Өлген адам хат жаза ма?..

Жеңіс ШЫНЫБЕКОВ

– Бір шөмеле шытыр жеген кәрі сиырдың жапасындай болып жатысын қара, мына малдан боғы бөтен малғұнның. Құдай-ау, осы еркек емес, ез немеге қайдан ғана жолық­тым екен? Елдің еркегін қарашы, табы­сын да табады, малын да бағады, қатынын да хан қызындай киіндіріп қояды. Менің байсымағымның мешел болған адамдай жатысы мынау. Шабашкада үш ай тентіреп жүріп тапқаны – осы қу моланың бір жыр­тығын жамауға да жетпейді. Балалар анау, жалаңаяқ, жалаңбұт қар кешіп жүр. Мен жүрмін, жиырма жыл­дан бері жеті елдің жесіріндей болып, бір кебін ауыс­тыра алмай. Ойбай-ау, қай мінезімнен, қай пейілімнен таптым, осы тірі жесір, жоқшылықты? Түйенің төс табанындай қалың бетінде мысқал ұят жоқ, тапқан табысының тең жартысын өзі жеп кетеді. Тұр, ойбай, тұр шалжимай. Ана жағына жетпіс жеті жылан жұмырт­қалағыр қара бұзаудың енесі жаңа өлгендей жыланып, мөңірегенін естімей жатырсың ба? Тұрып, су бер, алдына кәшек сал. Қарасан келгір қара сиыр осы үйден жейтін шөп таппай, көрінгеннің қорасына телміріп, қайыр сұрағандай қаңғырып ол кетіпті. Қат­паның қақатұяқ қатыны ұрлап сауып алмай тұрғанда, тауып әкел танауы­нан сорасы аққан қу сасықты! Маған не дейді, не кінә тағады? Шешеңді жеті жыл баққанда, алғыс алған жоқ едім. Мендей ақ көңіл байғұсқа рахмет айтар бір жан жоқ.

Безбикенің жиырма жылдан бергі жыры осы. Оған Қоқыштың құлақ еті әбден шынығып, үйреніп кеткен. Өзіне біткен төзімділікпен, үндеместігімен үнсіз төзіп келген. Туабіткен момын, үстінен қой айдаса да мыңқ етпейтін көнбіс, жүйкесі жеті қабат киізден де қалың Қоқыш әйелінің соңғы сөздерін естігенде, басын жастық­тан әнтек көтеріп алды. Запырандай ащы сөздер мұның шыдамын тозығы жеткен ескі шүбе­ректей дал-дал етіп жыртты. Орнынан бұрын бойында болмаған шапшаң қимыл­мен атып тұрды. Қара торы жүзінен қан қашып, шықшыттары бұлт-бұлт етіп, тістеніп алған. Бірақ аузынан ақ ит кіріп, көк ит шыққан Безбикеге тұра ұмтылған жоқ. Төрде үрейле­ніп, бүрісіп отырған, ер жетіп қалған екі ұлының маңдайынан сипады. Ұлдары әкесіне мұңдана қарайды. Олар қайыңның безінен де мықты, тау қопарылса қайыспайтын әкелерінің көзінен тамшылаған жас көрді. Бірінші көрулері.

…Жалғыз жанашыры дейтін ағайыны Қаспақ пен оның Қутыңкүл деген қосағы мектеп бітірген жылы Қоқышты «осы Безбикені ал» деп үгіттеген.

– Әкең болса жоқ, – деді жеңгетайлығымен аты шыққан Қутыңкүл. – Екі жылдан бері шешеңнің сал болып жатысы анау. Жаным ашып айтамын, ауылда осы Безбикеден басқа қыз қалмады. Аздап нелеу мінезі болмаса, шаруаға мығым, пысық. Мұндай адамдар кейін жақсы қатын болып кетеді. Әйелсіз үй азып-тозады. Береке болмайды. Ауру шешеңді күтетін, шамыңды жағып, түтініңді түтететін әйел керек. Қыздың өзінен сыр тартып көріп едім, бірден:

– Қоқыштай жігіттің сұлтанына тимегенде қабанға тиемін бе, жігіт дайын болса, мен дайын, – деді.

– Әне, көрдің бе, әлден-ақ өзіңді «сұлтан» деп отыр. Ол «сұлтандай күтемін» дегені. Бүгін «Сұлта­ным» десе, ертең ұлтаның болады.

Мынаны естігенде Қоқыш табанымен шоқ басқан­дай жаман шошып, тулады.

– Қатынсыз өтсем де Безбикені алмаймын, – деп безілдеп, ауылды айнала қашты. Қоқыш Безбикені бала жастан білетін. Мектепте бірге оқыды.

Безбикені аузына не келсе соны айта салатын бей­піл ауыздығына, үлкенді сыйламайтын шарт-шұрт міне­зіне, көгереңдеген бетпақтығына бола дүйім жұрт жек көретін. Шешесіне тартқан, ол да көкезудің нағыз өзі болатын. Ағасы мен жеңгесінің оған құмарта қа­луын түсінбей, Қоқыш дал. «Жаныашымастық қой» деді іштей.

Безбикенің мектепте ұрсыспаған оқушысы, ұстас­паған мұғалімі жоқ. Сабақтан дым білмесе де мұға­ліммен салғыласып, әйтеуір бір үшті алады.

«Мынаны алған жігіттің маңдайының соры бес елі» жігіт өзі болатынын Қоқыш ол кезде білген жоқ.

Соғыста контузия алып, концлагерьге түскен, бер­тінде әзер ақталып келген Ілдән деген тарихшы мұғалім болатын. Мінезі содыр, жалақор, арызқой мұғалімнен ел іргесін аулақ салып жүретін. Әсіресе, жас мұғалім­дер қорқушы еді. Ол да ешкім қарсы келмеген соң, жүгенсіз кеткен есерсоқтау адам. Қол жұмсаудан да тайынбайтын «кәнтужін». Сол Ілдәнді жеңген, жеңбек түгілі, жер тістеткен өжет қыз еді бұл.

Безбикенің шопырлар жарамсыз деп лақтырып тастаған ескі аккумуляторын талқандап бұзып, қап-қара смоласын алып, сағыз қылып шайнап жүретін әдеті бар-тын. Сабақ үстінде де ешкімнен қымсынбай аузы күйе-күйе болып, сол сағызын шалпылдата шайнап отыратын.

Соған шыдамай кеткен Ілдән мұғалім бір күні:

– Қорамсақтың қара сиырындай күйіс қайырмай, аузыңды жауып отыр, – деген.

Сол сол-ақ екен, Безбикенің кір-қожалақ аузынан бұрын балалар түгілі, ересектер естімеген небір сұмдық сөздер атқылай жөнелді.

– Ойбай, – деді Безбике шаптығып, – мына фәшистің тұтқынында болып, Отанын сатқан опасызды қара. Қай бетіңмен сөйлейсің маған?! Сенің орның – мектеп емес, итжеккен, Сібір. Біреудің бой­жетіп келе жатқан қарқаралы қызына «қара сиырсың» деген сөзді мұғалім емес, фәшист қана айтады. Ең болмаса қара тайынша демей, қара сиыр деуін қарашы! Мен қара сиыр болсам, сен елдің бәрінің көзіне топырақ шашқан мүйізсіз қара бұқасың.

Аспаннан түскендей мына сөздерді естіген Ілдән мұғалім басына қаны шауып, талып түсті. Содан оңала алмай, ауруханада жатып қайтыс болды. Ол кезде «адамды өлім халіне жеткізген» деген статья жоқ па, әлде Безбикенің жасын ескерді ме, оны соттаған жоқ. Мектептен шығарумен шектелді. Безбике мектептен шыққанына қайғырған жоқ. Қайта тұяқтан тарта беретін мұғалімдерден құтылғанына қуанды. «Қызды қанша оқытсаң да оның барар жері – бөтеннің босағасы, ұстайтыны – қазанның төрт құлағы» деген пәлсапасын қатты ұстанатын.

Ендігі мақсаты – шырайының қызылы кетпей тұрғанда кім болса, ол болсын, бір жігітке тиіп алу. Сөйтіп, байсырап жүрген шағында Қоқыштың жеңгесі Қутыңкүл кез бола кетті. «Қайныңның басын айнал­дырып, мені алатын қыл. Басқа жігіт мені бір күн де қатын қылмайды» деп бұл жан сырын ашқан. Еңбегінің өтеуі деп алтын сырғасын құлағына ілген. Қутың­күлдің екеуін қосуға жанталаса кірісуінің осындай құпиясы болатын.

Ағасы Қаспақ та қабаттаса кеткен.

– Мінез деген киімдегі кір сияқты. Жусаң, кетеді, – деді ол. Безбике жаман қатын болмайды, өзі саған өлердей ғашық екен. «Өзің сүйгенді алма, өзіңді сүйгенді ал» деген нақыл бар. Жеңгең келісіп қойған екен, қайтсең де Безбикені ал!

Төбесінен алтын құйса да Қоқыштың Безбикені алмақ ниеті жоқ. Қысым көбейе берген соң ауылдан безіп, бір түнде жоқ болды. Ағасы апта іздеп жүріп, Айдын көлдегі балықшы Иванның қамыс күркесінен әзер тапты. – Қара айғырдың бауырына алып, мына он алты өрім қамшымен жоныңнан таспа тілейін бе? – деді ағасы қаһарланып. – Ел болмайтын адамның тіршілігін істемей, айда, ауылға жүр.

– Аға, құлың болып кетейін, ана жеті байдан қайтқан Жолбикені алайын, – деді бұл жалынып, – Безбикені атамаңыз.

– Естімеген екенсің ғой, Жолбике кеше жер түрт­кілеген бір қаңғыбас геологпен қашып кеткен. Сөз­ді қой да үйге жүр. Безбике сенің үйіңе келін болып кеше түскен. Шымылдықта отыр. Бүгін беташар.

Осылайша момын Қоқыштың басы Безбикеге байланған еді. Аға-жеңгесі айтқандай, ол жақсы қатын болмады. Не болса соған ұрыс шығарып, томаға-тұйық момын үйдің берекесін қашыра келді. Енесін жер­леген соң мүлде құтырып кетті. Қоқыш жиырма жыл азап пен тозақ отына күйіп келеді. Ақшаны ешкімнен кем таппайды. Бірақ Безбикенің қолына түсісімен іркіттей іріп, судай ағады. Берекесі жоқ. Сөйте тұра, «түк таппай­сың» деп қақсаудан бір танбайды. Қарсы сөз айту қайда, онда ыдыс-аяқты қау­са­тып, өз киімдерін дал-дал қылып жыртып тастайды.

…Мың күн сынбаған шөлмек бір күнде сынды. Қоқыш бала­ларын аймалап, бірдеңелерді айтты да, үйреншікті ала қоржынын арқалап, үйден шықты. Қоқыш содан мол кетті. Безбике алғашқыда шабашка­сына кеткен шығар деп жүрді. Бірақ ай өтті, жыл өтті, Қоқыш үйіне оралмады. Сонда ғана Безбике байының өзінен безгеніне көзі жетті. Жындана жаздаған ол долданып жылап, намыста­нып, аудандағы барлық заң орындарына, әкімге арыз түсірді. «Өлсе, балаларына зейнетақы алып беріңдер, тірі болса, алимент төлесін. Сотқа тартыңдар. Егер өйтпесеңдер, өздеріңнің үстіңнен депутаттарға арыз айдаймын» деп қорқытты. Іздеу еш нәтиже бермеді. Қоқыштың жоғалуы туралы түрлі қауесет тарады. Бір көріпкел құмалақшы: «Қоқыш жер астында жүр. Не өлген, не болмаса көмір қазып жүр» деп сәуегейлік айтты. Оның бұл сөзінде шындық бар еді. Алды-арты­на қарамай зытқан Қоқыш үш облыстың жерін басып өтіп, бір шағын кенішке келіп табан тіреген. Жолы болып, жұмыс табылды. Шахтаға түсті. Табысы да жа­ман емес. Балаларына оңаша «Әредік аудандағы пош­таға барып тұрыңдар» деп тапсырып кеткен. Айлы­ғының бір бөлігін соларға салып тұрды. Балалар әкесі­нен келген ақшаны «пәленшенің құдығын қаздық, түген­шенің қорасын сыладық» деп шешелеріне әкеліп береді. Безбикеге ақша тапса болды. Біреудің әжет­ханасын тазаласа да ақша тапса қуанады. «Бұл қиырдан мені ешкім таба алмас» деп еркінсіп жүрген Қоқыштың бір-ақ күнде өрісі тарылды. Теледидардағы «Бармы­сың, бауырым» деген хабардан өзін іздеген Безбикенің хатын оқыды. Газеттер баттитып суретін басып, өмір тарихын жазып, соңына шырақ алып түсті. Бәрінен де осы қиын болды. Кездескен адамдар «газеттегі сурет сенікі емес пе?!» дейтін болды. Погоны бар адам көрсе, көртышқанша тығылады. «Қашан ұстап әкетер екен» деп зәре-иманы қалмады. Бөлмені бірге жалдап тұра­тын әріптесі қулау, әккілеу жігіт еді. Мұның барлық сырын білетін.

– Ондай қатыннан өліп қана құтыласың, – деді, – өліп көруің керек.

– Ажал жетпей қалай өлемін? – деді бұл шошынып.

– Саспа, бір ретін табармыз.

Жасы тоқсанға келген Максим деген көрші шал бар еді. Сол әлдеқалай болады деп өзіне табыт жасап, қо­ра­сына тығып қойған. Екеуі сонда жасырынып барып, Қоқышты ақ матаға орап, табытқа жатқызды. Досы суретке түсірді. Сурет сенімді шыққан екен. Үлкен конвертке салып, Безбикенің адресіне жіберді. Енді құтылған шығармын деп Қоқыштың жаны жай тапты.

Тап демалыс күні біреу келіп, мұның есігін дүр­сілдете қақты. Есікті ашып қалса, о-о, сұмдық қарсы алдында екі бүйірін таянып Безбике тұр. «Мынау нағыз албасты шығар. Мені қалай тапты?» деп таңда­нып үлгергенше, Безбике киіп-жарып бөлмеге кірді. Салдырлап сөйлеп жүр.

– Нақұрыс неме, мені алдап, құтылғың келген екен ғой. Мә, құтыласың, – деп бармағын көрсетті.

– Менің өлгеніме, суретке сенбедің бе, мені қалай таптың? – деді Қоқыш сасқалақтап.

– Әдіре қал-ау. – Безбике бырт еткізіп ернін шығарды. – Аңқау ақымақты тапқан екенсің. Кемақыл бол­масаң, конвертті басқа қаладан салмадың ба? Соның сыртындағы мөрден таптым. «Суретке сенбедің бе?» дейсің, өлген адам хат жаза ма?

Безбике суретпен бірге алған тілдей қағазды қолына ұстата салды. Онда өз қолымен «Қамықпа, қатыным, өзекті жанға бір өлім, мен қайтыс болдым. Балаларға бас-көз бол» деп жазылған сөздерді оқыды. Ананы сендіре түсу үшін хатты суретпен бірге салып жіберіпті. Досының атынан жазбай, өз атынан жазған алаңғасар, аңқаулығына ызаланып, күйіп кете жазда­ды. Безбике мырс-мырс күліп тұр.

– Әй, қояншық, – деді дағдылы жарқыншақ даусымен. – Ақылдасайықшы, жұмысың жақсы болса, бала­ларды алып көшіп келейін бе? Әлде ауылға қайта­сың ба?

«Енді қалғаны бөтен елде масқара болғаным еді» деп ойлады Қоқыш. Сөйтті де, ала қапшығына көр-жөрін салып алып, Безбикенің алдына түсіп, басы салбырап жүре берді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close