Әлемдік ақыл-ой иесі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы көпшіліктің көкейінде жүрген мәселелерді қозғады. Абай Құнанбаев (1845–1904) қазақ халқының аса көрнектi ойшылы, ағартушысы, ұлы ақыны және қазақ жазба әдебиетiнiң негiзiн қалаушы. Міне, осы ұлы ақынымыздың биыл 175 жылдық мерейтойы атап өтілмек. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл туралы өз мақаласында: «Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады. Халқымыздың ұлы перзентінің мерейтойын лайықты атап өту үшін арнайы құрылған комиссия дайындық жұмыстарын бастап кетті. Мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бірақ мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек» — деп алдағы міндеттерді нақтылап берген еді. Ұлы ақын туралы тарихи мәліметтерге жүгінер болсақ , Абай Құнанбаев 1845 жылы қазiргi Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданындағы Шыңғыстауында дүниеге келген.Азан шақырып қойған аты Ибраһим.
Абай ислам дiнiнiң қағидаларын барынша құрметтейтiн дiни отбасында өсiп, тәрбие алды. Оның әкесi Құнанбай қажы Тобықты руының өте ықпалды, орыс тiлiн жақсы бiлген биi болды. Орыстың алдыңғы қатарлы зиялы қауым өкiлдерiмен қарым-қатынас жасап тұрды. Ол шыққан тегi сұлтан әулетiнен болмаса да Қарқаралы округiнде алғашқы аға сұлтандардың бiрi болып сайланды. Ғұмырының аяқ кезiнде Меккеге қажылыққа барып қайтты. Меккеде Құнанбай қажы салдырған Тәбия қонақүйi әлi бар. Қажылықтан қайтып оралған Құнанбай бұл дүниелiк iстерден бiржола қол үзедi. Ақынның бабасы Өскенбай Қазақстанның солтүстiк-шығыс аймағындағы әдiлеттi де ықпалды қазақ билерiнiң бiрi болатын. Оның қалдырған данышпандық сөздерi мен ғибратты өсиеттерi аз емес. Биге қазақтың алыс жатқан руларының адамдары да шағым айта келiп, жүгiнетiн. Абайдың арғы атасы Ырғызбай да атақты би әрi батыр болған.
Абай әуелi ауыл молдасынан сауат ашып, сосын Семейдегi
Ахмет Риза медресесiнде үш жыл оқып бiлiм алады. Ол бала жасынан кiтапқа құмар болды, араб-парсы және көне түркi әдебиетiнiң үлгiлерiмен танысты. Абай қазақтың дәстүрлi әдет-ғұрып заңы мен ислам дiнiнiң қағидаларын терең меңгердi. Онымен бiлiм жарыстырудан молдалардың өздерi қашқақтайтын. Абай халық ауыз әдебиетiнiң үлгiлерiн өте жақсы бiлдi. Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезiнде-ақ өзiнiң алғашқы өлеңдерiн жаза бастады.
Әкесi Құнанбай Абайды Тобықты руының болашақ билеушiсi ету мақсатымен оқудан ауылға керi қайтарып алады. Мұнда ол халықтың қалың ортасына түседi. Билер, ақындар, сазгер-әншiлермен, сондай-ақ даланың данышпан ойшылдарымен жиi-жиi бiрге болып, араласып тұрады.
Ақынның жастық шағы патша үкiметiнiң Қазақстанның оңтүстiгiне қарай әскери күшпен ентелеп ене бастаған кезiмен тұспа-тұс келдi. Ол патша үкiметiнiң округтiк приказдардағы жағдайының барған сайын нығая түскенiн, ХIХ ғасырдың 60–90-жылдарындағы әкiмшiлiк реформаларының енгiзiлгенiн өз көзiмен көрдi. Ол аз уақыт болыс болған кезiнде қай iстi болса да әдiл және адал шешуге талпынды. Сол үшiн қатардағы қарапайым халықтың терең сый-құрметiне бөлендi. Бiрақ қоғамның күрделi мәселелерін мұндай қарапайым тәсiлмен шешуге болмайтынына бiрте-бiрте кәмiл көз жеткiзе бастайды. Сондықтан да ол қазақтың бiлiм мен ғылымды игеруін қолдады.
Болашақ ақынның дүниеге көзқарасының қалыптасуына оның озық ойлы орыс зиялы қауымының өкiлдерiмен араласуы орасан зор ықпал еттi. Ол кезде өз Отанының тәуелсiздiгi жолындағы ұлт-азаттық қозғалыстарға белсене қатысушылар Қазақстан аумағына жер аударылып келiп жатты. Олар, атап айтқанда, Украина мен Польшадағы зиялы қауымның неғұрлым бiлiмдi өкiлдерi болатын. Жер аударылып келгендердiң арасында патша үкiметiнiң саясатына қарсы шыққан орыс зиялы қауымының өкiлдерi де аз емес едi. Олар Абайдың саяси көзқарасының қалыптасуына ықпал еттi. Атап айтқанда, Е. Михаэлис, С. Гросс, Н. Коншин, Н. Долгополов және басқалары едi.
Олар Абаймен бiрге жиi-жиi қонақта болып жүрдi. Қазақ ақыны солардың арқасында озық ойлы орыс мәдениетiнiң алып өкiлдерi А.С. Пушкиннiң, М.Ю. Лермонтовтың және басқалардың шығармаларымен жете танысты.
Президенттіміздің мақаласында айтылғандай: «Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды».
Абай өзiнiң өлеңдерiн бала кезiнен жаза бастады. Бiрақ ол ақын ретiнде алғаш рет ХIХ ғ асырдың 80-жылдарының орта кезiнен бастап таныла бастады. Бұл кезде Абай өз атынан «Жаз» («Жаздыкүн шiлде болғанда…») деген өлеңiн жариялаған болатын. Абай – «Ескендiр», «Масғұд», «Әзiм әңгiмесi» поэмалары мен этикалық-философиялық еңбегi «Қарасөздердi» жазды. Ақынның «Қарасөздерiнде» ХIХ ғасырдың екiншi жартысындағы қазақ халқының болмысы зерделендi.
Ақынды қатты алаңдатқан жағдайлар қазақтың жаппай кедейленiп, қайыршылық халге түсе бастауы, патша үкiметi шенеунiктерiнiң шектен шыққан озбырлығы, жергiлiктi болыстардың парақорлығы мен қанағатсыз пайдакүнемдiгi болды. Ол өзiнiң өлеңдерiнде жақын туыстарына көмек қолын созбайтын сараң байларды өлтiре сынады.
Абай қазақ қоғамын ерiнбей еңбек етуге шақырды. Өзiнiң кейбiр замандастарының бойындағы жаман мiнездердi – жалқаулықты, еңбексiздiктi, көрсеқызарлықты, алтыбақан алауыздықты, надандықты жерiне жеткiзе әшкереледi. Кедейшiлiктен құтылудың бiр тәсiлi егiншiлiкпен айналысу, қолөнер кәсiбiн және сауда-саттық жасауды үйрену екенiн айтты. Ол былай деп жазды:
«Егiннiң ебiн,
Сауданың тегiн
Үйренiп, ойлап, мал iзде»
Оның басқаша ойлауы мүмкiн де емес едi. Қазақ даласында жиi болып тұратын жұт қарапайым халықты ауыр қайғы-қасiретке душар ететiн. Ондай кезде жылдар бойы жинаған малдан бiр-ақ күнде айырылып, жұтап қалуға болатын едi. Абай 1880 жылғы алапат ауыр жұтты өз көзiмен көрдi. Сол жылы оның сан мыңдаған жерлестерi қайыршылық халге душар болған едi. Семей облысында кедей жатақтардың саны бұрын-соңды болып көрмеген жоғары көрсеткiшке жеттi. Олар казак станицалары мен орыс шаруаларының деревняларына жаппай ағылып, болар-болмас тиын-тебенге жалданды, үй қызметшiлерi, қолбала, бақташылар болды. Қайыр сұрап, ел кезiп кеткендер де көп едi.Абай қазақтың мал өсiрумен қоса сауда жасауды, белгiлi бiр кәсiп түрiмен шұғылдануды үйрену қажеттiгiне баса назар аударды. Орта Азия тұрғындарының кәсiп түрлерiне үлкен iлтипатпен қызыға қарады. Ол былай деп жазды: «Ендi қарап тұрсам, сарттың екпеген егiнi жоқ, саудагердiң жүрмеген жерi жоқ, қылмаған шеберлiгi жоқ. Өзiменен өзi әуре болып, бiрiменен бiрi ешбiр шаһари (яғни қала адамдары болып. – авт.) жауласпайды. Орысқа қарамай тұрғанда қазақтың өлiсiнiң ахиреттiгiн (кебiнiн. – авт.), тiрiсiнiң киiмiн сол жеткiзiп тұрды».
Абай халыққа жаны ашымайтындарды жек көрдi, байлардың қарапайым халыққа менсiнбей қарауы оның ашу-ызасын келтiрдi. Қоғамды прогресшiл түрде дамыту жолдарын үнемi iздестiрiп отырды. Абай ел басқаруға халық үшiн қызмет ететiн, адал адамдар сайлануы тиiс деп есептедi. Ол өз төңiрегiндегi адамдардың, жақындары мен шәкiрттерiнiң бойындағы өз халқына риясыз берiлгендiктi, оның мүдделерiн қорғау қасиеттерiн қолдап отырды.
Ұлы ақын жас ұрпақты имандылыққа, адамгершiлiкке, ғылым-бiлiм үйренуге шақырды.
«Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба.
Құмарланып шаттанба
Ойнап босқа күлуге…
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңiз,
Тiлеуiң, өмiрiң алдыңда,
Оған қайғы жесеңiз,
Өсек, өтiрiк, мақтаншақ,
Ерiншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның бiлсеңiз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым ойлап қой –
Бес асыл iс көнсеңiз…», –
деп жастарды бес нәрседен – өсектен, өтiрiктен, мақтаншақтықтан, ерiншектiктен, бекер мал шашпақтықтан қашық болуға, бес асыл iске – талап етуге, еңбектi сүюге, терең ойлай бiлуге, қанағатшыл болуға, қайырымды рақымшылық жасауға шақырды.
Ұлы ақын өз шығармаларында халықты ғылыммен белсене айналысуға үндедi. Әркiмдi өзiнiң өткен әр күнiне мiндеттi түрде есеп берiп отыруға, келер ұрпақты парасаттылыққа шақырды.
Мақаладағы: «Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал, ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты. Ол «Біз ғылымды сатып мал іздемек емеспіз», – деп тұжырымдап, керісінше, ел дәулетті болуы үшін ғылымды игеру керектігіне назар аударды. Ұлы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» деген өнегелі өсиетін де осы тұрғыдан ұғынуымыз қажет» деген Қасым-Жомарт Тоқаев мақаласында өзекті мәселені қозғаған.
Абай жастардың бойындағы кеселдi кемiстiктердi, арсыздық пен ұятсыздықты, дөрекi надандықты тәрбие және бiлiм беру арқылы жоюға үндедi. Ақын ол үшiн қазақ балаларын оқытатын мектептердi көптеп салуды жақтады. Атап айтқанда, ол былай деп айтты: «Балаларды … мектепке беру керек, олардың бiразын мамандықтың бiр түрiн, бiразын басқа мамандықтарды игеруге бағыттау керек. Мектептердi көбейту қажет, оларда тiптi қыздар да оқитын болсын».
Абайдың пiкiрiнше, адам болу үшiн оның бойынан үш түрлi фактор табылуы тиiс. Бiрiншiден, баланың шыққан тегi жақсы болуы керек,екiншiден, оның әлеуметтiк жағдайы немесе қоршаған ортасы жағымды болуы шарт, үшiншiден, балаға адамгершiлiк тұрғысында тәрбие берiлуi қажет.
Абай парақор билеушiлердi, ашкөз судьяларды, надан молдаларды әшкерелеп отырды. Халықтың игiлiгiне жету жолындағы бұл қырсықты ғылым мен бiлiм арқылы ғана жоюға болады деп есептедi. Ол жастарға үздiксiз еңбек етiп, бiлiм алуды мiндет етiп қойды. Бiлiм алуға жұмылған еңбек әрқашанда жемiстi және iзгiлiктi болатынын қадап айтты. Қараңғылықтан шығар, елдi өркениетке жеткiзер жалғыз жол – оқу-бiлiм екенiн көзi қарақты жастарға түсiндiрдi.
Абай орыс тiлiн тамаша меңгердi. Мұның өзi оның орыс ақыны М. Лермонтовтың бiрқатар өлеңiн қазақ тiлiне аударуына мүмкiндiк бердi. Атап айтқанда, Абай М. Ю. Лермонтовтың «Шайтан» («Демон»), «Дұға» («Молитва»), «Қанжар», «Жолға шықтым бiр жым-жырт түнде жалғыз», «Жалау» («Жалғыз жалау жалтылдап»), «Теректiң сыйы» («Асау терек долданып, буырқанып») сияқты өлеңдерiн аударды. Абай А. С. Пушкиннiң «Евгений Онегин» дастанының үзiндiлерiн қазақы ұғымда жатық етiп еркiн аударды. Абайдың Татьяна хатының сөзiне шығарған «Татьянаның қырдағы әнi» қалың елдiң сүйiктi әнiне айналды.
Абай И. А. Крыловтың мысалдарын қазақ тiлiне аударумен де айналысты. Қазақтардың ұлт-азаттық қозғалысының көрнектi жетекшiсi Ә. Бөкейхан өзiнiң қазақ даласындағы әртүрлi уездерде болған кезiнде ондағы ақындардың Пушкин мен Лермонтовтың Абай аударған өлеңдерiн жақсы бiлетiнiне, оларды домбырада әнге қосып айтатынына көз жеткiзiп қайтқанын жазады.
Орыс тiлiнен Абай аударған шығармалар қазақ әдебиетiн байыта түстi. Абай орыстың ұлы ақындарының 50-ден астам өлеңiн қазақ тiлiне аударды.
Абай өз өлеңдерi мен қарасөзбен жазылған ғибраттарында қазақ қоғамы өмiрiнiң барлық жақтарын ашып көрсеттi. Одан ақыл-кеңес сұраған дала тұрғындары ағылып келiп жатты. Атап айтқанда, оған Баянауыл өлкесiндегi белгiлi шежiрешi әрi ақын Мәшһүр Жүсiп Көпейұлы келiп тұрды. Абаймен Семейге саяси жер аударылып келгендер де санасатын. Мiне, мұның бәрi патша үкiметi шенеунiктерi мен олардың жергiлiктi кейбiр итаршыларының тарапынан қызғаныш пен көреалмаушылық, тiптi саяси күдiк туғызды. Ақынның үстiнен өсек айту мен жала жабу әрекеттерiн күшейттi. Патша үкiметiнiң әкiмшiлiгi Абайдың соңына шам алып түсiп, аңду орнатты. Тiптi 1903 жылы Семей полицмейстерi ақынның және оның балаларының үйiне тiнту жүргiздi.
Жақын туыстары мен балаларының бiрiнен соң бiрiнiң қазаға ұшырауы, оның үстiне iзiне түсiп қудалауға душар болуы ақынның денсаулығына әсер еттi. Абай өзiнiң ең жақсы көретiн iнiсi Оспаннан айырылды. 1895 жылы үлкен ұлы Әбдiрахман қайтыс болды. 1904 жылғы көктемде оның тағы бiр ұлы Мағауия дүниеден өттi. Бұл қайғылы оқиғалар Абайға аса ауыр тидi. Мағауияның өлiмiнен кейiн 40 күн өткенде Абайдың өзi де қайтыс болды. Ақын өзiнiң талантты шәкiрттерiн тәрбиелеп өсiрдi. Абайдың iзбасар шәкiрттерi Шәкәрiм, Көкбай, Ақылбай, Кәкiтай және Мағауия болды.
Абай көзi тiрiсiнде өзiнiң өлеңдерiн жинаған емес. Олардың әрқайсысын бiр жапырақ қағазға жазып, жастарға таратып бере берген. Олар Абайдың өлеңдерiн жаттап алып отырған. Сөйтiп Абай өлеңдерi қазақ даласында ауыздан-ауызға таралып кете барды. Оның өлеңдерi қолдан-қолға көшiрiп алынды. Ондай қолжазба көшiрмеге ие болу әрбiр сауатты қазақ үшiн зор ғанибет болатын. Кейiнiрек Абайдың туындыларын оның ұлы Турағұл жинастыра бастады. Абай өлеңдерiнiң ең алғашқы жинағы 1909 жылы ақын
Кәкiтайдың арқасында Қазан қаласында басылып шықты. Абай Құнанбаевтың өлеңдерiн жинауға және бастырып шығаруға көп күш-жiгер жұмсап, игi ықпал еткен ақын Көкбай Жаңатайұлы болды. Ол өлеңдер белгiлi қоғам қайраткерi, Алаш ардагерi Әлихан Бөкейханның редакциясымен басылып шықты.
Абай отандық тарихымыз бен әдебиетiмiзде аса көрнектi орын алады. Абай қазақтың ұлттық жазба әдебиетiнiң негiзiн қалады. Абай есiмi дүние жүзi халықтары әдебиетiнде Шекспир, Пушкин, Гетелермен қатар тұрады. Ақынның мол әдеби мұрасы тек бiр халықтың ғана емес, бүкiл адамзаттың рухани қазынасы саналады. Қазақстанда ұлы Абайдың есiмi көптеген елдi мекендер мен көшелерге, Алматы Ұлттық университетiне, Алматы қаласындағы Мемлекеттiк академиялық опера және балет театрына берiлген. Ұлы ақынның құрметiне Қазақстан мен Ресейде және басқа елдерде ескерткiштер орнатылған. Қазақстанның жоғары оқу орындарында Абай шығармашылығына арналған халықаралық және республикалық ғылыми конференциялар жыл сайын өткiзiлiп тұрады. Ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойы 1995 жылы дүниежүзiлiк ЮНЕСКО көлемiнде аталып өттi.
Президент мақаласында бұл мәселенің маңыздылығы нақты айтылған: «Біз ұлттық сананы жаңғыртамыз және бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастырамыз десек, Абайдың шығармаларын мұқият оқуымыз керек. Оның қоғамдағы түрлі үдерістерге қатысты көзқарасы бүгінгі Қазақстан үшін аса пайдалы. Өз заманының ғана емес, қазіргі қоғамның да бейнесін танытқан Абай – елдік мұраттың айнымас темірқазығы. Әр қазақтың төрінде домбыра тұрсын деген ұғым қалыптасқанын бәріміз жақсы білеміз. Сол сияқты әр шаңырақта Абайдың кітабы мен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы тұруы керек деп санаймын. Келер ұрпақ Абайдың сара жолын жалғауға тиіс. Бұл – ұлы ақын арманының орындалуы. Сондықтан біз Абайдың ойынан да, тойынан да тағылым алуға тиіспіз. Биыл Абайдың 175 жылдығына орай халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылады. Тамыз айында Семей қаласында ЮНЕСКО-мен бірлесіп өткізілетін «Абай мұрасы және әлемдік руханият» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ең басты шараға айналады. Сондай-ақ, қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында «Абай және рухани жаңғыру мәселелері» деген тақырыпта халықаралық конференция өтеді. Бұл жиындарда Абайдың тұлғасы мен мұрасы жан-жақты зерделеніп, оның шығармашылығын ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанның игілігіне пайдалануға жол ашылады». Сонымен, Президент тарапынан Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына байланысты өткізілетін іс-шаралардың ауқымы анықталды, ендігі міндет бүкіл қауым болып оның орындалуына белсене араласып, ұлықталуына үлес қосу болмақ.
Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ,
ҚР БҒМ ҒК Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымының докторы, профессор.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *