Әлемдiк Гран-при додасы Алматыда өтедi

Ермұхамед МӘУЛЕН
Тұңғыш рет Қазақстанда, тұңғыш рет Алматыда волейболдан әлемдiк Гран-при додасының кезеңдiк жарысы өтедi.
Тамыз айының 12-14-i күндерi Алматы қаласында әлемдiк Гран-при топтамасының қыздар арасындағы екiншi кезеңi өтетiн болды. Дүбiрлi дода Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында өтедi деп жоспарланып отыр. Бұл турнирге қыздар арасындағы волейболдан әлемнiң мықты деген ұжымдары келгелi тұр. Мәселен, талай Әлем бiрiншiлiктерi мен Олимпиадаларда жүлде алып жүрген Бразилия (рейтингте 1-орын), Италия (рейтингте 4-орын), Тайланд (Азия чемпионы) секiлдi тiсқаққан ұжымдар Алматы төрiнде өнер көрсетпек.Жарысты ұйымдастырып отырған Қазақстан волейбол федерациясымен бiрге демеушiлiк көрсетiп, қолдап отырған Алматы қаласының әкiмшiлiгi де жауапты жарыстың жақсы деңгейде өтуi үшiн барлық жағдайды жасауда.
Алматыда өткелi тұрған бәсекенi барша республикаға көрсетудi «Қазақстан» ұлттық арнасы мойнына алды. Дегенмен де, қала тұрғындары 6 мың адамға арналған Балуан Шолақ Спорт сарайын толығымен толтырады деп күтемiз.
Әлемдiк әуедоп қауымдастығының ұйытқы болуымен ұйымдастырылып отырған ресми турнир сонау 1993 жылдан берi жалғасып келедi. Дәл осы сипатта ерлер арасында да жарыс өтедi. Қыздар арасындағы Гран-при додасының жүлде қоры да аз емес. Рейтингтiк ұпай мен 1 140 000 АҚШ доллары үшiн әуедоптың шаңын шығарып жүрген жұлдыздар өте тартысты кездесулер өткiзедi деп сенемiз.
Жалпы, бұл спорттың барша жер-жаһанда қарқынды дамып келе жатқаны көзге көрiнiп-ақ тұр. Кезiнде Олимпиада жолдамасын ұтып алған қазақ қыздары да осы жолы намысты қолдан бермеулерi тиiс. Күллi ғалам телмiрiп отырған осы жарыста туымыз көкке көтерiлер деп күтемiз. 2003 жылдан берi 12 команда қатысып келсе, биылдан бастап қатысушылар саны да артты. Ендi жарыс жолына 16 команда шығып, өзара топтарға бөлiнедi.
Негiзi, бұл жарыстың қалай өтетiнi жайлы көп ел түсiнiксiз жағдайда қалып жатады. Сол себептен турнирдiң өту тәртiбiнен ақпар бере кетсек. Жарыс iрiктеу және ақтық кезеңнен тұрады. Iрiктеу кезеңiнде барлық командалар жеребе арқылы топтарға бөлiнiп, сол мемлекеттердiң қалаларында үш тур өткiзедi. Ақтық сынға 7 команда шығады, ал сегiзiншi, ол – Қытай (жарысты ұйымдастырушы ретiнде iрiктеусiз қатысады).
Естерiңiзге сала кетсек, Қазақстан қыздар құрама командасы Гран-при жарысына осымен үшiншi рет қатысады. Алдыңғы жылдардың сәтсiздiктерiн биылғы маусымда орнына келтiрудiң ретi келiп тұрған секiлдi. Қазақстан командасы Қытайдың Луоха қаласындағы жарыстан бастайды. Онда тамыздың 5-7-сi күндерi 1-кезеңнiң кездесулерi өтедi. Қазақ қыздарына «D» тобының аясында АҚШ, Қытай, және Сербия командалары қарсылас атанған.
Екiншi кезең Алматыда өткеннен соң, әуедопты серiк еткен аруларымыз Гонгконгта өтетiн 3-кезеңге қатысады. Ол тамыз айының 19-21-i аралығында болады. «I» тобына жиналған Қытай, Польша, Доминикан Республикасы құрама командаларына Қазақстан командасы қарсы тұрады. Ал, әлгi айтқан ақтық кезең Қытайда 24 — 28-тамыз күндерi өтедi. Бiздiң бар үмiтiмiз Қазақстан қыздар құрама командасының Макаода өтетiн шешушi сынына қатысатын 7 команданың қатарына кiрiп, абыройлы өнер көрсетуiнде.
Қазақстан қыздар ұлттық құрамасының ойыншылар тiзiмi төмендегiдей: Яна Петренко (1990), Татьяна Пюрова (1982), Сана Жарылғасова (1989), Антонина Пименова (1984), Ольга Наседкина (1982), Кристина Трубина (1986), Алена Омельченко (1989), Коринна Ишимцева (1984), Ирина Лукомская (1991), Елена Эзау (1983), Марина Стороженко (1985), Екатерина Акилова (1992), Радмила Береснева (1983), Зарина Ситказинова (1993), Инна Матвеева (1978), Ольга Дробышевская (1985), Наталья Акилова (1993), Наталья Кулинич (1988), Инна Шкурина (1993), Ирина Шенбергер (1992). Бас бапкер – Бақытжан Байтөреев.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *