Әлем таныған тұлға

Тарих – қазақ  халқының  бағына оның  өз ортасынан шыңдалып шыққан  Нұрсұлтан  Назарбаевтай дара  тұлғаны тарту етті.

Қазақстанның  Тұңғыш  Президенті   Нұрсұлтан  Назарбаев  тағдыркешті қазақ жерінің  тұтастығын сақтап қалды. Еліміздің шекарасы тәуелсіздікке дейін нақты  бекітілмеген  болатын.   Қазақтың  шекарасын  бекітеміз  деген  талай  Алаш асылдарының  тауы  шағылып, өмірімен   қоштасқанын  ұмытпағанымыз абзал.

Бекітілген шекара халықаралық құқықтың басты екі қағидаты – шекаралардың бұлжымастығы мен мемлекеттің аумақтық тұтастығын сақтаудың кепілі  еді. Қазақтың   ұлан-ғайыр даласын сақтап қалу, шекараны делимитациялау мен демаркациялауда Тұңғыш  Президент – Елбасымыз Қытай, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан, Түркіменстан мемлекеттерімен  дипломатиялық ортақ келісімге келуде өлшеусіз еңбек сіңірді. Шектес мемлекеттердің бәрімен шекаралық шептерді анықтап, оны  құжат жүзінде бекіттірудің басында  тұрды,   тараптармен  жасалған   жоғары деңгейдегі келіссөздерде  мемлекетшіл  қайраткер   ретінде  табандылық танытты.

Әлем   таныған  сындарлы  саясаткер  Нұрсұлтан Назарбаев бар қажыр-қайратын, парасат-пайымын  мемлекетіміздің игілігіне жұмсап, уакыт көшінен алға озып,  болашақ  ұрпаққа жарқын өмірдің негізін қалап бергенін халықаралық   сарапшылар мен саясаткерлер   бағалай білді.

Қазақстанның Тұңғыш  Президенті  өзінің  осы  бағыттағы  ой-мақсатын бейбіт өмірге  ұластырып, «Елде  тыныштық – әлемде  бейбітшілік»  ұранын  ұстанды. Ол  қағида – халықаралық  қауымдастық  тарапынан қолдау  тапты. Елбасы  осы саясаты  арқылы  Қазақстанды  қысқа мерзімде әлемге танытып, ғаламдық бейбітшілікті  сақтау  үшін  жасалған тарихи  қадамдармен  тарихтың  бағыт-бағдарына  жол көрсетіп берді. Осылайша  Нұрсұлтан Назарбаев өз елін геосаяси ауыртпалықтарға қарамастан білгірлікпен басқару арқылы кездескен қиындықтардан алып шықты. Алға қойған мақсат-мүдделерін ұлттың даму тұжырымдамалары негізінде табысты жүзеге асырды.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасының сыртқы саясатта  ұстанған көпвекторлы  саясаты – белсенді дипломатиялық қадамның төрттағаны саналады.  Оның  бастамасымен  экономика мен саясат  қадамдарында қол жеткізген табыстары тек Қазақстанның тағдырын ғана емес, тарихтың  бағыт-бағдарын  өзгерткен  ғаламдық көшбасшы ретінде  танылуына жарқын  жол  ашып  берді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тарихта  өшпестей  із  қалдырған  қайраткер.  Елін өркениетті мемлекеттердің қатарына қосу үшін ол  қажетті барлық мәселелердің  жолын іздестірді. Өз Отанын, өз елін саяси және экономикалық ауыр кезеңде басқаруды қолға алған ол халық алдындағы жауапкершілікті сезіне отырып, тығырықтан шығудың ең тиімді жолын қарастырды. Көп  кешікпей  оны тапты да. Санаулы жылдар ішінде Қазақстан басшысы Қазақстанды қарқынды дамыту  арқылы  көпшілік   сенімінен шықты. Халықаралық  қауымдастық  Қазақстанды, қазақ  халқын Нұрсұлтан Назарбаев арқылы таныды.

Әбдіғапар САҒАДАТ,

Халықаралық Ақпараттар академиясының  академигі және Оксфорд академиясының академигі.

 

 

Ұлттық тұтастықты нығайта түсер мереке

Бұл мереке жалпыұлттық татулық пен қоғамымыздың бірлігін қамтамасыз еткен тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы Елбасының аса зор еңбегіне деген халықтың  шынайы  құрметін білдіреді.

Мемлекеттік мерекеге айналған маңызды күн ұлттық рух пен сенімді нығайтады, отандастардың зияткерлік пен жасампаздық күш-қуатын арттырып, озық реформалар мен өзгерістерді жүзеге асыруға жұмылдырады.

Тұңғыш Президенттің саяси ерік-жігері мен стратегиясының арқасында бүгінгі таңда Қазақстан қоғамдық тұрақтылықтың, түрлі этностық топтар мен конфессиялар өкілдерінің бейбіт өмірінің өнегесі болды.

Қазақстан тәуелсіздігінің тарихы  – біздің  Отан үшін және бүкіл халықтың игілігі үшін  жасампаз еңбектен бастау  алатын табысқа жету тарихымыз. Елімізде елеулі өзгерістер болып жатыр.  Экономиканы, саяси жүйені және қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламалары табысты іске асырылуда.

Тұңғыш Президенттің арқалаған жүгі салмақты болды. Оған мемлекеттілікті қалыптастырып, елді өтпелі кезеңнің қиыншылықтарынан  алып шығу секілді үлкен тарихи міндет жүктелді. Ел сенімі толығымен ақталды. Тұңғыш Президенттің төңірегіне барша қазақстандықтар тығыз топтаса түсті. Ел- жұрт Елбасының бастамасымен жас мемлекетімізде қолға алынған реформаларға қолдау көрсетіп, оның табанды тірегі бола  білді. Бүгінгі ұрпақ еліміздегі ғаламат өзгерістердің куәсі болып  отыр.  Олардың бойында ортақ   Отанымыз – Қазақстанға деген мақтаныш сезімінің орныққанын   мақтаныш етуге  болады.

Қазақстан   Республикасының Тұңғыш Президенті күні еліміз үшін маңызы зор мереке. Өйткені, бұл күн – халқымыздың тәуелсіздігімен тікелей байланысты.  Бүгінгі таңда біз қол жеткізген табыстар, бейбітшілік пен келісімді өмір суруіміз, ортақ шаңыраққа бірігуіміз, бала тәрбиелеп, тыныштықта өмір сүруіміз Елбасының  жанкешті  ерлігінің  табысы.

Бір-бірін қолдап қорғаштайтын бауырмалдық  құндылығы  ежелден  қазақтың  дәстүрлі  салты.  Оны  әлем халқы  мойындаған.  Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық ететін Қазақстан халқы Ассамблеясы республикада бейбітшілік пен келісімді нығайту мақсатында өз бастамасымен құрылған бірегей институт.

ҚХА Елбасының бағытын қолдап, елімізде тұрақтылықты сақтау мақсатында тиімді жұмыс істеп келеді. Халықтар бірлігінің қазақстандық моделі – көптеген шет мемлекеттерге үлгі боларлық әрі республиканың дамуына бастайтын ерекше бастама.  Қазақстандағы 130-ға жуық этнос өкілдері бейбітшілік пен келісімде ортақ шаңырақ астына жиналған.

Қазақстанда  өмір  сүріп  жатқан барлық ұлттар мен  ұлыстарға    мол  мүмкіншілік берілген.  Осының бәрі Елбасы ұстанған көреген саясаттың нәтижесі. Этностық және діни қақтығыстар бірқатар елдердің тұрақты дамуына қатер төндіріп отырған қазіргі уақытта Қазақстан осы салада туындайтын проблемаларды жүйелі негізде шеше алатынын көрсетіп келеді.

Осы  бағытта Қазақстан халқын айтулы мерекемен құттықтай отырып, еліміздің қарыштап дами беруіне  тілектестігімді білдіргім келеді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік деңгейдегі ірі саясаткер, ерекше тұлға екендігі оның көп  этносты Қазақстанда этносаралық және конфессияаралық ынтымақ пен сыйластықты, береке мен бірлікті нық орнықтыра білгендігі- мен де ерекшеленеді. Бүгінде әлемдік қоғамдастыққа бірегей институт ретінде танылған Қазақстан халқы Ассамблеясының алатын  орны бөлек. Өйткені, осы бірегей құрылым Қазақстанда саяси экономикалық дамуға арқау  болып отырғанын біз жақсы білеміз. Әлем  оған қызыға қарап  отыр.

Президентіміз таңдаған бағыт – тамыры тереңге жайылған тарихымыз бен халқымыздың өткенін заманауи жағдайға бейімдей отыра, елімізді қарыштата дамытып келеді. Нұрсұлтан Назарбаев өзі жасаған шешімдер мен бастамаларды баянды етуде  табандылық  танытып отыр.

Біз, Қазақстан  халқы   Елбасымызға  сенеміз және оның көреген, сындарлы шешімдері үшін алғыс айтамыз. Елбасының сарабдал саясатының нәтижесінде біз бүгінде бейбіт өмір сүріп отырмыз. Татулығымыз берік. Елбасы анықтап берген басымдықтарға сүйене отырып, біз барлық күш-жігерімізді елдің дамуы үшін және ұлттық бірегейлігімізді сақтау мақсатында жұмылдырып  келеміз.

Дара тұлға,  беделді саясаткер   Нұрсұлтан Назарбаевты бүгінде әлем жұртшылығы жақсы біледі және оны  бейбітшілікті  сақтаушы қайраткер  ретінде  жан-жақты таниды. Елбасы саясатының негізінде Қазақстан болашақта биік белестерді бағындыратынына, әлемде ең дамыған мемлекеттердің қатарынан орын алатынына сеніміміз мол.

Сағади  БӨЛЕКБАЕВ,

Социология Ғылымдары  академиясының  академигі, философия ғылымының докторы, Синьцзиян университетінің профессоры.

 

Биік  белес

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел алдындағы қызметін қалай айтсақ та жарасады.

Қазіргі таңда әлемдік қоғамдастық  Елбасының бейбітшілік пен келісімді, халықтар мен мемлекеттер арасындағы достықты және татулықты нығайтудағы бастамаларын жоғары бағалайды. Оның үстіне, этносаралық келісімнің қазақстандық моделі мен біздің мемлекет қалыптастырған жағдай әлемде баламасы жоқ, бірегей үлгі екені мойындалды.

Осы орайда Нұрсұлтан  Назарбаевтың сарабдал саясатының нәтижесінде  өздерін және халқының мәдениетін күнделікті тұрмыстағы бүкіл салада көрсетуге мүмкіндік  алды.

Қазақ елінде экономикалық реформалар  табысты  жүзеге асырылды. Мемлекеттің   шет елдермен   түрлі  салалар  бойынша   қатынастар  жасауына   негізделген  қуатты  заңнамалар қабылданды. Тұңғыш  Президент елімізге ішкі саяси  міндеттерді   іске асыруға  мүмкіндік беріп қана қоймай, әлемдік қоғамдастықты  бейбіт  өмір  сүруге  жақтаушы  ретінде  шақыра  білді. Бұл шақыру  өз  нәтижесін  берді.

Өз отандастарын тарихи отанына оралуға шақырған,  оларға жағдайлар жасаған дүние жүзінде санаулы ғана елдер бар. Солардың бірі – түркітілдес әрі бауырлас қазақ халқы және оның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан  Назарбаев екенін   мақтан  етеміз. Елбасының  бастамасымен іске асырылған «Нұрлы көш»  мемлекеттік бағдарламасы соған нақты дәлел бола  алады.

Барша  отандастарымды  осынау мерекемен құттықтаймын.  Елімізге, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа  халықтың  игілігі мен  қуанышы  жолында  барша  мұратына жетуіне тілектестік  білдіремін! Халқы үшін асқақ Алатаудай тұлғаның еліміз үшін жасаған жұмысы орасан зор.  Нұрсұлтан   Назарбаев – тек қазақ халқы үшін ғана емес, бейбіт өмірді сүйетін дүние жүзіндегі барлық  адамзаттың гүлденуі жолындағы  әлемдік тұлға.

Бүгінгі күні Тұңғыш  Президенттің салиқалы саясатының нәтижесінде ел экономикасы өсіп-өркендеп, саяси-әлеуметтік даму үрдісі алға басып отыр. Елбасы саясаты бүгінгі күні тұғырланып келе жатқан мемлекетіміздің саяси, экокомикалық және рухани тұрғыдан үндесе дамуының біртұтас жолын көрсете отырып, қазақстандықтарды жаңа биіктер мен асуларға бастап келеді.

Байахмет  ЖҰМАБАЙҰЛЫ,

жазушы, этнограф.

 

Дайындаған  – Ермек  ЖҰМАХМЕТҰЛЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close