ӘЛЕМДIК ХИМИЯ ҒЫЛЫМЫНДА ӨЗIНДIК ОРНЫ БАР

штаб-пәтерлерi Мәскеу (Ресей), Сан-Диего (АҚШ) қалаларында орналасқан Халықаралық шығармашылық академиясының академигi Мүбәрак ЕРМАҒАНБЕТОВ туралы бiр үзiк сыр

Адамзаттың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан жолы ақыл-ой жетiстiктерiмен ұрпақтан-ұрпаққа өнеге болып келедi. Бұл ғылымның бар саласына қатысты. Бүгiнгi сөз етiп отырған химия ғылымының жетiстiктерi де Шығыс пен Батыстың көрнектi ғалым-ұстаздарының мұралары. Ислам ғұламалары­ның қатарындағы көрнектi ғалым Жәбiр ибн Хаййан (773–813 жж.) химия ғылымының ұстазы тұғырында бағаланады. Арабтың атақты Узд әулетiнен шыққан ол араб елiндегi Куфа қаласында химиялық тәжiрибелерi үшiн ғылыми зертхана салған, осы салада бес жүзге жуық еңбектер жазған. Ол булануды, мөлдiр­ленудi, балқуды, кристалдануды сипаттаған, сонымен бiрге мышьяк, сүрме дайындау, металдарды тазалау, мата мен терiнi бояу жолдарын түсiндiрген, улардың адам ағзаларына тигiзетiн зардаптарын анықтауын, алколоид тұзын (поташ) әзiрлеу, аммоний тұзын алу, зәр тұзын дайындау жолдарын анықтаған. Әлемдiк химия ғылымында алтындандыратын сұйықтықты (aqua regia), соданы (NaOH), күкiрт пен сынапты тапқан ғалымның химия ғылымы тарихындағы еңбектерi, медицина ғылымы тарихындағы Гиппократтық еңбектерiмен деңгейлес бағаланады. Ислам өркениетi тарихындағы араб медицинасының атасы саналатын Әбу Бәкiр ар-Рази  (854–932 жж.) де химия ғылымының негiзiн салушылар қатарында саналған… (Ислам ғұламалары / Аударған С. Ибадуллаев. – Алматы: «Ғибрат» баспа үйi, 2008. – 120 б., 12-44-бб.).

Қазақстан Республикасының 2011 жылы Ислам Конфе­рен­циясы Ұйымының (ИКҰ) төрағасы қызметiнде болуы аясында бiз Ислам дiнiндегi Шығыс халықтары ғұламаларының химия ғылымы саласында ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан iргелi ғылыми-зерттеу мектеп дәстүрi бар екенiн назарға алдық. Тiршiлiк әлемiндегi жеке адамдардың мағыналы да мазмұнды өмiр жолы жаңа буынның қоғамдағы материалдық және рухани мәдениет қазыналарын лайықты сапамен қалыптастыруында жетекшi қызмет атқарады. Қазақстан Республикасының химия ғылымы саласындағы көрнектi ғалым, академик Мүбәрак Ермағанбетұлы Ермағамбетовты тарихи даму үдерiсiнiң жалғасы деп бiлемiз.

Мүбәрак әлем өркениетiнiң Шығыс Ренессансы алыптары­ның тағылымымен өзi әуелгi онжылдық бiлiм алған Қостанай облысындағы Аманкелдi ауданының  Абай орта мектебiнде оқып жүргенде-ақ таныс болды. Онжылдықты үздiк бiтiрген бозбала 1968 – 1971 жылдары туған ауылындағы орта мектепте дене тәрбиесi пәнiнiң мұғалiмi болып еңбек жолын бастаған. 1971–1976 жылдары қазiргi әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнiң (ол кезде С. М. Киров атындағы ҚазМУ) химия факультетiн бiтiрiсiмен сол жоғары оқу орнының «Жоғары молекулалық қосылыстар химиясы» кафедрасына жолдамамен зерттеушi-тәжiрибе жинаушы болып қалдырылған. 1978 жылы Қазақ политехникалық институтының «Жалпы химия» кафедрасында инженер, 1979–1982 жылдары осы институт аспирантурасының күндiзгi бөлiмiне қабылданып, универси­теттiң химия факультетiнде жасаған жұмыстарын одан әрi жалғастырып, екiншiлiк және үшiншiлiк ароматты винилгетеро­циклдi спирттер негiзiнде әртүрлi қасиетке ие, суда ерiгiш полимерлер мен сополимерлердi синтездеп, олардың макромо­лекула түзу заңдылықтарын егжей-тегжейлi зерттейдi.

Тәлiмгер ұстазы Ораз Шабанбайұлымен бiрлесе отырып, винилэтинил пиперидолдардың әртүрлi ортада радикалдық полимерлену заңдылықтарын тиянақты қарастырды, нәтиже­сiнде гетероциклдi винилацетилен туындыларының жоғары жылдамдықпен радикалдық полимерлеуге қатысатындығын анықтап, сонымен бiрге осы процеске пиперидолдардың ацети­лендiк байланыс емес, тек қос байланыс арқылы түсетiнiн алғаш рет дәлелдеп бердi. Ғалымның химия ғылымы саласындағы жаңалықтары лайықты дәрежелерге қол жеткiздi. 1983 жылдың қазан айында А. Б. Бектұров атындағы Химия ғылымдары институтының диссертациялық кеңесiнде «Жоғары молеку­лалық қосылыстар химиясы» тақырыбы бойынша химия ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесiн қорғады.

Қ. И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық универ­ситетiндегi (ҚазҰТУ) «Химиялық технология» факультетiнiң құрамындағы «Жоғары молекулалық қосылыстардың химиялық технологиясы»  атты жаңа кафедраның ашылуында алғашқы меңгерушiсi болып сайланып, ұстазы Еренғайып Мәлiкұлымен, әрiптесi Т. Маймақовпен бiрлесе отырып, ашылған жаңа кафедраның және университеттiң оқу-әдiстемелiк және ғылыми жобалары бойынша халықаралық байланыстарын жолға қоюға үлес қосты.

М. Ермағанбетов Еуропалық одақтың «ТЕМПУС-ТАСИС» Халықаралық бiлiм беру бағдарламасы бойынша Лаквилла университетi (Италия), Лондон университеттiк колледжi (Ұлыбритания) және Қазақ ұлттық техникалық университетi арасындағы байланысының ҚазҰТУ бойынша үйлестiрушiсi Е.  Шәйқұтдiновтың көмекшiсi ретiнде халықаралық жобаның орындалуына елеулi түрде атсалысты. Нәтижесiнде өзi басқарып отырған кафедраның бiрнеше студенттерi мен оқытушылары үш жыл қатарынан (1996–1998) Еуропаның алдыңғы қатарлы университеттерiнде оқып, бiлiмдерiн жетiлдiрдi, ал университет қазiргi заман талабына сай келетiн компьютерлiк сыныптармен, зертханалық техникалармен жабдықталды.

Осы жылдары М. Ермағанбетов ұстаздықпен және кафедра жұмыстарын шебер ұйымдастырумен бiрге ғылыми жұмыстарын да жемiстi жалғастырды. Академик Еренғайып Мәлiкұлының басшылығымен бiрегей ғылыми бағыт – классикалық түсiнiктер шегiнде сипаттауға келмейтiн гетеро­циклдiк стероизомерлердiң полимерлену мен сополимерлену заңдылықтарын терең зерттедi. Полиэлектролиттiк және басқа да құнды қасиеттерi бар суда ерiгiш сополимерлердiң жаңа қатары алынды. Бұл зерттеулер нәтижелерiн физиологиялық белсендi қосылыстардың химиясын дамытудағы жаңа саты деп айтуға болады.

Осы саладағы жұмыстарын жалғастыра отырып М. Ермағанбетов қызметкерлерiмен (Дагирова К. С., Елiкбаева Г. Ж., Кенжебаева Х. К.) винилацетилендiк спирттердiң аммоний тұздарын, калийдiң стиролсульфонатын және N-алмасқан (мет) акриламидтердi жай винил эфирлерiмен, акрил қышқылдарымен және басқа да сомономерлермен ерiтiндiде радикалдық полимерлеу және сополимерлеу арқылы құрамында азот, күкiрт атомдары бар бiрнеше жаңа полимерлер мен сополимерлер синтез­деп алды. Аталған моно­мерлердiң ка­тион­дық және анион­дық түрлерiнiң ради­калдық полимер­ленуi­нiң басты ерекше­лiктерi анық­талды. 2001 жылдан бастап М. Ермаған­бетов шәкiрт­терi Г. Ж. Елiкбаева және А. Керiмқұло­валармен бiрге винил­этини­пи­перидол­дардың алғаш рет жаңа күрделi эфир­лерiн синтездеп алып, олардың радикалдық полимерлену және басқа мономерлермен сополимерлену заңды­лықтарын терең зерттедi. Нәтижесiнде винилэтинил­пипе­ридолдардың күрделi эфирлерi гидрохлорид­терiнiң белсен­дiлiгiнiң төмендеуiнiң негiзгi себебi, олардың ерiткiшпен сольваттану энергиясы мәнiнiң жоғары болатындығы және бос негiзден (мономердiң молекулалық формасы) тұзға айналғанда (мономердiң зарядталған формасы) сольваттану жылу эффектiсi екi есе, ал оның кулондық құрамдасы бiрнеше есе өсетiндiгi алғаш рет анықталды.

Винилэтинилпиперидол негiзiндегi сомополимерлердiң  және оба ауруларына қарсы химиялық вакциналар алуға негiз болды. Үш метилвинилэтинилпиперидолдың йод метилаты негiзiндегi гомополимерлер және калий стиролсульфонатының бiрнеше сополимерлерi мұнай өндiру жабдықтарын күкiрттi сутек коррозиясынан сақтау реагенттерi ретiнде ұсынылды. Қазiргi уақытта мыс шығаратын барлық зауыттарда электролиз барысында катодтық мыстың сапасын жақсарту мақсатында электролитке беттiк белсендi зат есебiнде желатин және басқа да қоспалар қолданылады. Желатин – тағам өндiрiсiнде қолданылатын зат. Осы мәселенi шешу үшiн мысты электро­рафинирлеу үдерiсiнде желатин орнына N-метилолакри­ламид­пен этиленгликолдiң моновинил эфирi негiзiндегi сополимер­лерiн қолдану тиiмдi екендiгi анықталды. Бұл тұжырым тек лабораториялық сынақтардың негiзiнде ғана емес, «Балқашмыс» АҚ қарасты iрi мыс өндiру зауыттарында жартылай өндiрiстiк және өндiрiстiк сынақтар арқылы дәлелденiп, өндiрiске енгiзiлдi.

Теориялық тұжырымдары мен тәжiрибелiк қолданыстармен дәлелденген жаңа iзденiстер негiзiндегi жеке өзiнiң және шәкiрттерiмен бiрге жүргiзген ғылыми iзденiстерiнiң нәтижелерiн қорытындылай келiп, 2001 жылы наурыз айында химия ғылымдарының докторы атағына дайындалған ғылыми жұмысын Қ. И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетiндегi докторлық диссертациялық кеңесте ойдағыдай қорғап шықты. 2002 жылы ҚР Жоғарғы аттестациялық комиссиясы профессор атағын бердi. 2004 жылы ҚазҰТУ-дiң 70 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған мамандар дайындап шығарушы кафедралар арасындағы байқауда «Мұнай, газ және полимерлердi өңдеудiң химиялық технологиясы» кафедрасы 55 кафедра iшiнен жүлделi бiрiншi орынды жеңiп алды. 2004 жылы Қазақстан Жоғарғы мектебi Ұлттық Ғылым академиясының мүше-корреспондентi, ал 2006 жылы толық мүшесi болып сайланды. 2005–2006 жылдар аралығында ҚР Жоғарғы аттестациялық комиссиясының «Химия» мамандығы бойынша сараптама кеңесiнiң мүшесi болды.

2008 жылдың сәуiр айында профессор М. Ермағанбетов Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетiнiң Бiрiншi проректоры болып тағайындалды. ҚазҰТУ-де 14 жыл кафедра меңгерушiсi болған кезеңде жоғары бiлiм ордаларындағы оқу iсiн ұйымдастыру саласында жинаған аса бай тәжiрибесi оған проректорлық қызметiн ұтымды атқаруға игi ықпалын тигiздi. Қазақстанның педагогтар даярлайтын қара шаңырағына айналған елiмiздiң ең алғашқы оқу орны саналатын ұлттық педагогикалық университетiнiң озық дәстүрлерiн, жеткен жетiстiктерiн сақтай отырып, сол жақсы үрдiстердi жалғасты­руға күш салып келедi. «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагоги­калық университетiнiң 2009–2011 жылдарға арналған стра­тегиялық даму жоспары» және «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетiнiң 2011–2020 жылдарға арналған даму стратегиясы» атты құжаттар Бiрiншi проректор Мүбәрак Ермағанбетұлының тiкелей басшылығымен әзiрленiп, қолданысқа ендi.

2010 жылдың қараша айында Абай атындағы ҚазҰПУ институционалдық аккредитациядан жоғары оқу орындарының алғашқы сапында өтiп, Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгiне қарасты Ұлттық аккредиттеу орталығының институционалдық аккредитация сертификатына ие болды. Жұмыс тобының төрағасы ретiнде профессор                   М. Ермағанбетов осынау беделдi нәтижеге iскерлiкпен өз үлесiн қосты. Болон үдерiсiне сай студенттерге сапалы бiлiм беруде жаңашыл кредиттiк жүйенi қолдануды жетiлдiру мақсатында университетте «Тiркеу, бақылау және бағалау» басқармасының ашылуына және оған бiлгiр мамандарды тартуға да мұрындық болды. Қазiрде басқарма кредиттiк технологияны жаңаша ұйымдастырып, оқу үдерiсiн басқаруды автоматтандыру iсiмен қоса, студенттердiң бiлiм алуға деген ынтасын арттырып, қы­зығу­шылық тудыруда. Тәжiрибелi оқытушылардан жасақталған эдвайзерлер де өз жұмыстарын талапқа сай атқаруда.

Академик М. Ермағанбетов – танымал ғалым, көрнектi ұстаз, жоғары мектептiң шебер ұйымдастырушысы. Ғалымның қаламынан 180-нен астам ғылыми мақалалар мен оқу-әдiстемелiк әдебиеттер туды. Оның iшiнде   1 оқулық, 3 оқу құралы, 30-ға жуық оқу-әдiстемелiк нұсқаулар, 24 өнертапқыштық куәлiктер, патенттер мен алдын-ала патенттер бар. Оның ғылыми жетек­шiлiгiмен  3 ғылым кандидаты, бiр ғылым докторы  дайындалды. Профессор М. Ермағанбетов 2009 жылы штаб пәтерлерi Мәскеу (Ресей), Сан-Диего (АҚШ) қалаларында орналасқан Халықаралық шығармашылық академиясының академигi болып сайланды. Академия мүшелерiнiң қатарында – Мәскеу мемлекеттiк университетiнiң ректоры В. А. Садовничий, атақты сәулетшi З. Церетели, Қырғыз елiнiң экс-президентi А. Ақаев, ғұлама жазушы марқұм Ш. Айтматов және Қазақстанның бiрнеше физиктерi мен химиктерi бар.

Ғалым-ұстаздың, бiлiктi басшының халық игiлiгi үшiн жасаған адал еңбегi елеусiз қалған емес, 2003 жылы Қ. И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетiнiң «Айрықша еңбегi үшiн» төсбелгiсiмен, ал 2009 жылы «Қазақ­стан Республикасы бiлiм беру iсiнiң құрметтi қызметкерi» медалiмен марапатталды. Қазақстан Республикасы Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдық мерейтойы қарсаңында қабылданған «Ғылым туралы» Заңның қазiргi заманғы әлем өркениетi талаптарына сәйкес орындалуында бiздiң талантты заманда­сымыздың да жаңашыл жас буын ғалым-ұстаздарды дайындауда әлi талай жаңа белестердi игеретiнiне күмән жоқ. Ғылыми шығармашылық пен бiлiктi басшылық қызметтерiн ұштастыра жүрiп, абырой биiгiне көтерiлген ұлағатты ұстаздың алпыс ондық асқарындағы жетiстiктерi соны серпiнмен жалғаса бередi.

Темiрхан ТЕБЕГЕНОВ,

филология ғылымдарының докторы,

профессор, Жамбыл атындағы

Халықаралық сыйлықтың лауреаты.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close