ӘЛЕМ ЕЛДЕРІНДЕГІ МИНИСТРЛІКТЕР

Олардың қызметі қалай құрылған?

Ермек  ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Ежелгі грек данышпаны Демо­крит: «Мемлекет басқару өнері – өнер атаулының төресі» деген екен. Әлемдік халықаралық қарым-қатынастардан оқшау­ланып, арал сияқты оңаша қал­ған,  әрі ол заманда экономи­касы мешеу Қытай бар болғаны 30 жыл ішінде миллиондаған халқын кедейліктің құрығынан құтқарып қана қоймай, АҚШ-тан кейінгі әлемнің екінші донор еліне айналып шыға келді. Бүгінгі күні Американың ең басты кредиторы да Қытай болып отыр. АҚШ-тың бір триллион 300 миллиард долларды құрайтын мемлекеттік қарызының тек Қытайға ғана тиесілі екенін айтсақ, бұл елдің мемлекетті басқару  өнері бойынша төрге озға­нын бағамдаймыз,  атқару­шы билік институттарының саяси-экономикалық реформа жасауда табандылығын көреміз.

Бір  сәт «бүгінде әлем елде­ріндегі министрліктер қызметі қалай құрылған?» деген сауал айналасында ой жүгіртіп кө­рейік­ші. Адам факторын есепке алсақ, Америка Құрама Штатта­рында  Ардагерлер ісі жөніндегі министрлік бар. Қытайда – Қарттар министрлігі, Коста Рикада – Адам потенциалын дамыту және әлеуметтік қамсыз­дандыру министрлігі, Венесуэ­лада – Қоғамдық бақытқа қол жеткізу басқармасы бар. Бұлар­дың бәрі өз құзырының шеңбе­рінде міндеттелген тапсырма­ларды орындайды. Ал құрылыс саласына келсек, АҚШ-та — Тұр­ғын үй және қала құрылысы министрлігі, Израильде – Құрылыс және қоныстандыру министрлігі, Түркіменстанда – Құрылыс министрлігі, Украи­нада – Аймақтық даму және құрылыс министрлігі, Арменияда – Қала құрылысы министрлігі, Беларусьта – Архитектура және құрылыс министрлігі,  одан басқа дербес Тұрғын үй-комму­налдық шаруашылық министр­лігі бар.

 

Бақыт министрлігі бақытты болуыңды қадағалайды

 

Өткен жылы Ұлыбритания үкіметі халқының қартаң тарт­қан жағдайын ескеріп, жаңадан  Жалғыздық істері министрлігін құрды. Қазір бұл елде 800 мың­нан астам адам жалғыздық аза­бын тартады екен. Елде қарттар үйлері бар, алайда, шалқып жү­ріп, үрлеп ішіп қалған аристо­краттардың оны жаны қаламай­тын көрінеді. Сондықтан ел үкіметі қарт кісілерді Азиялық үлгімен балалар асырап алуға үгіттеп жатыр. Мұндай жағдай жалғыз ағылшындар қоғамына ғана тән емес, өзге елдердің азаматтарына да ортақ дүние.

Әлем елдерінде жабыққан жандардың көңілін көтеретін, ізгі армандарын жүзеге асыруға мүм­кіндік ашатын да министрліктер бар екен. Мәселен, Бутан елінде «Бақыт министрлігі» өз елінің азаматтарының бақытты өмір сүруін қадағалайды екен. Оңтүс­тік Шығыс Азияда орналасқан Бутан мемлекетінің Бақыт министрлігінің жұмысын Латын Америкасының көптеген елдері қолдап отыр. Мәселе мемлекеттің берген-тұрғанында емес. Оның талап шарттарында құс жұмырт­қасынан бастап, шыққан егінге дейін «жалпы ұлттық бақыт» деп есептелетін  көрінеді. Бақыт министрлігінің іс-қимылы елдің Ата Заңында да көрініс тапқан. Заңда министрліктің атқаратын міндеттері мен құқықтары айшық­­талған. Міндеттер аясында министрлікке халық сұранысын зерттеп, оның өмірге бейімделу деңгейін анықтау құқы берілген. Халық санағын жүргізгенде негізгі сауалдардың бірі ретінде адам­ның қаншалықты дәрежеде өзін бақытты санайтыны және оған жетудің жолдары сұралатын көрінеді. Осылардың бәрін зерт­тей келе Бақыт министрлігі жер­гі­лікті атқарушы билікке өз ұсыныс­тарын беретін көрінеді. Бүгінгі таңда Бутан елінің тәжі­рибесін Үндістанның бірнеше штаты басшылыққа алып отыр. Елде бақытқа жетудің 70-тен астам бағдарламасы түзілген. Онда сала­уатты өмір салтын ұста­­ну­мен қатар, рухани тұрғы­да ой-өрісіңді дамыту, қасиетті орын­дарға зияраттап бару мәсе­лелері де назардан тыс қалмаған. Адам­­дарды психологиялық күйзе­ліс­­тен алып шығар осынау бағдар­ла­масы бар министрлік жұмысын оқып-зерттеген Венесуэла, Эква­дор, Араб Әмірлігі де  өз елдері үкіметі­нің құрылымында осындай ми­нис­трлік ашып отыр.

 

Бітістіру министрлігі озып тұр

 

Кешегі социалистік лагерьде  үзеңгілес ел болған Тәжікстанда – Дін істері, ұлттық дәстүрлер, мерекелер мен салт-жораларды реттеу мемлекеттік комитеті бар екен. Ал  КСРО-ның кезінде-ақ Грузияны бүкіл әлем таныды. Оған бұл елдің атқарушы билі­гінің қосқан үлесі зор. Себебі, Грузия Министрлер кеңесіне бағынатын «Грузияны әлемге таныту мемлекеттік комитеті» институты осы бағытта мақсатты жұмыс істеді. Мұндай басқару институттары өзге де елдерде бар. Халқының 99 пайызын корей ұлты құрайтын Оңтүстік Корея елінде Патриотизм  министрлігі құрылған. Мақсатты бағытта жұмыс істейтін министрліктің құзырына жас ұрпақты өз елін сүюге балалар бақшасынан үгіттеуге дейінгі жұмыстар кіреді.

Бүгінде біздің қоғамда жас­тар­дың ажырасуы кеңінен етек алғаны жасырын емес. Бұл тен­денция жыл сайын үдеп барады. Сот жүйесіндегі медиация инсти­туты, қалалар мен облыс орталық­тарында ашылып жатқан Татуластыру орталықтары туралы халық әлі құлағдар емес. Бұл өзекті мәселеге орай  Оңтүстік Корей елінің тәжірибесі назар аударуға тұрарлық. Онда  осы төңіректегі хал-ахуалды алдын-ала сауықтырып отыратын «Бітіс­тіру министрлігі» тұрақты жұмыс істейді. Есесіне, елде ажырасу, мүлік бөле алмаушылық, ағайын арасындағы өкпе-реніш іспетті өмірлік дау-дамай жоқ.

Ұлттық мұра министрлігі ұлттың мұрасын жинайды

 

Көптеген елдерде тура мағы­насында Мәдениет министрлігі деген институт Үкімет құра­мында қарастырылмаған. Олар­дың атауы басқашалау белгілен­ген. Мәселен, Египетте – Байыр­ғы құндылықтарды сақтау ми­нистрлігі, Польшада – Мәдениет және ұлттық мұра министрлігі, Болгарияда – Ұлттық мұра министрлігі жұмыс істейді.

Кез-келген халықтың мәде­ниеті, өмір салты, тұрмыс-тір­шілігі мен ойлау жүйесі әрқилы. Жерімізден табылған тасқа қашап жазылған таңбалар, сурет­тер, әріптер – ежелгі түркі қауы­мында әдебиет пен мәдениеттің ерте қалыптасқанын көрсетеді. Халқымыздың көне жазба әде­биеті Есіктен табылған көне күміс тостағандағы жазудан басталады. Онда: «Аға саған бұл ошақ! Бөтен ел адамы тізеңді бүк! Халықта азық-түлік мол болғай!» деп жазылған. «Күлте­гін», «Тоныкөк», «Білге» жазба ескерткіштері де жазба әдебие­тіміздің тарихы. Міне, осылардың бәрі мәдениет  ұғымынан да  әрі ұлттық мұраға, байырғы құнды­лықтарға жатады. Еліміз ғалым­дары олардың құпия-сырларын ашып, әлемдік ескерткіштер қатарына қосуға тырысуда.

Бүгінде Қазақстан әлемдік аренада ғаламдық интегратор, континентаралық мәдени диа­лог­тық алаңға айналған. Қазақ Елін әлемдік қауымдастық мойын­дап отыр. Ал Елбасы   Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұсын­ған  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарла­малары бізге мәдениетіміз бен  руханиятымызды ұлықтауға, ұлттық мұралық құндылықтар дүниесін түгендеуімізге  тамаша тарихи  мүмкіндік  беріп отыр.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *