болып, екінші бір аймақта селдеткен жауын болып, елдің берекесін қашырып өтетін болған.

Арқаны мекендеген ағайындар осы соңғы боранды «отамалы» деп те атайды. Ызғарлы дауылдан кейін көк көтеріліп, малдың өрісі кеңейетін болған. Отамалы – сәуірдің онында кіріп, он бесінде шығады деген де жорамал бар.

Қазақтың жыл есебін жүргізетін есепшілерінің айтуынша, «отамалы» өткеннен кейін күн жылынып, қар еріп, шаруаға жайлы жылдары шыққан шөптің биіктігі ат көзінен келетін болған.  Бірақ, қыстың зәрі отамалы да шығатындықтан, отамалы желсіз, борансыз өтпейтін болған. Егер отамалы қарсыз қара жерге келсе, соңынан қатты суық болады деп сақтанған, қарлы жерге келсе, соңы ыстық болады деп қуанған. Биыл «отамалы» қарлы жерге келді. Байтақ даламызды тұтас жапқан қардың көбесі енді сөгіліп, еріп жатыр.

Алматыда өткен наурыз айының соңында аспанды қара бұлт бүркегенімен қар жаумады, жаңбыр ғана сіркіреп тұрды. Күн де айтарлықтай салқындаған жоқ. Ал өткен жылы 29 – 30 наурыз аралығында Алматыда қалың қар жауған болатын. Ауа райын зерттейтін орталықтың мамандары мұны Алматыда соңғы 3 жылда жауған ең қалың қар деп атаған еді. Қалыңдығы – 35 сантиметрге жеткен. Бұл бір жылда жауатын қардың  үштен бір бөлігі көрінеді. Есесіне, өткен жылғы жаз айлары өте ыстық болғанын қалалықтар әлі ұмытпаған болар.

Алдағы аптада (7 – 13 сәуір аралығында) «Аласапыран»  амалы да өте шығады. Күн бірте-бірте бұрынғыдан да жылына бастайды. Аптаның соңына қарай  аяқастынан ыстық болуы да ғажап емес. Биыл жылдағыдан ерте гүлдеген өрік пен шие, тағы да басқа жеміс ағаштары үшін бұл ыстықтың пайдалы екені айтпаса да түсінікті болса керек.

Бірақ, осымен жауынды-шашынды күндер, жайсыз желдер бітті деуге болмайды. Алда әлі біраз амал бар. Солардың бірі – «Бесқонақ». Онан кейін «Сәуір» амалы келеді. «Сәуір болмай, тәуір болмайды» деген мақал да бар…

Бүгін қолданыстағы күнтізбе бойынша 7 сәуір. Мұсылманша (ай есебі бойынша), ертең жаңа ай – Ережеп туады. 6 күннен кейін қазақша жаңа ай (Сәуір) басталады. Айдың басы қашан да өзгеріссіз болмайтынын өмір көрсетіп жүр. Қазір өліарашақ. Күн құбылып тұр. Жылт еткен күн көзіне сеніп, өкініп қалмайық… Гүлдеп тұрған жеміс ағаштарына күтім жасауды ұмытпау керек.

 

Бабалар болжамы

КӨктемге байланысты жорамал:

Торғай ерте жұмыртқаласа, күн ерте жылынады.

Күн көп күркіресе, егін, шөп мол шығады.

Көктемнің басында қарға суға шомылса, күн жылынады.

Таң күңгірт тартып, күн манаурап көрінсе, жыл жауын-шашынды болады.

Көктем туғанда таң шапағы шашырап атса, ол жылы молшылық, береке орын алады.

Таң өрттей қызарып атса, ол жылы жаманшылық, жұт, қуаңшылық, апатты жағдайлар болуы мүмкін.

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *