Өле-Өлгенше әкесін өлтірген билікті жек көріп кетті

60-жылдары орыс әдебиеті тағы бір мәрте өзінің қайта өрлеу кезеңін бастан кешті. Әдебиетке Шукшин, Распутин, Астафьев, т.б. талантты қаламгерлер келді. Бұлардың өзгелерден, бұрынғы буыннан басты ерекшелігі — олар орыс деревняларының өмірін арқау еткен сыршыл, терең прозасымен көріне бастады. Былайша айтқанда, олар әдебиетке «деревенская проза» деген термин алып келді. Міне, сол қуатты, арынды толқынның бір дара өкілі Василий Макарович Шукшин бүгінде тірі болса, 90 жасқа келеді екен. Бүгінгі әңгімеге сол дара дарынның қиын да қызық тағдыры, мүлдем бөлек қырлары мен сырлары біршама арқау болады. Жазушының мерейтойы қарсаңында филология ғылымының докторы, Горький атындағы әдебиет институтының ректоры, «Тамаша адамдар өмірі» («ЖЗЛ») сериясымен жарық көрген «Шукшин» кітабының авторы Алексей Варламовтың әңгімесіндегі («КП», — 26.07.2019) жағдайларды негіз етіп алдық.

Бала күнінде Шукшин анасының фами­лиясын алып, Попов болып жазы­лыпты. Бұл да бір қызық, тағдырлы оқиға. Жазушыны Мария Сергеевна мектепке бергенде оны өз фамилиясымен жазды­рады. Өйткені, ол сотталған адамның әйелі еді. Василий Макарович әлі есін біле бермейтін шақта әкесін тұтқындап кетеді де, 1933 жылы атылады. Жазушы ол кезде төрт жасқа да толмаған, ал әкесі жиыр­маның үстінде болыпты. Әкесіне «Пламя ком­мунизма» колхозында контрреволю­циялық төңкеріс жасауға себепкер болды деген айып тағылады.

Ол еңбек жолын дәнекерлеуші боп бастады. Қара жұмысты көп істеді. Оқуы да айтарлықтай үлгілі болмаған. Атақты қаламгер мектепте әдебиеттен үшке оқыған. Есесіне СССР конституциясы пәнінен үздік атанған.

Ал енді жазушының қалай паспорт алғаны тіпті қызық. Сталин заманында кол­хозшыларға паспорт берілмейтін болған. Шешесі өте қайсар, ғажап әйел еді. Аталмыш колхозда күйеуі сотталған мұндай 80 әйел болған. Оларда күйеуге шығу, ажырасу дегеніңіз үйреншікті жағдайға айналып кеткен. Міне, Мария Сергеевна да әп-сәтте халық жауының жарынан қарапайым совет адамының әйеліне айналып шыға келді. Оның екінші күйеуі Ұлы Отан соғысында қайтыс болған, ол демек өзінен-өзі қызыл әскердің әйелі болуға тиісті ғой. Сонан кейін ол кісі шаштараз кәсібін үйреніп алады. Ол кезде деревняда мұндай кәсіпті иелену зор бедел, себебі, бастықтардың шашын аласың. Соның арқасында ол ауданның бірінші хатшысымен тез тіл табысады да, Васяға паспорт жасап беруге көндіреді. Алайда, ол Васяның Шукшин болып жазылғанын қаламады, яғни баланың болашағын ойлады. Мұны жазушының өзі де кейіннен жақсы түсінген. Алайда, жазушыға кейін­нен өз фамилиясын алуы да оңай болмады және көп таяқ жеді. Партияның атақты ХХ съезінен кейін, әкесі ақталған соң қалам­­гердің коммунистерге деген көзқа­расы қайта өзгерді. Бұған дейін Ленинді қатты сыйлаған еді, тіпті Сталиннің өзін де құрмет көрген. Жазушының алғашқы әйелі Мария Шумскаяның айтуынша, ол әу баста өзіне-өзі сенімді нағыз совет адамы болған көрі­неді. Ал ХХ съезден соң комму­нис­терді иттің етінен де жек көретін болған.

Бір ғажабы, В.Шукшин өз өміріне, өнеріне, тіпті танымал болатынына о бастан аса сенімді болған көрінеді. Бірде ол Георгий Бурковқа: «Жора, сен өзіңнің танымал болатыныңды білдің бе?» деген қызық сауал қояды. «Қайдағы» деген оның жауабына: «Ал мен білдім» дейді бұл. Тіпті, бірде «әпкесіне «Сені отбасың қорғайды, мені даңқым қорғайды» деп те хат жазыпты. Әлі ештеңе істеп, елге еңбегі сіңіп танымал болмаса да, оған атақ-даңқ мақтан үшін емес, өзін қорғауға, ақталуға керек болған екен. Өйткені, ол бір жетістікке жету үшін жанын жегідей жейтін жанкешті, өте табанды, төзімді болған.

Айтқандай, Шукшиннің аз уақыттың ішінде өз ортасында, зиялы қауым ара­сында аты атала бастайды. Андрей Тарков­скиймен институтта дос болды. Ол Тар­ковскийдің Хэмингуейдің әңгімесі негі­зінде түсірген «Қанішерлер» атты алғашқы фильмінде ойнады. Одан соң Тарков­скийдің ұсынысымен М.Хуциевтің «Екі Фёдор» фильміне түсті. Екеуінің арасы біраз уақытқа ажырап кеткенімен аракідік кездесіп те жүрді. Бірақ Тарковскийдің оған көзқарасы өзгерген емес. Бірде кино үйінде Шукшиннің «Қызыл шәңкіш» фильмінің тұсаукесері өтеді. Сонда Тарковский «Осы залда екі нағыз режиссер отыр, ол Шукшин және мен» депті.

Әрине, оның атын шығарған актерлік болғанымен, ол бұл кәсіпті өзі аса ұната қоймаған. Актерлікті өзінің ішкі шерін шығару, жеңілдеу үшін пайдаланған болып көрінеді. Сондықтан ол қандай рөлде бол­сын қинала қоймайды. Өйткені, шынайы, таза ойнайды. Қысқасы, бұл кәсіп даңқтың бастауы үшін керек болған тәрізді. Десек те, ол талай режиссердің бағын ашты. Ал шын мәнінде оның есіл-дерті жазушылық пен режиссура болған. Айналып келгенде ол шығармашылық болмыс-бітімін дара­лаудағы үштік – жазушылық, режиссерлік, актерліктің ішінде актерлікті соңғы орынға қойған. Сондықтан ол алғашында актер ретінде танылғанымен, бәрін ақша үшін, мәжбүрлікпен істегенін, ал бар қабілетін жазушылыққа жұмсағанын да жасыр­маған. Танымал қаламгер болған соң түсірген «Сондай бір жігіт бар» атты бірінші фильмінен соң ол осы екі салаға түбегейлі бет бұрды. Бұл аралықта «Қызыл шәңкіш­ке» дейін түсірген бірді-екілі фильм сәтсіз­дікке ұшырайды. Ол мәнерін бірден өзгертіп, поэтикалық фильмдерден бірден бас тартып, нағыз өмірге араласады. Оның бұл фильмдері жалпы бұқаралық мәде­ниетке арналғанымен, жоғары бұқаралық мәдениеттің шыңына шықты. Ол көп жылдардан соң барып, өзін көрермен үшін туған артист екенін айрықша сезінді.

Шукшиннің өлімі жөнінде де күдікті әңгімелер көп. Алайда, оның «Отан үшін от кешкендер» картинасы кезінде теплоходтың каютасында көз жұмғаны белгілі. Ол арақты азайтып жүргенімен, темекіні көп тартып, түрлі қосындысы бар кофені жиі тұтынған. Көбіне айтылатын ресми болжамда жұмбақ өлімінің ең басты себебі осы делінеді.

Қаламгердің жары Лидия Федосеева-Шукшинаның айтуынша, жүрегінде ешқан­дай ақау болмаған. Алайда, бір дәрігердің айтқанындай, оның жүрегін көру мүмкіндігі туғанда қырық жастағы емес, жетпістен асқан адамның жүрегінен де нашар болып шыққан. Әрине, мұндайда кесіп-пішіп айту қиын. Тіпті, оны қолдан өлтірді деген де болжам бар. Каютада газ иісі болған деген қауесет те тараған. Дейтұр­ғанмен де, бұның бәрі детективті романға ғана арқау болатын деректер. Өйткені, ол Степан Разин жөнінде фильм түсіруге дайындалып жүрген сап-сау адам ғой. Дегенмен, осы фильмге қатысты көп жау тапқа­ны да жасырын емес. Айналып келгенде оны өлтірді деген болжам ресми құжатпен расталмаған. Мұндай ұқсас тағдырды іздей берсек талайлардың өмірінен дерек табуға болады. Мәселен, Маяковский, Есенин, т.б. туралы.

Бір қарағанда Шукшин өзінің тағдырын аңызға айналдырғысы келгенін де жасырмаған. Біреулер өлтіріп кетті дейтін сөз оған қатты ұнайды екен.

Степан Разин жөнінде фильм түсіруге тас түйін дайындалған оның жауы көбейіп шыға келгенінің де сыры мәлім.

Шукшин өле-өлгенше әкесін өлтірген билікті жек көріп кетті. Василий Беловтың айтуынша, Шукшинге мынадай ой келген. Оның әкесін атпаған. Ол лагерьде зектердің басын қосып Разин тәрізді көтеріліс жаса­мақ болған. Әуелде ол Чукотиядағы зектер­дің көтерілісі жөнінде фильм түсірмекші болған, алайда оған билік рұқсат бермей­тінін білген. Содан бұл шынайы тарихты таңдап, халық пен мемлекеттің арасындағы тартысты Разин арқылы көрсетуге талпынған. Әрине, оған рұқсат бергендер де ақымақ емес қой. Айтқандай, сценарийді оқыған бір бастықтың «Орыс бүлігін жасамақсың ба, оған жол бере қоймаспыз» дегені де бар екен. Бірақ Шукшин саяси бюро мүшесі Демичев жолдастан рұқсат алғанын куәлік етіп, мақтанады.

Алайда, бұл фильм қоғамда сөз жоқ үлкен дүмпу туғызатын еді. Билік содан қорыққан еді.

Қ.ИМАН.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *