ҮЛГІ ТҰТАРЛЫҚ ҮРДІС

Туған ауылына 80 жаста 80 шақырым жаяу барып, тізе бүгіп қайтқан қаламгер

Жаһанға жар салып, дабыра қылмай-ақ, өзі туған Жамбыл ақын ауылына жаяу жорық жасауды іштей жоспарлаған ақын-жазушы Орысбай Әбділдаұлы өзінің 80 жасқа толған мерейлі шағын ерекше атап өтуі де негізсіз емес. Орағаң байырғы спортшы ретінде өзін-өзі бабында сақтаған сергек адам. Асқарлы 80 жасында туған ауылы Алматыдан тұп-тура 80 шақырым аралықтағы Жамбыл ауданы, Жамбыл ақын ауылына жаяу барып келуді алдына мақсат етіп қойды.

Ал ол мұндай жаяу жүргіншілік жорыққа о бастан-ақ дайын болған. Мәсе­лен, бұрындары қалалық спорт комитеті Жамбыл Жабаевтың туған ақпан айында жыл сайын абыз ақын ауылына шаңғы­шылар жорығын ұйымдастыратынды. Орысбай ағамыз да аяғына шаңғы байлап, сол дүрмектің бел ортасында жүретін. Олар аудан орталығы Ұзынағашқа бір түнеп, ертеңіне Жамбылдың музей үйіне жетіп жығылатын. Ол үрдіс соңғы жылдары тоқтап қалды…

Сүйінбай Аронұлының 200 жылдығына орай «Егемен Қазақстан» газеті ойлас­тырған жаяу жорыққа қосылған Орағаң да жүз шақырымдағы Сүйінбай кесенесіне дейін шалдықпай сергек жеткендердің бірі болғаны ел есінде.

— Аллаға шүкір, қуат-күш барда қара жерді нық басқым келеді, — дейді, Орағаң бойын тіктей түсіп. – Майтөбенің бау­райын­да қой бағып, қозы қайырғанның да пайдасы болған шығар. Сосын әскерде саперлар отрядында үш жыл қатарынан соғыста жарылмай қалған бомбы, снаряд, гранаттарды залалсыздандырамыз деп зыр жүгіргеніміздің де кәдеге асқаны анық. Мен қазір де күніне 10 шақырым жаяу жүріп, таза ауа жұтамын. Біз тұрған «Ақ­кент» ықшамауданы Алматының, Қаскелең жақтағы ең шеті: Ертеңді-кеш самал есіп, адамды ауылға жүр-жүрлейтіндей хал кештіреді…

Иә, қаламгер ағамыздың үлгі тұтарлық үрдісі кісі қызығарлықтай. 80 жасын 80 шақырым жаяу жүріспен қарсы алыпты. Қара жерді нық басып туған жерге жаяу барып-қайтқанға не жетсін?

Және бір ерекшелігі қаламгер ешкімді әурелемей, дабыра-даңғаза қылмай соқа басы тәуекел етіп, жол қапшығын арқалап, темір таяғын ғана жанына серік етіп, 80 шақырымдық қашыққа жолда екі күн түнеп (Шамалғанға, Ұзынағашқа) үшінші күні туған ауылы Жамбыл музейіне жеткен.

Жамбыл ата жасына жетіңіз, Ораға! Орысбай Әбділдаұлы – баспасөз ардагері!

 

Ізбасар  ОРАЗБАҚҰЛЫ,

Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы,

спорт шебері.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *