Әлем халқы қазақ әдебиетімен танысады

Әлемнің 6 тіліне аударылған қазақ әдебиеті жинақтары әлемнің 90-нан аса еліне таралатын болды.

«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында аударылған қазақ әдебиеті антологияларының сүйінші даналары жарық көрді. Жинақтар тәуелсіз­дік жылдарындағы қазақ әдебиеті, мәде­ниеті, музыкасы мен бейнелеу өнері, хорео­графия, кино, театр саласындағы жетістік­терін әлемге паш етпекші.

Алматыдағы «Достық үйінде» өткен поэзия және проза жинақтарының таныс­ты­рылымына осы жобаға қатысқан Ұлы­британия, Испания, Франция, Ресей, Қытай, Египет және Таяу Шығыс елдері аудармашылары мен әдебиетшілері, аударма және баспа ұйымдарының басшы­лары, шығармалары алғашқы антоло­гияларға кірген авторлар қатысты.

Айта кетейік, жоба Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы бағыттарының бірі.

ҚР Президенті әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, «Жаһандағы зама­науи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға жауапты жұмыс тобының жетекшісі Аида Балаева қазақ әдебиетінің үздік үлгілерін БҰҰ-ның 6 тіліне аударып, тарату – ұлт тарихында бұрын-соңды бол­маған, қазақ мәдениетін әлемге таныстыру тұрғысынан теңдесі жоқ бастама екенін айтты.

–       160 қазақстандық автордың таңда­малы шығармалары бір мезетте әлемнің ең ірі 6 тіліне аударылып, сол тілдерде жұмыс істейтін ең беделді баспалардан шығып, 5 құрлықтағы 90-нан аса елдің жоғары оқу орындары, кітапханалары мен ғылыми орталықтарына жетеді. Жалпы саны 2 миллиард 600 миллион халық қазіргі қазақ әдебиетінің жауһарларымен танысуға мүмкіндік алады», – деді А.Балаева.

«Жоба аясында аударма сапасын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше мән берілді» дейді ұйымдастырушылар. 6 тілде жұмыс істейтін шетелдік аудармашылар мен баспагерлер Қазақстанға арнайы келіп, еліміздің тарихы мен мәдениетімен танысқан. Ал Ұлыбритания, Испания, Ресей, Франция және Қытай елдерінен келген аудармашылар мен әріптес баспа ұйымдарының өкілдері қазақ авторларымен жеке-жеке сұхбат жасап, аударма бары­сында туындаған сұрақтарды жеке талқы­лағанын айтты. Бұл аударманы түпнұсқа мәтінге мейлінше жақындатып, көркемдік сапасын қамтамасыз етуге зор үлес қосқан.

Қазіргі қазақ әдебиеті жинақтарын ағылшын тіліне аудару, басып шығару және тарату жұмысы Кембридж университеті бас­пасының қатысуымен іске асты. Таны­мал университет баспасы жобаға тәжіри­белі аудармашылар мен беделді әдебиетші мамандарды тартты. Қазақ әдебиеті үлгілерін испан тілінде сөйлетуге Испания Мәдениет министрлігі қолдау көрсетіп, «Сервантес институтының» кеңесі бойынша кітаптарды басып, таратуға әдеби аудар­маға маманданған «Vіsor» баспасы жауап­ты. Антологиялардың француз тіліндегі нұсқасын дайындауға Париж қаласының мэриясы қамқорлық жасап, жинақтарды шығару «Мишель де Моль» атты беделді француз баспа үйіне тапсырылған. Ал орыс тіліндегі аударма мен әдеби редакция жұмысын үйлестіруге Ресей Жазушылар одағының мәскеулік ұйымы, ал жинақты басып шығару мен таратуға М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университе­тінің баспасы атсалыспақ. Қазақ әдебиеті жинақтарын қытай тіліне аудару, басып шығару және таратуға Қытай Халық Рес­публикасының «Ұлттар баспасы» жауапты. Жинақтарды араб әлеміне Египет Араб Республикасының Мәдениет және білім орталығының қолдауымен Таяу Шығыс елдеріне танымал «MedіaHub» баспасы таныстырады. Жоғарыда аталған серіктес-ұйымдар аударма, басып шығару, тарату-насихаттау жұмыстарына жалпы саны 70-тен аса маман жұмылдырып отыр. Жоба ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының үйлестіруімен жүзеге асуда.

«АҚШАМ-АҚПАРАТ».

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close