«ӘЛЕУМЕТТІК НАН» БАҒАСЫ ЕРКІН АЙНАЛЫМҒА КЕТЕ МЕ?

22Ал әлеуметтік жағынан аз қорғалған топтарға нан бағасын қолжетімді ету – бірлесе шешетін мәселе

 

Нұрлан СҮЙІН

Біздің балалық, жастық шағымыз Кеңес одағы кезінде өтті. Ол кезде «Нан болса, ән болады…» деп әндетіп, Қазақ Кеңес Республикасы ортақ Отанның «шеті көрінбейтін қоймасына» миллиард пұт астық құятын. Ата-анамыз бесіктен бастап нанның қадірін түсіндіріп, бір үзім нанда диханнан бастап наубайшыға дейінгі ондаған адамның маңдайтері жатқанын айтатын. «Нан – астың атасы» деп, осы қастерлеуге үйрететін. Ата-ананың тәрбиесін мектептің бастауышы жалғастыратын. Әліппесін арқалаған бүлдіршін:

«Нан қиқымын шашпаңдар,

Аяқпенен баспаңдар.

Теріп алып оларды,

Торғайларға тастаңдар», – деп тақпақтайтын.

23Есейе келе сондай қадірлі де қасиетті, соншама еңбекпен дастарханға келген «кірпіш нан» неге бар-жоғы 16-20 тиын тұрады деп ойланатын болдық. Сөйтсек, ол социалистік жүйеде көп шығынды мемлекеттің есебінен жабу, әлеуметтік, бірінші кезектегі сұранымдағы тауарлар мен тағамдардың бағасына шектеу қойылатынынан біз бейхабар екенбіз.

 

Заманына қарай талабы

Кейін нарық кезеңі келді. Бүгінде заман басқа, талап басқа. Әйтсе де, астықты ел – Қазақстанның үкіметі бүгінгі күнге дейін «әлеуметтік нанның» бағасының өсуін тежеп келгені рас. Ресей сияқты халық саны Қазақстаннан он есе көп мемлекет нан бағасын еркіндікке жіберіп, ол жақтағы «кірпіш нан» біздің теңгеге шаққанда 120-130 теңге бүгінде. Ал біздің әлеуметтік нанымыздың бағасы 60 теңгенің айналасында. Және бұл баға өтемақы, зейнетақысы 15-20 мыңның шамасындағы мүгедектер мен зейнеткерлер, көп балалы аналар, жұмыссыздарға да, жалақыларын шет ел валютасында алатын бизнес өкілдеріне де ортақ.

Алғашқы топтағылар азғантай қаржысын үнемдеп, ас атасынан ауыз тисе, байлар арзан нанды ит-құстарына береді. Арзан нанды жем орнына беріп, мал бордақылайтын ағайындар да бар. Себебі, сол бидайдың сабаны мен қалдығынан жасалатын құрама жем (комбикорм) нан бағасынан ондаған есе қымбат. «От жақпайтын, су тасымайтын» көпқабатты жайлы пәтерлерде тұратындардың да дорба-дорба қылып қатқан нанды қоқысқа шығарып тастайтынын да көз көріп жүр. Осындайда, болса бетіне сары май жағып, құмшекер сепкен бір тілім нанға таласатын кездер еске түседі. Сол күндердің наны да өзгеше, тәттілеу сияқты еді.

Әлемдегі алпауыт, бай, технологияның даму шегіне жеткен мемлекеттердің өзі табиғи таза тағамға (натуральный, без ГМО продукт) зәру болып отырған заманда, біз алтын бидайымыздан жасалған нанымыздың қадірін түсіріп, қасиетін кетіріп отырған жоқпыз ба? Бұған не себеп? Алдыңғы қатарлы елдермен теңесуге ұмтылған біздің Қазақстанның өзге мемлекеттердің алтыны мен асылына айырбас жасай алатын өніміміз табиғи таза азық түлігіміз емес пе еді. Сондықтан да, қарынның тоқтығымен қатар, түсінік пен тәрбиенің толықтығын ойлаған жөн болар еді.

 

Нарық кезеңінде баға ырыққа көнбейді

Алматы – алып мегаполис. Ресми тіркелген тұрғылықты халқы бар, тіркелмегені бар, халық саны 2 миллионнан асып кеткен оңтүстік астана тамақтанудан да елдің алды шығар. Ал ас-ауқаттың басында нан тұрады. Бүгінгі таңда осы нан бағасын еркіндікке жіберу, әлеуметтік аз қорғалған тұрғындар үшін нан бағасын реттеу мәселелері тұр. Нан өндіруші зауыттар мен наубайханалар жекешеленіп, нарық заманының заңдылықтарымен жұмыс жасаған кезеңде бұл мәселелер қалай шешіледі екен? Қай заманда да нанды өзіндік құнынан арзанға алып үйренген халыққа баға еркіндігі қалай әсер етеді? Мемлекетпен бірлесіп «әлеуметтік нанның» бағасын реттеу мүмкіндіктері қалай?

Біз осы сауалдардың жауабын іздеп, Алматыны «әлеуметтік нанмен» қамтамасыз етушілер қатарындағы «Рузи нан» ЖШС және «Алматынан» ЖШС-не хабарласқан едік.

 

Қуандық ХАМЗИН,

«Рузи нан» ЖШС директоры:

– Нан өндірісі нарығына келгеніне 6 жыл болған «Рузи нан» наубайханасы Алматының әлеуметтік мекемелері – балабақша, аурухана, мектептеріне, оқу орындарына, басқа да сауда орындарына нан өнімдерін дайындаймыз. Соңғы үш жылда астық жинау науқаны кезіндегі табиғи қолайсыздықтарға байланысты бидайдың өзіндік құны қымбаттап, ол жағдай ұнның қымбаттауына әкеліп отыр.

Электр энергиясының қымбаттауы, теңге нарығындағы жағдай, т.б. бір-бірімен байланысқан мәселелер нан өнімдерінің қымбаттауына әкелетін түрі бар. Бүгінгі күнге дейін нан өндірушілерге арзан ұн бөлініп, «әлеуметтік нан» бағасын ұстап тұруға мүмкіндік жасалған болатын. Бірақ, ол ұнның сапасы төмен болғандықтан, біз қымбат болса да сапалы ұн сатып алуға мәжбүрміз. Оның үстіне нан өндірісіне қажет қоспалар, ашытқы, т.б. электр энергиясы мен газ қымбаттап, нан бағасын ұстап тұру қиынға соғып отыр. Және де жыл аяғына бидай бағасы да қымбаттайды деген болжам бар. Осындай жағдайларға байланысты нан бағасы 15-20 пайызға қымбаттауы әбден мүмкін.

Қалай болғанда да, Алматы әкімдігімен жасалған келісімге сай айтылған әлеуметтік мекемелерге жіберілетін нанның бағасы жыл аяғына дейін өзгермейді. Яғни, «әлеуметтік нанның» босату бағасы – 58 теңге күйінде қалады. Жалпы, Алматы әкімдігі мен нан өндірушілер арасында қол қойылған Меморандумға сай «әлеуметтік нанның» бағасын 2 теңгеге өсіруге рұқсат етілген. Біз әзірге бұл межеден аспай отырмыз, «кірпіш нанға» байланысты.

Өз өндіріс құнынан (78-80 теңге) әлдеқайда арзанға босатылып отырған «әлеуметтік нанға» байланысты мемлекетке ұсыныс айтқымыз келеді. Арзан нанды халық әртүрлі жағдайда пайдаланады, әлеуметтік әлсіз топтар жеуге алса, басқалар жан-жануарларға жем ретінде пайдаланады. Көп жағдайда арзанға алынған нан желінбей, қоқысқа кетіп, ысырап болып жатады.

Сол себепті де қымбаттаған жағдайда бұ­рынғы бағамен арадағы айырма әлеуметтік әлсіз топтарға нақты адресті өтемақы ретінде төленсе. Біздің ойымызша, әлеуметтік әлсіз топтарды азық-түлік бағасына байланысты қолдаудың осы түрі тиімді сияқты. Жалпы, нанның өзіндік құны, оның қасиеті, нан бағасын еркіндікке жіберу жайында Елбасының өзі мәселе көтерген болатын.

Бүгінгі таңдағы нан бағасына қатысты көрініс осындай. Бұл өзекті мәселені нан өндірушілер мен үкімет бірлесіп шешуі керек.

 

Жанат ЖҮКЕНБАЕВ,

«Алматынан» нан-бөлке комбинаты» ЖШС директоры:

– Алматы халқының ұғымында «Алматынан» комбинаты мемлекеттің наубайханасы болып қалыптасып қалған. Бүгінде олай емес, 7 наубайханасы болған «Алматынан» комбинаты осыдан 4 жыл бұрын тарқатылып, жекеше­лендіруге ұшыраған болатын. Қазіргі «Алматынан» бір нан зауыты бар жекеменшік кәсіпорын. Әңгімені осыдан бастап отырған себебіміз, пісірілген әрбір нанның сыртында нарық заңына сай шикізат құны, электр энергиясы, газ бағасы, жұмысшылардың еңбекақысы тұр. Сонда да біз Алматы әкімдігімен жасалған келісімге орай «әлеуметтік нан» бағасын қымбаттатпай ұстап отырмыз. Осы жылдың төртінші тоқсанында 2 теңгеге көтеруге рұқсат етілгеннің өзінде де, бағаны көтермей 56 теңге жағдайында ұстап отырмыз. Яғни, сауда орындарына «Алматы нанның» «кірпіш нандары» осы бағамен жіберіліп отыр. Бірақ, осы деңгейде бағаны ұстап тұруға кепілдік жоқ. Бізге дотация түрінде бөлінетін ұнның бағасы килосына 55-57 теңге, бірақ, оның сапасы өте нашар. Сол себепті біз нарықтағы сапалы ұнмен араластыруға мәжбүрміз. Ал сапалы ұнның нарықтағы бағасы – 1 килосы 66-76 теңге.

Бір нәрсе анық, түбінде нан бағасы қымбаттайды. Алматы басшылығы мен қаланың нан өндірушілері «әлеуметтік нан» бағасын мүмкіндігінше тұрақты ұстау үшін іс-шаралар жасап жатыр. Бірақ, нарық заңы бар. Сол заңға сәйкес баға ырыққа көнбейді.

Ал әлеуметтік аз қорғалған жандарға келсек, арзан нанды оларға жеткізу жолдарын қарастыру қажет.

 

Құрметті оқырман! Біз мамандармен бірге нан бағасы мен өзіндік құнының арғы жағына үңілуге тырыстық. Айырмашылығы үлкен. Расында да, нанның бағасы оған кеткен шығыннан көп төмен. Біз наннан басқа заттардың қымбаттағанына аса қайғырмаймыз. Тек, «Ас атасының» бағасы өзгермеуі қажет сияқты. Ал сол нанның қадіріне жетіп, қасиетін бағамдауды ұмытып кетіп жатамыз кейде. Сол нан дастарханға келем дегенше, өзге азық-түлік пен тауарлар сияқты көп еңбек, шығыннан өтеді ғой.

Ал әлеуметтік жағынан аз қорғалған топтарға нан бағасын қолжетімді ету – бірлесе шешетін мәселе.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *