ӘЛЕМ ЖҰРТШЫЛЫҒЫ ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІМЕН ТАНЫСАДЫ

Қазақстандық авторлар шығармаларын БҰҰ-ның 6 тілінде сөйлететін аудармашылармен кездесті

«Достық» үйінде Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Ұлттық аударма бюросы» «Жаһанданудағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында қазіргі қазақ әдебиеті антологияларын БҰҰ-ның 6 тіліне аудару жұмысының барысы туралы әлемнің әр шалғайынан келген аудармашылармен кездесу өткізді. Келелі жиынды «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы кіріспе сөз сөйлеп ашып, күн тәртібіндегі мәселенің барысымен таныстырды.

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ

Бұл жоба Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың бастама­сымен жүзеге асып жатқан «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы бағыттарының бірі. Жоба тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиеті мен мәдениеті, музыкасы мен бейнелеу өнерін, хореография, кино және театр саласын­дағы жетістіктерді әлемге танытуды мақсат етеді. Соның ішінде аталған жоба аясында қазіргі қазақ прозасы мен поэзия жинақтарын 6 тілге аудару қолға алынды. Осы ауқымды жұмысқа қатысып жатқан Ұлыбритания, Испания, Франция, Ресей және Қытай аудармашылары мен әдебиет­шілері, аударма және баспа ұйымдарының өкілдері шығармалары қазіргі қазақ әдебиеті антологиясына енген авторлар­мен кездесу үшін Қазақстанға арнайы сапармен келді.

Биылғы жылға аударманың көркем­дік сапасын арттыруға бағыттал­ған бірқатар арнаулы шаралар жоспар­ланған. 14 қаң­тарда Астанада және 16 қаң­тарда Алматы қаласында сол шаралардың алғашқысы саналатын кездесулер өтті. Жиында Ұлыбритания, Испания, Ресей, Франция және Қытайдан келген аударма­шылар мен әріптес ұйымдардың өкілдері жұмыс барысы жайлы баяндамалар жасап, авторлармен пікірлесті. Бұған дейін хабарланғандай, қазақ әдебиеті жинақ­тарын ағылшын тіліне аудару, басып шығару және тарату жұмысы Кембридж университеті баспасының қатысуымен іске асуда. Танымал универ­ситет баспасы жобаға тәжірибелі аудармашылар мен беделді әдебиетші мамандарды тартқан. Британдық әріптестер «мәдени индукция» (Cultural Іnductіon) тәжірибесін қолдануды ұсынды. Ол аудармашылар мен редактор­лардың түпнұсқа мәтін (елдің) мәдениеті мен оның мазмұнына терең үңілуіне жол ашады. Осы сапар барысында антология жобасына қатысушы шетелдік мамандар  қазақстандық авторлармен аудармаға байланысты туындаған сұрақтарын талқылап қана қоймай, Қазақстан мәдениеті, тарихы және қазіргі тыныс-тіршілігімен жақын танысады. Қазіргі қазақ әдебиеті антологиясын испан тілінде сөйлетуге Испания мәдениет министрлігі қолдау көрсетіп, әйгілі «Сервантес институты» кеңесші ретінде қатысады. Жобаға Еуразия және Орталық Азия елдері әдебиетін аударуға маманданған тәжірибесі мол аудармашылар тартылған.

Антологияның француз тіліндегі нұсқасын дайындауға Париж қаласының мэриясы және Франция ұлттық кітап орталығы қатысса, орыс тілінде мәтін аудармасы мен әдеби редакциясы жұмысын үйлестіруге Ресей Жазушылар одағының мәскеулік ұйымы, ал жинақты басып шығару мен таратуға М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің баспасы атсалысады. Қазақ әдебиетінің жинақтарын қытай тіліне аудару, басып шығару және таратумен Қытай Халық Республикасының «Ұлттар баспасы» айналысады. Жинақтарды араб әлеміне Египет Араб Республика­сының Мәдениет және білім орталығы таныстырады. Бұл аталған серіктес-ұйымдар аударма, басып шығару, тарату-насихаттау жұмыстарына 50-ден аса маман тартты. Қазіргі таңда ағылшын, француз, орыс және испан тілдеріндегі жолма-жол аударма жұмысы аяқталды. Қытай және араб тілдеріндегі жолма-жол аударма жұмысы жүріп жатыр.

Астана және Алматы қалаларында өткен кездесулер аясында қазақ ақын-жазушылары мен шетелдік мамандар қазіргі көркем әдебиетті аударуға қатысты ортақ мәселелерді талқылады. Авторлар мен аудармашылар жеке-жеке сұхбат құрды. Бұл аударманы  түпнұсқа мәтінге мейлінше жақындатып, оның көркемдік сапасын қамтамасыз етпек.

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет аударма саласындағы мұндай ауқымды шаралардың бұрын болмағанын атап өтті. Ұлттық әдебиетіміздің озық шығармаларын әлемнің озық алты тіліне аударудың маңыздылығы өте зор. Осы кезге дейін жазушылар өздерінің шығармаларын өздері тікелей аудартуға атсалысып келсе, енді тәжірибелі аударма­шылар жазушыға өздері келіп отыр. Қазақ әдебиетінің көркем шығармалары шет елдерде кеңінен насихатталып, әлемнің ірі кітапханаларынан орын алып жатса, біздің еліміз үшін үлкен мәртебе.

Қытай елінен келген қандас бауырымыз Акпар Мажит өз елдерінде қазақ әдебиеті классиктері шығар­маларының аударылып, елге тарап жатқанын, дегенмен кейінгі толқын ақын-жазушылардың кітаптарынан мағлұмат аз екенін тілге тиек етті. Қытай елі қазақ халқын әдебиеті арқылы таниды. М.Әуезов пен Абай шығармаларының бастылары қытай тіліне аударылғанын айта келіп, өзінің Абайдың қара сөздерін қытай тіліне аударуға атсалысқанын жеткізді. Кейінгі кездегі қытай тіліндегі қазақ шығармаларының сапасы жоғары деуге келмегенімен талпыныстың жоғары екені қуантады.

Аудармашылардың басқосуында әлем елдерінен келген кәсіби танымал мамандар Джейн Катрин Манн, Крис Макнап, Владимир Бояринов, Альберт Митчел, Акпар Мажит, өзге де аудармашылар бұл саланың қазіргі жәй-күйі, оны дамытудың жолдары туралы баяндама жасады. Осы жиынға Лондон қаласынан арнайы келген, «Қазақ әдебиетінің антологиясын» аударушылардың бірі, «Алматы ақшамы» газетінде алғашқы еңбек жолын бастаған әріптес қарындасымыз Әсия Бағдәулетқызы да жетекші аудармашылардың қатарында баяндама жасап, өзінің ойларымен бөлісті.

Түстен кейін әлем таныған аудармашылармен жеке-жеке кездесу өтіп, оқырман сауалдарына жауап берілді. Қазақтың салт-дәстүрі мен ән-күйінен тұратын өнер кеші ұйымдастырылды.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *