ӘЛЕУМЕТТІҢ ӘЛЕУЕТІН БІРГЕ КӨТЕРЕЙІК

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев барлық ауданның әкімдеріне халықтың арасында жиі болып, олармен көзбе-көз жүздесіп, әлеуметтің өзекті мәселелеріне құлақ қойып, барлық өтініш-тілектің, арыз-шағымның дер шағында нақты шешімін табуды тапсырған болатын.

Шаһар басшысының осы тапсырмасына сәйкес, біздің «Алматы ақшамы» газеті өз сайтынан «ӘКІМ ҚОЗҒАҒАН МӘСЕЛЕ» деген жеке блок ашты. Онда Алматының барлық сегіз ауданында қала әкімінің тапсырмасы шеңберінде орындалып жатқан тың жұмыстар жарияланып отырады. Құрметті оқырман, егер сіз де шаһардың тыныс-тіршілігін уақытылы біліп отырғыңыз келсе, сайтымыздың аталған блогына көз сала  жүріңіз.

Сондай-ақ, «Алматы ақшамы» газеті барлық аудан әкімдері мен тұрғындар арасында «тікелей желі» ұйымдастырып, ашық әңгіме жүргізуді бастады. Кеше Алатау ауданының әкімі Шахмерден Рыспаев халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, сауалдарына жауап берді.

«Аяғымызға целлофан пакет киіп жүруден шаршадық»

 

К.ТҰРЫСБЕК, «Шаңырақ-2» шағын­ауда­нының тұрғыны:

– Көршім кіретін есігімді жауып тас­тағалы жатыр. Не істеймін? Бірақ үйімнің «госактісі» жоқ.

АУДАН ӘКІМІ:

– Дәл қазір былай етеміз деп ештеңе айта алмаймыз. Жақын арада біз сіздерге барамыз, сонда мән-жаймен танысып, таразылап, бір шешімге келетін боламыз.

«Әйгерім-2» шағынауданының тұрғыны:

– Көшемізде ешқашан асфальт бол­маған, 23 жыл болыпты, жазда борпылда­тып шаң, ал күзде балшық кешіп жүрге­німізге. Мектепке баратын балаларымыз, есік алдына кіріп-шығатын кәрі кісілеріміз бар. Бәрімізге қиын тиіп тұр. Шындықты айтқанда, аяғымызға целлофан пакет киіп жүруден шаршадық.

АУДАН ӘКІМІ:

– Бұл жағдай бізге белгілі. Қазір көшелерге рет-ретімен жаңа жоба бойынша асфальт төселуде. Сіздің көшенің жолы екі ай көлемінде бітеді деген болжамымыз бар.

ТҰРҒЫН:

– 4 сотық жерімді бірнеше адамға бөліске салу керек болып тұр, жолы қандай, қалай шешуге болады?

АУДАН ӘКІМІ:

– Заңға сүйенсек, 4 сотық жер бөліске түспейді. Сондықтан сіздерге отбасы мүшелерімен өзара бір мәмілеге келу керек деп ойлаймын.

Р.СУРГУТОВА, «Боролдай» тұрғыны:

– Көршім үйінің ауласынан ТЖО (СТО) ашып алған. Күні-түні көліктер тұрады қаңтарылып. Жеңіл көліктер болса бір жөн ғой, тарс-тұрс етіп «КамАЗ» машиналары кіріп-шығып жатады. Жөндеу жұмыстары болған соң белгілі, бензиннің жағымсыз иісіне де шыдау мүмкін емес, қолқаны қабады.

АУДАН ӘКІМІ:

– Бір аптаның ішінде менің жауапты мамандарым оқиға орнына барады. Көр­шіңіздің жеке кәсібі қаншалықты заңды, соны анықтап, нақты жауабын беретін боламыз.

«Алақандай жерімді заңдастыра алмай жүрмін»

 

«НҰРКЕН» тұрғындары:

– Тұрғын үйлердің қасбеті өткен-кеткен адамдардың басына құлауда. Не істеуге болады?

АУДАН ӘКІМІ:

– Қазіргі таңда осы сапасыз жасалған жұмыс үшін қызмет көрсетуші «Нұркент-1» компаниясы мен «ИГ Жер Олжа» құры­лыс компаниясы арасында сот про­цесі жүруде. Сот аяқталған кезде, соттың шеші­міне сәйкес тиісті шара қолданы­латын болады.

Н.ЖАНЫСЖАНОВА, «Томирис» шағын­ауданының тұрғыны:

– Алақандай жерімді заңдастыра алмай жүрмін. Тағы бір проблема – бізде ауызсу жоқ.

АУДАН ӘКІМІ:

– Жер мәселесімен айналысатын тиісті қызметкерлер қолыңыздағы бар құжат­тармен танысатын болады. Қараймыз, зерделейміз. Ауызсу тақырыбы да біздің ұдайы назарымызда.

Г.ШӨЖЕНОВА:

– Көршілерімізбен арамыз жақсы емес. Оған себеп, үйімнің жан-жағына өз бетте­рінше топырақ төгіп жатыр. Бұл қанша­лықты заңды?

АУДАН ӘКІМІ:

– Бір-екі күндікте сіздер жаққа барамыз. Бәріңізбен тілдесіп, мән-жайға қанығып, жер телімдеріңіздің шекарасын анықтайтын боламыз. Сосын барып бір шешімге келеміз деп ойлаймын.

Л.ЯЛОВЕНКО, «Қарасу» шағынауда­нының тұрғыны:

–  Бала-шағамызды ойнататын жер жоқ. Сондықтан біздің аулаға балалар алаңы керек. Есік алдына балаларды алып шыға­тын үлкендер жағы да бір-бірімен шүйір­келесіп, бір-біріне жақын, мейірбан болған жақсы ғой.

АУДАН ӘКІМІ:

– Осы аптадан қалдырмай, мәселе көтеріліп отырған орынға баратын боламыз, күтіңіз.

«Бізге де жақсы жол арман болып тұр»

 

С.БІРТАНОВ, «Шаңырақ-2» шағын­ауданының тұрғыны:

– Біздің көшеге қашан асфальт төселеді, шаң жұтып жүрміз. Күз де таяп қалды, жаңбыр жауып, тағы да батпақ кешетін боламыз енді. Көшеміз тасқараңғы. Өмір болған соң түрлі шаруамыз болады дегендей, бірақ кеш қалудан қорқамыз.

АУДАН ӘКІМІ:

– Көшелерге асфальт төсеу тақырыбы кезең-кезеңімен шешіліп жатқан мәселе. Жарық орнату да дәл солай. Дегенмен, өздеріңізбен тағы да жүздесуге барып, осы мәселелер бойынша тілдесетін боламыз.

А.ТАРЦАЕВ, «Птицевод» тұрғыны:

– Бізге де жарық, жақсы жол арман болып тұр. Көшеміздің аты да жоқ әуелі, былайша айтқанда, біз ешкім емеспіз. Көшеміздің мына бетінде күнделікті азық-түлік сатып алып отыратын дүкеніміз бар. Тым болмаса соған өтетін жаяу жүргіншілер белгісін орнатып берсеңіздер. Біз сияқты зейнеткерлер алғыс айтар еді.

АУДАН ӘКІМІ:

– Арнайы комиссия құрып, өздеріңізбен көзбе-көз жүздесетін боламыз.

Р.ФРАНТИСОВА, «Ақбұлақ» шағын­ауданының тұрғыны:

– Көшеміздің асфальты сапасыз жасалған, жүріп-тұруға өте қолайсыз.

АУДАН ӘКІМІ:

– Бірнеше адамнан тұратын комиссия құрып, мән-жаймен танысатын боламыз. Сосын шешімімен өздеріңізді хабардар етеміз.

Б.АСЫЛБЕКОВА, «Қарасау» шағын­ауданының тұрғыны:

– Көршім жолдың арғы бетіне септик жасап қойған, ол бізге едәуір қолайсыздық тудыруда. Бұл қаншалықты заңды? Осы мәселені шешіп берсеңіз.

АУДАН ӘКІМІ:

– Ертең бірнеше адамнан тұратын комиссия барып тексеріп, өзіңізге бір жауабын беретін болады.

 

«Бес баламен пәтерде тұрамын…»

 

«САЯЛЫ» тұрғыны:

– Үйіміздің алдынан жүре алмай қалдық, қаптаған жеке автокөліктердің тұрағына айналғалы қашан! Сондықтан бізде күнде айқай-шу. «Бұл жерге көлік қоюға болмай­ды» деген белгі қойып берсеңіздер.

АУДАН ӘКІМІ:

– Жақсы, мәселемен танысайық, сосын заң  шеңберінде бір шешімге келетін шығармыз.

ТҰРҒЫН:

– Қатты қайырым жұмыстарға жара­маймын, денсаулығым көтермейді, бірақ ол туралы заңды құжат алмағанмын. Ың­ғайыма, күш-қуатыма шамалас кәсіп ашсам деймін.

АУДАН ӘКІМІ:

– Біз мемлекетке масыл болмай, өз бетімше тіршілік етемін деген азаматтарды қашанда қолдауға әзірміз. Қазір осы салаға жауапты өкіл өзіңізбен сұхбаттасып, мән-жайға қанығып, жолын көрсетіп беретін болады.

ЖАЛҒЫЗБАСТЫ АНА:

– Бес балам бар. Өткенде қабылдауы­ңызда болғанмын. Рахмет, әкімдіктегі әріптестеріңіз өтініш-тілегіме бірден құлақ асты. Әлеуметтік көмектер алып жатыр­мын. Көпбалалы ана ретінде үй кезегіне тұрғанмын. Қазір пәтер жалдап тұрып жатырмын, бірақ өз үйіңдей болмайды. Бес балалы ана ретінде кезекті жылжытуға болмас па екен?

АУДАН ӘКІМІ:

– Қала бойынша кезекте тұрған аналар­дың 400-ден астамы біздің ауданның тұрғындары. Ол кісілер сіздің алдыңызда, бірнеше жыл бұрын тұрғандар, сондықтан ешқандай кезекті біз жылжыта алмаймыз. Ал киім-кешек, азық-түлік жағынан көмек көрсетіп тұрудан тартынбаймыз.

«КӨршімен сәлеміміз түзу болмай тұр…»

 

А.БАЙЮСУПОВ, «Дарқан» шағын­ауданының тұрғыны:

– Арық мәселесі өзекті болып тұр, тазалау керек. Өз күшіммен жартылай тазалаған болдым, ол жеткіліксіз. Сосын, бізге мектеп қашан салынады?

АУДАН ӘКІМІ:

– Арық мәселесімен жауапты маман­дар тиісті орынға осы бір-екі күндікте шығатын болады, танысады, сосын бір шешімге келеміз. Ал мектепті биыл не келесі жылы салып береміз деп өтірік уәде бере алмаймын. Бұл мәселе 2021 не 2020 жылға баратын шығар. Дәл қазір мектеп салынатын жерді сатып алу бойынша құжаттар дайындалуда.

А.ТІЛЕУБЕРГЕНОВ, «Шаңырақ-1» шағынауданының тұрғыны:

– Көршімен арамыз жақсы емес. Себебі, ыстық суды заңсыз өз жеріне тартып алған. Монша, бассейні бар, келімді-кетімді адамы өте көп,  тыныштық сақтамайды.

АУДАН ӘКІМІ:

– Осы аптаның ішінде барамыз, оқиғамен танысып, білейік.

А.ҚҰЛТАСОВ, «Алғабас» шағынауда­нының тұрғыны:

– Біздің де «бас ауруымыз» су және жарық мәселелері болып тұр. Қараңғы жерде маскүнемдер жиналып алады, бала тұрмақ, үлкендер де жүруден қорқамыз.

АУДАН ӘКІМІ:

– Жақсы, бұл мәселемен жуық арада танысып, тұрғындардың басын қосып, жиналыс ашып, бір шешімін айтамыз.

С.АЛТЫНБЕКОВА, «Томирис» шағын­ауданының тұрғыны:

– Мен де кезінде жаппай үй тұрғызып алғандардың бірімін. Бірақ жерімді заңдас­тыра алмай жүрмін. Көмегіңіз керек.

АУДАН ӘКІМІ:

– Қазір осы жерде менің қызметкерім қолыңыздағы құжаттарыңызбен танысып, ары қарай қандай қадамдар жасау керектігін түсіндіріп береді.

 

«Ұстазбын, бірақ жұмыс таппай жүрмін…»

 

А.НҰРБАЕВА, «Шаңырақ-2» шағынау­данының тұрғыны:

– Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұға­лімімін. Барған жерімнің бәрінде «казаховед» маман толық дейді. Сіздерден көмек сұрап келіп отырмын. 

АУДАН ӘКІМІ:

– Қолымыздан келгенін жасап көрейік.

А.СҰРАНШИЕВА, «Шаңырақ-2» ша­ғын­ауданының тұрғыны:

– Екі балам бар, біреуі мүгедек. Жәр­демақы алып тұрмын. Дегенмен,  мемле­кеттің көмегіне иек артып отыра бермей, бірдеңемен айналысқым келеді. Мәселен, «Саялыда» дүкен алдында тұрып попкорн сатсам деймін, бірақ аппарат алуға қол қысқа, көмек берсеңіздер екен.

АУДАН ӘКІМІ:

– Әрине, көмектесеміз. Қазір сізді осы салаға жауапты маманға бағыттаймын, сол әріптесіміз өзіңізбен сөйлесетін болады.

С.ЖӘКЕНОВА, «Боролдай» тұрғыны:

– Біз де кезінде жер алып, үй сала баста­дық. Оны бітіру үшін банктен ірі көлемде несие алған болатынбыз. Бірақ оны уақытылы төлей алмай, енді берешегіміз өсіп кетіп отыр. Банк жақын арада алған несиемізді өтемесек, үйді  босатыңдар деген талап қойып отыр. Банктегі төлем мерзімін ұзартып беруге жәрдемдессеңіздер екен.

АУДАН ӘКІМІ:

– Жолдарын қарастырайық.

Г.БАЙДӘУЛЕТОВА, «Алғабас» шағын­ауданының тұрғыны:

– Қаражат жағынан қол қысқалау. Сондықтан бізге №29 емханадан МРТ-дан өтуге тегін жолдама алып берсеңіз деген өтінішпен келіп отырмын.

АУДАН ӘКІМІ:

– Көмектесіп көрейік.

 

«Тігін машинам болса, кәсіппен айналысқым келеді»

 

А.ТІЛЕУБЕК, «Шаңырақ-2» шағынау­да­нының тұрғыны:

– Тігіншілікте оқып жатырмын. Алдағы уақытта кәсіп ашқым келеді. Мәселен, тігін машинам болса деймін, осы жағынан көмек берсеңіздер екен.

АУДАН ӘКІМІ:

– Бәрекелді, құптарлық бастама! Көмектесейік.

«ШАПАҒАТ» тұрғыны:

– Біздің ықшамауданның кейбір көше­лерінде мүлдем жарық және кәріз жүйесі жоқ. Сондай-ақ, №150 мектеп ғимараты сын көтермейді.

АУДАН ӘКІМІ:

– «Шапағаттағы» су құбыры және канализация құрылысы бойынша Алматы қалалық Энерготиімділік және инфра­құрылымдық даму басқармасы тарапынан  жобалау-сметалық құжаттамасы әзірлен­ген. Ал дәл қазіргі уақытта соны жүзеге асыратын мердігер компанияны анықтау бойынша конкурс жүргізілуде.

Ал көшені жарықтандыру мәселесіне тоқталар болсам, 19 көшені жөндеу үшін жобалау-сметалық құжаттамасы дайын тұр. Енді оны жүзеге асыру үшін қаржы көздерін іздестіріп жатырмыз. Тағы 6 көшенің жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу кезек күтіп тұр.

«Шапағатқа» жаңа мектеп салу үшін жер телімі қарастырылуда.

Ғ.ӘБІШЕВА, «Зерделі» тұрғыны:

– Біздің шағынауданға спорттық алаң­дар орнатылды. Нақтырақ айтсақ, бар-жоғы үш алаң. Өкінішке орай, сапасыз. Сонда қалай, халықтың ақшасы желге ұшып кеткені ме? Мәселен, сол алаңдар былтыр салын­ған болса, енді биыл оны мердігер компания жөндеуге міндетті емес пе? Кім өзі олар?

АУДАН ӘКІМІ:

– «Зерделі» шағынауданындағы балалар ойын және спорттық алаңдары жобалау-сметалық құжаттамаға сай және мемле­кеттік сараптама негізінде өзіндік талаптар бойынша қондырылған. Анықталған кем­шіліктер кепілдік берілген мерзімге сәйкес жөнделетін болады. Ал қазіргі күні футбол алаңының қоршауы жөнделген.

 

«Жалақы кӨлеміне қарамаймын, жұмыс табылса болды»

 

А.ДҮЙСЕНҚҰЛ, «Құрылысшы» шағын­ауданының тұрғыны:

– Екінші топтағы мүгедек жанмын, жасым 23-те. Мүмкіндігімнің шектеулігіне байланысты жұмысқа тұра алмай жүрмін. Колледж бітіргенмін, ағылшын тілі маманы­мын. Жалақы көлеміне қарамаймын, жұмыс табылса болды. Көмектессеңіздер екен.

АУДАН ӘКІМІ:

– Мүмкіндігінше сізге жұмыс тауып береміз.

У.ЖҰМАСАЕВА, «Шаңырақ-2» шағынауданының тұрғыны:

– Көшемізді жабайы, қаңғыбас иттер қаптап кетті. Балалар да сыртқа шығып ойнаудан қалды. Үйден шығарылған тұр­мыс­тық қалдықтарымыз да уақытылы алын­бай, айналаны ластап, шашылып жатады.

АУДАН ӘКІМІ:

– Мәселені тексереміз, шара қолда­намыз.

А.ҚАЙЫҢБЕК, «Зерделі» тұрғыны:

– Жауын жауғанда үйімнің шатырынан су сорғалап, берекемізді қашырып бітті.

АУДАН ӘКІМІ:

– Барып көрейік, жағдаймен таны­сайық, сосын бір шешімге келеміз.

 

«Бізге мектеп керек»

 

«ҚАРАСУ» тұрғыны:

– Жазда мүлдем сусыз отырамыз. Канализация да жоқ. 2-3 көшемізде ғана жарық бар. №160 мектебіміз толып кеткен, бала симай жатыр. Мектеп «жырын» айтып шаршадық.

АУДАН ӘКІМІ:

– «Қарасу» шағынауданының батыс бөлігіне қалалық Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасы 2017-2018 жылдары су құбыры және канали­зация жүйесінің құрылысы бойынша жұмыстар жүргізген. Енді шығыс бөлігіне инженерлік желі құрылысы осы жылы қолға алынады.

Бүгінгі күні «Қарасуға» жаңа жолдар салынып жатыр, онда көшелерге жарық орнату және арық жүйесін салу да қарас­тырылған. Нәтижесінде шағынаудандағы көшелердің 40%-ы қамтылатын болады. Енді 30 көшеге жарықтандыру жұмыстарын бастау үшін олардың жобалау-сметалық құжаттамаларын әзірлеу керек.

620 оқушыға жобаланған №160 мек­тепте қазір 1000-нан астам бала екі ауы­сыммен оқиды. Демек, бала симай жатыр деуге келмес деп ойлайымн.

ТҰРҒЫН:

– Саин көшесінен бастап Рысқұлов даңғылына дейінгі аралықтағы жасыл желектер күнге күйіп кетті. Ағаштар суарыл­майды. Егер оны күтіп-баптайтын адам табылмаса, отырғызып керегі не?

АУДАН ӘКІМІ:

– Жасыл желектерді белгілеген кесте бойынша «Адоба» ЖШС-нің өкілдері аптасына екі рет суғарып тұрады.

«ҚАРАСУ» тұрғыны:

– Біздің шағынауданның орталық және шағын көшелеріне асфальт төселген. Ал шеткі көшелер жөндеусіз қалды. Мерді­герлер кәріз сорғы станциясының пайда­лануға әлі дайын еместігіне байланысты жолды жөндеу жұмыстарын аяқтай алмай­мыз деп отыр. Ал кәріз сорғы станциясының қашан дайын болатынын тағы білмейміз. Бұл жөнінде «Тоспа су» мекемесіне барып едік, олар күте тұрыңыздар дейді. Қашанғы күтеміз, міне, енді балалар сабаққа барады, жауын жауса, тағы да батпақ кешеміз бе?

АУДАН ӘКІМІ:

– «Қарасу» шағынауданында 15,2 шақырымды құрайтын жаңа жол салы­нуда. Ықшамауданның батыс бөлігіндегі барлық көшенің жолы жаңарады.

 

СӨЗ СОҢЫ. «Тікелей желіге» келіп түскен сауалдардың бәрі назарға алынып, зерделенетін болады.

 

«Тікелей желіні» жүргізген – Нұржамал ӘЛІШЕВА.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *