Әлеуметтік қолдау күшейтіліп, тұрмыс сапасын арттыру шаралары ұсынылды

Алматыда жұмыс сапарымен жүрген Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Бірғаным Әйтімова, Парламент Сенатының депутаттары Бақытжан Жұмағұлов, Динар Нүкетаева Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларды түсіндіру жұмыстары барысында Қазақ ұлттық аграрлық университеті ұжымымен кездесті.

Рая ЕСКЕНДІР

Қазақ ұлттық аргарлық университеті аграрлық саланың қара қазаны іспетті. Ел­басымыз өз Жолдауларында агросектор – Қазақстан экономикасының драйвері болу керек деп, үлкен сенім жүктеген еді. Сон­дықтан айтулы университет болашақ ауыл шаруашылығы мамандарын даярлай­тын бірден-бір оқу ордасы болғандықтан жауапкершілікті арттырып отыр. Кездесу алдында мәртебелі меймандар оқу ордасындағы Н.Назарбаев орталығын, «Рухани жаңғыру» орталығын, «Халықтар достығы», сонымен қатар, О.Сүлейменов дәрісханасын, Агротехнологиялық Хаб, Қазақстан–Жапон, Қазақстан–Корей, Қазақстан–Беларусь және басқа да инвестициялық орталықтарды аралап, танысып шықты.

Болашақта ауыл шаруашылығын дамытатын бүгінгі студент, ертеңгі маман. Сондықтан олардың қалай білім алып жатқанын, студенттердің әлеуметтік жағдайын Астанадан арнайы келген ақпараттық топ аралап көріп шықты. Кездесудің ресми бөлімі университеттің Мәжіліс залында жалғасты. Алғашқы сөз кезегін алған университет ректоры Тілектес Есполов «Нұр Отан» партия­сының ХVІІІ кезекті съезіндегі сөйлеген сөзінен бастап, тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері еліміздегі болып жатқан оң өзгерістерге тоқталды. Университеттің бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырды.

Оқу ордасында білім алып жатқан студенттердің 90 пайызы ауылдан келген жастар. Сондықтан жатақханаға сұраныс­тың жыл сайын артып келе жатқандығына тоқталған Тілектес Исабайұлы биылғы Жастар жылына тарту ретінде 450 орынды «Студенттер үйін» салу жоспарланып отырғанын айтты. Дәл қазіргі уақытта құрылыстың жобалық-сметалық құжат­тары әзірленіп, тиісті орындарға жіберіл­генін атап өтті.

Сөз кезегін Қазақстан Респуб­ликасы Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Бірғаным Әйтімова алды.

– «Нұр Отан» партиясының биылғы съезінде Елбасымыз еліміздің әлеуметтік-экономикалық мәселелеріне ерекше көңіл бөліп, әсіресе, көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, зейнет­керлерге берілетін жәрдемақы көлемін көбейтіп, жұмысшылардың жалақысын арттыру, елді баспанамен қамту, экономи­камызды цифрландыру, жастарға сапалы білім беру және басқа да мәселелер жөнінде нақты тапсырмалар берді, оларды шешудің жаңа механизмдерін қадап айтты. Біздің комитет 19 заң жобасын қараған еді. Толық­тырылғандар, қайта қайтқандары да болды. Білім саласына қатысты, грант санын арттыру сияқты мәселелер де біздің комитеттің құзырында», – дей келіп, ең үздік 100 мамандық туралы кеңінен тоқталды.

Келесі кезекте Парламент Сенатының депутаты, Әлеуметтік мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Бақытжан Жұмағұлов сөз кезегін алды.

– Алматыға келген себебіміз, Елба­сымыз «Нұр Отанның» съезінен соң үлкен бағдарлама әзірлеп, оны орындауға тапсырма берген еді. Оған орасан қаржы бөлінді. Әсіресе, көпбалалы отбасылар, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсетуді тапсырды.

Елбасы тапсырмасы бойынша көп­балалы отбасылардың жағдайын жақсарту, баспанамен қамту, партияның осы мәселелерді шешудегі маңызды үлесі бағдарында әлеуметтік саясатты үш бағыт бойынша жүзеге асыруымыз керек.

– Осы екі-үш күннің өзінде көптеген жұмысты тындырдық. Алматы облысында әлеуметтік карталар құрылып, көптеген жұмыс атқарылды. Екі трил­лионнан астам ақша бөлініп отыр. Ат­қарушы органдар Елбасының тапсырмасын ретімен, уақытымен орындауы керек. Біз жәй ғана ел аралап жүрген жоқпыз. Ел­басымыздың айтқанын халыққа жет­кізіп, өзіміз де бірге жүруіміз керек. Жоғары білім алу қолжетімді әрі сапалы болу керек. Сонымен қатар, студент-жастардың жатақ­ханадағы жағдайын жақсарту мәселесі де Елбасымыздың басты назарында тұр, – деп атап өтті Бақытжан Тұрсынұлы.

Алдағы уақыттағы 40 мың пәтер салу мәселесін баспанаға зәру көпбалалы аналардың ерекше ықыласпен қабыл­дағанын да жеткізді. Бұдан кейін Парла­мент Сенатының депутаты, Әлеу­меттік-мәдени даму және ғылым коми­тетінің мүшесі Динар Нүкетаева сөз кезегін алды.

– Мені ерекше қуантқаны – Елбасы­ның тапсырмасы бойынша әзірленген партиялық «Бақуатты қоғам: онжылдық­тың 10 мақсаты» атты 2030 жылға дейінгі жаңа бағдарламасы. Сәтін салса, осы бағ­дарламаны іске асыра отырып, алдағы 10 жыл біздің озық 30 мемлекеттің қатарына қосылуымыздағы шешуші кезең болмақ, – деді.

Елбасының ауылдың инфра­құры­лымын дамытуға бағытталған жобалары қара­пайым халыққа серпін берді. Мұғалім­дердің айлығы 30 пайызға, біліктілігін арттырған ұстаздарға 50 пайыз айлықтың артқаны осы санаттағы азаматтардың кірісінің айтарлықтай өскенін айта келе, осы жылдың 1 шілдесінен бастап, бюджет саласындағы айлығы төмен қызметкер­лердің жалақысының 30 пайызға артаты­нын жеткізді. Меймандардың келесі кез­десу­лері Медеу ауданындағы №159 гим­назияда өтті. Кездесуге қала мектептерінің директорлары мен ата-аналар қатысты.

Керек дерек

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Нұрлы жер» бағдарламасының шеңберінде 2025 жылға дейін көпбалалы отбасылардың қатарынан, әсіресе жағдайы төмен отбасылар үшін 40 мыңнан астам жалдамалы пәтерлер салынатын болады.

 Бұл ресми кезекте тұрған 28 мың көпбалалы жағдайы төмен отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету мәселесін толық шешуге мүмкіндік береді.

 Осы мақсаттарға алдағы 7 жылда жыл сайын қосымша 50 млрд. теңгеден бөлу жоспарлануда. Қаржыландырудың жалпы сомасы 350 млрд. теңгені құрайтын болады.

 2019 жылдың мамыр айында көпбалалы отбасылар үшін жалдамалы тұрғын үйлер беру басталады. 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *