ӘЛЕМДІК БІРТУАР ТҰЛҒА

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және XXІ ғасырдағы Қазақ­стан» атты мақаласында халқымыздың ұлы тұлғасына айналған Абай Құнанбайұлының мемлекеттік және халықаралық деңгейде аталып өтетін 175 жылдық мерейтойының жоғары дәрежеде өтуінің негізгі мәселе­ле­ріне тоқталған. Мемлекет басшысы бұл ауқым­ды іс-шараны тойлап қана қоймай, қазақ халқының ұлттық мақтанышы ретін­дегі интеллектуалды ұлт қалыптастыру жолы мен парасатты патриотизм мектебін құрудағы құнды идеяларын бүгінгі уақытпен сабақтастырып, ұтымды үйлестіру мәселесін де қозғады.

Қ-Ж.Тоқаев қазақ поэзиясының асқар шыңына айналған ғұлама ойшылдың мазмұнды әрі мәнерлі өлең жолдарын жаңа форматта дәріптеудің де қажеттілігін айтты. Мемлекет басшысы мақаласында өткен жылдағы Абай шығармаларынан үзінді оқу эстафетасын қолдап, бұл тиімді әдіс арқылы Абайға деген ерекше құрметті әрі өскелең ұрпақты Абай әлеміне қызықтырудың ұтымды жолы ретінде қарады.

Президент ауқымды іс-шараға қатысты ойларын «Ұлттық болмыстың үлгісі», «Мемлекет ісінің мүддесі», «Жаңа қоғамның жанашыры», «Әлемдік мәдениеттің тұлға­сы», «Торқалы тойдың тағылымы» секілді бес бөлікке бөлген. Қ-Ж.Тоқаев аталған әрбір тарауда ұлы Абайдың мол мұрасын дәріптей отырып, отандық білім беру жүйе­сіндегі жетістігімізбен қатар кемшілік­тері­міздің жетіп-артылатын тұстарына да назар аударуды жөн санайды.

Мақалада Президент Қ-Ж.Тоқаев қазақтың кемеңгер ойшылы Абай Құнан­байұлының шығармаларындағы ұлт бірлігін өркендету, әділетті қоғам орнатудағы басты идеяларын ашуды мақсат тұтқан. Ұлы ақынның өнегелі өсиеттері арқылы бүгінгі жастарды ұлтжанды, білім мен ғылымға икемді, өз еліне патриот болуға тәрбиелейтін басты темірқазығы ретінде көрсетеді. Мемлекет басшысы асқар ойдың алыбы Абайдың ұлтты жаңғыртуға жол ашатын кемеңгерлігін: «Ол әділетті қоғам құру идея­сын көтерген. Демек, Абайдың көзқа­растары ХХІ ғасырдағы Қазақстан қоғамы және оның береке-бірлігі үшін аса құнды. Хакім Абайдың ұстанымдары өркениетті мемлекет қағидаларымен үндеседі. Заң үстемдігі, биліктің ашықтығы мен халық алдында есеп беруі жоғары деңгейде болып, мемлекет ісіне азаматтық қоғам өкілдері белсене араласқан жағдайда ғана әділеттік берік орнығады», – деп Абай философия­сының адамзат өркениеті жолындағы еңбектерін аша түседі.

Қ-Ж.Тоқаев жаңа қоғамның жанашырын қалыптастыру үшін ұлттық қадір-қасиеті­мізді бағалайтын ұрпақ тәрбиелеуге шақы­рады. Осы негізде халқымыздың бәсекеге қабілет­тілігін жетілдіру жұмыстарына мән беріп,  қоғамдағы әлеуметтік жауапкерші­ліктің басты қазығын Абайдың «Толық адам» формуласынан іздеуді жөн санайды. Аталған бағытта ғалымдардың тың зерттеулерді қолға алып, асыл ойдың зерегіне айналған ұлы ойшылдың қазыналы ойларын көпші­лікке дәріптеуді қажет деп біледі. Мемлекет басшысы Абайдың жалпыға ортақ адамдық философиясы жайлы: «Толық адам» концеп­циясы, шындап келгенде, өміріміздің кез-келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы инсти­тут­тарының негізгі тұғырына айналуы керек деп есептеймін», – деп Абай туындыла­ры­ның бүгінгі қоғамдық ортадағы адамдардың интеллект тұрғысынан дамуына, психоло­гиялық қырларының қалыптасуына үлкен әсерін тигізетінін түсіндіріп өтеді.

Президент өзінің мақаласында Абайдың классикалық үлгідегі өнегелі ойларын тек қазақтың ғана рухани қазынасы емес, әлемдік деңгейде ойып алар орнын көрсетуді басты мақсатымыз деп санайды. Сол себепті, ең алдымен Абайды өз ұлтымыздың мәдени капиталы ретінде насихаттауға шақырады. Өркениетті елдер қазақтың мәдениеті мен әдебиетін, рухани әлемін Абай секілді ұлы тұлғалар арқылы танитындығын айта келіп, оның жарқын есімін жаңа Қазақстанның бренді ретінде әлем жұртшылығына кеңінен таныстыра білу –  бүгінгі ұрпақтың қастерлі борышы деп есептейді.

Қ-Ж.Тоқаев Абай Құнанбайұлының әлемдік мәдениеттің тұлғасы ретіндегі нақты қадамдарды айқындап,ұлы ақынның мол мұрасын насихаттауда 500-ден астам маңызды іс-шаралардың өтетіні жайлы айтты. Оның ішінде: тамыз айында Семей қаласында ЮНЕСКО-мен бірлесіп өткізілетін «Абай мұрасы және әлемдік руханият» атты халық­аралық ғылыми-практикалық конферен­ция ең басты шараға айналатынын айта келіп,  қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында «Абай және рухани жаңғыру мәселелері» деген тақырыпта халықаралық конференцияның өтетінін баяндады. Аталған жиындарда Абай­дың тұлғасы мен мұрасы жан-жақты зер­деленіп, оның шығармашылығын ХХІ ға­сыр­дағы жаңа Қазақстанның  игілігіне пай­далануға жол ашылатындығын айшықтап берді.

 

 Әуезхан ШАШАЕВ,

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

директорының орынбасары, жетекші ғылыми қызметкер, т.ғ.к.

Анар ТЫЛАХМЕТОВА,

 кіші ғылыми қызметкер.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close