Әлем тағатсыздана күткен…
Дональд Трамп мен Ким Чен Ынның тарихи кездесуі

Кешегі 12 маусымда Сингапурда төрткүл дүние тағатсыздана күтіп, үлкен үміт артқан жоғары деңгейдегі АҚШ пен Солтүстік Корея басшылары Дональд Трамп пен Ким Чен Ынның кездесуі болып өтті. Бұл кездесу жайында мақала, репортаждар жазып, хабарлар таратпаған әлемдік БАҚ құралдары жоқтың қасы. Саммиттің барысы шама-шарқынша кеңінен баяндалды.
Көгілдір экраннан көргеніміздей, Трамп пен Кимнің кездесуі Сингапурдің Sentosa аралындағы ерекше талғампаздықпен таңдалған, екі қабатты ақшаңқан Capella қонақ үйінде өткізілді. Қонақ үйдің алаңқайында алдымен Ким Чен Ынды тасыған жеңіл автокөліктер қатары көрінді. Артынша Трамптың тізбектелген кортежі де келіп жетті. Қос көшбасшы ғимараттың ішіне еніп, алды ашық, қабырға бетіне АҚШ пен КХДР мемлекеттік тулары қойылған ұзын дәліздің орта тұсында қол алысып, бір-біріне жылы шырай танытты. Әрі қарай олар жеке бөлмеде тек аудармашылардың ғана қатысуымен тет-а-тет, яғни бетпе-бет отырып сөйлесуге бағыт алды. Оған кірмес бұрын Трамп саммиттің өзі үшін айтарлықтай құрмет пен қуаныш екенін, жақсы қарым-қатынас орнайтынына ешқандай күмәні жоқтығын, маңызды пікіралмасу мен талқылау болатынына үміт артатынын, ал Ким кездесудің көптеген кедергілер мен қиындықтарды еңсеру арқылы жүзеге асып отырғанын айтты.
Оңаша ұшырасу шамамен 45 минуттай уақытқа созылды. Онда нендей әңгіме болғаны айтылмады. Әйтсе де, қос басшының жүздерінен қанағат пен жылылық белгісі аңғарылды. Бұдан соң екі жақтың ресми делегациялары басшыларының басқаруымен келіссөз үстелінің басына жайғасты.
Келіссөзге АҚШ тарапынан – Дональд Трамппен бірге Мемлекеттік хатшы Майк Пампео, қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Джон Болтон және Ақ үй аппаратының жетекшісі Джон Келли, КХДР жағынан – Ким Чен Ынның қасында КЕП (Корей Еңбек партиясы) төрағасының орынбасары Ким Ён Чхоль, КПЕ Орталық Комитеті халықаралық бөлімінің меңгерушісі Ли Су Ён және Сыртқы істер министрі Ли Ён Хо қатысып отырды.
Мұндай тарихи кездесуді әрбір ақпарат құралының қалт жібермесі анық. Алайда, келіп түскен мәліметтерге қарағанда, Сингапурге әлемнің әр түкпірінен үш мыңдай БАҚ өкілдері жиналғанымен, келісілген хаттамаға сәйкес саммитке қатысуға Құрама Штаттар жағынан жеті, КХДР жағынан жеті журналист қана жіберілген көрінеді.
Екі жақтың уағдаласуы бойынша күн тәртібінде, Корей түбегін денуклеризациялау, яғни ядролық қарулардан тазарту, бейбітшілік пен тыныштық орнату және АҚШ-КХДР қарым-қатынасын қалыптастыру мәселелері қаралады деп келісілген. Бірақ та қандай да бір келісім құжаттарын жасау жайы қарастырылмаған. Бұл кездесу ізгі ниет пен игілікті істерге бастаудың жолындағы алғашқы қадам-қаракет болады деп жобаланған.
Ал Солтүстік Корея басшылығы осы саммит арқылы АҚШ тарапынан жарияланып, ел экономикасына ауыр зардап-залалын тигізіп отырған санкциялық шектеулерді жойдыру және өзінің қауіпсіздігіне кепілдік алу мақсатын қойған.
Дегенмен, келіссөздер қорытындысында осыған дейінгі қарама-қайшылық пен текетірестерге қарамастан Дональд Трамп пен Ким Чен Ын ымыраға келіп, жұрт күтпегендей бірлескен декларацияға қол қойды. Және де бір-біріне алғыс сезімдерін білдірді.
АҚШ президенті: «Біз айтарлықтай ауқымды да маңызды құжатқа қол қойдық. Бұған екеуміз де ризамыз!» – деген қанағат сезімін жасырмады. Бұдан әрі ол АҚШ-КХДР қатынасының шапшаң қарқынмен дамитынына, оның нәтижесіне екі жақтың да көңілдері көншитініне шүбә келтірмеді.
Өз кезегінде КХДР басшысы Ким Чен Ын: «Дүние-әлем ендігі жерде таңқаларлықтай ірі өзгерістердің куәсі болады. Мен осы кездесудің болғаны үшін президент Трампқа алғыс айтамын», – деді.
Басында Трамп пен Ким қол қойған құжаттың мазмұны белгісіздеу болған-тын. Бірақ та кез- келген нәрсені індете зерттеп, түбіне жетпей тынбайтын қазымыр да, жанкешті журналистер Трамп көрсетіп тұрған құжаттың фотосуретіне шұқшия үңіліп, оның мәтінін біліп алыпты.
Сол журналистердің хабарлауынша құжаттың кіріспесінде: «АҚШ пен КХДР-дың жаңаша қарым-қатынас орнатуы бейбітшілік ісіне елеулі үлес болады және Корей түбегінің гүлденуіне әлемдік өркениеттің дамуына ықпал етеді деген сенімдеміз және де бір-бірімізге сенім артуымыз Корей түбегін денуклеаризацияға жол ашады деген үміттеміз» делінген.
Айтуларынша, құжаттың негізгі бөлігі төрт тармақтан түзілген. Алғашқысында екі елдің де жаңа сипаттағы қарым-қатынас орнатуға ықыласты екені жазылған. Екінші тармақта АҚШ-тың да, КХДР-дың да Корей түбегінде бейбітшіліктің орнауына мүдделі екендіктері айтылған. Үшінші тармақта осы жылдың сәуірінде Пханмунджомда жасалған келісімнің түбектегі денуклеаризация үшін маңыздылығы атап көрсетілген.
Соңғы төртінші тармақта Корей соғысы кезінде із-түзсіз жоғалған жауынгерлерді іздестіру, қаза тапқан солдаттардың сүйектерін тексеріп, аты-жөндерін анықтау мәселесі қамтылған.
Кездесу аяқталған тұста бір тілшінің: «Сіз алдағы кезеңде Ким Чен Ынды Ақ үйге шақырасыз ба?» деген сауалына Трамп: «Міндетті түрде!» деп жауап берді. Ол сондай-ақ, Ким Чен Ынға «келіссөз жүргізе алатын, соған әбден лайықты және өз елін шексіз сүйетін өте талантты да дарынды адам» деген баға берді. «Біз онымен тағы да кездесеміз», – деді. Оның айтуынша, екі жақты қатынастың бұдан арғы нақты мәселелерімен Мемлекеттік хатшы Майк Пампео мен Қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Джон Болтон айналысатын болады.
Осы сияқты. Трамп Корей түбегінде Оңтүстік Кореямен бірлесіп жүргізілетін әскери жаттығулардың тоқтатылатынын, американ солдаттарының еліне қайтарылатынын айтып, десе де ондай іс-шараның шұғыл емес, біртіндеп жүзеге асырылатынын ескертті.
Сөйтіп, АҚШ пен Солтүстік Корея көптеген кедергілер мен қиындықтарды жеңе отырып, өз басшылары Дональд Трамп пен Ким Чен Ынның жоғары дәрежедегі кездесуін өткізіп, бейбітшілік жолында халықаралық қатынастың тарихына алтын әріптермен жазып қоюға болатын ірі қадам жасады.
Ақиқатын айтқанда, 1950–1953 ж.ж. Корей түбегіндегі соғыстан бері қырғи-қабақ қатынаста болып келген АҚШ пен КХДР бір-бірімен ымыраға келіп, пәтуа жасайтынына көпшілік сене қойған жоқ.
Өйткені, арғы жағын айтпағанда, өткен 2017 жылдың өзінде екі жақтың қарым-қатынасы бітіспейтіндей ушығып, шиеленіскенін жұрт біледі. Пхеньян өзінің қауіпсіздігін күшейту мақсатында 20-ға жуық баллистикалық зымыран ұшырып, сутегі бомбасын сынақтан өткізген. Өз иелігендегі қуатты «Хвасон-15» зымыранының Вашингтонға дейін жетіп, зор соққы бере алатынын мәлімдеген. Тіпті, 19 желтоқсанда АҚШ-пен қандай да бір келіссөздер жүргізуден бас тартқан. Трамп та, Ким де аянып қалмай, бір-біріне жүз көріспейтіндей, «зымыран-адам», «қортық», «алжыған шал» дегендей қатты-қатты сөздер айтып, қоқан-лоқы жасаған. Керек десеңіз, күні кеше Ақ үйдің қожайыны «біздің дегенімізге көнбесеңдер, Ирак пен Ливия сияқты тағдыр тауқыметін бастан кешесіңдер!» деп қорқытқан болатын.
Міне енді, «дүниеде шешімін таппайтын мәселе болмайды» дейтіндей, осыған дейін күрделеніп келген АҚШ-КХДР қатынасы жаңа арнаға бет бұрды.
Күткендей-ақ, Құрама Штаттар мен Солтүстік Корея келісімін әлемнің бейбітшіл жұртшылығы қуана құптап, Оңтүстік Корея, Жапония, Қытай, Ресей елдері тілектестік ниеттерін жеткізді.
Саммит аяқталып, оның нәтижесі белгілі болысымен, бірқатар журналистер Дональд Трамп пен Ким Чен Ынды бейбітшілік ісіне қосқан үлестері үшін Нобель сыйлығына ұсыну керек деген ұсыныс айтып жатты. Несі бар, ол да мүмкін?!
Еске сала кетсек, тарихи деректер бойынша АҚШ президенттерінің ішінен бейбітшілік ісіне қосқан үлестері үшін: 1906 жылы Теодор Рузвельт, 1919 жылы Вудро Вильсон, 2002 жылы Джимми Картер, 2009 жылы Барак Обама Нобель сыйлығымен марапатталған.
Бірқатар елдердің наразылығы мен қарсылығына қарамастан 1978 жылы Египет пен Израиль арасында жасалған «Кэмп-Дэвид бейбіт келісімі» үшін осы мемлекеттердің президенттері Анвар Садат пен Менахем Бегинге бейбітшілік жолындағы халықаралық Нобель сыйлығы берліген.
Осылайша әлемдік геосаясаттағы бір қиын түйін тарқатылғандай болды.