ӘЛЕУМЕТТІК МӘРТЕБЕҢІЗДІ АНЫҚТАМАСАҢЫЗ, МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК АЛА АЛМАЙ ҚАЛУЫҢЫЗ МҮМКІН

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілетін болады. Осы жүйе бойынша тиісті медициналық көмек алу үшін Қазақстанның әрбір азаматы өзінің әлеуметтік мәртебесін анықтауға міндетті, әйтпесе олар бірқатар тегін медициналық қызмет ала алмайды, деп хабарлайды Алматы қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығы.

Нұржамал ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ

«Егер сіз жалдамалы қызметкер болса­ңыз және еңбек келісім-шар­тынсыз жұмыс істесеңіз, міндетті зейнетақы аударымдары болмаса, кәсіпкерлік немесе өзге де қыз­метті тіркеусіз жүзеге асырсаңыз, тіркелме­ген жұмыссыз болса­ңыз, өзін-өзі жұмыс­пен қамтығандар қатарында болсаңыз, студент немесе үй шаруа­сындағы әйел болсаңыз, бала күтімі бойынша демалыста болсаңыз, міндетті түрде жұмыспен қамту орталығына немесе ХҚКО-ға барып, өзіңіздің әлеуметтік мәртебеңізді анықтауы­ңыз керек», – деп хабарлайды Алматы қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының алдын-ала болжау бөлімінің басшысы Алтынай Жүке­нова.

Мамандар атап өткендей, қазақ­стандықтар алдағы уақытта денсау­лықты жақсарту барысында кедергі­лер­ге тап болмау үшін қазіргі кезден әлеуметтік мәртебені қолға алу керек.

«Тегін медициналық көмектің тізіміне: кеңестік-диагнос­тикалық көмек, амбула­ториялық дәрі-дәрмек­пен қамтамасыз ету, жоспарлы, стацио­нарды алмастыратын және стационарлық көмек, медициналық оңалту, жоғары мамандандырылған опера­циялар кіреді», – деп түсіндірді Халықты жұмыспен қамту орталығының мамандары.

Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын азаматтар да жұмыспен қамту орталығына немесе ХҚКО-ға барып әлеуметтік мәртебесін анықтаулары қажет. Айта кету керек, азаматтардың 15 санаты әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры­на жарна төлеуден босатылады. Дегенмен, олар да мәртебесін анықтау үшін мемле­кеттік органдарға жүгінуге міндетті.

Естеріңізге сала кетейік, жарнаны мем­лекет төлейтін тұлғаларға келесі санаттағы азаматтар жатады:

– балалар;

– жұмыссыз ретінде ресми тіркел­ген адамдар;

– жұмыс істемейтін жүкті әйелдер;

– үш жасқа толмаған бала (бала­лар) тәрбиесімен айналысатын жұмыс істемей­тін азаматтар;

– бала (балалар) туу немесе жаңа туған сәбиді (сәбилерді) асырап алуға байла­ныс­ты, баласы (балалары) үш жасқа толғанға дейін оның (олардың) күтіміне байланысты демалыс алған адамдар;

– мүгедек бала күтімімен айна­лысатын жұмыс істемейтін азаматтар;

– зейнеткерлер, оның ішінде Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедек­тері;

– сот үкімі бойынша қылмыстық-атқару (пенитен­циарлық) мекеме­лерінде жазасын өтеп жатқандар;

– тергеу изоляторларында отырған­дар;

– жұмыс істемейтін оралмандар;

– «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқа­ларымен немесе бұрын «Батыр ана», І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендері­мен марапатталған көпба­лалы аналар;

– мүгедектер;

– орта, кәсіптік-техникалық, орта білім­нен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында іштей оқып жатқан тұлғалар;

– балалық шақтан бірінші топ мүгедегі болып табылатын жарымжан тұлғаның күтіміне байланысты үйде отырған, жұмыс­сыздар;

– мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алатын жұмыссыз азаматтар.

Әлеуметтік мәртебені анықтау үшін тұрғындар Алматы қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталы­ғына, мына мекен-жай бойынша хабарласа алады: Назарбаев даңғылы, 50 (Жібек жолы көшесінің қиылысы).

 

Анықтама телефондары: +7 (727) 224-20-00, 221-66-11. Болмаса, тұрғы­лықты жері бойынша Халыққа қызмет көрсету орталы­ғына баруға болады.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *